БҰЛДЫР, БҰЛДЫР КҮН ӨТКЕН...

БҰЛДЫР, БҰЛДЫР КҮН ӨТКЕН...

БҰЛДЫР, БҰЛДЫР КҮН ӨТКЕН...
ашық дереккөзі

Иә, бұрынғыда кiм өткен?

Бiздiң ауыл Жүзiмдiк деп аталады. Күншығыс жағындағы ескi жұртта "Жүзiмдiк төбе" бар. Өздiгiнен пайда болған төбе емес. Бағзы бiр замандағы ескi қорғанды қалашықтың үйiндiсi, тарихтың бiзге жеткен көзi. Сол төбенiң үстiнде, бала кезiмiзде талай рет қозы-лақ қайырғанбыз. Ойдым-ойдым ойықтары мен қоянжон дөңестерiнде қыш-құмыраның майда сынықтары шашылып жататын. Көк, жасыл, қоңыр, қызғыш бояулары қанық. Қиюын тауып құрастырып, көз жауын алатын өсiмдiк өрнектерiне қызыға қараушы едiк. Кейiн дәп сондай өрнектердi Түркiстандағы Құл-Қожа-Ахмет Ясауи кесенесiнен көрдiм. Баз бiреулер: "Бұл Шыңғыс хан әскерлерi Отырарға бара жатқанда ойрандаған қалашық", — дейдi. Ендi бiрi: "Қоқан хандығы шапқыншылығынан қираған қала", — десiп жүр. Олардың қаншалықты шындыққа саятынын кiм бiлсiн. Бiрақ бүгiлiп, бүк түскен төбенiң бiр құпия сыр-шежiренi қойнына жасырып жатқаны анық. Мырзахан Мамырбеков – көптi көрiп, көкейiне көп жайды түйген жан. Сол қариядан естiгенiм бар. "Бiз 1945-1950 жылдары осы ауылдағы жетiжылдық мектепте оқыдық. Бiр жолы ауыл тұрғындарының бiрi сол төбеден ары өтiп, берi өтiп жүрiп, iргесiнен көмiлiп жатқан қыш-құмыраның ернеуiн көрген. Ұстаздарымыз сол жердi бiзге күрекпен қаздырғаны әлi есiмде. Кiсi бойындай екi нән құмыра шықты. Ауыл атқамiнерлерi: "Бұларды облысқа жiберемiз" деп едi. Бүтiн мүлiктi көздерi қимады ма, үйлерiне алып барып, ұн салып қойған. Содан кейiн қаншама бастықтар ауысты. Бiрi кетiп, бiрi келiп жатты. Қазiр сол құмыралардың қайда екенiнен еш хабарым жоқ. Менiңше, бұл жер Ұлы Жiбек жолындағы керуен сарай болған-ау. Қыш-құмыралардың сынықтарына қарағанда мұнда қолөнер кәсiпшiлiгi дамыған тәрiздi. Менiкi болжам ғана. Төбе бiзден ненi жасырып жатыр? Оны тек арнаулы археологиялық қазбалар ғана анықтайды". Ал Жүзiмдiк атауы қайдан шыққан? Жүзiмi көп болған соң ба? Қазiргi нақты жағдайына қарасаң әсте олай емес тәрiздi. Бiр, екi үйдiң бақшасында болмаса, бұл жемiс өзгелерiнде жоқтың қасы. Мырзахан ақсақалда тағы бiр дерек бар. "Шамамен ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Шаян елдi мекенiнен Аппақ ишан мен Сабыр ишан медресе салдырған. Естуiмше, екеуi де Бұхарада бiлiм алған дiнисламның ғұламалары. Олар жаз айларында шәкiрттерiн соңдарынан ертiп, жұма намаздарын кейде Құл-Қожа-Ахмет Ясауидiң кесенесiне барып оқиды екен. Жүзiмдiк төте жолдың бойында, ен тоғайдан орын тепкен. Ауылдың артқы жағында ақа басын Қаратаудан алған Арыстанды өзенi. Ирелеңдеген ұзына бойы тұнған бұлақ. Тоғайдың жоғары жағындағы Сиқым төбеден төменгi жағындағы Керзi кенiне дейiн ат шаптырым жер. Шөбi шүйгiн. Тұрғындары төрт түлiк мал ұстаса керек. Шаяндағы медреседен осы ауылға дейiн қашықтық жиырма шақырымдай. Аппақ ишан мен Сабыр ишан бейсенбiнiң таң намазынан кейiн жол бастаған. Ұлы сәскеде осы Арыстанды өзенiне жетiп, ат шалдырып, түйелерiн шөгередi екен. Жердiң құнарын көрiп қызығыпты. "Түгiн тартсаң майы шыққан неткен нәрлi жер!" Келер жылы ел басқарған болыспен келiсiп, бау-бақшалық жер алады да, наурызда шәкiрттерiне жүзiм ектiрiптi. Жұрт содан бастап бұл ауылды Жүзiмдiк атап кеткен деседi". Кейiн Кеңес өкiметi орнаған кезде осы ауылдың алдыңғы жағынан, қозыкөш жерден Талапты елдi мекенiнiң тұрғындары қоныстанады. 1929-1930 жылдардағы ұжымдастыру кезеңiнде Жүзiмдiк – артель, Талапты – коммуна болып құрылды. Артельдi Нұрманов Алдаберген басқарыпты. Ол хат таныған сауатты әрi суырыпсалма ақындық қасиетi бар жан екен. Артельден алғаш сауда орынын ашып, қант, шай, сабын, кездеме, ат әбзелдерiн сатуды жолға қояды. Алайда Кеңес өкiметiн iштей ұнатпаса керек. Халықты алдайтынын өлеңдерiмен астарлап жеткiзiп жүрген. Оны Түркiстаннан Мұсабек Байзақов (Молда Мұса), Шиелiден Нартай Бекежанов, Қаратаудан Орынбай Тайманов секiлдi ақындар iздеп келiп, айтысқандарын жұрт талай рет көрiптi. 1932 жылы ел iшi "сен байсың", "сен құлақсың" деп бiрiн бiрi кiнәлап шала бүлiндi. Iс насырға шауып, бiраз адам жазықсыз жазаланған. Солардың бiрi болып Алдаберген де ұсталып, "халық жауы" атанады. Беломор-Балтық каналы құрылысына қара жұмысқа айдалған. Сол жақтан Битабаров Ыдырысқа және Ботабекұлы Адырбекке өлеңмен жолдаған сағыныш хаттарын мұндағылар домбыра әуенiне салып, бертiнге дейiн әндетiп айтып жүрiптi. Ал Қайыпов Адырбек пен Айтбаев Амантай оның көп өлеңдерiн жатқа бiлген. Беломор-Балтық каналының ұзындығы – 227 шақырым. Сталин соны жазықсыз сотталғандардың арзан жұмыс күшiмен бас-аяғы бiр жарым жылда мерзiмiнен бұрын бiтiртiп iске қосты. Сол үшiн канал құрылысына қатысқандарға бостандық берген. Алдаберген Нұрманов та елге оралады. Филология ғылымдарының докторы Нысанбек Төреқұлов оның өмiр жолын бiраз зерттеп, хаттап кеткенi бар. Ғалымның ел-жұрттан, көз көргендерден жинаған деректерiне қарағанда ол бұрынғы жаулары түртiнектей берген соң Ташкент, Шыршық жағына қоныс аударып, аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi және аудандық атқару комитетiнiң қызметкерi болған. Алайда 1937 жылдың зобалаңында тағы да "халық жауы" атанып, абақтыға жабылады. Содан арғы тағдыры белгiсiз. 1933 жылы "артель" мен "коммуна" таратылып, Жүзiмдiк пен Талапты колхоздарға iрiлендiрiлдi. Жүзiмдiк колхозының мүшелерi Серiбаев Қантайды, Талапты колхозының мүшелерi Битабаров Ыдырысты басқарма төрағалығына сайлайды. Екi колхозға бiр ауылдық Совет құрылған екен. Оның төрағасына Момышов Сұлтан, ал хатшысына Қынатов Әмзе сайланыпты. Колхоздар желдiң өтiнде. Бiр тұрса, бiр жетiге созылады. Одан асса айға дейiн уiлдеп тұрғаны. Кейде үйiре соғып, тентек мiнез танытатыны бар. Оны тұрғындар “Арыстанды-Қарабастың желi” атап кеткен. Өздерi де сол желге әбден қалыптасып алған. Шiлденiң шiлiңгiрiнде бiраз күн жел тұрмай қалса, қатын-қалаштары: "Арыстанды-Қарабастың желi қайда? Қапырыққа тұншықтық қой әбден", — деп шыға келетiнi тағы бар. Мамырдан басталатын, ыстық керiмсал жердi кептiрiп жiбередi. Ал сусыз дәндi-дақыл өсiрiп көр. Екi колхоз басшыларының басын қатырғандары осы мәселе болды. Бiрiгiп кеңес құрған. Жиында жердi суландырып, шаруашылықтарды егiншiлiкке бұру мәселесiн қарастырыпты. Ұзаққа созылған айтыс-тартыстан соң жоғарыдағы Сиқым төбенiң арғы бетiнен, Арыстанды өзенiнiң Ақ керiз тұсынан бөгет салып, содан берi қарай екi колхоз екi арық тартуға бәтуаласқан. Талапты колхозының арығы қыр етегiн бойлай түсiп, ауылдың алдымен төменгi жақтағы Қырық кепеге дейiн қазылады. Ұзына бойы 8-10 шақырым. Жерi қатты, әрi тастақ. Ол кезде бүгiнгiдей қуатты техника қайдан болсын. Колхозшылар кетпен, күрек, қайламен қазу оңайға түспейтiнiн бiлсе де тәуекелге бел буған. Ал Жүзiмдiк колхозының арығы сол Сиқым төбеден басталып, ауыл ортасын аралатып, Қоңыр төбенi етектете қазып, Қызыл жар асырылатын болып жобаланды. Жерi жұмсақ. Бұл оман арықтың ұзындығы 14-15 шақырымға созылмақ. Қар кетiп, жер бусанып, тоң жiбiген кез. Наурыз мерекесi басталысымен-ақ колхозшылар үлкен iске жұмылады. Әуелi қос арық қазылатын жердi белгiлеу керек. Жер бедерiне қанық гидротехник маман жоқтың қасы. Байша ақсақалдың сауаты болмаса да, көзi қарақты жан едi. Бұл жауапты iстi басшылар соған тапсырған. Ақсақал көк есегiне мiнiп, ұзын сырықтың бiр басын тақымына басып, екiншi жақ басымен жер сызып жүрiп отырады. Бар белгiсi сол. Колхозшыларға арық қазудың күндiк мөлшерi алдын ала бекiтiлген. Олар таңның атысы, кештiң батысы кетпендерi мен қайлаларын құлаштай сiлтеп, түстiк астан басқа кезде бiр дамылдасайшы. Солардың бiрi Кенжеұлы Сейiтқазы. Ұзын бойлы, сүйектi кiсi. Жұматайұлы Шубай ұстаға кәдуелгiден әлдеқайда үлкен кетпен жасатып алған. Жеңдерiн түрiп, әлгi кетпенiмен тастақ жердi қопара қазғанда, күндiк жұмыс мөлшерiн түске дейiн бiтiрiп тастайды екен. Шаңқай түсте жұрт қос басына ас iшуге жиналады. Алайда ас салатын ыдыс-аяқ жетiспейдi. Алдыңғы келгендер қашан ыдыстарын босатқанша кейiнгiлер күтiп қалса керек. Сондай кездерде шыдамы жетпеген келiн-кепшiктер Сейiтқазының кетпенiне таласып қалатын көрiнедi. Темiр таты кетiп жылтыраған басын суға бiр шайып жiберiп, "Қайнағаның кетпенi таза" деп үстiне ыстық тағамын салып, жиiркенбей жей бередi екен. Қос арықты екi колхоздың еңбекшiлерi екi жылда бiтiрген. Талаптық колхозшылардың қазғаны – "Тоқсабаның арығы", ал Жүзiмдiк колхозшыларының қазғаны – "Қараның арығы" аталынған. Кейiн облыс орталығынан келген гидротехниктер арықтың бiр деңгейде қазылғанын, судың iркiлiп иiрiлмей еш тоқтаусыз ағып жатқанын көрiп, қайран қалысқан. Егiстiк алқаптарына су келiп, бидай, арпа, жүгерi, сұлы дақылдары бiтiк шығады. Күзде колхозшылар мол өнiм жинап, қамбаларын толтырған. Келер жылы мақта өсiрудi қолға алыпты. Талаптық Еркiнбектiң әйелi Қымбат күзде жоспардан тыс ақ алтын жинап, социалистiк жарыстың озаты атанады. 1936 жылы Мәскеудегi Қазақстан онкүндiгiне қатысып, СССР халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмесiнiң күмiс медалiн кеудесiне тағып қайтқан. Бұрын колхозшылар астықты аудан орталығы Шаянға арбамен тасып, болса азын-аулақ ұн алып қайтады екен. Ендi екi колхоздың басшылары астық өнiмi көбейген соң жоспардан тыс алынған бидайдан өздерi ұн шығаруды, сөйтiп нан тапшылығынан құтылудың тиiмдi жолын ойластыра бастайды. Ол кезде бүгiнгiдей жоғары кернеулi электр қуаты қайда. Жұрт бiлте шаммен күн кешiп жатқан шақ. Қалайда су диiрменiн орнату керек болды. Ой жеткен жерге бiрден қол жеткен бе. Жақын маңнан диiрменнiң дөңбек тастары табыла қойса қанеки. Ары iздеп, берi iздеп таба алмаған соң Құрман бабаның ұлы Қайырбек қасына төрт, бес қайратты жiгiттердi серiк етiп, екi өгiз арбамен алыстан мұнартып көрiнген Қаратауға жол тартады. Диiрменге жарайды-ау деген нән тас бөлектерiн арбаларға артып, бiрнеше күн жол азабын тартып, елге жетiптi. Дөңбек тастарды ұсталарға қашатып ыңғайға келтiрiп, беттерiн тегiстетедi де үстiңгi тастың қақ ортасынан бидай құйылатын алақандай тесiк ойдырады. Солай 1938 жылдың жазғы салымында Сиқым төбе жанындағы арықтан алғашқы су диiрменi орнатылған. Құлама су күшiмен айналған диiрменнiң үстiңгi тасы, бидайды күртiлдете езiп, бiр жақ бүйiрдегi қалақшадан аппақ ұн шығарғанда қуанбаған колхозшылар қалмады деседi. Жаз соңына дейiн Қайырбек диiрменшi екi колхоз еңбеккерлерiнiң бидайларын тартып, ұнға деген тапшылықтан құтқарған. Жақсылыққа құлақтанған жұрт, жерге қар түскенше арбаларына бидайларын артып, жан-жақтан ағылып жатты. 1939 жылы жазда Тоқсаба арығының бойынан Биғашов Бөрiнiң диiрменi ашылды. Әлi есiмде. Бес, алты жасар бала кезiм. Апам Ұлтусын күзгi жиын-терiн бiткен соң: "Балам, жүр үйдегi бес қап бидайды диiрменшiге тартқызып келейiк", — дедi. Қаптарды есек арбаға тиеп, Бөрiнiң диiрменiне қарай беталдық. Маңдай тұстан Арыстанды-Қарабастың салқын желi есiп тұрған. Диiрменге жақындағаннан-ақ тартылған ұнның жағымды исi мұрынды жарды. Бөрi – аласа бойлы, жақ сүйегi шығыңқы, қалақтай егде кiсi екен. Үстiнде ұн жұққан күпәйкесi бар. Айналып жатқан диiрменнiң тасы бидайды күртiлдете езiп, жәй сөзiңдi естiрмейдi. Ол апама дауыстап: "Шырағым, бидайыңды жақсылап тазаладың ба? Арасында қиыршық тастар жоқ па?", — дедi. Апам тазалап қаптағанын айтты. Диiрменшi қаптағы бидайды қос қолымен көсiп алып, үңiле қарады да басын изедi. Содан соң бидайды үлкен шелектерге салып, жоғарыға шығарды. Апам босаған қапты алып, сыртқа шығып шаңын қақты. Кiсiнiң бидайы тартылып болған соң кезек бiзге келдi. Диiрменшi шелектердегi бидайды ауқымды үрiңкiге сыздықтата құйды. Апам екеумiз бос қаптың аузын төменгi жақтағы ұн шығатын кiшкене қалақшаға тостық. Сол жылдың күзiнде Тәжiбайдың диiрменi де ұн шығара бастаған. Шындығына жүгiнсек диiрмендi iнiсi Төребек орнатқан екен. Бөрiнiң диiрменiнiң тұсынан бiр өзi ұзындығы 3 шақырым жанама арық қазып, қам кесектен жәй салып, iшiне диiрмен қондырғысын тұрғызады. Ағасы Тәжiбай ақсақалды диiрменшi етiп, өзi басқа шаруамен айналысқан. Мырзахан қарияның естелiгiнен. "Тәжiбай қаба сақалды, келiстi келген кiсi едi. Күндiз, түнi сол диiрменнiң басында. Ел iшiне сирек келедi. Кiм көрiнгенмен бас түйiстiрiп сөйлесiп отырғанын көрген емеспiн. Әсiресе, сырттан тосын келгендерге томаға-тұйық. Амандық, саулықтан арыға бармай әлденеден сақтанатын секiлдi. Үлкендерден оның сол мiнезiнiң жөнiн сұрағанмын. Николай патшаның заманында Тәжiбай болыс болған екен. Төрт түлiгiн баққан кедейлердiң еңбегiн жемептi. Ас, судан ешқайсысын да тарықтырмаған. Кеңес өкiметi орнап, байлар мал-мүлiктерiмен жан сауғалай бастағанда, Тәжiбай орнынан қозғалмаса керек. "Қашып қайда барамын? Малым жанымның садағасы. Мен үшiн кiндiк кесiп, кiр жуған жерiмнен артық жер жоқ" — деп, бар малын өкiметке өзi өткiзген. Сонда да өкiлдер: "Болыс болған екенсiң" деп абақтыға жапқызуға кiрiскенде, қалың ел жиылып келiп, кедей-кепшiкке жасаған жақсылығын айтып, құтқарып қалады. Бiрақ өкiлдер қайта-қайта мазалай берген соң бiраз уақыт ел-жұрттан оқшауланып, диiрмен басында ақыл-есiнен ауытқыған жан секiлдi кейiпте жүрген. Ауылдан әудем жерде Қоңыр төбе бар. Ерiмбет ақсақалдың үйi сол төбенiң етегiнде. Үй маңынан өтетiн оман арықтың құламасынан су сарыны едәуiр жерден естiледi. Ұлы Иманбердi сол құлама суға диiрмен орнатқан. Терiскей жақтағы Қоңыр мен Тазшадан келгендер астықтарын сол Иманбердiнiң диiрменiне тартқызады. Соғыста жараланып қайтқан ұлы Әден сол диiрменге иелiк еттi. Ауыл тұрғыны Бiттiбаев Мейiрхан: — Әкем айтатын, екi колхоздың төрт диiрменi соғысқа дейiн аудандағы 34 елдi мекеннiң халқын ұнмен қамтамасыз еттi. Диiрменшiлердiң сондағы халыққа сiңiрген жанкештi еңбегiн мына сендер бiлiп, құрметпен еске алып отыруларың керек, — дедi. Екiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғанда екi колхоздың ер-азаматтары бiрiнен соң бiрi майданға аттанды. Егiстiк басындағы қостарда "ХТЗ", "ЧТЗ", "Парамол" тракторлары қаңтарылып қалған. Ал майданға астық керек. Әскери комиссариат екi колхоздан кезектi рет шақырылған тракторшылар Ысқақов Жүнiсбек пен Бишеев Әбiлқасқа бронь берiп, керi қайтарады. Егiстiк алқаптарындағы жұмыс бастан асып жатыр. Тракторшыларда таң бозынан түннiң жарымына дейiн тыным жоқ. Толған ай батып, сүттей жарығы семгенше талай жердi жыртып, дән сеуiп тастайды. Бiрер жылдан соң Жүнiсбектiң жаңа қосылған жары Күлзада да тiстi доңғалақты трактор рулiне отырған. Жаз ортасында мол астықты майданға жiберiсiмен, қыстық мал азығын дайындауға кiрiседi. Олар Жеңiске өз үлестерiн солай қосты. Жүзiмдiк колхозын майданнан оралған Нәлiбаев Күзембай басқарды. Өзi коммунист едi. Солай бола тұра дiннен безiнген жоқ. Үй терезелерiнiң пердесiн жауып, бес уақыт намазын оқуды үзген емес. Елуiншi жылдардың бел ортасында Бишеев Әбiлқас Қазақ ССР Жоғары Кеңесiне депутат болып сайланды. Жүзiмдiк пен Талаптыда бертiнге дейiн арнайы медициналық бiлiмi бар дәрiгерлер болмаған. Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар Жүзiмдiк колхозындағы Зейнепке барады екен. Оның тамыр ұстап, сырқатты тап басып емдейтiн қасиетiн жұрт мойындаса керек. Аурудың түрiне қарай емдеу тәсiлдерi де әрқалай. Ауыл тұрғыны Адырбеков Асылхан: — Ес бiлiп, есейiп қалған кезiм. Әкем үйге алыстан келген жекжатты Зейнеп апаңа алып бар деп тапсырды. Барсақ үйiнiң алды толған адам. Араларында үш күннен берi кезегiн күтiп жатқандар да көп екен. Зейнеп апамда тыным жоқ. Әбден жүдеп-жадаған бiр кiсiнiң тамырын ұстады да, қасында тұрған серiгiне даладан жылан ұстап әкелудi тапсырды. Жыланның жиi кездесетiн кезi. Сүт пiсiрiм уақыт өтпей жатып-ақ анау салақтаған жуан жыланды қолына ұстатты. Зейнеп терiсiн сыдырды да ортан белiнен қарыстай етiп кесiп алып, су құйған қазанға салды. Үстiне бiрнеше шөптердiң қоспасын тағы салып, астынан от жақты. Қайнаған суға пiскен жылан етiн сорпасымен шыны ыдысқа құйды да, сырқатқа: "Мынаны күн сайын бiр рет iшiп жесең, сауығып кетесiң" дедi. Араға ай салып, Зейнеп апаға барғанымда сол кiсiнi тағы көрдiм. Өң-басына қан жүгiрiп, толысқан. Апаға алғыс айтуға келiптi. Тiл, көз тимесiн дегенi ме жұрт сол Зейнеп апаны Тастақшы атап кеттi, — дедi. Жанына шипа iздеп алыс, жақыннан ағылған көпшiлiктi аспен қамтамасыз ету оңай ма. Әсiресе Тастақшы соларға нан жеткiзе алмай қиналған. Ақыры тығырықтан шығар жол тауыпты. Бар жиған-тергенiне арық қаздырып, үйiнiң жанынан судиiрменiн орнатады. Күйеуi Мұса жұмысшыларға басшылық жасаған. Диiрмен 1946 жылдан бастап ұн шығарып, келушiлердiң қажетiне жарапты. Елуiншi жылдардың басында ауданға жан-жақты жетiлдiрiлген жаңа техникалар келе бастады. Аудан басшыларының алдында соларды науқандық жұмыстарға дайындау мәселесi тұрды. Не iстеу керек. Кеңесе келiп 1955 жылы Жүзiмдiк пен Талапты колхоздарын бiрiктiрiп, Машина-трактор жөндеу стансасын құратын болып шештi. Онда аудандағы 58 колхоз, совхоздың техникалары қыс кезiнде байқаудан өткiзiлiп, ақауы барларын қысқа уақытта жөндеу жоспарланған. Солай екi колхоз бiрiктiрiлiп, Шаян МТС-ның iргетасы қаланды. Ел басқарып, көптi көрген ел ағасы Әбiлдәбек Шардарбековтiң "Өмiр — өзен" кiтабында сол МТС-тiң директоры – Қорғанбаев Ноғайбай, ал орынбасары – Байғонов Шырақбай болғаны айтылған. Әуелi стансаның қызыл кiрпiштен еңселi жөндеу нысаны мен қам кесектен жапсарласа салынған бiрнеше онтамдар бой түзедi. Тұрғын үй құрылысының бел ортасында ағаш ұстасы Тұржанұлы Дәулетбай жүрдi. Жан-жақтан арнайы техникалық мамандар шақырылып қоныстандырылды. Облыс орталығы Шымкенттен қуатты мотор жеткiзiлдi. Моторшы таңдауда станса басшыларының қалауы Ысқақов Жүнiсбекке түскен. "Тапсырылған iске зор жауапкершiлiкпен қарайды", — дестi. Ол күндiз электр қуатын жөндеу цехтарына бередi. Ал кешке алакеуiмде үйлердiң шамы, жарық ете қалғанда үлкендер: "Көзiң ашылсын, Жүнiсбек!" деп беттерiн сипайды. Содан ел жатқанша түнгi сағат он екiге дейiн тұрғындардың шамдары сөнбейдi. Моторшының кiнәсiнен жұмыста үзiлiс болған емес. Бiр жылдан соң жөндеу нысанының бiр жақ қапталына қосымша жай салынып, отдиiрмен орнатылды. Жүнiсбек диiрменшi жұмысын қоса атқаратын болды. Шаршы тастарының әрқайсысы екi жүз килограмм. Өнiмдiлiгi судиiрменiне қарағанда өте жоғары. Ауданның елдi мекендерiнен қораптарына бидай артып келген жүк көлiктерi сол күнi-ақ тартылған ұнын алып кетiп жатады. Диiрменшiнiң еңбегiне беретiнi әр үш қаптан бiр шелек бидай. Ол күнi бойғы жиналған табысын көршi-қолаңмен бөлiседi. Оның күн сайын ұн сапасын бақылап отыру әдетi. Сәл iрiлене бастаса болды диiрмендi тез тоқтатады. Құдабай, Орман, Канал секiлдi сом бiлектi механизаторларды шақырып, диiрменнiң тастарын қорабынан сыртқа шығартып алады да, бетiндегi ойықтарын қашап тереңдетiп, орнына қайта қойдыртады. Никита Хрущевтiң КПСС ОК пленумдарында жүгерiнi дәрiптей бастаған кезi. Ұлы Төлеш: — Көкем сауатты едi. Газет, журналдарды үзбей оқып, "Родина" радиоқабылдағышынан жаңалықтарды қадағалап отыратын. Бiрде көршiмiз Төлескен: "Жүнiсбек, орысшаң, тәуiр ғой. Радиоңда анау не айтып жатыр?", — дедi. Көкем жымиып: "Не деушi едi. Жүгерiнi жер-көкке сыйғызбай мақтағанына қарағанда, соның нанын жегiзедi-ау шамасы", — дедi. Кейiндеу дәл солай болды да. Судиiрменiнiң жүгерiге шамасы келмедi. Ең соңғысы 1958 жылы жұмысын тоқтатты. Сол жылы МТС-сы да таратылып, Жүзiмдiк Жамбыл астық, мал шаруашылығы совхозының бөлiмшесiне айналды. Ал Ысқақов Жүнiсбектiң отдиiрменi 1969 жылға дейiн халыққа қызмет еттi. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары ауыр соқты. Ауылдағыларға бидай ұны жетпей едәуiр қиыншылықтарды бастан кештi. Ел ағасы Әбiлдәбек Шардарбеков пен Байдулла Қонысбек Жүзiмдiк бөлiмшесiнiң сол кездегi меңгерушiсi Жәнiбек Молдабековке Қытайдан тапсырыспен диiрмен алдыруға кеңес бердi. Шардарбековтiң өзi де қаржылай көмектестi. Мақсат жүзеге асты. Диiрменшi жiгiт Битабаров Мереке iскер екен. Ауыл тұрғындарын ұнмен қамтамасыз етiп, алғысына бөлендi. Ағаларының дер кезiнде берiп отырған ақыл кеңесi, Молдабековтың ұйымдастырушылық қабiлетi ауылды тығырықтан алып шықты. Менiң құрдасым Лесхан Тобажанов: — Қазiргi жастар заманауи техникаға үйренген. Қолдарына кетпен ұстап, арық қазғысы келмейдi. Ал жерлерi сусыз кебiрсiп жатыр. Бұзылған тракторларынан қайран жоқ. Бұрынғылардың жанкештi еңбегiн айтсаң ертегi сияқты көредi. Техниканың болғаны, бары жақсы-ау. Бiрақ жастарды жалқаулыққа үйрете ме деп қаламын, — дедi. Жүзiмдiкте қазiр сол қос арықтың жалданған сұлбасы жатыр. Бұрынғылардан қалған белгi. Жылдар жылжып өткен сайын елеусiз болып барады. Бұл екеуiнде ауылдың қаншама шежiрелi сыры жатыр. Ел ағасы қатарына iлiнiп қалған Қайырбеков Жылқайдар өткен жолы маған ұсыныс жасады. "Қалам ұстап жүрсiң ғой. Ауылдың шежiресiн, дүйiм жұртқа еңбегi сiңген диiрменшiлердi жазсайшы. Ұрпақтың жады жаңарсын". Ал мен сол ұсынысты орындадым.

Көлбай Адырбекұлы