ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРА ДАУЫ ШЕШIЛМЕК
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРА ДАУЫ ШЕШIЛМЕК
Елбасы Н.Назарбаев Өзбекстанға барды
Наурыздың 16-17 күндерi Елбасы Н.Назарбаев Өзбекстан президентi Ислам Каримовтың ресми шақыртуымен Өзбекстанға барып қайтты. Алдын-ала жоспарланғандай сауда-саттық, экономика, мәдени-гуманитарлық және түйткiлi көп шекара мәселесi бойынша ынтамақтастықты ұлғайту үшiн бiрқатар құжатқа қол қойылды.
Бұған дейiн Өзбекстан президентi Қазақстанға 25 рет ресми сапармен келiп кетсе, Қазақстан басшысы Ташкентке бар-жоғы алты рет барыпты. Арнайы шақыртумен өзбек елiне жол тартқан Н.Назарбаевты Ташкенттiң халықаралық әуежайында Өзбекстанның Премьер-министрi Шавкат Мирзияев пен Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Бөрiбай Жексембин қарсы алды. Наурыздың 16-сы күнi Ташкентте өткен брифингте ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев: "Өзбекстан бiздiң елiмiздiң Орталық Азиядағы ең iрi стратегиялық әрiптесi", – дедi нық сенiммен. "2009 жылдың көрсеткiштерiн алатын болсақ, екi ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард және 200 миллион доллардан асты, оның 800 миллионы – бiздiң экспорт және 400 миллион доллары – импорт. Бұл орайда бiзде оң баланс бар. Дегенмен оның құрылымын жақсарта түсу үшiн бұл бағытта әлi де жұмыс жасауымыз қажет", – дейдi Ө.Шөкеев. Сондай-ақ екiжақты келiссөздерге сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан арасында тауарлардың экспорты мен импортына баж салығы алынып тасталған. Десе де, Ө.Шөкеевтiң айтуынша тауарлардың төрт түрiне ерекше жағдайлар көзделген – алкоголь өнiмдерi, сыра, күрiш және темекi өнiмдерi. Өзбекстанда кедендiк баж салығы салынбайды, бiрақ өзара сауда-саттықта 40-тан астам өнiм түрлерiне акциздер бар. Сонымен қатар аймақаралық баж салығын мүлдем алып тастау қаралып жатқан көрiнедi. Әлбетте, мұндай мәселеде бiржақты шешiм қабылдауға құқымыз жоқ. Кедендiк одақ елдерi, яғни Ресей және Белорусь делегациялары мiндеттi түрде қатыстырылуы тиiс.
Ө.Шөкеев сөз арасында еркiн экономикалық аймақ құру мәселесiн айтып қалды. Аймақтық қақтығыстарға жиi баратын Өзбекстанмен қарым-қатынасымыздың осал тұсы екi ел арасындағы шекара. Дау-дамай мен жанжалға толы шекараны өткен жылы өзбек үкiметi жауып тастаған. Бұдан келiп-кетер пайда шаш-етектен деп егiлген де ешкiм болмады. Елiмiз шекараны жабу арқылы қыр көрсеткен көршi елден "неге бұлай қылдың" деп сұрау салғанда, шошқа тұмауына қарсы карантин жариялағанын айтып, сөзбұйдаға салған. Орта Азия көшбасшылығына ұмтылған Өзбекстанның елiмiзде кеткен ұпайы бар секiлдi. Десе де 1998 жылдың 31 қазанында екi ел қол қойған мәңгi достық келiсiмi әлi өз күшiнде.
Қазақстан Өзбекстанның негiзгi сауда әрiптестерiнiң бестiгiне кiредi. Көршiлес екi ел арасындағы сауда-саттық минералды отын, мұнай және оның өнiмдерi, азық-түлiк, ұн, дақылдар өнеркәсiбiнiң өнiмдерi, рудалар, қара, түстi металдар мен олардан жасалған өнiмдер, неорганикалық химия өнiмдерi, азық-түлiк тауарлары тағы басқа негiзiнде жасалады. Қазақстан тарапы екiжақты келiссөз қарсаңында аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, су ресурстарын бiрлесiп және тиiмдi пайдалану, өзара қызығушылық туғызатын экономикалық жобаларды жүзеге асыру жөнiнде ұсыныстар енгiзiп отыр. Мәселеге тереңнен үңiлер болсақ, Каримовтың Қазақстан Президентiн шақыруында кiмнiң мүддесi жатқандығын байқауға болады. Қазақстан – Кедендiк одаққа кiрдi. Биылдан бастап Кедендiк одақ өз күшiне енедi. Аталмыш одақ мүшелерiнiң елiмiздiң оңтүстiк шекарасына қатысты қатаң талаптары бар. Шекара саудасының бұдан былай күнi қараңдығын сезген Өзбекстан президентi Н.Назарбаевты жеке шақыруды жөн көрген сыңайлы. Бұрын-соңды тырп етпеген өзбек үкiметi өз экономикасына төнген қауiптi ендi ғана сезiнгендей.
Өткен жылдың шiлде айында Доминик Стросс-Кан бастаған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) делегациясы жұмыс сапарымен Орталық Азия елдерiн аралап шыққан болатын. ХВҚ-ның болжамына сәйкес, өзбек экономикасының өсуi 2009-2010-шы жылдары 7,9 пайызды құрауы әбден мүмкiн. Әлемдiк деңгейде мақта өндiрiсi бойынша өзбек елi бесiншi, мақта экспорты бойынша екiншi орында тұр. Алайда, осы байлықтарды мемлекет игiлiгiне асыруда және жаңа технологиялар мен шетелдiк инвестиция тарту бойынша бұл ел Қазақстанға қарағанда кейiн қалып отыр. Өзбекстан экономикасының негiзi шикiзат экспортына бағытталғаны белгiлi, ал қазiргi кезде шикiзат көлемiне сұраныстың төмендеуiне байланысты бұл жағдай өзбек экономикасына керi әсерiн тигiзуде.
Ақниет ОСПАНБАЙ