"РУХАНИЯТ" БАҒЫТЫН ДА, БАСШЫСЫН ДА АУЫСТЫРДЫ
"РУХАНИЯТ" БАҒЫТЫН ДА, БАСШЫСЫН ДА АУЫСТЫРДЫ
Күнi кеше ғана жасылдар әлемiне қарай бет алатынын, адами-рухани мәселелердi қоршаған орта, табиғатпен етене байланыстыратындықтарын мәлiмдеген "руханияттықтар" VII құрылтайда партия басшылығын өзгерттi.
Сейсенбi күнi жасылдар әлемiне қарай бағыт бұрған "Руханият" партиясының VII құрылтайы өттi. Iргетасы 1995 жылы қаланған "Қазақстанның қайта өрлеу" партиясы 2003 жылдың 5 сәуiрiнде атын "Руханият" деп өзгерткен болатын. Партияның көшбасшысы, қоғам және саяси қайраткер, жазушы-драматург Алтыншаш Жағанова ханымның жанына зиялы қауым өкiлдерi, мұғалiмдер, дәрiгерлер, зейнеткерлер, мүгедектер, жастар топтасқан едi. Бүгiнде мүшелерiнiң жалпы саны 75 мыңнан асып жығылатын "Руханият" табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға басымдық берген.
ҚР мемлекеттiк құрылымдары, дипломатиялық өкiлдiктер, халықаралық және отандық қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар мен қозғалыстар, БАҚ өкiлдерi қатысқан VII құрылтайда партия басшылығы қайта сайланып, "руханияттықтардың" "Жан экологиясы" атты саяси тұғырнамасы көпшiлiк талқысына ұысынылды. "Руханияттың" тiзгiнiн бiрнеше жыл бойы ұстап келген Алтыншаш Жағанова ханым орынтағын жас, Серiкжан Мамбеталинге өз еркiмен босатып бердi. Сондай-ақ, жаңа төрағамен бiрге жастардың тағы бiр жаңа легi: Гауһар Жансейiтова, Бешiр Жаналтай мен Павел Коктышев Мәмбеталин мырзаның орынбасарлығына сайланды.
Өз орнын жас басшыға өз еркiмен босатып беруiн қазақ қоғамында жастардың жұмыс iстеуiне, олардың бойындағы қарым-қабiлетiн жүзеге асыруына жағдай жасау үшiн жастарды басшылық орындарға отырғызуға жағдай жасаумен байланыстырған Алтыншаш Қайыржанқызы: "Орнын басқаға босатып бере салу – кез келгеннiң қолынан келетiн оңай шаруа емес. Дегенмен, мен жастардың келешегiне, қарым-қабiлетiне сенемiн. Партия басшылығына жастардың келуiн құптауым сондықтан" дедi. Елiмiздегi iргелi басылымдардың бiрi – "Қазақстан әйелдерiнiң" тiзгiнiн ұстаған Жағанова ханым ендi бос уақытын жазушылыққа арнамақ. Оның үстiне, отбасындағы аналық, әжелiк мiндетi тағы бар.
Құрылтай қатысушыларына бейнебайланыс арқылы сәлем жолдаған мәдениет және қоғам қайраткерi Мұрат Әуезов, Олимпиада чемпионы, ХОК атқарушы комитетi мүшесi Владимир Смирнов, ҚР Халық әртiсi Жания Әубәкiрова, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмадiлдаев, ҚР және КСРО Халық әртiсi Асанәлi Әшiмов "руханияттықтарға" батасын берiп, ақ жол тiледi.
Партия басымдық беретiн "Жан экологиясы" тұғырнамасында табиғат, адам, мәдениет, қоғам, қауiпсiздiк, денсаулық, рухани бағыттар қамтылған. Партияның төрағасы Серiкжан Мәмбеталин қоршаған орта мен табиғатқа келiп жатқан экологиялық зардаптардың алдын алу үшiн "Руханияттың" бiрнеше бағытта жұмыс жасайтынын көлденең тартты. Мысалы, кезiнде жемiс-жидек пен көкөнiстiң неше атасы өскен Қазақстанның iшкi нарығын бүгiнде шетелдiктер қамтамасыз етуде. Бұл отандық азық-түлiк қауiпсiздiгiне төнген қатер. Сондай-ақ, келешекте қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн су тапшылығы мәселесiнiң Қазақстанға керi әсер етпеуi, қоғамды дендеп бара жатқан түрлi дерттiң алдын алу, жастардың темекi, арақ, есiрткi мен басқа да зиянды әдетке бой алдырмас үшiн оларды қоғамға пайдалы iстерге жұмылдыру т.б.
Қазақстандық жасылдар қатарына өткен "Рухният" партиясы Қазақстан дамуының кешендi бағдарламасын бiрiншiден, мәдениет пен қоғамның шынайы руханиятының жандануына, адамзаттың жалпы адамгершiлiк құндылықтарына, үздiк ұлттық дәстүрлерi мен табысты елдердiң алдыңғы қатарлы тәжiрибесiне негiзделуi; екiншiден, бiртұтас экологиялық бағытты анықтайтын ұлттық саясат қағидалары жүйесiнiң енгiзiлуiн қамтамасыз ете отырып, таза қоршаған ортада өмiр сүру, таза ауыз су мен ағзаға пайдалы тамақтармен азықтану, баспанаға кез келгеннiң қолы жетуi, емделу, бiлiм алу, еңбек ету сияқты адам құқықтарына басымдық беретiн қағидаларға сүйену, билiктiң азаматтар пiкiрiмен санасуы, қоршаған ортаны, табиғат қорларын және адамгершiлiк қатынастарды келешек ұрпақ үшiн барынша сақтауға негiзделген ұлттық экономиканың қағидаларын түзу, тек бейбiт жолмен, өзара құрмет және қол ұшын созу арқылы мемлекеттер арасындағы мәселелердi бiрлесiп шешуге негiзделген халықаралық қатынастар қағидаларын түзу. Адамзаттың Табиғатпен етене болуына жағдай жасайтын игi iстерi нәтижелi ету мақсатында, "Руханият" Жасылдар партиясы Еуропалық Жасылдар партиясына мүшелiкке өтудi көздеп отыр.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ