Жаңалықтар

ЖАБАЙЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДIРУДIҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНДАРЫ

ашық дереккөзі

ЖАБАЙЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДIРУДIҢ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚҰРБАНДАРЫ

Қызылағаш қасiретi. Келесiде қай бөгет бұзылады?

Қаралы бейсенбi — наурыздың 11-мен 12-не қараған қараңғы түнде мұз құрсаған бөгеттi тосыннан бұзып, шырт ұйқыда жатқан талай адамды жұтқан қанды тасқын, Ақсудың жылап аққан суы ешкiмдi бей-жай қалдырған жоқ.

Апаттың айтып келмейтiнi бәрiмiзге түсiнiктi. От пен судың тiлсiз жау екенi де бесенеден белгiлi. Бiрақ, Қызылағашта елiмiзде бұрын-соңды болмаған қайғылы апаттың орын алуы мен ондаған адамның қас пен көздiң арасында өмiрмен қоштасып, ажал құшуына, жүздеген қарапайым жандардың табанасты бақытсыздыққа ұрынуына қалай жол берiлгенiне нақты түсiнiк табу мүмкiн емес. Бiр күнде барша халқымыз қара жамылды. Жайшылықта түрлi табиғи, техногендiк апаттарға сан қилы сылтау айтып, желеулердi қаптататын, сөйтiп қарақан бастарын ақтап, арашалап алуға әбден дағдыланып, кәнiгi болған түрлi деңгейдегi шенеунiктердiң бұл жолғы қисынына ешкiм селт етер емес. Селт етпейтiнi, сенбейтiнi. Шенеунiктер тұтас халықтың сенiмiнен бiржола айрылды. Қараңғы түндегi қанды апат қоғамды дүр сiлкiндiрiп, осыған дейiнгi қалың ұйқысынан оятқаны күмәнсiз. Кең-байтақ Қазақстанның хабар-ошар алу аса қиын қиян түкпiрi емес, қатынас күндiз-түнi үзiлмейтiн күре жолдың үстi, адамдар жиi қоныстанған әрi жете дамыған орталық өңiрде – Талдықорған қаласынан небары 55 шақырым қашықтағы тұтас ауылдың бiр сәтте жер бетiнен зым-зия жойылып кетуiне қоғам бұрынғыша бей-жай, енжар қарай алмаған сияқты.

Иә, көктемгi өлiарада, көзге ұрса көргiсiз қараңғы әрi суық түнде ересектерден көмек сұрап шырқырап, мұздай суға аққан бесiктегi сәбилер мен шырт ұйқыдағы бейкүнә балалар, мұз кесектерiмен араласа лақылдаған лай судан қармауға тал таппаған қауқарсыз қариялардың қорқынышты ажалы қауiп-қатерге толы дабыл болып қағылған. Қорқынышты, зарлы үнге толы дабыл! Еш жазықсыз әрi еш шарасыз құрбандардың көмей жыртып, шырқырап көмек сұраған үндерi осыған дейiнгi бейқам, марғау ұйқымызды бөлмеуi де мүмкiн емес-тi.

Соңғы жылдарда елiмiзде орын алған ауыр апаттар, адам шығындарына әкелiп соқтырған қайғылы оқиғалардың басым көпшiлiгi әдетте қазақ халқы көп қоныстанған аймақтарда болып өтуде. Қазақстанның оңтүстiк, оңтүстiк-шығыс және батыс өңiрлерiнде ауыр апаттар жиi орын алып жүр. Осыдан бiраз жыл бұрынғы Зайсан және Құландағы зiлзаланы айтпағанда, осыдан бұрында Оңтүстiк Қазақстанда тұтас бiр ауыл суға кеткенi белгiлi. Арыстағы оқ-дәрi қоймасының жарылуы мен Атыраудағы жаңа салынып жатқан көпiрдiң қирауы, жыл сайын Сырдарияның тасуынан тұтас ауылдардың су астында қалуын, осыдан бiрер жыл бұрын Алматының iргесiндегi Талғардағы тасқыннан да талай адамның қайтыс болғанын еске алсақ, жазықсыз құрбандардың қаралы тiзiмi ұлғая беретiнi сөзсiз. Өткен жылы Талдықорғанда бiр түнде өртенген наркодиспансерде елуге жуық адамның өлгенiн де қосу керек. Оңтүстiк Қазақстанда өткен жылы шекарашылар мiнген тiкұшақ табанасты апатқа ұшырап, ондаған жас жiгiттер мезгiлiнен бұрын өмiрмен қоштасты. Ал жақында Шығыс Қазақстанда да дәрiгерлер мiнген дәп осындай тiкұшақ аспанда жарылып, онға жуық адамның өмiрi үзiлдi.

Бiрақ, Қызылағаш ауылындағы титiмдей бөгеттiң бұзылуынан орын алған адам шығыны мен қайғы-қасiрет бәрiнен де асып түсiп отыр. Елiмiзде дәп осымен шендесер ауыр апат ешқашан болып көрген жоқ болатын. Тiптi, бұл апаттың қасiретi әлемдегi ең iрi, жаһанға аты әйгiлi Ресейдегi Саяно-Шушенск гидроэлектр стансасында орын алған қайғылы апаттан да асып түскенiне еш күмән жоқ.

Өткен жылы газетiмiзде "Қорғаныс министрлiгi қорғансыз қалдырғаны ма?" ("Түркiстан" газетi, №25, 25-маусым), "Адам – басты байлығымыз" (№40, 8-қазан, 2009 ж.) атты мақалалар жарияланған болатын. Осы мақалаларда кейiнгi жылдары елiмiзде адамның өмiрi құндылық болып саналудан қалғаны және осынау қорқынышты құбылыс жоғары лауазым иелерiнiң қабырғасына батпайтыны, адам өмiрiнiң орташа ұзақтығы жағынан әлемде ең соңғы орындарды иеленетiн Қазақстанда түрлi кездейсоқ апаттардан кiсiлердiң көптеп өлу фактiсi жыл өткен сайын үстемелеп көбейе түскендiгi жөнiнде айтылған едi. Ең ауыры, осындай қайғылы апаттардан мезгiлiнен бұрын өмiрмен қоштасқандардың басым көпшiлiгi нағыз дер шағындағы белсендi азаматтар мен барлық болашағы алдағы жастар, бейкүнә сәбилер екенi сөз етiлген. Ендi Қазақстан ең соңғы қауiптi шекке келiп тiрелдi. Бұдан бұлайғы әрекетсiздiк пен салғырттық ұлттың болашағы мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiне елеулi қатер төндiретiнi айтпаса да түсiнiктi. Елiмiзде қалыптасып отырған осындай сорақы жағдайға бұдан әрмен еш төзуге болмайды.

Адам өмiрiн жарты күреш тиынға бағаламау, азаматтардың өмiрi мен денсаулығына еш кепiлдiк бермеу бұдан әрi жалғаса бере ме? Әрбiр адам өзiнiң келер күнiне нақты еш сенiмсiз өмiр сүрмек пе? Осы тұрғыдан жеке адамдар ғана емес, тұтас жүйе айыпталуға және қоғам алдында жауап беруге тиiс. Ең басты айыпкер – мемлекет!

Қызылағаштағы қайғылы апат қолдан жасалған апат екенiне елiмiздегi әрбiр адамның көзi айқын жетiп отыр. Бұған еш күмән қалған жоқ. Және осынау шағын бөгеттiң бұзылуы осыншалық қайғы-қасiрет әкелiп, сансыз адамды өлiмге душар еткенiн түсiну мүмкiн емес. Қызылағаш су қоймасының жалпы ұзындығы 250 метр, енi – 12 метр, тереңдiгi 46,5 метр және небары 42 млн. текше метр су ғана жиналады. Тiптi, ауылдың дәп iргесiнде дейтiндей емес, қазiр қайғыға бөккен Қызылағаштан 10 шақырымға жуық алыста орналасқан. Яғни, төнген қауiптiң алдын алуға толық мүмкiндiк бар едi және уақыттың да жеткiлiктi болғаны еш күмән туғызбаса керек. Ресми билiктiң бұл реттегi шарасыздығы мен салғырттығы, қылмысқа пара-пар әрекетсiздiгi ел-жұрттың түсiнбестiгiн ғана емес, адамдардың iштей наразылығын туғызғаны түсiнiктi.

Аталмыш су қоймасын Алматы облыстық су ресурстары комитетi 1998 жылы "Шынар" ЖШС-не небары 828 мың 941 теңгеге жекеменшiкке сатады. Бiр таңданарлығы, су қоймасын иеленгендер осы уақыттан берi тоспаны мемлекеттiк комиссияның арнайы рұқсатынсыз, заңсыз түрде пайдаланып келген. Кейбiр деректерге қарағанда, "Шынар" ЖШС-нiң иесi Қуаныш Бекеев бұл салаға ешқандай қатысы жоқ жан көрiнедi. Осы жылдар iшiнде тоспаға ешқандай жөндеу немесе бекiту жұмыстары жүргiзiлмеген және өзiн аймақтағы "су иесi – Сүлеймен" санап келген Бекеев өткен жылы 1 текше метр суды жергiлiктi халыққа 23 теңгеден сатып, 2 млн.АҚШ доллары көлемiнде таза табыс тапқан. Жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, әлгi Бекеевтi Қызылағашта тiрiдей көрген ешкiм жоқ. Ол мұнда ешқашан келмеген, өзiнiң меншiгiндегi аса маңызды стратегиялық нысанның жай-күйiмен ешқашан таныспаған да. Әсiлi, Қуаныш Бекеевтiң тасасында жоғары лауазымды жасырын әлдекiмнiң немесе топтың тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Ал тоспаның күнделiктi жұмысын, дәлiрек айтсақ, халыққа су сатуды ауыл әкiмi Есет Жүнiсовтың туған iнiсi Мұхит Жүнiсов қана жүзеге асырып отырған.

Апаттың алдын алуға толық мүмкiндiк бола тұрып, тоспаның иелерi де, ауыл, аудан, облыс әкiмшiлiктерi ешқандай әрекет жасамағаны адамдардың жанын түршiктiруде. Өйткенi, тоспаға су бiр күнде ғана жиналмағаны белгiлi. Биылғы жылы қардың қалың болғаны, жауынның жиi жауғаны саналы адамның бәрiне мәлiм. Яғни, су тасқыны жиiлеп, көптеген өзендердiң арнасынан таситыны соқырға таяқ ұстатқандай. Бүкiл Батыс Еуропада, тiптi, әлемде қазiр бұған қарсы қауiпсiздiк шаралары күшейтiлiп отырғаны белгiлi. Жә, оны да айтпай-ақ қоялық, таяуда ғана осы Алматы облысының Күртi ауданында, Ұзынағашта селге қарсы төтенше шаралар ұйымдастырылғаны мәлiм. Өзiнiң жауапкершiлiгiн сезiнген әрбiр жан алдын ала қамданып, даярлық жасауына уақыт жекiлiктi едi. Оның үстiне бөгетке жиналған артық суды дер кезiнде арнамен ағызып жiберуге ешқандай кедергi болған емес. Турасын айтсақ, "Шынар" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi иелерiнiң тойымсыздығы мен ашкөздiгi ғана осындай ауыр апатқа әкелiп соғып отыр. Олар биылғы мол суды пайдаланып, өткен жылдардағыдан да көп пайда тапқысы келгендерi күмәнсiз.

Бұл қайғылы апатқа әкелiп соққан жағдайдың тамыры тым әрiде жатыр. 1990-жылдардың ортасында Қазақстанда шұғыл жекешелендiру жүзеге асырылды. Облыстар мен аймақтар аса маңызды, стратегиялық нысандарды жылдам жекешелендiру жөнiнен бейресми жарысқа түскен болатын. Өйткенi, мемлекеттiң талабы бойынша жекешелендiру баяу жүрген облыс, аудан әкiмдерi қатаң жазаға ұшырайтын. Яки, жабайы жекешелендiрудiң жылдам әрi жаппай жүргiзiлуiне ең әуелi билiк мүдделiлiк танытты. Ал жабайылық қашанда жабайылықты ғана туғызады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанда жүргiзiлген коллективтендiру кезiнде шолақ белсендiлер мен "шаш ал десе, бас алатын" әпербақан атқамiнерлер пайда болып, елдi тарихта болып көрмеген аштыққа ұшыратса, ережесiз жүргiзiлген керi процесс – жабайы жекешелендiру нәтижесiнде өздерiн қоғамнан биiк, заңнан тыс санайтын жабайы меншiк иелерi бой көрсеттi. Олар көптеген стратегиялық нысандардың тiзгiнiн өз уысына алғанмен еш жауапкершiлiктi өз мойындарына жүктеген жоқ. Ақшаға ғана бас иiп, билiктiң алдында ғана құлдық ұрды. Осыдан бiраз жыл бұрын Алматының iргесiндегi “ҚазАтком” елдiмекенiндегi ұлтаралақ жанжалға түрткi болған басты себептiң бiрi – ауыл iргесiндегi көлдiң жекешелендiрiлiп, шешендердiң иелiгiне берiлуi едi. Өздерiн осы ауылдың қожасы сезiнген Махмахановтар әулетi әлгi көлге ешкiмдi жолатпай, жазықсыз жандарды ұрып-соғып, су iшуге келген малды байлап-матап тастаған. Ең қауiптiсi сол, заңның аясында әрекет етiп, қарапайым адамдарды озбырлық пен қиянаттан қорғауға мiндеттi құқық қорғау органдары, полиция қызметкерлерi көбiне жабайы меншiк иелерiнiң сойылын соғатындығына да азаматтардың бойы әбден үйренiп алды. Сондықтан да баспанасын күшпен бұзғанда қолына кiсен салған қауқарсыз қарияны аяусыздықпен тепкiлеген полиция қызметкерлерi әлi күнге жазаланбай келедi. Ол ол ма, құйтақандай сәби жылап жатқан қасиеттi бесiктi күресiнге лақтырған қарау жүрек полиция қызметкерiн де көз көрдi. Бұлар кiмдi аяушы едi, қорғансыз бейшараларға қорған бола ала ма? Жоқ, құқық қорғау органдарының көптеген қызметкерлерiн адам өмiрi ойландырмайды, қатыгездiк күнделiктi салтына айналған секiлдi. Олар жабайы меншiк иелерiнiң итаршысы, майлы жiлiгiне таласқан қорқаулар болып қалыптасты. Тiптi, адам миына қонбайтын әрекеттерге де баруға дайын. Кейбiр деректерге қарағанда, Қызылағашта бөгет бұзылып, 38 адам, оның iшiнде 8 бала бар, опат болғаннан соң және 146 үй толығымен қирап, 251 үй үлкен зардап шеккен күннiң ертеңiне Талдықорғанда жергiлiктi телеарнадан бөгеттiң бұзылуына еш қауiп жоқ екендiгi айтылып, үрей туғызғандар қатаң жазаға тартылатыны жөнiнде хабарлаған. Масқараның атасы осы! Ең сорақысы, елiмiзде ауыр апаттардың алдын алу емес, жағдайдың қатерлi екендiгiн, сақтық керек екенiн айтқан адамдарды қудалау жиiлеп барады. Қызу науқанға айналдырылып отыр. Есесiне, Қызылағаш ауылының әкiмi өзiнiң отбасын, туыстарын, мал-мүлкiн қауiпсiз аймаққа астыртын көшiрiп үлгерген деседi. Өзге тұрғындардың өмiрiне бас ауыртуды қажет деп те санамаған. Өздерiнiң жазасыздығына сенiмдi, жауапсыз жандар елiмiзде неге көбейiп кеттi?

Қызылағаш қасiретi мемлекетiмiзде соңғы жылдарда қалыптасқан көптеген сорақы жағдайлардың, қоғамдағы ауыр ахуалды ашық көрсетiп бердi. Бұдан әрi шындықты жасырып-жауып қою мүмкiн емес. Сөйте тұра, бiр ғана Қызылағаш емес, осындай қасiретке, ондаған адамның өлiмiне әкеп соққан апаттарға жол берген облыс басшылары, салалық министрлiктердiң жоғары лауазымды шенеунiктерiнiң ешбiрi ешқашан өз еркiмен қызметтен бас тартпауы жұртшылықтың зығырданын қайнататыны күмәнсiз. Олар билiкте одан әрi қалуға ешқандай адамдық, моральдық құқы болмаса да, орынтаққа байланып қалғандай бүлк етпейдi. Мұндай сорақы жағдай бұдан әрi жалғаса бере ме?.. Нақты кiнәлiлер аяусыз жазалануы үшiн Қазақстанда қанша бөгет бұзылуы керек?!

Жаңабек ШАҒАТАЙ