Жаңалықтар

МАЛ АШУЫ – ЖАН АШУЫ

ашық дереккөзі

МАЛ АШУЫ – ЖАН АШУЫ

Маңғыстаудағы мұнайшылар наразылығы жалақыдан шығып отыр 

Көктемнiң алғашқы күндерi 6 мыңға жуық мұнайшы талаптары орындалмайтын болса, аштық жариялайтындықтарын мәлiмдеген. Ал "Өзенмұнайгаздың" жаңа басшысы жұмысшылармен арадағы келiсiмшартты бұзатындықтарын ескерттi. Апта басында ҚМГ БӨ ереуiлге шыққан мұнайшылардың үстiнен сотқа шағымданды.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" кәсiпорнының мұнайшылары тағы да ереуiлге шықты. Наурыздың 1-i мен 2-сi жұмыстарын уақытша тоқтатқан "Өзенмұнайгаз" жұмысшылары жалпыға ортақ наразылық шарасын 4-наурызда бастапты. "Өзенмұнайдағы" 6 мыңға жуық мұнайшы атсалысқан наразылық шарасының басты талабы: жалақы көлемiн қысқартпау, жұмысқа қызметкерлердi байқау арқылы қабылдау. 2010 жылдың 23-ақпанында "Өзенмұнайгаз" филиалының жаңа басшысы Бақтығали Бисекен жұмысшылардың жалақысы өзгерiске ұшырап, салалық коэффициент аймақтық коэффициентке өзгертiлетiнiн, аталған қосымша ақы жалақымен бiрге төленетiнiн мәлiмдедi. Бұл талаппен келiспейтiндiктерiн жеткiзген жұмысшылар қауымы жалақы көлемiн едәуiр қысқартуға себеп болатындықтан, денсаулыққа тигiзер зиян үшiн төленетiн салалық және аймақтық коэффициент бұрынғысынша бөлек төленуi керек деген талап қойған. Олар "ҚазМұнайГаз" кәсiпорнына тиесiлi барлық жекеменшiк акция пакеттерiн мемлекет меншiгiне қайтарып, тендер өткiзу, құрал-жабдықтар сатып алу және түскен кiрiстi жұмсауға қатысты бақылауды жұмыскерлер құзырына берудi қалайды. Осылайша, 6 мың мұнайшы "Өзенмұнайгаз" басшылығына сенiмсiздiк танытып, "Өзенмұнайгаздың" жаңа басшысы Бақтығали Бисекеннiң, оның орынбасары Амантай Аңшыбаевтың, мұнайшылар жалақысын қысқартуға рұхсатын берген кәсiподақ ұйымының төрағасы Ибағаровтың отставкаға кетуiн талап етумен қатар, егер қойған талаптары 7-наурызға дейiн қанағаттандырылмаса, аштық жариялайтындықтарын мәлiмдедi. Мұнайшылардың мұндай айқайы алғаш рет болып отырған жоқ. 2009 жылдың ақпанында "былтырғы қазаннан берi жалақымызды ала алмай жүрмiз" деп құқық қорғау органдарына шағымданған жаңаөзендiк мұнайшыларға "ҚазМұнайГаз" тарапынан берешек қарыз 130 миллион теңгеге жеткенi дәлелдендi. Құқық қорғаушылар компания басшылығына заң бұзушылықтарды жоюға пәрмен берген. Сол кезде прокуратура өкiлдерi жұмысшылардың жалақысы түгел қайтарылды деп мәлiмдегенмен, сәл кейiнiрек мұнайшылар қауымы отандық БАҚ-қа соқыр тиынның қолдарына тимегендiгiн айтты. Осы оқиғадан кейiн арада ай өткенде, яғни, 2009 жылдың 20-наурызында Жаңаөзендегi "Бұрғылау" мекемесiнiң 14 жұмысшысы аштық жариялады. Көп ұзамай, олардың 1300 әрiптесi аштық жариялағандарға қолдау ретiнде жұмыстарын тоқтатып тастады. 6-сәуiр күнi мұнайшылардың шағымын толық болмаса да, жартылай орындаған компания басшылығы бiрнеше күн бойы нәр татпай жатқан қызметкерлерiн райдан қайтарған. Қарашада наразылық шарасын қайта өткiзген 30 мұнайшы "Өзенмұнайгаз" кәсiпорнын басшылығы мен Жаңаөзен қаласының әкiмiнiң отставкаға кетуiне түрткi болды. Наразылық шарасына қатысқандардың айтуына қарағанда, жаңа басшы – Б.Бисекен қызметке тағайындалысымен, "былтырғы ереуiлдiң алдын алмадыңдар, ұжым алдында беделдерiң жоқ" деген желеумен цехтар мен бөлiмше бастықтарын орындарынан алып тастаған. "Сонымен қатар Бисекен "Өзенмұнайгаз" басшылығын отставкаға жiберуге ықпал еткен белсендi мұнайшылардың соңына шам алып түстi", – деп шағымданған мұнайшылардың бiрi Жақ Әминов оның кәсiпорын iшiндегi iшкi түйiткiлердi шешуге мүдделiлiк танытпағанына қынжылады. Ал "ҚазМұнайГаз" Бақылау Өндiру" компаниясының бас директоры Кенжебек Ибрашев жалақы көлемiн өзгерту туралы мәселе кәсiподақ ұйымымен келiсiлгендiктен, жұмысшылар наразылығы заңсыз екендiгiн, егер мұнайшылар наразылықтарын тоқтатпаса, келiсiм-шартты бұзатынын ескерткен. Үстiмiздегi жылдың 9-наурызында баспасөз мәслихатын ұйымдастырған "ҚМГ" баспасөз қызметi мәлiмдеме таратты. Наразы топтың талаптар тiзiмiн жиi ауыстырып отырғанын, мұнайшылар мүддесiн ресми түрде қорғайтын әрi келiссөз жүргiзуге арналған топ құрмағанын көлденең тартқан баспасөз парағында ҚМГ БӨ басшылығы "Өзенмұнайгазда" орын алған жайттар туралы жарияланған ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын, мұнайшылар жалақысының төмендетiлмегенi жайлы дерек берiлген: "Жаңа жүйе бойынша еңбекақының кепiлдендiрiлген (жалақы) бөлiгi 55 пайыздан 77 пайызға өседi, тиiсiнше, өндiрiстiк жоспар орындалған жағдайда ғана төленетiн сыйақы бөлiгi 23 пайызды құрайды. Бұған дейiн қолданылып келген "аумақтық" және үстемелеу коэффициенттерiн, сондай-ақ сыйақының бөлiгiн қамтитын тарифтiк ставка жалақыға қосылған. ҚР заңнамаларында бұл коэффициенттердi бөлек төлеу қарастырылмаған. Жұмыскерлерге бұл төлемдердi сақтап қалу үшiн Компания оларды айлық жалақыға қосып отыр. Жалпы, жаңа жүйеге көшу арқылы жұмыскерлердiң орташа жылдық жалақысы орташа есеппен 1-3 пайызға артады. Одан бөлек, Еңбекақы төлеу ережесiне ауыр жұмыстар мен зиянды әрi қауiптi жұмыстарға тартылған жұмыскерлер жалақысының ең төменгi мөлшерiн белгiлейтiн нормалар енгiзiлдi". Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттарда арандатушылық әрекеттерге жол берiлгенiн айтып, алаңдаушылық танытқан ҚМГ БӨ ереуiлге шыққан мұнайшылардың талап-шағымын заңсыз деп табу туралы сотқа талап-арыз түсiрдi. Ал ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерiне жалақының уақытылы төленiп отырғанын, сыйақыға қатысты мәселенiң шешiлгенiн мәлiмдедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ