Жаңалықтар

ЖАҢА БАҒЫТТАРДАҒЫ ЖАЙЛЫ ПОЙЫЗДАР

ашық дереккөзі

ЖАҢА БАҒЫТТАРДАҒЫ ЖАЙЛЫ ПОЙЫЗДАР

Тұрғындардың жолаушылар тасымалына деген талабын орындауды мақсат еткен «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы Акционерлiк қоғамының басшылары төл мереке – Наурыз мейрамы қарсаңында өте жайлы (1,2,3 класты) аптасына екi рет (жұма, жексенбi) қатынайтын Астана-Павлодар бағытындағы №802/801 жаңа электропойызын жолға шығарды. Аталмыш пойыздың iске қосылуы Астана мен Павлодарға дейiнгi аралықтағы жүретiн уақытты жартысына дейiн азайтады.

Сол сынды қала маңына қатынайтын №805/806 Астана-Көкшетау және №807/808 Астана-Бурабай курорты пойызын өте жайлы жаңа электропойыз ауыстырмақ.

Жаңа құрам жұмсақ та ыңғайлы орындықтармен, жиналмалы столдармен және қауiпсiздiк жүйелерiмен жабдықталған, 1 және 2 класты вагондарда теледидар көруге мүмкiндiк бар, тамақтанатын орын (вагон) бөлiнген. Ал машинистiң кабинасы автоматтандырылған жүйемен басқарылады және тәулiк бойғы бейнекөру орнатылған. Электропойыздың сыйымдылығы 650 жолаушы.

Сонымен қатар осы күнi Астана стансасынан аптасына екi рет жүретiн Астана-Алматы-2 бағытындағы №36/35 жолаушылар пойызы мен күнде қатынайтын Ақтөбеден Алматы-2 бағытындағы №37/33 жолаушылар пойызының төртiншi құрамы қосымша енгiзiлдi. Жолға шыққан вагондардың барлығы да өте жайлылығымен ерекшеленедi. Вагондар үш типке (СВ, купе, плацкарт) бөлiнедi. Сол сынды құрамда вагон мейрамхана, жүк вагоны бар.

Астанада өткен шараға «ҚТЖ» АҚ» Президентi А.Ұ.Мамин, «Жолаушылар тасымалы» акционерлiк қоғамының Президентi Б.Н.Дәрiмбетов қатысып, жолсерiктер мен жолаушыларға ақжол тiледi.

«Түркiстан-ақпарат»