Жаңалықтар

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ АШЫЛҒАНДА...

ашық дереккөзі

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ АШЫЛҒАНДА...

Арамдықты жүзеге асыру оңай, ал адамдықтан аттау мүмкiн бе?

Шымылдық ашылғанда қолына қағазы мен қаламын ұстаған кейуананы көресiң. Жұпыны ғана бiр бөлменiң iшi. Бөлменiң бiр шетiн шағын керует алыпты. Қабырғалардың бәрiнде әскер киiмiн киген солдаттың суретi. Бiр қабырғаның бұрышынан пешке орын тиiптi. Пеш үстiндегi қара қазан мен көк шәйнектiң шыжылы естiлмейдi.

Бiр сәтте көзiндегi көзiлдiрiкпен сығырая қарап, қағаз шимайлаған кейуананың дауысы естiлдi. Ежiктей отырып, алдындағы бiр жапырақ қағазға хабарландыру жазып отыр. Қарт ананың сыры белгiлi. Жалғыз өзiне қиын болып жүрген соң, пәтерiне кiсi жiбермек. Және олардың ерлi-зайыпты болғаны тәуiр. Әрi жас отбасылар кейуананың жабырқау көңiлiн сейiлтуге септiгiн тигiзедi, әрi мына қаңыраған бөлменiң сәнiн кiргiзер едi.

Мұның бәрiн қайдан көрiп отыр дейтiн шығарсыздар. Бұл – күнi кеше ғана Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының сахнасында қойылған "Мұрагерлер" спектаклiнен шағын эпизод. Шағын эпизод болғанда да, спектакль ә дегеннен-ақ осындай көрiнiспен басталады.

Кейуананың болмыс-бiтiмiне қарап-ақ, жалғызiлiктi кемпiр екенi бiрден сезiледi. Қарт ананың жалғыздығына қу соғыстың кiнәлi екенiн қабырғадағы сарғайған суреттер дәлелдеп тұр. Ана балаларынан қу соғыстың кесiрiнен айрылып, соқа басы сопайып қалған шығар деп ойладық әуелi. Фашизммен болған қанды қырғын ананы балаларынан бiр айырса, тағдыр жалғыз қуанышы қызын да кейуанаға көп көрiптi. Баласын босана алмай, ажал құшқан жарын қимаған күйеубаласы да құсадан арыла алмай, ақырында артына кейуананы жалғыз қалдырып, о дүниелiк боп кете барыпты.

Жалғыздық тауқыметiн көп тартқан Ананың көретiн тағы бiр сұмдығы бар екен. Айдың-күннiң аманында сонау Омбыдан күйеубаласының жалғыз қарындасы жетедi. Әуелде алыстан ат арытып жеткен қарындасты аға қайғысына келген шығар деп ойлап қалуыңыз да мүмкiн. Бiрақ, қарындастың түпкi мақсаты мүлде бөлек секiлдi. Ол ағадан қалған мынау даңғарадай үйге иелiк ету. Оның бұл зымиян ойын асыруға мүмкiндiгi де мол. Төрiнен көрi жақын кемпiрдi алдап-сулап, басын айналдырып, үй кiтапшасын өз атына аударып алса болды, ары қарай бәрi жеңiл. Үйдi сатамын десе де, осында түпкiлiктi қалып қоямын десе де, өз еркi.

Арамдықты жүзеге асыру оңай, ал, адамдықтан аттау мүмкiн бе?

Спектакль осы сауалға жауап iздейдi. Жалғызiлiктi кемпiрдiң образын жасаған актриса Ғазиза Әбдiнәбиеваны бұл жолы бiз басқа қырынан таныдық. Бiрде комедиялық кейiпкердi, бiрде қайырымды әпкенi, бiрiнде мейiрбан күтушiнi сомдайтын актрисаның бұл жолғы бақытына Ана қасiретiн көрсету жазыпты. Жалғыздықтың азабын шерткен, тар құрсағын кеңейтiп, тас емшегiн жiбiткен құлыншақтарынан айрылған Ана азабына заманның алаяқтары тап келiп, қоғамның алдауы мен арбауына түстi. Бiр жылдары осы бiр бейненi қазақ театр өнерiнiң алыбы Сәбира Майқанова сомдаған екен. Сәбира апа бейнелеген "Мұрагерлердегi" Ана тұлғасын бiз көре алған жоқпыз. Есесiне, бiздiң бақытымызға Ғазиза Әбдiнәбиевадай талантты актрисаның Анасын көру жазылыпты. Театрға жиналған кейбiр көрермендердiң пiкiрiне қарасақ, Ғазиза апайдың кейiпкерi Сәбира апай жасаған образдан осал болмаған сияқты. Бұл спектакльдi театр ұжымының қайтадан жаңғыртуы да майталман әртiске деген құрметi, театр саңлағына деген ерекше iлтипаты болса керек. Актриса Ғазиза Әбдiнәбиеваға да бұл рольдi ойнау оңай соқпаған шығар. Өйткенi, ғасыр талантының жасаған образын қайта қайталау мүмкiн емес. Бiрақ, ана қасiретiн көрсету, ана басына түскен ауыртпалықтарға мойымау, ең бастысы, ұлы Ана образын қалыптастыруда Ғазиза апай өз миссиясын сәттi орындап шықты.

Ең бастысы, Ғазиза Әбдiнәбиеваның анасы маңдайына жазылған осынау бiр қиын тағдыры үшiн тәңiрiне нәлет жасаған жоқ, қарғап сiленбедi де. Тәкаппар күйде келдi, тәкаппар күйде кеттi. Пәтерiнен айрылып, далада қалуға да бар. Бiрақ, өзiне қиянат жасаған адамдардың алдында Ұлы басын төмендеткен жоқ. Қасқайып тұрып, кебiнiн қолына ұстаған бойда, есiктен шыға бердi. Есесiне, ананың басына түскен тауқыметке залға жиналған көрермен қауым қиналды. Анамен бiрге көз жастарын шылады, анамен бiрге қиналды, анамен бiрге жандарын шүберекке түйдi. Бұл да актрисаның өз образын көрерменiне сендiре ойнағанында болса керек.

Ана бейнесiнен бөлек, бұл спектакльде ерлi-зайыпты Сызғановтар образы бар. Бiрi – айлакер, түлкi заманда тазы боп шалуды меңгерген зымиян еркек те, бiрi — түлкi қулықпен алдап-арбап, қалай болса да, пәтердiң иесi болуды көздейтiн әйел бейнесi. Екеуiнiң де мақсаты белгiлi. Жалғыз басты кемпiрдi нәпақасынан айыру, баспанасыз қалдыру. Сорақылықтың ең үлкенi сол, кемпiрдi пәтермен қоса сатқысы келгенi болды…

Зымияндықты жүзеге асыруда ептiлiк көрсеткен Сызғанова ақырында адалдықтың ақ жiбiнен аттай алмады. Ана қасiретiне қасiрет жалғағысы келген жоқ. Актриса Күнсұлу Тұрғынбекқызының Сызғановасы әуелде кесапат әйелдiң түр-тұлғасын көрсеткенiмен, спектакльдiң ақырғы сәттерiнде жаны жылы, жүрегiне мейiрiмдiлiктiң шуағы ұялаған, қарапайым әйелдiң образына айналып кеттi. Зұлымдықты, жауыздықты, жамандықты қаламайтын көрермен де, Сызғанованы басында аса ұната қойған жоқ. Барлығының iшкi ойында, зұлым әйел зұлымдығын жасамаса екен деген тiлек тұрды. Спектакльдiң шыңына шыққан тұсы да, Сызғанованың өз қателiгiн түсiнiп, үй кiтапшасын пешке өртеген сәтi едi. Сондықтан, көрермен Сызғанованың қателiгiн кешiрдi, оның талайсыз тағдырын естiген сәтте, көз жастарына тұншықты. Жасқа шыланған жанарлары ана бейнелерiнiң тағдырынан өздерiне сабақ алуға тырысты. Ал, қатыгез, қулық-сұмдығы басым, оңай жолмен табыс табуды көздейтiн алаяқ еркектiң образын жасаған актер Бақтияр Қожа бейнесi де көрерменнiң есiнде ұзақ сақталатын болар.

Драматург Дулат Исабековтың "Мұрагерлер" пьесасы әлi күнге дейiн өзiнiң құнын жоғалтқан жоқ. Каптиалистiк кезеңге бет алып бара жатқан бүгiнгi қоғамда арамдықпен баюды көздейтiн неше түрлi қулық-сұмдық иелерi адалдықтың ақ жiбiнен оп-оңай-ақ аттап жүрген жоқ па? Қаншама жан айлакерлердiң арбауына, алдауына түстi. Қаншама жан ай мен күннiң аманында алаяқтықтың салдарынан пәтерiнен айрылып, баспанасыз қалды. Қаншама жан әдiлетсiздiктiң құрбаны болды. Осы тұрғыдан келгенде, спектакльдiң айтары көп, өнегесi де жетедi.

Зұлымдық та жасауға болар, алдап-арбауға болады, бiрақ, өмiрде адамдық парызын ақтап жүргендер бар ма? Әй, қайдам?! "Мұрагерлер" өмiрде қулық-сұмдықтан да бөлек, қиянаттан да ауыр, адамдық парыз дегеннiң болатынын ұқтырды. Содан сабақ алуды үйреттi.

"Мұрагерлер" спектаклiнде өзге актерлер мен актрисалар да бақ сынайтын болар. Олардың да өз анасы, өз Сызғановы мен Сызғановасы болар. Ал, бiз үшiн, Ғазиза Әбдiнәбиеваның Ана бейнесi, Күнсұлу Тұрғынбекқызының Сызғановасы, Бақтияр Қожаның Сызғановы ерекше болатындығы рас.

Гүлзина Бектасова