Жаңалықтар

ЖАРЛЫ ЖАНДАР ЖОҚШЫСЫ

ашық дереккөзі

ЖАРЛЫ ЖАНДАР ЖОҚШЫСЫ

Есiмi жалпақ оқырманға жақсы таныс талантты прозашы Нағашыбек Қапалбекұлы бұл күнде жиырма бес кiтаптың авторы. Олардың iшiнде көркем шығармалар да, тарихи зерттеулер де, этнографиялық туындылармен бiрге деректi повестерi де бар.

Қаламгердiң қазақ халқының тұрмыс-салтын, дәсүрiн зерттей жазған еңбектерi де оқырманды ойға қалдыратын парасаттылығымен, байсалдылығымен назар аударады. Оның қазақ поэзиясының тау тұлғалы өкiлi Жамбыл Жабаевтың балалық шағынан алып жазған повесiнде немесе "Мақыш балуан" атты еңбегiнде де этнографиялық этюдтер кездесiп отырады. Жазушының бұл бағытттағы еңбегi әсiресе оның "Құт пен жұт" атты кiтапшасында айқын көрiнiс тапқан. Бұл дүниесiнде ол қазақ халқында көп әйел алудың сырына үңiле келiп, бұл тақырыпқа қоғамдық-әлеуметтiк, тiптi биологиялық тұрғыдан қонымды талдаулар жасайды. Жiгiтке бiрiншi әйелдi алуға ата-анасы ықпал жасаса, екiншiсiн балалары, ал үшiншiсiн немерелерi алып беретiнiн этнографиялық қисындармен дәлелдеп келтiредi және онысы оқырман көкейiн нақ басатын логикалық дәйектiлiгiмен сенiмдi. Жазушының тарихи тақырыпқа арнаған туындылары бiрсыпыра. Олардың қатарында жоғарыда айтылған бала Жамбыл туралы повесi, "Қарасай, Қарасай" драмасы, "Ұлағатты үш ардақты", "Мақыш балуан", "Құртқа тәуiп" және т.б. еңбектерi бар. Бұлар бүгiнгi оқырманға ең алдымен тарихи деректердi, мағлұматтар мен фактiлердi көркемдеп жеткiзе бiлуiмен қымбат екендiгi сөзсiз. Сол арқылы жазушы өзi зерттеп жүрген тұлғалардың қазақ халқының саяси-мәдени тарихында алатын орындарын айқындап, кейiнгi ұрпаққа үлгi-өнеге болатын жақтарын да баса көрсетуге тырысады. Олардың кейбiр жекелеген адами қасиеттерiн бойларына бiткен дарындарымен ұштастыра отырып суреттеуi көркемдiк тәсiл ретiнде қабылданатыны сөзсiз. Жүрдек, жатық баяндаулар шаршатпайды, аталған шығармалардың кейбiр тұстарының көркем шығармадай тартымды оқылуы – осы ойдың айқын дәлелi десек те болады. Жалпы тарих қойнауына кеткен тұлғалар өмiрiн зерттеу жұмыстарының өзiндiк ерекшелiктерi болатынын және бiр адамды қаншама зерттеген күннiң өзiнде оған қатысы бар фактiлердiң баршасын қамтудың өзiне тән қиындықтары кездесетiндiгiн жазушы жақсы сезiнедi. Бiр назар аударатын фактор – аталған зерттеулердi оқыған кезде,олардың жазушы қаламынан шыққандығының аңғарылып тұратындығы. Оларға тән болып келетiн жекелеген көркемдiк үрдiстерге автордың жазу машығын, бейнелiлiкке ұмтылысын, баяндаудың ықшамдылығын, көркем кеңiстiктi суреттеулердi, тiптi кейiпкерлер арасындағы диалогтардың берiлу сипаттарын жатқыза аламыз. Қалай болған күнде де Н.Қапалбекұлының шығармашылығындағы ерекше көңiл бөлудi қажет ететiн саласы – бәрiбiр оның көркем әңгiмелерi мен повестерi. Жас жазушылардың "Арман қанатында" атты әңгiмелер топтамасының бiрiншi кiтабы 1978 жылы шықты. Соған жиырмашақты жас автормен бiрге Нағашыбек екеумiздiң де әңгiмемiз қатар жарияланды. Әлi есiмде, "Соңғы түн" деп аталатын осы туындысында жас жазушы кәдiмгi кәнiгi жазушыдай қалам сiлтеп едi. Бiр әңгiмедегi адамдар тағдырлары, олардың күйiнiш-сүйiнiштерi психологиялық тартыс арқылы өрбiп отырады да, сюжет соңы күтпеген шешiммен аяқталады. Әңгiме фабуласына арқау болып тұрған өмiрлiк материал – Әбу есiмдi соғыс ардагерiнiң өз өмiрiндегi жiберген қателiктерi. Жас автор адамдар арасындағы түсiнiспеушiлiктiң тамыры қайда жататындығына психологиялық талдау тұрғысынан үңiлуге тырысады. Ағайынды Әбу мен Сыздықтың тағдырлары да, өмiр жолдары мен көзқарастары да ұқсас. Сөйте тұрып өмiр белесiнде кездескен бiр оқиғаға бола екеуi бiр-бiрiн мүлде түсiнбей қалады. Әбудiң кешiрiм сұрағысы келгенiн iнiсiнiң қабыл алмауы, ақыр соңында сонысына бола опық жеуi имандылық тұрғысынан әсерлi. Нәсiп болып "Еңлiкгүл" атты алғашқы прозалық жинағының рецензентi ретiнде жазушының туындыларын қолжазба күйiнде оқуыма тура келдi. Бұл кiтапқа енген әңгiмелер де қазақ әдебиетiне қаламды нық ұстай алатын жазушының өмiрге келгенiн паш етiп едi. Жоғарыда жазушының бұл күнге дейiн жиырма бес кiтаптың авторы екендiгiн айтып өттiк. Көркем әдебиетте сан емес, сапаның басым орын алатынын ескерсек, Қапалбекұлының шығармашылық деңгейi бұл жағынан да олқы соға қоймаса керек. Өз кезiнде "Еңлiкгүл" атты әңгiмелер жинағымен оқырманын елең еткiзген болашақ жазушы мұнан кейiн де бiрнеше көркем прозалық кiтап шығарды. Осыларға енген повесть, әңгiмелердiң баршасын талдап, талқылап жатуға шағын мақалада мүмкiндiк аз болатыны белгiлi. Бұл шығармалардағы ауылдың қарапайым адамдары жас-кәрiсiне, әйел-еркегiне және т.б. әлеуметтiк, қоғамдық жағдайларына қарамастан, ең алдымен талғамға сай сомдалған көркем тұлға ретiнде есте қалады. Жазушы оқырманды толғандырып қана қоймай, өмiр жайлы әр тарапты ойларға жетелеп отырады. Бұндай шығармашылық ұстаным – Н.Қапалбекұлының негiзгi жазушылық кредосы десем, артық айтқандық бола қоймас. Араға көп жылдар салып жарық көрген "Дос жүрегi", "Жер ошақтың түтiнi", "Таудан түскен тұман", "Бiздiң ауыл тау жақта", "Махаббатсыз өмiр жоқ", "Құт пен жұт" және т.б әңгiме-повестерiнде жазушы осындай көркемдiк ұстанымды ұдайы өзiне жол сiлтеушi маяк сияқты етiп ұстайтыны аңғарылады. Аталған кiтаптарының басым бөлiгi оқырмандар тарапынан жылы лебiзге ие болып, әрiптестерi тарапынан қолдау тауып отырды. Автор қаламына тән бiр ерекшелiк – шығарманың көркемдiк идеясын, кейiпкерлерiнiң iшкi жан-дүниесiн ашу барысында ұзын-сонар оқиғаға, жалықтыратын құрғақ баяндауларға бой алдыра бермейтiндiгi. Көркем құрал ретiнде көбiнесе қолданатыны – шағын штрихтар, қысқа диалогтар мен монологтар, метафора мен эпитеттер сияқты сөз құнарын арттыра түскен тiркестер болып келедi. Әрине, кейде өзi көрген өмiр шындығын оқырманына мейлiнше айқын жеткiзу мақсатында шығарманың фабуласын созыңқырап жiберетiн тұстары кездескенiмен, бүкiл шығармашылық болмысын жинақтай алып қарағанда, қаламгердiң көбiнесе ықшамдылыққа ұмтылып отыратыны байқалады. Оның әр туындысының мазмұны бас-аяғы жұмырланып, тұйықталып, дiттеген ойы оқиға шешiммен түйiнделiп, қорытылып отырады. Жазушының кейiпкерлерiнiң басым көпшiлiгi тағдырдың әр қилы құбылыстарынан – махаббаттың, достықтың және адамдар арасындағы күрделi қарым-қатынастың салдарынан ғана емес, тiршiлiк тауқыметiнен де қиындық көрiп, жапа шегетiн жандар болып келедi. Қай шығармасында да күнделiктi өмiрдiң жарқылы басым әшекейi көп саласында тiршiлiк кешiп жатқан адамдардың өмiрлерiнен гөрi қолдары қысқа, материалдық тұрғыдан қиындық көрiп жүрген тақсiреттi жандардың образдары басымырақ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Н.Қапалбекұлының шығармашылығы таптық сипатқа ие деп айтатын болсақ, әлдекiмдер дауласуы да ықтимал. Жазушының шығармашылық әлемiн көктей шолып, сын көзiмен талдап шығу барысында осындай бiр тосын қорытындыға келгенiмiздi жасыра алмаймыз. Егер де оның әңгiме, повестерiнде қолында билiгi бар шенеунiктер немесе адамдар суреттелсе, көбiнесе жағымсыз жақтарымен сипатталып отырады. Бұның өзi жазушы шығармашылығына деген жаңағы көзқарасымызды дәйектей түсетiнi факт екенi сөзсiз. Кәнiгi қаламгерлерге тән үрдiспен Н.Қапалбекұлы өз кейiпкерлерiнiң жан-дүниесiн қайшылықта бейнелейдi. Шешесi қайтыс болғаннан кейiн мүгедек әкесi мен кiшкентай қарындасын жеткiземiн деп жүрген Қайыржан сияқты жас жiгiттiң махаббат пен достыққа да уақыт табуы және онымен шектелiп қалмай, айналасындағы адамдарға жақсылық жасауы үлгi боларлықтай. ("Махаббатсыз өмiр жоқ", 1995). Өз қолдары өз ауыздарына жетпей жүрсе де, мұндай жандар имандылық бастауларын, басқа адамға жақсылық жасау сияқты қайырымдылық қасиеттерiн бiр сәт те ұмытпайды. Нақ осындай жомарт жүректi, бiрақ өздерi кедей кейiпкерлер жазушының "Бiр тiлiм нан", "Қайырлы таугүл-ай", "Жұлдыз ғұмыр", "Дос жүрегi" және т.б. әңгiмелерiнде кездеседi. Жазушының "Таудан түскен тұман" повесiнiң бас кейiпкерi Ыдырыс Қалиев те осы санатқа жататын iзгi жандардың қатарында. Бұл шығармада өмiрбаяндық штрихтардың басым болып келетiндiгi байқалады. Нағашыбек Қапалбекұлы тарихи тақырыптарға да үнемi қалам тартып келе жатқан жазушы. Жамбыл бабамыздың балалық шағы жайында жазған "Киелi қызыл жолбарыс" повесi, "Мақыш балуан", "Қарасай, Қарасай", "Қызыл жолбарысты қызырлы би", "Ұлағатты үш ардақты" сияқты кiтаптарының өзiнiң көркемдiк жетiстiгiмен ғана емес, тарихи фактiлердi кестелеп жеткiзiп бiлуiмен де оқырмандар үшiн бағалы болып табылады. Бұл шығармалардың басты кейiпкерлерi – Жамбыл бабаның рухани жалғасы Мақыш балуан, атақты Айдосұлы Сарыбай би, халқын қорғаған Алтынайұлы Қарасай батыр, Құртқа тәуiп сияқты тарихи тұлғалар болып келедi. Бүгiнге дейiн жиырма бес кiтап берiп отырған жазушының алдағы уақытта да шығармашылық табыстарға қол жеткiзе беретiндiгiне сенгiмiз келедi. Нұрдәулет АҚЫШ