«СУ – СҰЙЫҚ ЗАТ» ДЕП ДӘЛЕЛДЕЙДI “ДҮНИЕТАНУ” ОҚУЛЫҒЫ
«СУ – СҰЙЫҚ ЗАТ» ДЕП ДӘЛЕЛДЕЙДI “ДҮНИЕТАНУ” ОҚУЛЫҒЫ
Оқулықтарда өрескел қателер өрiп жүр
Оқулықтың төңiрегiндегi әңгiме әзiрге түгесiлмейтiн сияқты. Жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқулықтарының кем-кетiгi мен тапшылығын айтып, зар жыласақ та, бұл мәселенiң айы оңынан туар емес. Тiптi, жауырды жаба тоқыған жайтқа Бiлiм және ғылым министрлiгi мен «Оқулық» орталығының етi өлiп кеткен бе, соңғы кезде БАҚ-та айтылып, жарияланып жатқан материалдарға үн қатпайтын жағдайға жеткен секiлдi.
«Ханның қызында да кемшiлiк болады» демекшi, қателiксiз дүние болмайды. Бiрақ, бұл күнi бүгiн ғана тiлге тиек етiлiп жүрген жай емес. Баспа басшыларының өзi оқулық хақында сөз алса, «Жiберiлген қателер әр төрт жыл сайын қайта басып шығарылғанда түзетiлiп отырады» деп шаң жуытқысы келмейдi. Өкiнiшке қарай, қазiргi таңда оқушылар сауатын ашып отырған мектеп оқулықтарында көзге түрпiдей көрiнетiн өрескел қателер өрiп жүр.
Алматы қаласының оқушылары 2008-2009 оқу жылынан бастап «Алматыкiтап» баспасының оқулықтарына көштi. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балалардың ата-аналары бұл тосын жаңалықты оқу жылының басында ғана естiп, таңның атысы мен күннiң батысына аталмыш баспаның оқулығын iздеумен табан тоздырды. Алдын-ала мектепке қанша баланың баратындығы жөнiнде зерттеу жүргiзбеген баспа мамандарының олақтығынан оқу жылының ортасына дейiн тегiн былай тұрсын, ақшаға сатылатын оқулық табылмады. Бұл кезде «Алматыкiтап» басшысы Бүбiхан Баратқызының: «Бiз кiтап шығарып үлгере алмай жатырмыз. Бiраз тапсырысты Қытайдың баспаларына бердiк» деп қол қусыра жауап бергенi есте. Осы жағдай биыл да қайталанып, ата-аналарды әдеттегi әбiгерге салсын. Тiптi, оқулықтың жетiспеушiлiгi жайында олар Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң блогына да жазып, өз наразылықтарын бiлдiрдi. Ал, баспаның оқулық шығаруда арнайы тендер мен тапсырысты мойнына ала тұра, жүктелген мiндеттiң үдесiнен шықпағаны қалай?!
Хош, әйтеуiр, «Оқулық тегiн болу керек» деген сөздi жоғарыдағылардан жиi естiсек те, бұл ата-аналарға күлкiлi көрiнедi. Неге десеңiз, сыныптағы 25 оқушының тек 10 шақтысына ғана бұйыратын оқулықты ақшаға сатып алуға тура келедi. Ең сорақысы, «Алматыкiтап» баспасынан жарық көрген кiтаптармен жаңадан танысқан бастауыш сынып мұғалiмдерi де тiлiнiң ауырлығын айтып, оңы мен солын жаңа танып жатқан балаға мұны қалай сiңiретiндiгiн ойлап, бастарын шайқап едi.
Оқулықтардағы кемшiлiктер «көз шығаратындай». Ондағы мәтiндерге зер салсаңыз, тiлi күрделi, сөйлемi шұбалаңқы, мәтiнi орашолақ, яғни, ұғынықты емес. Сонда бұл оқулықтар баланың жас ерекшелiгiне, дүниетанымына, ойлау қабiлетiне сай етiп жазылмаған ба?
Балалар мәтiндi өздiгiмен оқыса да, кейбiр сөздер мен сөз тiркесiне ой таразысы жете бермейдi. Сондықтан да сансыз сауалдың астында қалдырады.
Мәселен, 1-сыныпқа арналған «Ана тiлi» оқулығының (авт. Г.И.Уәйiсова, Ә.Е.Жұмабаева, «Алматыкiтап», 2008 ж) 92-беттегi «Телу» атты әңгiмеде көкесi Қанатқа «…Дәмдi алманың жас бұтағын басқа ағаштың «бауырына салып», яғни, телiп жатырмын» дейдi. Жарайды, «телудi» автор, мұғалiм, ата-ана түсiнген болар. Ал, мұны бала қалай ұғады? Қазақта төлдi басқа ененiң бауырына салып, емiзетiн едi. Басқа ағаштың «бауырына салып» деу өрескелдiк емес пе? Осы сөз тiркесiн тырнақшаға алып берудiң қажетi қанша? Оны қарапайым сөзбен алмастыруға болмас па едi?!
2-сыныптың «Дүниетану» оқулығы да оңып тұрмаған сияқты. (Авт. Аймағамбетова Қ.А., Идилова Т.С., «Алматыкiтап», 2009). «Адам — табиғаттың бiр бөлiгi» тақырыбы дұрыс құрылған ба? Ол орыстың «Человек – часть природы» дегенiнiң тiкелей калька аудармасы екенi бiрден көзге ұратыны түсiнiктi. Ал, осында «…Осы байланыстар адамның дүниенi қабылдауына және оның ортасында өмiр сүруiне көмектеседi» деген сөйлем бар. Беретiн ойы дұрыс, бiрақ сөйлем шұбалаңқы. Және «оның ортасында» деген сөз тiркесi де жайсыз орналасқан. 77-беттегi «Дұрыс тамақтану – денсаулық кепiлi» атты тақырыптағы: «Бiз жануар тектес азық-түлiктер – ет, балық, жұмыртқа, iрiмшiк, сарымай жеймiз, сүт iшемiз» деген мәтiн жолдарын оқығанда, тағы да тiлiмдi тiстеп отырып қалдым. Сонда бiз оқушыға бұл тағамдарды «жануар тектес азық-түлiк» деп айтуымыз керек пе? Мәтiндi соншалық күрделендiрмей, қарапайым ұғынықты тiлмен неге бермеймiз? Ал, 23-беттегi «Ауаның табиғаттағы және адам өмiрiндегi маңызы» деген тақырыпта «…Сондықтан ауа ластанбау үшiн мұржаларға түтiндi, ысты, шаңды тұтатын қондырғылар орнатылады» деген мәтiн жолдары ұшырасады. Мұндағы «шаңды тұтатын» дегеннiң дұрысы «шаңды жұтатын» емес пе?! Әрi қарай 25-беттегi «Су» тақырыбындағы мәтiнде «Су – сұйық зат. Ол бұлақ, өзен, көл, теңiз, мұхиттарда болады» дейдi. Екiншi сөйлемдi «Судан өзен, көл, теңiз, мұхиттар құралады» деп алмастырсақ, қалай қарар едiңiз? Су көл, теңiз мұхиттарда болатын балдыр, балық, немесе кит емес қой. Су айдындарының бәрi судан ғана тұрады. Тек көлемi әртүрлi. «Дүниетану» оқулығындағы мәтiндерде «организм» мен «ағза» сөзi қатар жүр. Соның бiреуiне тоқталсақ болмай ма?
Оқулықтағы кез келген мәтiн жолын тiлге жеңiл, жатық, жұп-жұмыр етiп ұсынудың орнына, елiмiзде балаларды әдейi шатастыру жалғасуда. Бала мәтiндi бар ынтасымен бастап оқып жатады да, аяғына келгенде сұйылтып жiбередi. Неге? Себебi, ол шұбалаңқы мәтiннен ешқандай мән-мағына алған жоқ.
Айтпақшы, 1-сыныптың «Ана тiлi», 2-сыныпқа арналған «Қазақ тiлi» оқулығы (авт. Балтабаева Ж.Қ., Солтанғазина М.Қ., Лекерова Ф.С. «Алматыкiтап», 2009 ж) да қазақ тiлiндегi жетi сөз табына жiтi тоқталған. Арнайы ережелерiмен берiлген сөз таптарын 1-сыныптан бастап өту қиындық тудырмай ма? Қарапайым сөз таптарын тек 4-5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейiн қайталау жеткiлiктi емес пе? Бұл баланың қабылдауына қалай әсер етедi?
Тағы бiр мысал. «Қазақ тiлi» оқулығындағы «Сан есiм» деген тарауында «Цифрларды сөзбен жазып, мәтiндi көшiрiп жаз» дейдi. Сөйтедi де, тапсырмасында «екi таңбалы сандарды қалай жаздың?» деген сұрақ қояды оқушыға. Тағы бiрде, «6 цифрмен берiлген сандарды жазып, мәтiндi көшiр» (225-бетте) дейдi. Қысқасы, баланы әбден шатастырады. Қайсысы сан, қайсысы цифр екенiн ол қайдан ажыратады? Сан мен цифрды неге қосарлап берiп отыр? Неге «цифрдың» орнына «сандарды сөзбен жаз» делiнбеген? «Сан» деген қазақша сөз тұрғанда орыс тiлiндегi «Цифрды» қайтпекпiз?
222-беттегi тапсырмада «Адасқан сын есiмдердi орындарына қойып, сөйлемдердi көшiрiп жаз» деп күрделендiрмей-ақ, «сын есiмдердi тиiстi орнына қойып жаз» десе де болмай ма? Ал, 213-беттегi 3-жаттығуда «… Қарақұйрық кең жерде әрлi-берлi ойнақтап, бой жаза бастады. Оның мұнысын қызметшiлер «қашқындық» деп ойлады» деген сөйлем ше? «Қашқындық» деген сөздiң өзi дұрыс берiлiп тұр ма? Және авторлар кез келген сөздi тырнақшаға алуға неге әуес? Бұл сөзге неге тырнақша қойылғанын балаға қалай түсiндiремiз?
«Мәтiннiң түрлерi» атты тақырыпта «Әңгiмелеу, сипаттау, пайымдау» түрлерiне тоқталыпты. Онда «Оқиға, құбылыстардың себебiн дәлелдейтiн мәтiн — пайымдау мәтiнi деп аталады» делiнген. Осы тақырыпты өткенде сынып ұстазы мен ата-ананың көпшiлiгi «пайымдау» дегендi балаға қалай жеткiзетiнiн бiлмей, бас қатырғаны да есiмде.
Ол аз десеңiз, жоғарыда аталған оқулықтарда мерекелiк күндердiң орналасуы да қисынсыз. Сабақ шарты тоқсандық жоспарға сәйкес келмей ме, әйтеуiр Наурыз мерекесi, көктем мезгiлiне арналған мәтiндер мен өлеңдер оқулықтың басында кездесiп жатса, Ұлы жеңiске арналған материалдар да солай. Тiптi, оқулықта берiлген жаттығу сандарының реттiк нөмiрiнен кеткен қателер де көз сүрiндiредi.
Бiз оқулықта кеткен олқылықтарды «Алматыкiтап» баспасының вице-директоры Бүбiхан Баратқызына жеткiзгiмiз келгенде, сынымызды қабылдаудан қашқақтады. Төл оқулықтарын қызғыштай қорғаштаған баспагер: «Бүгiнгi заман талабына сәйкес компьютер, интернет туралы материалды да ұсынуымыз қажет. Бiз қашанғы балаға жеңiл-желпi тақырып беремiз деп, оқулықтың мазмұнын таяздай беремiз? Өмiр жылжыған сайын, оқулыққа да жаңалықтар енуi тиiс. Егер оқулықта түсiнiксiз сөз, сөйлемдер оғаш көрiнгенмен, ғылыми негiзi жағынан дәлелденген» деп жауап берген едi. Дәл осы пiкiрдi жаңа буын оқулығын жазған, «Дүниетану» оқулығының авторы Қазына Аймағамбетова да құптап, оқулықты Елбасының өзi мақтағанын жеткiздi. Автордың «Бала қиыннан өтсе ғана бiлiм алады. Бiз қысқа сөз бен сөйлемге бос сөз емес, ғылым беруге тырысамыз. Өйткенi, оқулық теориялық, методикалық, эстетикалық жағынан тәрбие беруi керек» дегенiне қарағанда, көңiлi тоқ сияқты. Алайда, оқулық жазуды кәсiптiк жолға қойғандар баланың жас айырмашылығын, түйсiгiн, қабылдау ерекшелiгiн қайда қояды?
Бүгiнгi оқушыны кейде аяйсың. Өзiнен сөмкесi үлкен 2-сыныптың оқушысы бiр күнгi сабаққа кемiнде 4-5 кiтап апарады. Оны таразыға салып көрсеңiз, 3 келi тартады екен. Оған күнделiктi апаратын құтыдағы суын, ауыстырып киетiн аяқ киiмiн, дене шынықтыру формасын, тiптi, сөмкенiң салмағын да қосып қойыңыз. Ал жыл бойы мектепке қосымша дәптерлер мен оқу-құрал жабдықтарынан бөлек 10 шақты кiтапты (4 жарым келi) тасиды. Бұл құйттай балаға нардың жүгiн артып қойғанмен тепе-тең емес пе? Әрбiрден соң бұл бала бойының өсуiне салмақ түсiрмей ме? Шыны керек, қоғамдық көлiкке өзi сыйып, сөмкесi далада қалатын оқушыны көргенде жаның ашиды. Сондай кезде кiшкентай баланы еңбекқор құмырсқаға теңеуден басқа шараң қалмайды.
Рас, қазiр керексiз секiлдi көрiнетiн оқулықтар көбейiп кеттi. 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттiк оқудың» (Неге «Ана тiлi» емес?) «Әдебиеттiк оқу. Хрестоматиясы» бар. 1995-1996 оқу жылынан бастап елiмiздiң барлық бiлiм беру мекемелерiне енгiзiлген бастауыштағы «Салауаттану», жоғары сыныптағы «Валеология» пәнiн «Биологиядан» бөлiп оқудың пайдасы қанша? Тiптi, «Валеология» оқулығында жыныстық қатынас жөнiнде ашықтан ашық: «Бұл барлық ағзалар мен жүйелердiң оңтайлы биологиялық жаттығуы. Тыныштық жағдайда қынаптың алдыңғы және артқы қабырғалары бiр-бiрiмен беттесiп, кесiндiде «Н» әрпiне ұқсап тұрады. Қынап өте серпiмдi, ол әр түрлi мөлшердегi жыныс мүшесiне сәйкес келедi» деген мәтiн жолдары бар. Мұндай анайы, тұрпайы нәрселердi оқулыққа бадырайтып жазғаннан не ұтамыз? Өресiздiктiң тағы бiр жолы, жақында телеарнадан бүлдiршiндерге арналған жыныстық қатынасты тәптiштеп түсiндiретiн анимациялық туынды көрсетiлдi. «Бала жыныстық қатынасты үш-төрт жасынан бастап бiлу керек» деген арамниеттiлер онсыз да ұлттық дүниеге шөлiркеп жүрген қазақ қаракөздерiне шабуыл жасауда. Әрине, бұл басқа мақалаға арқау боларлық тақырыпқа келесi сандарымызда кеңiнен тоқталатын боламыз.
Жаңа буын оқулықтарына арнайы байқау жарияланғанда, төл оқулығымызбен қауышатын боламыз деп қуанып едiк. Алайда, жаңа буын оқулықтарының өзi өрескел қателер мен шұбалаңқы сөйлемдерге, тiптi, бала тұрмақ, ересек адам оқуға ұяларлық мәтiндерге толып жүргенде, көңiлiңiз су сепкендей басылып сала бередi екен. Бiр өкiнiштiсi, кем-кетiгi бетiнде тұрған оқулықтарды Бiлiм және ғылым министрлiгi қалай бекiткен?!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ