Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ҚАЛТАЛЫЛАР

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫС ЖӘНЕ ҚАЛТАЛЫЛАР

Жұрттың "әмиянына" үңiлуге құмар "Forbes" дүние жүзiндегi миллиардерлер тiзiмiн тағы жасады. Былтыр өзгелерге есе жiберiп алған Қазақстан биыл 5 азаматын қалталылар қатарынан көрiп, мәз.

ҚЫТАЙЛАР БӘРIН БАСЫП ОЗДЫ

Американдық "Forbes" журналы жуырда Жер шарындағы 55 мемлекеттiң ең бай адамдарының тiзiмiн 24-рет түздi. Соңғы екi жылда өзгелердiң алдын орап келген Билл Гейтс ($53 млрд.) пен Уоррен Баффет ($47 млрд.) екiншi және үшiншi орынды қанағат тұтқандықтан, бiрiншi орынға мексикалық телемагнат Карлос Слим Хелу шыққан. Артық ақшасын қайырымдылық шараларына емес, бала-шағасына жұмсауды жөн көретiн Хелудiң қорындағы қаржысы 53,5 млрд. долларға жеткен. Соңғы 13 жылдан берi алғашқы үштiктен көрiнiп келе жатқан Билл Гейтс байлығын бiр жылдың iшiнде 6 млрд.-қа дейiн өсiрiп үлгерсе, инвестициялық компанияның қожайыны саналатын Баффет былтырғы көрсеткiшiн биыл 10 млрд. долларға арттырған. Осының арқасында алғашқы үштiктi қорытындылады. Бұлардан кейiн тұрған үндiлiк байлар Мукеш Амбани ($29 млрд.) мен Лакшми Миттал ($28,7 млрд.) – алғашқы бестiкте.

2009 жылы қалталылар қатарында болған 44 миллиардер биыл өзгелерге есе жiберiп алған. Сандық көрсеткiштерге шақсақ, тiзiмге жаңадан қосылған 178 азаматтың 19-ы – ресейлiк, 14-i – үндiлiк, 13-i – қытайлық, 10-ы – испандық. Сонымен қатар үстiмiздегi жылы Кипр, Оман, Румыния, Сербияның да байлары алғаш рет әлемдiк тiзiмге iлiгуге мүмкiндiк алған. Миллиардерлердiң орташа жасы – 62. Сарапшылар қауымы бұл көрсеткiш соңғы 5 жылда 2 жасқа жасарғанын айтады. Алайда, "Forbes" сарапшыларының айтуынша, қазiргi деңгей былтырғыдан 500 млн. долларға көп көрiнедi. 2008 жылы жалпы саны 1125-ке жеткен миллиардерлер тiзiмi бүгiнде 1011-ге азайған. Олардың 89-ы – әйелдер. Миллиардерлердiң 12 пайызының қалтасы былтырғы дағдарыс дауылынан кейiн бiраз "жұқарыпты". Тiзiмге жаңадан қосылғандардың небары 16 пайызы ғана АҚШ азаматы болса, есесiне, 28 пайызы – қытайлар. Бұл әлемдiк экономиканың қозғаушы күшiне айналады деп үмiттенiп отырған аспанасты елiнiң қазiргi қарқынын көрсетсе керек. Өйткенi, қаржылық қауқары бәсең тартқан АҚШ пен Батыс экономикасы дағдарыстан есiн жинай алмай жатса, Қытай керiсiнше, халықаралық деңгейдегi ең iрi корпорациялар мен компаниялардың активтерiне инвестиция салып, кейбiр дамыған мемлекеттердiң өзiне қарыз беруде алдына жан салмай отыр. Көршiлес Ресейдегi байлардың саны былтыр 32 болса, биыл 62-ге дейiн артқан. Әлемдiк миллиардерлер тiзiмiнiң 32-сатысынан көрiнген ең бай ресейлiк Владимир Лисиннiң қорындағы қаражаты 15,8 млрд. доллар көрiнедi. Одан кейiнгi лекте – Михаил Прохоров (13,4), Михаил Фридман (12,7), Роман Абрамович (11,2), Олег Дерипаска (10,7), Вагит Алекперов (10,6) т.б.

ЕҢ БАЙ ҚАЗАҚ – ҮШЕУ

ТМД елдерi бойынша Ресей, Украина мен Қазақстан азаматтары ғана "Forbes" тiзiмiнен орын алған. Тiзiмнiң қазақстандық бөлiгiндегi жаңалығына келсек, 2009 жылы тiзiмнiң 258-сатысында тұрған "Қазақмыс" корпорациясының жетекшiсi Владимир Ким 142-сатыға бiр-ақ көтерiлiп, былтыр 2,7 млрд. доллар болған қаржысын 3,7 млрд. долларға көбейтiптi. Сарапшылар пiкiрiнше, Кимнiң қалтасын қалыңдатуға әлемдiк нарықтағы мыс құнының артуы, оның серiктесi Йонг Кю Чаның акция пакеттерiн Кимге сатуы, сондай-ақ, оның көпшiлiкке Еуразиялық топ ретiнде танылған Eurasian Natural Resources фирмасының 25 пайыздық акциясын иеленуi себеп болған көрiнедi. Акцияларының құны соңғы кездерi 200 пайызға артқан Еуразиялық топ бүгiнде Африкадан компания сатып алу үшiн қаржы шығаруға әзiрленiп жатқан көрiнедi. Ал "Forbes" журналының хабарлауынша, акцияларының құны биыл едәуiр өскен "Қазақмыс" Қытайдың даму банкi мен "Самұрық-Қазына" қорынан бөлiнген 2,7 млрд. доллардың арқасында өндiрiлген мыспен Кимнiң байлығын 5 есеге арттырған. Есесiне, бұған дейiн миллиардерлер тiзiмiнен үздiксiз табылып отырған Ибрагимов, Шодиев пен Машкевичтердiң жоғалтқаны көп. Қазақстандағы нөмiрi екiншi қалталы – Алиджан Ибрагимовтiң байлығы ескi миллиардер достары әрi серiктестерi – Машкевич пен Шодиевпен бiр деңгейде – 3,3 млрд. доллар. Оның үстiне, 2009 жылдан берi Ибрагимов қана "Forbes" тiзiмiнде Қазақстан азаматы ретiнде тiркелсе, Шодиев – Бельгияның, Машкевич Израильдiң азаматы деп көрсетiлiп, Қазақстанның резидентi яғни, тұрақты тұрғыны ретiнде тiркелген. Үстiмiздегi жылы ерлi-зайыпты Тимур мен Динара Құлыбаевтардың миллиардерлер қатарынан көрiнуi де көпшiлiк үшiн күтпеген жайт болды. Әрқайсысы 1,1 млрд. долларға ие Құлыбаевтардың отағасы "Forbes" тiзiмiнде "Халық банкi" АҚ акциялар пакетiн иеленушiлердiң бiрi әрi "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы Директорлар кеңесiнiң төрағасы ретiнде көрсетiлген. Ал Динара Құлыбаева Н.Назарбаев атындағы бiлiм қорын басқарады делiнген. Басылым сарапшыларының айтуынша, Халық банкi "Самұрық-Қазына" қоры арқылы бөлiнген 600 млн. доллар қаржылай қолдаудың арқасында акциялар құнын былтырғы наурыз айымен салыстырғанда, 5 есеге арттырған. Тағы бiр жаңалық, Қазкоммерцбанктiң негiзiн қалаушы әрi жетекшiсi Нұржан Сұбханбердин де Құлыбаевтармен бiрге 880-орында тұр. Оның байлығы да 1,1 млрд. долларға бағаланған. Оқырмандардың есiнде болса, Қазкоммерцбанкi былтыр мемлекеттен 1 млрд. доллар көлемiнде қаржылай көмек алғаны белгiлi. Банк акциялары құнының 50 пайызға өсуi Сұбханбердиннiң миллиардерлер тiзiмiне қайта оралуға жағдай жасапты. Мұнай, газ, энергетика, телекоммуникация, көлiк пен масс-медиа саласына қаржы құюда мүдделiлiк танытатын Нүржан Сұбханбердин сондай-ақ, Central Asian Investment Co компаниясының акцияларына үлескер.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ