БIЗ СЕНI САҒЫНЫП ЖҮРМIЗ...
БIЗ СЕНI САҒЫНЫП ЖҮРМIЗ...
(Әншi — сазгер Бексұлтан Байкенжеев туралы эссе)
1989 жылдың көктемi. Әйгiлi ақиық ақын Әбдiлдә Тәжiбаевтың 70 жылдығын атап өту жөнiнде Қызылорда облыстық партия комитетi мен Халық депутаттары облыстық Кеңесi атқару Комитетi алдын ала арнайы комиссия құрамын бекiттi. Мамыр айының ортасында сол комиссияның тапсырмасымен ақын Асқар Тоқмағанбетов басқарған бiр топ кiсiлер Жаңақорған аудандық партия комитетiне сау ете қалды. Ұзамай сол кiсiлермен бiрге аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ахметжан Жанпейiсовтiң алдынан бiр – ақ шықтық. Сөз тiзгiнi қолына тиген Асекең бастырмалатып барады.
– Әй, Ахметжан, мына ақын – жазушы деген халық кейде ат үстiлеу әңгiме айтып кете бередi. Оның үстiне бiз бюро өткiзгелi отырған жоқпыз, ақын күту жоралғысына келiскелi отырмыз ғой. Мұндай жайтты мен сияқты көптi көрген жасы үлкен адамның, мүмкiн болса ақын адамның ұйымдастырғаны ләзiм емес пе өзi. – Асеке, дұрыс айтасыз, әңгiмеңiз тiптен орынды, – деп жатыр хатшы да. – Дұрыс-бұрысымды қайдам, бар бюро мүшелерiмен бiр-екi қызметкерлерiңдi шақырдың да қойдың. Бұлармен мәселенi өз дәрежесiнде шеше алмаймыз. Қайда әлгi мәдениет бөлiмiнiң жiгiттерi, қайда аудандық газеттiң қызметкерлерi, тiптi әлгi Манап пен Бексұлтан да көрiнбейдi. Осы сәт есiк ашылып, iшке аудандық газеттен, аудандық мәдениет бөлiмiнен бiр топ жiгiттер мен қыздар сау ете қалды. Топтың соңын ала, ашық маңдайынан жоғары жараса қоныс тепкен қою қара бұйра шашын саусағымен тарамдап сәлем салып Бексұлтан Байкенжеев те келдi. Өнерлi жастарға қашан да қамқор тәрбиешi Асқар аға Бексұлтанды көргенде туған бауырын көргендей қуанды. – Ой, айналайын, Бексұлтан келдi, ендi мен iздеген адамдардың бәрi келедi, бәрi көңiлдегiдей болады. Әлгi Манап ағаң қайда?… Ақынның мына қуанышын көргенде бiр оқиға есiме түстi. Осыдан екi жыл бұрын Қарақалпақ мәдениетi мен әдебиетiнiң Қызылордада өткен онкүндiгi алдында Асқар ақын “Қазақ пен Қарақалпақ”деген өлеңiн Бексұлтанға берiп тұрып: – Қалқам, Бексұлтан, маған сенiң әндерiң ұнайды. Сондықтан мына жазған өлеңiмдi әдейi өзiңе алып келiп берiп отырмын. Әнiн өзiңнен күтемiн, – дедi. Әннiң қайырмасы: ”Сарыарқада әндетсе Абай ақын, Бердақ ақын қайырған қайырмасын”. – деп келетiн бұл өлеңдi Бексұлтан жасқанбай алып, сол күнi кешкiлiк әнiн шығарып, Асқардың өзiне шырқап бергенiн көргенiм барды. Сонда Асқар көзiне жас ала отырып, әкелiк мейiрiммен Бексұлтанның бетiнен сүйiп, алғысын айтып, кейiннен аталынған онкүндiктi Бексұлтанның сол әнiмен ашқызған болатын. Кейiн бұл ән көршi екi ел туыстығының әнұранындай шырқалып жүрдi. …Асқар аға отырғандардың назарын Бексұлтанға аудара түстi. – Қалқам, Бексұлтан, келе жатқан Әбдiлдә ағаңа мына бастықтарың қалыптасқан дәстүр бойынша көп болса шапан жауып ат мiнгiзер, ал сенiң қандай тартуың бар? Осындайда ағаңның бiр өлеңiне әдемiлеп ән жазсаң, қарақалпақтармен болған кездесудегiдей барлық абырой сенiкi болады, бәрiмiзден де сен озасың – дедi. Бексұлтан содан араға күн салып, маған келдi. – Сүйiншi, мен Асекеңнiң тапсырмасын орындадым. Түнi бойы отырып әнге өзек болар Әбағаңның өлеңiн таптым. Ескi өлеңi, жасы менiмен шамалас кезiнде жазған өлеңi, – деп менi елiктiрiп емеуреттi. Бiрақ, әндi әзiр орындамаймын, құпия сақтаймын. Әбағамен бiрге тыңдайсың – дедi, күлiмсiрей қараған сәтте сызықтай сызылар көзi ерекше нұрға бөленiп. Шымкенттiктер Ә.Тәжiбаевтар тобын Түркiстанның Жаңақорған ауданымен шектесер жерiне ақ киiз үй тiгiп, сол жерден соңғы дәмдерiн берiп, шығарып салды. Қызылордалықтар Түркiстаннан шыға берiстегi тарихи ескi Сауран қаласының орнында күтiп алды. Әбдiлдә бастаған топ Сауран шаһарына жетiп, әруақты жерге зират жасады. Жаңақорғандықтар қарсы ұшырасып, құшақтасып, сағына күткен жерлес ақынымен жамырай амандасып жатты. Осы кезде Бексұлтан саз сырнайын еркiн созып: “– Оууу-у-у, Бiлем сенi, сүйем сенi, Сырдың суы – қарт анам. Сенсiң менi әлдилеген, Туған сенен мен – балаң. Сүйсе Гейне, анам десе. Сүйген суы – Рейнесiн, Сырдың суы туған ол да Өз ақынын Гейнесiн. Жазса Тарас Днепрдi, Жазса Пушкин Едiлдi. Неге маған жырламасқа Сырда туған елiмдi” – деп өктем де назар аударар екпiндi назды дауыспен терең қайырып Әбдiлдә ағаның сонау 1936 жылдары жазған “Сырдария” өлеңiн сұлу әнмен түрлендiргенде жиылған жұрт жаңа да сұлу әннiң сиқыр әуенiне елтiп, сiлтiдей тынды. Ақын ағаның туған жерге деген ыстық ықыласы мен махаббаты ма, әлде шырқалып тұрған Бексұлтанды көрiп кешегi өткен жастық шағы есiне түстi ме, тiптi өзi туып өскен топырағынан өсiп, өнер соқпағына түскен бауырына сүйсiндi ме, көзiне жас алып, ән бiткен сәтте Бексұлтанды құшақтап, маңдайынан иiскеп: – Қалқам, ұмытылған, көнерген “Сырдариямды” өмiрге қайтып алып келдiң ғой. Өлеңiмнiң анасы мен болсам, оның ән болып қайта өмiрге оралуына әкесi өзiң болдың, – деп үлкен ағалық мейiрiммен ақ батасын бердi. Бексұлтан көп iзденетiн. Әсiресе лирикалық өлеңдердi iздеп жүрiп оқуға жаны құмар болатын. Содан да болар қазақтың белгiлi ақындарының өзiн көрмесе де жақсы өлеңдерiн жұрттан бұрын оқып, соларға ән шығарып жүрдi. Бұл орайда Ә.Тәжiбаев, Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, С.Жиенбаев, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсыновалардың өлеңдерiне жазған әндерiн, өлең авторлары бiлмей де қалған болулары керек. – Қазақ поэзиясы таусылмас қазына ғой. Кей өлеңдердi оқып отырсаң ойламаған жерден әдемi ән шым-шымдап өзiнен-өзi шыға келедi, – деп отыратын. Сол сөзiне орай кейде жанын қинамай жан дүниесiнiң тереңiнен шыққан нәзiк сезiмдi әндерiн талай тыңдадық. Оған ерiксiз қайран қалысып, қошемет үшiн айтылар сөз де таппайтынбыз. Бексұлтан авторлармен келiсе отырып ән шығаруда да өзiндiк ерекшелiгiмен көрiнушi едi. Бұл орайда өзiнiң туған бауырындай болып кеткен, бүгiнде қазақ балалар ақындарының ақсақалдарының бiрi атанып отырған Адырбек Сопыбековпен оңай тiл табысып, жұптарын жазбай талай әндi өмiрге алып келдi. Жалпы Бексұлтан соңына қалдырған жүз елу қаралы әннiң тең жарымы, не үштен бiрiнiң сөзi осы Адырбектiкi болып отыр. Тiршiлiктегi болмыс ұқсастығы ма, әлде табиғи жарастығы ма, екеуi қатар жүргенде егiз қозыдай көзiмiзге жарасымды көрiнушi едi. Бiз сол жарасымдылыққа қызығушы едiк. Тiршiлiгiндегi бал күндерi мен балауса ғұмырындағы сезiмдерiне сөз жаздырған Бексұлтан өмiрден өтерiнен бiр апта бұрын, пәни жалғаннан өтерiн сезiнгендей, әнiн шығарып “Сағынып жүршi” деген тақырыбын өзi берiп, соңғы өлең сөзiн де қиылып отырып Адырбекке жаздырыпты. “Жазбады ауыруымды емшi демi, Көңiлiм ештеңеге көншiмедi. Жанымды түсiнетiн өзiң едiң, Сағынып айналайын, айналайын жүршi менi”, – деп жүрек қалауы қағазға түскенде ғана, баянын еркiн созып, емiрене отырып, алғаш Адырбекке айтып берiп, тiршiлiкпен ризаласқан дұғасын әнiмен жеткiзiп, елiне, достарына, сүйгенiне, жанұясына, аманат тастап кеткен сияқты. Әндi тыңдауын тыңдаса да, соңынан мең-зең болып тiрлiк кешкен Адырбек ақынның, Бексұлтан қазасында. “…Бұл өмiр әнсiз ендi қала ма екен, Кiмге тастап барасың баяныңды” – деп Жаңақорған төңiрегiн тiршiлiгiнде ән мен жырға бөлеген бұлбұл көмей серi iнiсiне жоқтау айтты. Перiште бейне, пәк көңiл Бексұлтанның сосынға бiр рухани ұстазы, көңiлi тiл табысқан үлкен досы, белгiлi халық ақыны Манап Көкенов болды. Екеуi қатарласып ел аралап сахнаға шыққанда, сол концерттi көрген де арманда, көрмегенде арманда болатын. Қазақ поэзиясының классигi Әбдiлдә Тәжiбаевтың өзi “Бiр өзi – бiр театр” атаған Манап Бексұлтанды соңына ерген жалғыз iнiсiндей еркелетiп, қызғыштай қорып, өнерiн ұштауына қолынан келген көмегiн аямайтын. Бiрi тек ағаға тән үлкен мейiрiмдiлiк танытса, бiрi iнiге тән нәзiк сыпайы құрметiн жоғалтқан емес. Бексұлтанның “Оуу-у!… Ел мақтаған Ардақтаған, Ардақты адам – Манап ағам, Құрметтесе ел дәйiм, Бақыт демей, не дейiн Ақын аға әрқашан Арта берсiн мерейiң” – деп ағасын жарасымды әнге де қосып шырқап жүргенiн естiген бiз, онысын ағасына деген ыстық ықыласы деп қабылдайтынбыз. Ал мұндай сұлу жарасымдылық кiмге де болса үлгi-өнеге болып көрiнетiн. Бiрде Жаңақорғанға ақын Бәкiр Тәжiбаев бастаған құрамында Сабырхан Асановтай ақындары бар бiр топ жазушылар бригадасы келдi. Оларды күту М.Көкенов бастаған мәдениет бөлiмiнiң қызметкерлерiне тапсырылды. Аудандық мәдениет үйiнiң директоры Қуат Алдабековтың үйiнде дастарқан жасалды. Келген меймандарға құрмет жасап өнер көрсету ауылда қалыптасқан дәстүр. Сол отырысқа Мәкең Бексұлтанды арнайы алдыртып, ән салдырды. Жұрт ықыласы меймандардан гөрi, сырбаз сазды Бексұлтанға ауып бара жатқан сияқты. Бұған Бәкiр ағамыздың көнгiсi келмей отырды. Осы көңiлдi сезген М.Көкенов өзiнiң Бәкiрмен жас шамаластығын алға тартып: – Бәкiржан, сен күнде елге келе бермейсiң, келген күнде де ел iшi кең, басқа жерге жеткенмен бiзге жетпей жатасың. Содан да осы сапарыңның ретi бiздiң ауданға тигенiне бәрiмiз шын жүректен қуанып, шашбауыңды көтерiп отырғанымыз мынау. Көптi көрген сыншы болады деген. Сенiң ақындығыңды соңғы уақытта композиторлығың басып бара жатқан сияқты. Мына менiң Бексұлтаным өзiңдi көргелi өнерiн аяп қалып отырған жоқ. Батадай бағаңды берiп, бағдарлама айта отыр – дедi. Бәрiмiз Бәкiрдiң аузына қарап үн түнсiз қалдық, жұрт назары қайта өзiне ауғанын сезген Бәкiр ағамыз маңғаздана: – Өнердi бiлер жанға таразылатқандарыңыз дұрыс қой, Мәке. Мен не айтайын, Бексұлтан жақсы әншi екен, бiрақ әндерi Батыстың кейбiр әндерiне ұқсап кететiн сияқты, – дедi сырғақтатып. Үлкен деп аузына қарап отырған ағамыз үлкендiк танытпай, мына айтқан тұжырымына бәрiмiз де ыңғайсызданып қалдық. Қанша дегенмен жүрегi жаудан қайтпас Мәкең, сөз кезегiн жiбермес әйгiлi халық ақыны емес пе, аз үнсiздiктi серпiп тастап: – Ана домбыраны берi әпершi, – дедi үй иесi Қуатқа. Домбыраның құлағын бiздiң құлағымызға таныс өз ырғағына келтiрiп алды да: – Бәкiржан, дұрыс қой, бiздiң Бексұлтанжанның әнi батыстың әндерiмен әуендес болса, онда өрiстi ұзақтан қайырған екен. Ендi мына әнге құлақ түрiңiзшi дедi. “Жер шарын мекендеген бүкiл халық, Бiздiң ел дәстүрiнен қуат алып. Советтер Одағы боп сүйенерi Бұл күнде достығымен отыр танып”, – деп баяғыда бәрiмiз мектеп партасында айтпаушы ма едiк, кейiнгi кезде осы әндi жаңғыртып, “Бұлбұл құс туған жерден гүл iздейдi, Күдерiн құштарлықпен бiр үзбейдi Келесiң гүл боп еркем көз алдыма, Өзiңдi мен iздемей кiм iздейдi” – деген ән айтыла бастады деп, Бәкiрдiң “Әдемi-ау” деген әнiн бiр iлiп өткенде Бәкiр бұлқан-талқан болып атып тұрып, кетемiнге басып едi, қасындағы Сабырхан Асанов әзер тоқтатты. Бексұлтан десе iшкен асын жерге қоятын Мәкең Бәкiрдiң әлгi әбестiгiне ренiшiн баса алмай тағы бiраз отырған соң. – Әй, Бәкiр, бiз екеумiз құрдаспыз, соған орай үлкен болған соң, салмақты болар десем, сабырдан жұрдай болып шықтың ғой. Жақсы адамдар сынды сабырмен қабылдайды. Байқап жүрген шығарсың, бiз ақындармен айтысқа түскенде, небiр дөрекi сөздер естимiз. Мұндай шағын топ алдында болса да мейлi ғой, үлкен залда, қаншама халықтың алдында естимiз. Дегенмен, соған шыдап, уәжден жеңуге тырысамыз. Кiшкене сынға шыдамай жас бала құсап өкпелегенiң ұят болды – ау. Сын шын болса өзiмiз одан қорытынды шығарамыз, – дедi. – Бiздер де сондаймыз, – деп Бәкiр үшiн Сабырхан жауап берiп едi, Бәкiр де оны қостағандай болды. Олай болса мен тағы бiр ән айтайын деп Мәкең одан әрi домбырасын шерте жөнелдi. Сөйттi де: “Айналайын, ақ бұлақ, Айналақтап жағаңда. Сенен артық өлкенi Бұл әлемнен табам ба?” – дедi. “Ақ бұлақтың” сол кезде ел аузында жиi айтылып жүрген кезi болатын. Ән авторы Б.Тәжiбаев та әжептеуiр масаттанып соңына өзi де қосыла шырқап кетiп едi, жарықтық Мәкең тағы да аяғын “бүлдiрдi”. – Қандай жақсы ән. Қызылқұм етегiндегi ел болған соң ба, бiзде де мына бiр халық әнi көбiрек айтылады деп ыңылдай жөнелдi. “Қызылқұмда ауылым, Қыз – бозбала сауығым, Өзiңменен ойнамай, Басылмайды сауығым”, – дедi де: – Осы әуен Сiздiкi ме, бiздiкi ме, бiлмей отырғаным? – деп Бәкiрге қарады. Әлгi ашу ашу ма, Бәкiр костюмiн иығына жаба салып, есiкке ұмтылды. Отырған жұрт не күлерiн, не басу айтарын бiлмей, дал болдық та қалдық. Сонымен тәттi отырыс, осылай ащылау аяқталды. Ойланып жүрiп көзбен көрген осы оқиғаны мен Алматыға қызмет ауыстырған соң Бәкiр ағаның өзiне ескертiп “Ана тiлi” газетiне естелiк мақала етiп жаздым. 1980 жылдары Бексұлтан республика көлемiне тәп-тәуiр танылып қалды. Өзi сазгер, өзi орындаушы, мiнезi жiбектей сұлу жiгiтке қолқа салушылар көбейе түстi, облыстан, республикадан келген ел ағалары Бексұлтанның әнiн естiп, өзiмен әңгiмелескеннен соң-ақ, оған бауыр тартып, қол ұшын бергiлерi келдi. Бiрақ, көбi айтуын айтқанмен сүйрей тартуға келгенде, дәрменсiздiк танытты. Сондай бiр талпыныс, сол кезде оқу министрiнiң орынбасары болған Лениншiл Рүстемовтың ауданға келуiмен өрiс алды. Бексұлтан бiр нәрседен тайсақтайтын. Ол – қолындағы қарт анасы Ақнұр едi, өлер шағында елден ерек қайда сүйремек? Бексұлтанның қабiлет-қасиетiн ой таразысынан өткiзе бiлген қайраткер Л.Рүстемов оны бiрден Талдықорған педагогика институтына кафедра меңгерушiлiгiне шақырды. Бұл хабарды естiгенде Бексұлтан түгiлi достары бiздер де қуанып қалдық. Сол сапарда ерiп-ақ кетер ме едi, оның сол кезге дейiн партия мүшелiгiне өтпегендiгi аяғына тұсау болды. Ол партия мүшелiгiне кандидат болып өтемiн дегенше бiршама уақыт өтiп кеттi де, аталынған орынға басқа кiсi тағайындалып кетiптi. Бексұлтанның туған жерден сытылып шығар бiр жолы тағы да осылай тұсауланды. Бiрақ оған iренжiген ол жоқ. “Қаратаудың бөктерiнде, Қанат жайып көкке өрiле Жадыратып көңiлдердi, Жалындатып өмiрлердi Жарасымды қала болған Жаңақорған, Жаңақорған” – деп ақын Әбдiрақман Асылбековтың сөзiне жазған әнiн әрiптес досы Өмiрбек Мәрсалиевпен дуэтке қосылып туған жерiн мақтаныш ете шырқап жүрдi. – Сендер бiлмейсiңдер, менiң әндерiмнiң қайнар көзi халық әуендерiмен жұптасып, қабысып жатыр. Әнiмнiң алқалы топта жиi шырқалатыны да сондықтан. Сыршылдық, әуездiлiк, жылы лиризмдi мен таза ауыл тiршiлiгiнен табамын. Сондықтан менi ауылдан ұзата көрмеңдер. Алматы маған қол емес, – дейтiн бiздi сабырға шақырып. Қандай сабырлылық, қандай қарапайымдылық, қандай жайсаңдық! Мен қызметiмдi Алматыға ауыстырғаннан кейiн 1985 – 1986 жылдары Бексұлтанды қазақ теледидарының музыка бас редакциясына арнайы екi рет шақырттым. Бұған дейiн “Тамаша”, “Алтыбақан” ойын-сауық отауына келiп қатысқан сазгер орындаушының Алматыда да достары көп-тi. Бiр хабарына өзiмен бiрге халық артистерi Зейнеп Қойшыбаева, Суат Әбусейiтова, Люция Төлешовалар қатысса, екiншi “Ауылдан ескен ән” атты хабарында ауылдан соңына ере келген шәкiрттерi қатысты. Соның бiрi бүгiнде республика жастары сыйлығының иегерi Сауран Елеуов болатын. Сол келген сапарларында “Ақсайда” тұрған Мәдина Ералиеваның үйiнде мейман болғанымыз әлi күнге естен шықпайды. Жалпы Бексұлтан – Мәдинаны ерекше құрмет тұтатын, оған үлкен үмiтпен қарайтын. Әншiлiк жолға кешеуiлдеп барып бет бұрған Мәдинаға, оның нәзiк те ашық дауысына, үлкен ризалық сезiммен, сенiммен қарайтын. Бексұлтанның баянын арқалап Мәдинанiкiнен кешеуiлдеп шыққан бiздер Республикалық Ғылым академиясы Үйiне тарттық. Мұнда профессор Рахманқұл Бердiбаев ағамыз басқаратын Халық университетiнiң кезектi сабағы өтiп жатқан. Бiз есiктен енгенде сабақ бiтiп, жұрт орындарынан тұра бастаған екен. Бексұлтан сонау түкпiрдегi сыпайылығы басым ауылдан келсе де, бойдағы ұяң мiнездi ысырып қойды. Есiктен: “Ау-ууу… Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпi киген қазақтың қара өлеңiн Шекпен жауып өзiне қайтарамын, қайтарамын” – деген Мұқағалидың өлеңiн Шәмiл Әбiлтай шығарған сазбен шырқай кiрдi. Орындарынан жинала бастаған халық аспаннан түскендей болған Бексұлтанның әнiн ду қол шапалақтап қарсы алды. Сөйтiп, Рағаңның, Рахманқұл Бердiбаевтың сол күнгi сабағы қосымша бiр сағатқа, Бексұлтанның творчествосын таныстыруға ұласты. Сол қимылға сүйсiнген, сол сабаққа қатысып отырған сазгер күйшi Шәмiл Әбiлтай ерiкке қоймай жетелеген күйi үйiне шақырып, келiншегi Өрiккүлiнiң шайын iшкiздi. Шай үстiнде де, кейiн де Бексұлтанның сол бiр жiгерлi тiршiлiгi бәрiмiздiң тамсана айтып жүрер аңыз әңгiмемiзге айналды. Бексұлтанның “Еркелешi Ермегiм” әнiн тыңдаған сайын тағы бiр оқиға есiме түседi. Келiншегi Шарбан кенже ұлы Ермегiн босанған соң, Бексұлтанның қуанышына шек болмады. Жылы хабарды естiсiмен-ақ, қазiргi ауыл жiгiттерiне тән той-томалақ басталып кеттi. Содан Шарбанды балалар босанатын үйден шығарар күнi қызық оқиға болды. Баланы Бексұлтансыз алып шыққан Шарбан үйiне келген соң, шырылдады да қалды. Не боп қалды десек, ұл туды деген Шәкең, асып сасып жүрiп медбике қолына ұстата салған бiреудiң қызын ауыстырып келiптi. “Айта көрмеңдер, Бексұлтан естiсе менi өлтiретiн болды” деп шыр-шыр етедi. Емханаға қайта барып, баламызды қайта ауыстырып әкелдiк. Сол бала кейiн Бексұлтанға қаншама ән жазуына себепшi болды. Жаны нәзiк адамның жүрегi де нәзiк болады. Бексұлтан Алматыға келгенде де үш-төрт рет жүрегiнiң мазасыздандырып жүргенiн байқатты. Аяқ қолын уқалап жан кiргiзiп алған кезiмiз де болған. Бiрақ, дәрiгерге көрiнбейтiн “үйренген ауру ғой қазiр-ақ жазылады”, – деп жүре беретiн. Сөйтiп жүрген Бекен серiнiң, сол сырқаттан Қызылорда қаласында творчестволық сапарда жүрiп үзiлгенiн естiгенде, сенерiмiздi де, сенбесiмiздi де бiлмей қалдық. Бiрақ, өлiм өтiрiк болушы ма едi, Алланың дегенiне не шара?!.. Бармағымызды тiстелеп, iштей аяушылық бiлдiргенмен, қолдан келер дәрмен не? “Жас Алаш” газетi шағын ғана көңiл айту берiп едi, оған бiздiң көңiлiмiз толмады. Осы жерде газет қызметкерi, қазiр белгiлi сазгер атанып отырған Қалдыбек Құрманәлiнiң жасаған азаматтығын еске алсам артық болмас. Бексұлтанның өмiрбаянын толығырақ келтiрiп дайындаған көңiл айту мен суретiн редактор Қалижан Уалиханға алып кiрiп кеткен, сөйтсе ол кiсi бiр рет көңiл айту берiлгенiн, қайталап беру қажетсiздiгiн айтыпты. Ол жауапқа көңiлi толмаған Қалдыбек: – Уәке, бермесеңiз бермеңiз, белгiлi композитор Бексұлтан Байкенжеев ендi алдыңызға келмейдi, ол мәңгiлiкке кеттi, – деп есiктен шыға бергенде, редактор уәжге тұрып, Қалдыбектi қайта шақырып алып, көңiл айтуды сол күнгi номерге жiбердi. Тiршiлiктегi кiшкене ғана көрiнiс, бiрақ ұмытылмас тiрлiк болды. Бексұлтанның қырқына, жылына бардық. Баласын iздеп шөгiп қалған Ақнұр анасының көз жасын көрген сайын жасып, жанымыз күйетiн… Бұл күнде ол кiсi де марқұм болған. Сүйiктi баласының қайғысы қойсын ба… Б.Байкенжеев өмiрден өтер алдында Қызылорда облыстық теледидары оның облыс көрермендерi алдындағы есеп концертiн ұйымдастырды. Бұл концертiне сазгер Әсет Бейсеуов, әншiлер Мәдина Ералиева мен Зейнеп Қойшыбаева қатысқанын өзi ерекше бiр ризашылықпен айтып, хат жазып, хабарлап едi. Сол кездесуiнен соң Бексұлтан да ұзаған жоқ. Жарқырап ел алдында берген соңғы жүздесу есебi екен де… Қазiр Бексұлтанның таспаға түскен бейнелерi бар болса облыстық осы телехабар мен “Сыр сұлуы” телефильмiнде “Тамаша” ойын-сауық отауында ғана қалған сияқты. Бұдан басқа тiршiлiгiндегi орындаған әндерi жекелеген жанұялардың үйлерiнде болуы мүмкiн. Мұны айтып отырған себебiм – осы мәселелердi ендi кешiктiрмей қолға алып, бiреудiң жинастыруы қажет. Ертеңгi ұрпақ қана емес, бүгiнгi ұрпақ та қазiр Бексұлтанды iздестiре бастады. Ертең өмiрге Бексұлтантану музыкалық iлiмi өмiрге келедi. Соған қажеттi дүние бүгiннен бастап жиналуы керек қой… Соның ең бастысы оның өз даусымен шырқалған бейне таспаға түскен әндерi болмақ. Бексұлтантану дегеннен шығады, 1994 жылы 25-26 тамызда Жаңақорғанда Бексұлтанды еске алуға арналған қайырымдылық акциясы өткiзiлдi. Қайырымдылық акциясын “Нұр” өндiрiстiк мәдени қайырымдылық орталығының жетекшiсi Ш.Маханбетов, ғалым Р.Алтынбекова, Шымкенттiк “Қаражат” банкiсiнiң төрағасы Т.Мақұлбеков, аудан әкiмшiлiгi бiрiгiп ұйымдастырып, акцияға Бексұлтанның “Сағынып жүршi” әндер жинағын тарту еттi. Осы жиында Бексұлтанның бауыры, ауылдың абыз ақсақалдарының бiрi Арасат Файзуллаев жетекшiлiк ететiн “Бексұлтан Байкенжеев” атты республикалық қайырымдылық қоры құрылды. Бұл Бексұлтан өмiрден өткелi iстелген нақтылы тiрлiк болды. Осы күн тағы бiр ерекшелiгiмен есте қалды. Мен үшiн Бексұлтан қайта өмiрге оралып, Жаңақорған мәдениет Үйi сахнасынан ән салып тұрғандай болды. Сахнада Бексұлтанның өзiнен айнымай қалған ұлы, әке жолын қуған әншi Әпсұлтан Бексұлтанұлы әкесi шығарған әндi нақышына келтiре шырқап тұрды. Жүрек жарды өлең шiркiн осындай әсерлi көрiнiстен тумайды ма? “Япырау, жалған – жалған-ақ екен, Тiршiлiк мәңгi болмаған мекен. Қасымда жүрген қайран дос Бекең, Деп жүрген жоқ ет “өмiрден өтем”. Өмiрге қайта сенiмi нықты, Жарқ етiп жанып, жарқ етiп шықты. “Ақ баян” ғұмыр дедi ме шексiз, Қапияда өттi, көңiлiмiз күптi… Ән салып тұрған ән едi өзi, Мейiрiм төккен мейiрбан көзi. Нәп-нәзiк жаны, сал серi едi Әндей бiр әсем шығатын сөзi. Қапияда кеттi… үзiлдi ғұмыр, Сол қалпы бiрақ, тiршiлiк – дүбiр. Бексұлтан болып салып тұр әнiн, Тұлпардан қалған тұяқ боп бiр ұл…” – деген жыр жолдары, менiң қойын дәптерiмнiң бетiне түсiп жатты. Өлең соңына нүкте орнына бiр тамшы ыстық жас та тырс етiп тамғанда, бiр әуен менi көкке көтерiп Бексұлтанның рухына қарай ұшырып бара жатқандай болды… Бексұлтан, бiз сенi сағынып жүрмiз… Бақтыбай АЙНАБЕКОВ