Жаңалықтар

ТӨБЕЛЕР КӨП, АЛ БИIКТЕР САНАУЛЫ

ашық дереккөзі

ТӨБЕЛЕР КӨП, АЛ БИIКТЕР САНАУЛЫ

Құба жонның құланындай зымырап жатқан жарық дүниенiң жалған екенiн ұғынған бiздiң бабаларымыз бағзы замандарда-ақ фәни дүние мен бақи дүниенiң арасын қамшының сабына теңеген. Бұл адамзат ғұмырының ғарыштық кеңiстiк үшiн қас-қағым сәт екенiн бейнелейдi. Сондықтан да болар, даланың данышпан ойшылдары пәндәуи тiрлiктегi рухани құндылықтарға айрықша назар аударған. Ол түсiнiктi де.

Рухани дiңгегiнен айрылған ұлттың болашағы бұлыңғыр. Данышпан Мұхтар: "Бiлiм – бақтың жiбермейтiн қазығы, бiлiмсiз бақ – әлдекiмнiң азығы" — дегенде, бәлкiм осыны меңзеген болар. Демек, әр азаматтың басына бiлiм арқылы қонатын бақ, Әуезовше айтқанда шынайы бақ: әдiл һәм адал бақ. Бiлiмнен парасат туындайтыны хақ. Қай кезде де бiлiктi жан парасат пен талапты қатар ұстанады. Әр адамның өмiр жолы әрқалай қалыптасатыны секiлдi олардың болмыстағы мән, ғұмырдағы бақыт туралы түсiнiктерi де әрқалай болып келедi. Есiмi жалпақ жұртқа жақсы мәлiм тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, "Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегi сiңген қайраткерi" Кеңес Нұрпейiс бар бақытымды еңбектен таптым деп отыратын.

Бiз белгiлi ғалым, жарқын жүзiнен iзгiлiк шуағы төгiлген ер мiнез азамат Кеңес Нұрпейiстi ғылым жолына алғаш аттаған аспирант кезiмiзден бiледi екенбiз. Содан берi ғалым ағамыздың ақ қағаз бетiнде ойнақтаған жүйрiк қаламы бiр суып көрген жоқ. Өмiрiнiң соңғы айларына дейiн тынымсыз еңбек етiп, қолынан қаламын түсiрмеген әрiптес ағаның бақиға аттанғанына да екi жыл толуға жақын. Осы бiр нар тұлғалы, күлгенде көзiнен шуақ шашқан, ай маңдай, абзал Кеңес ағамыз туралы өткен шақта жазу бiз үшiн өте қиын. Алматыға қарай жол тартқанда ең бiрiншi сәлем бере аттайтын киелi босағамыз да Кеңес аға мен Мәриям жеңгемiздiң үйi тұғын. Қазiр де үйi де, кiтапханасы, жазу үстелi, ұстаған дүние-мүлкi сол күйi тұрғанымен, сол үйге ғана тән салтанат-сән, жылылық Кеңес ағаның өзiмен бiрге өзге әлемге көшiп кеткендей бәрi мұңға шөгiп, мүлгiп тұр. Кеңес ағамызға өмiр бойы серiк болған, аяулы жары Мәриям жеңгей өзiн ұстауға қанша тырысқанымен бiздi көргенде көз жасын тыя алмай: "Ендi Кеңессiз өткiзер өмiрiмде не сән бар?" деп егiледi. Кейде ағамыздың кейбiр мiнездерiн айтып, балаша алданып кетедi. Осының бәрiн көрiп отырып жүрек тiлiм-тiлiм, бiрге егiлесiң. Өмiр не деген қатал, осындай ұлы азаматқа ең болмаса тағы да бiр он жас неге бермедi екен деп қиналасың. "Жұлдыз болып туған ұл, туған елдiң бағына" деп осындай адамдарды айтатын шығар. Өзi қанша мықтыны мойындаса, өзi де соншама мықтылар мойындаған ғұлама ғалым деңгейiне көтерiлдi. Қазақтың даласындай кең жүрегiне "аға" деп барған барлық қаракөз ұл-қыздарын сыйғызды.

Бiз Кеңес ағамен танысқанда қырықтың қырқасына ендi шыққан шағы едi. Қолында қария анасы бар. Бiрiмiздiң ғылыми жетекшiмiз болғандықтан, бастапқы кезде жұмыс бабымен барып жүрiп, кейiн ағалы-iнiдей боп араласып кеттiк. Анасын қатты сыйлайтын. Апамыз марқұм өте би, алды қатты әдiл адам болатын. Мәриям жеңгей екеуi алақандарына салып, аялап, балаша күтетiн. Ана сыйлаудың жоғары үлгiсiн де осы Кеңес ағадан көрдiк. Өз дастарқанында өзi патшадай болып отырып, бiз сияқты шәкiрттерiн төрге отырғызып құрметтеудi де тек осы ағамыздан көрдiк. Айта берсек ағадан алған сабағымыз да, үлгiлi өмiрiнен көргенiмiз де көп-ақ. Ғалым ағаның қажыр-қайраты, ерiк-жiгерi, адами тұлғасы, еңбекқорлығы кiм-кiмге де үлгi едi. Денсаулығы сыр берiп, науқасы қанша меңдеп жүрсе де, шаршадым дегенiн естiмеппiз. Бойындағы Жаратқан берген бар мүмкiндiгiн, бар қуатын сарқа пайдаланып, өмiр бойы жазып өттi. Жиырмадан астам монография мен мектеп оқушыларына арналған оқулықтары жарық көрген академик Кеңес Нұрпейiс жалпы тарихнама мәселелерiмен қатар елiмiздегi ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы, ұлттық мемлекеттiк құрылыс пен Қазақстанның ХХ ғасырдағы саяси-қоғамдық өмiрiнiң өзектi мәселелерiн түбегейлi зерттеген ғалым.

Өткенiн бiлмеген елдiң болашағы да бұлыңғыр екенi әмбеге аян. Тәуелсiздiк тiзгiнi қолымызға тигеннен бергi аз уақыт iшiнде елiмiздiң өткен тарихын қайта зерделеу, ақтаңдақтардың ақиқатын айқындау мәселесi мемлекеттiк деңгейдегi маңызды шаруалардың алдыңғы қатарынан орын алып келедi. Содан берi бiраз уақыт өттi, бiршама iстер тындырылды, алайда атқарылуын күтiп тұрған iс одан әлдеқайда көп. Бұл жаңа жағдай ғалымның ғылыми-шығармашылық қызметiне тың серпiн берiп, оның қаламынан көптеген құнды туындылардың өмiрге келуiне себепкер болды. Жалпы ғылыми iзденiстегi Кеңес Нұрпейiстiң айқындаған негiзгi бағыттары: ұлт-азаттық қозғалыс, 1917 жылғы қос төңкерiс, азамат соғысы тарихының мәселелерi, сонымен қатар ғалым ХХ ғасырдағы Қазақстанның аграрлық мәселелер және саяси қуғын-сүргiн тарихын жан-жақты зерттеуге көп көңiл бөлдi. Қазақстан тарихының әртүрлi кезеңдегi қоғамдық-саяси өмiрiнiң проблемалары да оның назарынан тыс қалған жоқ.

Жоғарыда аталған мәселелер бойынша Кеңес Нұрпейiс 400-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшiлiк еңбектер жазды, олардың қатарында 20-ның үстiнде монографиялар, оқулықтар және оқу құралдары бар.

Ғалым бестомдық "Қазақ ССР тарихын", бестомдық "Қазақстан тарихын" жазуға тiкелей қатысып, осы академиялық басылымдардың редколлегияларының мүшесi болды. Ғалымның өз тiлiмен айтсақ, Қазақстан тарихнамасының тәуелсiздiкке дейiнгi кезеңiн түгелдей мансұқ ету әдiлеттiкке жатпас едi. Мәселен, 70-80 жылдар аралығында жарық көрген "Қазақ ССР" тарихының бестомдығында елiмiз тарихының көне дәуiр мен ортағасырлық кезеңдерi (кейбiр деректiк жұтаңдықтарына қарамастан), ХVIII-XIX ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалыстары (Кенесары басқарған көтерiлiстен басқасы) жалпы алғанда тарихи шындыққа сай бағасын алған. Өлкемiздiң әр кезеңдердегi қоғамдық-саяси және мәдени өмiрiнiң басты мәселелерi — әлеуметтiк-экономикалық құрылыс, Қазақстанның Кеңес-герман соғысындағы жеңiске қосқан үлесi тарихының зерттелуiне де оң баға беруге болады.

Ғалым шығармашылығындағы айрықша атап көрсететiн жайт— Алашорда тарихы тарихшы-ғалым зерттеулерiнiң басты бағыттарының бiрi. Елiмiз тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн Алашорда тарихындағы "ақтаңдақтарды" ашуға республикамызға белгiлi ғалымдар араласа бастады (Аманжолова Д. Казахский автономизм и Россия: история движения Алаш. — М. Изд.ц "Россия молодая", 1994. // Нұрпейiсов К. Алаш һәм Алашорда. — Алматы, 1995; // Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. — Алматы, 1995; // Ирмұханов Б. Батыс Алашорда Бүкiлқазақстандық үкiмет болды. // Сұхбат.1993, № 46,16-22 қараша. // Тәж-Мұрат Мақсат. Батыс Алаш-Орда. Ақтөбе, 2003). Мұны түсiнуге де болады. Кезiнде бұл тақырыпқа байланысты маркстiк-лениндiк кеңес тарихнамасының өкiлдерi тарихи шындықтан тым алшақ тұжырымдар жасады. Сөйтiп, монокоммунистiк өктем идеологиялық нұсқа бұл мәселеге қатысты шынайы ғылыми ой-пiкiрдiң қоғамдық санада орын алуына жол бермегенi түсiнiктi. Бұл бостандық желiнiң есуi тарих ғылымында зерттеуге "тыйым салынған" тарихи оқиғаларды жаңа деректерге сүйенiп, мазмұнын ашуға мүмкiндiк туғызды. Алашорда және оның жекелеген мемлекет қайраткерлерi турасындағы мәселенi де қайтадан ой елегiнен өткiзуге серпiн бердi. Жоғарыда есiмi аталған авторлардың арасында белгiлi ғалым Кеңес Нұрпейiстiң Отан тарихында өзiндiк айшықты қолтаңбасы қалды. Осылай, ғалым ағамыз тәуелсiздiк таңында төл тарихымыздағы ешкiмнiң тiсi тие қоймаған соны алқабы — Алаш һәм Алашорда тарихын зерттеуге бой ұрды. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi Алаш партиясының рөлi мен орнын тиянақты әрi байыпты саралауды алғаш қолға алғандардың бiрi болды. Қазiр қайтадан көбiрек сөз болып жатқан Алаш қозғалысының саяси-тарихи астарларын саралау мен жүйелеуде сарабдалдық та, салиқалық та таныта алды.

Кеңес Нұрпейiс iрi ғалым болумен қатар ұлағатты ұстаз да. Ол тарих ғылымының жоғары маманданған бiрнеше буынын тәрбиелеуге ерен үлес қосты, ғылымның осы саласында өзiнiң тұтас бiр мектебiн қалыптастырды. Ғалымның жетекшiлiгiмен 30-дан астам адам Отандық тарих бойынша докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Шындығында, асылды тану оңай шаруа емес. Бағалай бiлмесең қас жүйрiктiң бағы жанбайды. Ал аялай бiлсең, көзге қораш көрiнген дүлдүлдiң өзi тарлан болып шығары хақ. Ауыздығымен алысып, өрге шауып тұрған бұла талантты танып, жолын ашып беру — үлкен кiсiлiк.

Ғалым ағамыз тура жарты ғасыр Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында табан тiресiп еңбек еттi, оның өмiр жолы қоғам мен кейiнгi толқын жастарымыздың алдында тағзым мен дәрiпке ие. Кеңес Нұрпейiстiң кiсiлiк келбетi әр iсiнен ақын көрiнетiн едi. Сол мiнезiнен Кеңес аға ғұмыр бойы еш айныған емес. Бұл да ел бола бiлумен соған лайық ер бола бiлудi көздейтiн адамдар үшiн есте тұрар өнеге. Кеңес Нұрпейiске Жаратушы бiлiм мен парасатты, сабыр мен салмақты молынан берiп қана қоймай, оның бойшаң да кесек тұлғадан құйылып, отандық тарихшы әрiптестерiнiң арасында айшықталып тұруына жомарттық жасағандай.

Қысқасы, Кеңес аға ғұмыры — қос арналы. Бiрi – құрмет пен iзгiлiктiң үлгiсi болса, екiншiсi – ғылымның терең иiрiмiне түсiредi. Ал ендi осы екi құндылықтың құнарын жиған жанды ел-жұрты неге қадiрлеп, қастер тұтпасын. Халық қадiрiн бiлдi. Қазақстанның қай бөлiгiне барсақ та, ол кiсiнiң есiмiн iзетпен атап, жақсы лебiзiн аямай айтқан жандарды жиi кездестiресiң.

Өмiрден адалдық пен еңбектi еншiлеген Кеңес Нұрпейiстiң тұлғасы таулардың алыстаған сайын биiктей беретiнiндей анық.

Тұяқбай Рысбеков, М.Өтемiсов ат. Батыс Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң ректоры,

Баян Шынтемiрова, тарих ғылымдарының докторы, профессор