Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЧЕМПИОНДАРЫНЫҢ КҮНКӨРIСI ҚАЛАЙ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЧЕМПИОНДАРЫНЫҢ КҮНКӨРIСI ҚАЛАЙ?

Қазақ атын, қазақ елiн барша әлемге паш етiп, мерейiмiздi тасытқан спортшыларымыз аз емес. Талай олимпиадаларда туымызды желбiретiп, әнұранымызды асқақтатқан чемпиондар да жүр арамызда. Жеңiмпаздарымызды боз биенiң сүтiне шомылдырып, хан көтергенiмiзбен, олардың хал-ахуалы, тұрмысы жайлы бiр сәт ойланып көрмеппiз. Бiз чемпиондарымызды жеткiлiктi дәрежеде құрметтеп жүрмiз бе? Бiз олардың қадiрiн бiлемiз бе?

Чемпион атажұртқа қайта алмай жүр

Ең алдымен, Кеңес Одағы құрамында болған қазақ спортшыларының чемпиондарына тоқтала кетсек. Сол кездегi Олимп көгiне шыққандардың арасында мемлекет тарапынан ешбiр қолдау таппай, қиын тұрмыс кешкендерi де болды. Мұның бiр мысалы ретiнде өткен жылы ғана Алматыға сапарлап қайтқан Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Әлжан Жармұхамедовты айтуға болады. Қазақтың тұңғыш чемпионы болған атақты баскетболшы қазiр Мәскеудегi университеттiң қыздар баскетбол командасының жаттықтырушысы. Атажұртқа келген сапарында Әлжан ағамыз: "Алматыдан ең болмаса, қуықтай пәтер берсеңдер, Мәскеудегi барлық жұмысымды тастап, Отаныма оралар ем", – деп едi. Және "Қазақ баскетболын көтеру үшiн бар күш-жiгерiмдi жұмсар едiм", — деген болатын. Мiне, осы сөзден кейiн тиiстi орындардан бiр көмек боларына сенгенбiз. Бiрақ, әлi күнге дейiн чемпион ұлымызды елге қайтара алмай отырмыз. Олимпиада тарихындағы алғашқы қазақ чемпионы осындай жағдай кешiп жүрсе, кейiнгiлердiң де жетiскенi шамалы. Бұл дегенiмiз "Балам дейтiн жұрт болмаса, жұртым дейтiн бала қайдан болсынның" керi емес пе?!

Смирнов "Сканияның" нанын жейдi

Қазақ спортының әйгiлi мақтанышы – шаңғышы Владимир Смирнов. Қазақстан қатысқан 1994 жылғы Лиллехамердегi қысқы Олимпиадада Смирнов үш медаль олжалады. Екi күмiс, бiр алтын – бұл бүкiл команданың ойындардағы жеткен зор жетiстiгi. Бұдан кейiн де атақты шаңғышы ел абыройын асқақтатып, байрақты бәсекелерде топ жарды. Жалпы, оның қоржынында Әлем бiрiншiлiгiнiң он медалi (оның төртеуi алтын) және Олимпиадалық жетi жүлде бар.

Ал осы Смирнов дәл қазiр шетелдiк "Скания" компаниясында қызмет атқарып, нәпақа тауып жүр. Сонда бiз кезiнде мақтан тұтқан спортшыларымызға тиiсiнше сый-құрмет көрсете алмағанымыз ба? Смирновтың спортымыздағы қысқы ойындардан алтын алған жалғыз қазақстандық екенiн де естен шығармағанымыз абзал.

Шишигина және денешынықтыру сабағы

Одан кейiнгi Атлантадағы додада көзге түскен Александр Парыгин болатын. Мәре сызығына сәл қалғанда басты қарсыласы шалынып құлап, Александрдың жұлдызы жанған. Бессайыста мұндай жайттар жиi кездеседi. Дәл қазiр ол Австралияда өмiр сүрiп жатыр. 2005-жылы Қазақстанға келгенiнде ешқандай қолдау таппай Сиднейге қайта оралды. Онда кiшкентай бiр фитнес клубта жұмыс iстеп жатыр. Алтын медалiн қонақтарға көрсету үшiн босағаға iлiп қойған шығар.

Атлантада жұлдыздай жарқ етiп шыққан тағы бiр тарланымыз – Василий Жиров. Боксшының атақ-даңқын әлем бiлгенiмен қазiргi күйi мәз емес секiлдi.

Болашағынан зор үмiт күттiрген 20 жасар Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов көлiк апатынан көз жұмды. Халқымыздың бағына жаралған ұлымыз өкiнiшке қарай, маңдайымызға сыймады…

Тағы бiр "алтынымыз" – Ольга Шишигина. Жеңiлатлет қызымыз 100 метр қашықтықта алдына жан салмады. Дегенмен, оның спорттан кейiнгi өмiрi ешкiмдi аса қызықтыра қоймаған сияқты. Ольга өзiн тележүргiзушi ретiнде де, бизнесмен ретiнде де сынап көрдi. Ешбiрiнен тұрақ таппаған Шишигина денешынықтырудан ақылы сабақ жүргiзiп жүр бұл күндерi. Өз сөзiне сенсек, спорт жайлы бағдарлама ашуға бiраз қаржы жетпеген. Ешкiмнен демеу таппапты.

Пәтер дауы – қатерлi дау

Соңғы Бейжiң Олимпиадасы бiзге екi бiрдей чемпион сыйлады. Олар: Илья Ильин мен Бақыт Сәрсекбаев. Соңғысы осы жолға дейiн қиын-қыстау жағдай кештi. Өзбекстан командасына iлiне алмаған боксшы Қазақстанға бет бұрады. Жертөледе арзан тамақ iшiп жүрiп, бапкерi екеуi ұлттық құрамаға iлiну үшiн бәрiне шыдады. Ал оның Пекиндегi алтыны бапкерлердiң бiразын құтқарып қалды десек болады. Соның арқасында боксшылардың көрсеткен өнерi "қанағаттанарлық" деп бағаланып, ащы сыннан аман қалды.

Олимпиада бiтiсiмен Бақыт Алматыдан Астанаға көштi. Оның сөзiне сенсек, Алматыда чемпиондарды дұрыс бағалай алмайтын көрiнедi. Берген пәтерлерi де көңiлден шықпайды. Ендi Алматыда Ұлттық құрама сапында жүрген бiрде-бiр боксшы қалмады. Бiрақ бұл мәселенi Алматы бокс федерациясының басшысы Кеңес Рақышев жақын арада шешетiн болған. Ал Сәрсекбаев болса үлкен спортпен қош айтысқалы жүр.

"Бiреуге еркелеткен — жағар, бiреудi еркелеткен — бұзар"

20 жасар Илья Ильин чемпион болып елге оралысымен-ақ, үлде мен бүлдеге оранды. Тiптi, ҰҚК-нiң лейтенанты деген шен де алды (заң бойынша мұндай лауазымға жоғары бiлiмi бар тұлға ғана лайық. Ал ондай дәреже Ильяда жоқ). Қызылорда орталық стадионына ақ боз ат мiнiп келiп, елдiң еркесi болды. Балалар мектебiне қаржылай демеу берiп, көптiң сауабын да алды. Бiрақ ұзақ уақыт өтпей-ақ, өткен жылдың ақпан айында келеңсiз жағдайға тап болды. Досының үйлену тойында әлдебiреулердiң қолынан пышақталып, ауруханадан бiрақ шықты. Айдың-күннiң аманында, қарап отырып толағай ұлымыздан айырылып қалып, масқара бола жаздадық. Одан кейiн де Илья батыр мемлекеттен бөлiнген тиiстi сыйақысын ала алмай әуреленген. Мамандар пiкiрiнше, әлi екi Олимпиадада атой салуға қабiлеттi жерлесiмiздi мұндай халге жеткiзгенiмiз елдiгiмiзге сын емес пе?

Ел намысын жыртып, туымызды желбiреткен ұл-қыздарымыздың тағдыры бiздi неге ойландырмайды?! Елiмiздiң атын барша әлемге танытатын спортшыларымыз әлi талай шығары анық. Тек, солардың басында мұндай жәйттар қайталанбасын дейiк!

Ермұхамед МӘУЛЕН