Жаңалықтар

ШИПАЛЫ ШҰБАТ ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДIНЕ АЙНАЛСА...

ашық дереккөзі

ШИПАЛЫ ШҰБАТ ҚАЗАҚТЫҢ БРЕНДIНЕ АЙНАЛСА...

Шiркiн-ай, дейсiң осындайда , жыл мезгiлiнiң әрқайсысына қарай бейiмделетiн адам жаратылысы қандай қызық, жұмбақ. Биылғы қыстың қаһары да қатал болғандай. Қар да қалың болды. Қардың қалың түскенi, әрине, көктемгi дайындыққа, ал ол тiрлiк жазғытұрымға қолайлы. Жаз жылы, топырақ құнарлы болады деп жатамыз. Дегенмен, кез келген мезгiлдiң өзiне тән қасиетi, ерекшелiгi жарасымды-ақ.

Мiне, көктем басталды. Қыстай қалың түскен қардың елiмiздiң кейбiр аймақтарына, әсiресе сулы өңiрлерiне ыңғайсыздық туғыза келгенiне көңiл алаң болса да, тiршiлiгiмiзге жаңа леп келгенiн де жасыра алмаймыз. Көктем өзiмен бiрге өзгеше көңiл-күй ала келетiнi белгiлi жайт. "Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер" шағы десек те, қыстан қалған соғымның ең дәмдiсi, сiңiмдiсiн де аналарымыз осы өлiара шақ– Табиғат-Ананың жасарар шағына сақтайды емес пе?! Әсiресе, ай ортасынан ауа дайындалар Наурыз көжесiн айтсаңызшы! Табиғаттың тылсым әдемi шағын пендеңiз де осындай бiр жылылықпен күтiп, бiр-бiрiне ықыластарын бiлдiрiп, қонақкәде жасап жатуының сыры да тереңде жатыр. Бiр-бiрiмен араз болып жүрген ағайындар барыс-келiстерiн жиiлетiп, осы бiр шуақты күндерi көңiлдерiндегi кiрбiңдерiн ұмытуға тырысып, ағайын арасын жақындастыруға ниеттенiп жатады. Бұл да болса бiр берекелiктiң, ынтымақтың бастауы. Тонын шешкен қазекең көңiлдегi ренiш-өкпесiнен де осылай тазарып жатады.

Наурыз көже демекшi, қазақтың ұлттық бояу-болмысы өзгеше тағамдары бүгiнгiдей жаһандану заманының заманауи сусындарын дастарқанымыздан ысырып, төрiмiзден орын алғаны көңiлге қуаныш ұялатады. Әсiресе, ұлттық тағам ретiнде халық денсаулығына тигiзер пайдасының молдығымен ерекшеленетiн шұбаттың орны, тiптi бөлек екенiн жасыруға болмас. Елiмiзде 120 мың түйе болса, соның 5 мыңы Алматы облысында екен. Сүтi бiрден-бiр емдiк қасиетке бай төрт түлiктiң осы бiр түрi– түйе шаруашылығында саналы еңбек етiп жүрген кәсiпкер санаулы-ақ. Тiптi, жоқтың қасы. Осы ретте, ауызға да, көңiлге бiрден түсетiн бiр азамат бар. Ол– "Дәулет-Бекет" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң төрағасы, Iле аудандық Мәслихаттың депутаты, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, кәсiпкер Сыдық қажы ДӘУЛЕТОВ.

Алматы-Ташкент тас жолының Шамалған селосы тұсындағы "Дәулет-Бекет" шұбат-қымыз орталығы бұл ретте өрiсiн кеңге жайып, тұтынушылардың iздеп iшер сусынына айналды. Емдiк қасиетi мол осы бiр таңдайда дәмi қалар сусын жайлы жақсы деректер, әрине, халық аузында үнемi жақсы жағынан айтылады. Түйе шаруашылығы сияқты ата дәстүрдi жаңғырту бағытында қаламыздың Гагарин көшесiнiң бойынан таяуда ғана ашылған шұбат-қымыз орталығына осындай көңiл-күймен бас сұқтық. Бұл орталықта дайындалатын халал ұлттық тағамдарынан дәм татудың өзi бiр ғанибет!

– Бұл орталықтың ашылғанына, әсiресе, осы көпқабатты үй тұрғындары керемет қуанды, – деп бастады әңгiмесiн Сыдық. – Өйткенi, бұрын бұл ғимарат ойын-сауық орны болған екен. Бала-шағаны былай қойғанда, қарт тұрғындар үнемi айқай-шу, тiптi iшiмдiк болған жерде соңы төбелеске ұласқан талай кештерден шаршаса керек. Бiз қаңтар айының ортасынан бастап iске қосылдық, бiр жағы тыныштық, екiншi жағы мынандай сусынның дәл қастарынан сатылымға шығуы, оларды, әрине қуантатын жағдай болды. Оған бiз де қуаныштымыз, iштей жақсы ырымға балап қойдық. Қоныстанушының көршiлерiне жағымды болғанын жақсы түсiнетiн көшпендi халықтың ұлымыз ғой. Әсiресе, оралман бауырларымыздың iшiнде бiр дiндар ақсақалдың мына бiр сөзi жiгерiме жiгер қосты десем артық айтқандық болмас. Ол: "Айналайын, кiмде-кiм осындай ұлттық үрдiстегi орталықтар ашса, одан мұсылмандар ұлттық тағамдар мен сусындарынан дәм татып жатса, ол бiр мешiт салғанмен тең сауапты iс тындырғаны болып есептеледi" деген едi.

Қала тұрғындарының сұранысы күннен күнге ұлғайып келедi. Шын мәнiнде мұндай орталықтарды көптеп ашу керек екенiн түсiнiп жатырмыз. Амандық болса, тағы бiрнеше орталық ашсақ деген ойымыз бар. Өйткенi, аз-ақ уақыттың iшiнде бiрiнен бiрi естiген халық жиi келетiн орынға айналды. Құдаласу, сырға салу, тұсаукесер, сүндет тойларына сұраныстар көп түсiп жатқаны, әсiресе iшiмдiксiз тойлардан бастап, отбасы, бала-шағаларымен келiп тамақтанып, сусын iшiп жатуы, шынын айту керек, қала халқының әлеуметтiк жағдайынан да хабар бередi. Көктем басталды, той да көбейедi. Мәселен, осы орталық ашылған кезде күнiне бес-ақ литр шұбат сатсақ, қазiр 300 литр жетпей жатады. Бұл дегенiңiз, әр отбасында бiр адам 200 грамнан iшетiн болса, 100-150 қандастарымыз осы сусын арқылы ағзасын тазартып, денсаулығын түзеп жатыр деген сөз. Өйткенi, шұбаттың өкпе,асқазан, бауыр, бүйрек, жалпы iшек-қарын аурулары сияқты көптеген сырқаттарға ем екенiн ежелден-ақ бiлемiз.

– Сөзiңiздi бөлейiк, көктем демекшi, ұлттық тағам мәзiрiнде Наурыз күнi нендей жаңа дәмдер қосылады?

– Иә, өзiмiздiң жаңа жылымыз, жыл басы Наурыз келдi, ол өзiмен бiрге қанымызға сiңген ұлттық үрдiс, болмысымызды жаңарта келетiн, тiрiлте келетiн әдетi ғой. Бiз кешендi түскi ас мәзiрiнде наурыз көженi бастап та кеттiк. Тiптi өтiмiне қарап, тек наурыз айында ғана емес, сусынның, дәмнiң бiр түрi ретiнде жыл бойы мәзiрден түсiрмесек пе деген де ой бар.

– Қымыз бен шұбатты жылдың қай мезгiлiнде пайдаланудың маңызы зор болмақ?

– Атам қазақ ежелден ет , қымыз бен шұбатты үзбей қолданған. Бiздiң ағзамызда бұл тағамдар табиғатымызға байланысты тез қорытылатыны ғылыми да дәлелденген. Сондықтан үнемi iшiп жүруге тырысу керек. Ол ендi мүмкiндiгiне қарай, бұл екi сусынның өзiнше ерекшелiгi бар. Екеуiн бөле жаруға да болмайды. Дегенмен, қымыздың құрамында спирт өте жоғары болғандықтан, оны денi сау адам iшуi керек. Шамадан тыс iшсе бауырға зияны тиюi мүмкiн. Бұрын майлы еттi сiңiру үшiн көп қолданған, қанша iшсең соншалықты энергия шығаруың керек болғандықтан iшкеннен кейiн аттың үстiнде бiрер сағат жүрiп келiп, сiңiрiп отырған. Жасыратыны жоқ, қазiргiлерге сiңбеуi мүмкiн, себебi қимыл аз. Ал, шұбаттың жеңiл әрi сiңiмдiлiгiмен қатар, тойымдылығы да күштi. Тағы бiр айырмашылығы, егер бiздiң жерiмiзде жүзден астам шөп өсетiн болса, жылқы соның 55-iн ғана жейдi де, түйе малы бәрiн жей бередi. Дәрi-дәрмектiң шөптен жасалатынын ескерсек, онда сол дәрумендердiң бәрi де осы сусыннан табылады деген сөз.

Жылдың қай мезгiлiнде деген сөзiңiзге келетiн болсақ, жылқы күтiмi келiссе ғана, ал түйе жылына бiр рет қана боталайтын болғандықтан, жыл он екi ай сауыла бередi. Бiрақ, жыл мезгiлдерiне қарай шұбаттың дәмiнде өзгерiстер әбден болуы мүмкiн. Мәселен, шөп те сулы, дымқыл болатындықтан жазғы сауылымда сулылау, сұйықтау болып келедi. Ең маңыздысы, әрине, күзгi сауылым. Жылдың бұл мезгiлiнде майлы, құнарлы, емдiк қасиетi де әдеттегiден күштi болады. Дегенмен, жылдың қай мезгiлi болса да дастарқанымыз ақтан арылмағаны ләзiм. Аузымыздан ақ кетпесiн деңiз.

Иә, Жер-Ананы толғақ қысып жатқанда, әлем буырқанып мезгiлдiң ауысар шағында ағзаңызды тазартып, көңiл-күйiңiздi көтергiңiз келсе, кәсiпкер Сыдық қажы айтпақшы, ақ iшiп жүрiңiздер! Қарынның тоқтығы уайымның жоқтығын бiлдiретiнiн айтқан қазекем, әр дүниенiң қадiр-қасиетiн дәл айтып, дөп басқан ғой. Жоғарыда айтқанымыздай, көктемнiң, биылғы Барыс жылының басталуы мұсылман қауымның әлдебiр жiберген ағаттықтарын есiне салғандай, дүрлiге басталды ма, қалай?! Тәубәшiл халықпыз, қарынның тойғанын ғана ойлай бермеудi де ескерген жөн шығар. Амандыққа ештеңе жетпес,сiрә!? Ден сау болса, бұйырған нәпақа қашпас, жерiмiз, елiмiз аман болса екен деген оймен Наурыз көжеден ауыз тиген бiз қарлы Алатауға қарап, осылай ойға баттық….

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ