Жаңалықтар

ӘСЕМ ҮНДI ӘНШI ЕДI

ашық дереккөзі

ӘСЕМ ҮНДI ӘНШI ЕДI

Қазақта "Сәулем-ай" аталатын сан алуан атақты ән бар. Солардың iшiнде мен үшiн ең қымбаты әрi әсерлiсi — Қазақстанның Халық әртiсi Рәбиға Есiмжанова салатын сағынышты "Сәулем-ай". Ә деп аңырай жөнелгенде-ақ, бiр бұрқақ сезiм жұлқып жiбергендей, жүрегiм шымыр ете қалады.

Соғыстан кейiнгi жылдардың табы жатқандақтан ба екен, осы әннiң соза шырқалған зарлы сағынышы бала күнiмнен менi айрықша сезiмге бөлейдi. Күтуден, үмiттенуден әбден шаршап зарыққан үн жер бетiнен еш дауа таппаған соң, самғап ұшып аспанға сiңiп кетiп жатқандай әсер қалдырады. Сол үнге iлесiп сенiң де үмiтiң, арманың алыстап зарлап кетiп бара жатады. Арман мен өкiнiштi, сағыныш пен қайғыны, үмiт пен қыйалды, өкпе мен назды, уайымды — бәрiн бiр әуезге сыйдырып, бәрiн бiр өзi арқалап аңыраған дауыс кеудеңнен жүрегiңдi суырып әкете жаздайды. Әннiң құдiретiн әншiнiң құдiретi жебеп әкетедi. Сүйсiне тыңдап отырғанда, ән әдемi ме, әншi әдемi ме, оны мүлде ажырата алмайсың, екеуi егiз туған сыңардай тұтас. Әншi де өксiп айтады, сен де өкiнiп тыңдайсың. Ән бiресе өткен өмiрiңе жетектеп, алыстап бара жатса, бiрде сыбырлап, жаныңа жақындап келе жатқандай болады.

Рәбиға әпкемiздiң даусы, "Сәулем-айды" шырқағанда, қанша созса да созыла беретiн, қанша көтерсе де көтерiле беретiн, шегi де, шетi де жоқ шалқар екенiн аңғартады. Оның үнiнен заңғар аспанды, биiк тауды, тұңғыйық көлдi, көрiктi жайлауды, керiлген орманды, қысқасы, қазақтың барша табиғатын және қазақтың барша мiнезiн көрiп отырғандай әсерленiп тыңдайсың. Оның даусына ақылыңнан бұрын сезiмiң бе, әлде сезiмiңнен бұрын ақылың сүйсiне ме — зiнiң жетпейдi. Бүкiл жан дүниеңдi баурап әкететiн бiр құдiрет!

"Сәулем-ай" — Рәбиға Есiмжанова айтатын сан түрлi сыйқырлы әннiң бiрi ғана. Шынын айтқанда, ол салған әннiң сыйқырлы емесi жоқ. Шетiнен шер қозғайтын, өңкей ойға батыратын, ешқашан ешкiмдi бей-жай қалдырмайтын кiлең ғажап әндер! Оның даусы тұла бойыңды тазартып кететiн мөлдiр бұлақтай, жан дүниеңдi жарық қылып жiберетiн шамшырақтай едi. Әнге әр қосатын, әуендi әуезiмен әлдилейтiн ерекше үннiң иесi едi-ау, шiркiн!

Сол әннiң, сол үннiң әсерiмен мен алғашқы шығармам "Күнәлi махабатта" арбакеш әйелдердiң соғыс жылдарында "Сәулем-айды" қалай салғанын суреттеген едiм. Соны жазғанда, құлағымда Рәбиға әпкемiздiң даусы тұрғанын мен еш ұмыта алмаймын. Оның даусындағы ұлттық бояуды өзге әншiнiкiмен шатастыру еш мүмкiн емес-тi: ойлы, арманды, шерлi, ақылды, заман мен уақыттың бар тынысын бойына сiңiрген дауыс.

Рәбиға әпкемiзбен мен бiр-ақ рет кездесiп, бiр-ақ рет сөйлестiм. Екеумiз де Алматыдағы Орталық ауруханада жатқанда жолықтық. Сыртынан көрдiм де, әдейi барып амандастым. Жөнiмдi айта бастап ем, "Е, Қанабектiң "Құштар көңiл" кiтәбiн жазған бала екенсiң ғой?" — деп, бiрден шүйiркелесе кеттi. Күләш екеуiнiң өте жақын дос болғанын, Күләш пен Қанабектiң қосылуына өзiнiң қалай дәнекер болғанын, Құрманбек пен Шараға қатысты жағдайларды ынтыға, сағына еске алып әңгiмеледi де, Күләштiң үстiнен арыз жазған адамдардың кiм екенiн, неге жазғандарын, Күләштiң өмiрден ерте кетуiне сол арыздың себеп болғанын ашына, ашыла айтып бердi.

Байқағаным, туған жерiн қатты сағынып жүр екен. Әңгiменiң арасында Қорғалжыңды қайта-қайта еске алып, соған әлсiн-әлi айналып соға бердi. Осы аурудан аман-есен айығып шықса, менi Қорғалжынға ертiп апарып, бәрiн аралатып, бәрiн өзi көрсетiп қайтатын болды. Әйгiлi "Дударай" әнiне қатысты Мәриям Жагорқызының кiм екенiн, оның әке-шешесi мен бауырларын — бәрiн аты-жөнiмен атап, ерекше iлтипәтпен тәптiштеп түсiндiрдi. Әсiресе әйгiлi әншi-сазгер Қосымжан Бабақовтың өзiне туыс, аға екенiн, Қосымжан, Есiмжанның тұқымдары әулетiмен тегiс әншi екенiн ерекше мақтанышпен айтты. Өнер үшiн өзiнiң Алматыға қалай келгенiн, қыйындықтарға қалай төзгенiн аңқылап, ашыла айтып, көп сыр шерттi. Соның арқасында мен о кiсiнi ежелден таныс адамымдай тым жақын тартып кеттiм. Әңгiменiң үлкенiн екеумiз Қорғалжынға барғанда айтатын болып, бiр-бiрiмiзге саулық тiлеп ажырастық. Бiрақ, амал не, о кiсi ол ауруынан айыға алмады, ақырында 1986 жылдың 3-шiлдесiнде 72 жасында Алматыда қайтыс болды.

Бәлкiм, маған солай көрiнген шығар әлде өзiм байқамаған болармын, қалайда, әйтеуiр, сол атақты әншiнi ақтық сапарға шығарып салу рәсiмi өз дәрежесiнде өтпеген секiлдендi. Маған гәзеттердiң де, радио мен теледидардың да өксiп бiр терең күрсiнуi кем болған сыйақтанады да тұрады. Айрықша әншiге ақтық сапарында айрықша iлтипат көрсетуге болатын едi. Айтып-айтпай не керек, Рәбиға Есiмжанова — қазақ әншiлерiнiң iшiнде ұлттық бiтiмi айрықша айшықтанып тұратын әншi. Оның үнiндегi ұлттық әуез қайталана бермейтiн сирек қасиет. Оның даусында ақыл мен парасатты, сүйсiну мен таңдану сезiмдерiн түгел баурап алатын алапат құдiрет бар. Оның қазақы үнi сонау ерте кезден сақталып қалған, келе-келе сомдалып, бүгiнгi күнмен сабақтасып жатқан тарихи әуез секiлдi. Заманнан заманға жалғасып, үзiлмей келе жатқан қазақы, ұлттық үннiң талантты үлгiсiндей едi. Мың, милион дауыстың арасынан оның дауысын жаңылмай тануға болушы едi.

Ол ағасы Қосымжан Бабақовтың әндерiн де айтатын. Ән осы замандiкi болғанмен, дауыс ата-бабамыздiкiндей естiлетiн. Және, бiр ғажабы, сол дауыста Рәбиғаның Қосымжан ағасына деген сағынышы, бауырмал мейiрi, тiптi, бәлкiм, жоқтауы қоса сезiлiп тұратын. Ол салған әндер ойдың, өмiрдiң айнымаған өрнегiн көз алдыңа әкелiп қолма-қол елестете қояды. Қандай әндi айтса да, созымды жерiне келгенде, шырқай шарықтатып, тұла бойыңды шымырлатып жiбередi. Сонда денең осындай да әдемi үннiң болатынына таңданғаннан шымырлайды. Әулиенiң алдында тұрғандай, тырп етпей тыңдайсың. Қазақтың бiр құдiретi әнi екенiн сол сәт сүйсiнiп мойындайсың.

Рәбиға Есiмжанова шырқайтын Сегiз серiнiң "Гауһартасы" замандастары "әннiң падишасы" деп берген бағаға сай айтылады. "Ажарың аппақ екен атқан таңдай" дегеннен-ақ айналаға аппақ шуақ шашылып тұрғандай әсер аласың. Әдемi теңеудi әдемi әуез әсерлi құптайды. Әннiң падишасын әншiнiң падишасы шырқағанда, қойныңа гүл толғандай, гүлдiң iйiсi көкiрегiңдi жарғандай шаттанып тыңдайсың. Әншiнiң даусы солай тыңдатады.

Бiз әзiлге, әжуаға бұрыңқырап айтатын "Құдашаны" ол былқылдатып, буыныңа түсiрiп, назы мен базынасын бiрдей келтiрiп, қазақы ауылдың қазақы ғұрпын көз алдыңа елестете айтады. Жымыңдап түсiнiп, әр сөзi мен әр дыбысын құптап тыңдайсың. Өйтiп әннiң қазақы қасиетiн Рәбиғадай дәл жарастырып айтатын әншi бұл күнде кемде-кем-ау!

"Бiр сөз айтам, берi келшi, құдаша,

Айтқан сөзiм көңiлiңе ұнаса.

"Кет әрмен!" — деп айта ма деп зәрем жоқ,

Не де болса келiп кетшi оңаша!"

Бозбала жiгiт өз ынтықтығын қызға осындай әдемi, сыпайы әзiлмен жеткiзсе, оны әншi Рәбиға назды, ерке үнмен одан бетер жандырып жiбередi. Оны жұрт шеберлiк деп мойындайды.

"Әупiлдек" пен "Әпитөктi", "Жонып алды" мен "Жалғыз аршаны", Ақанның "Маңмаңгерi" мен "Ләйлiмiн" Рәбиға тек өзiне ғана тән жұмсақ, созымды даусымен шырқағанда, ән бiткеннен кейiн де бiраз уақыт оның даусы құлағыңда тәттi шыңылдап тұрады. Әсерiн сiлкiп тастай алмай, тәнтi боп, көпке дейiн қыбырлай алмай қаласың.

"Қамысы Әупiлдектiң мүше-мүше,

Сарғайдым осынау көлдiң суын iше.

Қос қанат құсқа бiткен маған бiтсе,

Барар ем сол қалқаға әлденеше", –

деген сөз, менiңше, жерiне жеткiзiп-ақ айтқан сөз. Сөздi де, әндi де шығарған Мақажанға бiр рыйза болсаң, оны дәл өз басынан кешiп тұрғандай етiп айтатын Рәбиғаға тағы мың рыйза боласың.

"Көксерек" кинофилiмiне музыкалық өзек болған әндi Рәбиға әпкемiз Ақан серiнiң "Кербез сұлуы" деп салып жүрдi. Өлеңi Сәкен Сейфуллиннiң "Көкшетау" поемасынан алынған. Кәзiргi әншiлер ол әндi Сәкеннiң "Көкшетауы" деп айтады. Сiрә, әдемi әндi өлтiрмес үшiн, шығарушысы "халық жауы" атанып кеткендiктен, иесiн солай әдейi шатастырған болар деп ойлаймын.

Е. Брусиловский "Қыз Жiбек" операсына пайдаланған "Секiртпе" әнiн айтқанда, Рәбиғаның нағыз шеберлiгi шәксiз байқалатын. Әуелi желе жортып дiк-дiк басталған ән бiрте-бiрте қанатын жайған құсша жайылып сала бередi де, бiрде шырқап, бiрде баяулап, бiрде созылып, бiрде жылдамдап, сан құбылады. Сонда бiр қырдан екiншi қырға, одан қайта алғашқы күйге құбылып ауысқан ән ырғағын соншалық әдемi үйлестiргенде, iшегiңдi тарта таң қалып, шынайы сүйсiнесiң. Әншiнiң таланты да тап сондай күрделi әндердi емiн-еркiн көркем орындағанынан көрiнедi.

Рәбиға салатын әндердiң iшiнде "Көкем-ай" әнiн халық айрықша қадiрлейтiн. Өйткенi ол әнде де соғыстан кейiнгi жылдардың жарасын тырнайтын мұң-зар жататын. "Көкем, көкем, көкем-ай! Қай жерде отыр екен-ай! Ел аралап, су кешiп, Табар ма екем көкемдi-ай!" — деген арман ол кезде әр шаңырақтың iшiн шарлап жүретiн. Не әкесiн, не бауырын жоғалтпаған адам ол кезде ел iшiнде сирек едi. Әншi де, бәлкiм, өз мұңын сол әнмен астарлап жеткiзген болар, кiм бiлсiн?! Ол кiсiнiң де отағасы "халық жауы" боп кеткен адам ғой. Бiр Рәбиға емес, сан өнерпаздың ол замандағы шер-мұңын бiз зарлы әннен, күлкiнiң астарындағы күрсiнiстен бiрде байқасақ, бiрде байқамай кеттiк қой. Оның құпыйасын ендi бiзге ешкiм ашпайды, өттi, кеттi. Заман айтқызбады, ашып айтқанды айыпты қылды.

Рәбиға Есiмжанованың қай театырда қандай қызмет атқарғанын, Еңлiктiң музыкалық-драмалық, Айман мен Жiбектiң опералық бейнесiн қалай жасағанын мен көргем жоқ, сондықтан оған баға бере алмаймын. Ал оның ән салу шеберлiгiн қазақ өнерiндегi бiр биiк шың деп бағалаймын. Ол — ұмытуға мүлде болмайтын, ұмыту мүмкiн емес әншi. Өйткенi оның үнiнде ұлттық үннiң қайталанбас қасиетi бар. Әндi оның асқақтата шырқауы мен мамырлата баяулатуы, құбылтуы мен созуы, әр сөзi мен әр дыбысын тайға таңба басқандай дәл айтуы, бойына бiткен бар шеберлiгi — тек ұлттық. Ондай ұлттық өнерпаз ұлты аман-есенде, әрине, ұмытылмайды деп ойлаймын.

Бексұлтан Нұржеке-ұлы