Жаңалықтар

ҚАТЕРЛI IСIКТIҢ ҚАУПI СЕЙIЛГЕН ЖОҚ

ашық дереккөзі

ҚАТЕРЛI IСIКТIҢ ҚАУПI СЕЙIЛГЕН ЖОҚ

Бұрын-соңды естiп, бiлмеген қатерлi iсiк дертiнiң түр-түрi елiмiзде кезiп жүр. Әсiресе, қыз-келiншектер мен аналарымыздың ағзасына дерт боп жабысқан қатерлi iсiкке тосқауыл қоятын медицинада қауқар жоқ. Нәтижесiнде елiмiзде жыл сайын сүт безi қатерлi iсiгiне 3 мыңнан астам әйел шалдығады. Ең сорақысы, әйелдер бойындағы қатерлi iсiктiң бұл түрi басқалармен салыстырғанда бiрiншi орынға шыққан.

Беделдi ұйымдардың алдын ала болжамдары бойынша, 2020 жылға дейiн бүкiл дүниежүзiнде қатерлi iсiкпен ауыратындардың саны 2 есеге арта түспек. Аурудың асқынуы негiзiнен өкпенiң қатерлi iсiгi, ерлердiң колоректальдi iсiгi мен әйелдердiң сүт бездерi және жатыр тәнi қатерлi iсiктерi арқылы өсе түсетiнi анықталып отыр. Бұл туралы жан түршiгерлiк мәлiметтер Алматыдағы Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында өткен "Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi шеңберiнде қатерлi iсiкпен ауыратын науқастарға көмек көрсету" республикалық конференциясында мәлiм етiлдi. "Ауруын жасырған өледi" демекшi, қатерлi iндеттiң соңғы кезде Қазақстанның түкпiр-түкпiрiн жайлап жатқаны жасырын емес. Бұл аурудың кең таралуы жағынан АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Германия, Финляндия сияқты елдер алдыңғы қатарда болса, Қазақстанда соңғы 5 жылда iндеттiң орнықтылығы байқалуда. Мәселен, 2009 жылы есепке 29071 адам алынған. Әрине, өлiм-жiтiмнiң азаюына ерте диагностикалау мен емдеудiң қазiргi заманға лайықты тиiмдi жолдарын пайдалану әсер ете түскен.

Соңғы уақытта 2 миллиондай әйел тексерiлсе, оның 800 мыңдайы маммографиялық анализден, ал 1 миллионнан астамы цитологиялық сараптамадан өткен. Бiр өкiнiштiсi, оның 1163-iнен сүт безi қатерлi iсiгi анықталса, 277-сiнен жатыр мойны қатерлi iсiгi табылған. Мәселенiң күрделенiп бара жатқанын аңғарған Денсаулық сақтау министрлiгi Қазақстанның түрлi аудандары мен облыстарына 100 шақты жаңа маммографтар сатып алды. Ол үшiн маммография және цитология бойынша рентгенолог мамандар дайындалды. Сол сияқты соңғы бес жыл бойында сәуле аппараты паркiн ауыстыру бағдарламасы iске асырылып, сәулемен емдейтiн 34 аппарат сатып алынған.

Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов: "Бiзде үш бағдарлама бар. Жыл сайын 1 млн.-ға жуық әйел қауымы тексерiледi. Егер науқас бастапқы стадиясында қаралса, айығып кетуiне мүмкiндiк бар. Химиялық терапия өте қымбат. Бiрақ, қазiргi кезде бұған қол жетiмдi. Елiмiздегi 18 онкологиялық диспансердiң әрқайсысына 4 қондырғыдан 72 аппарат берiлдi" дегендi жеткiздi. Конференцияға арнайы қатысып, онколог-дәрiгерлердiң сұрақтарына жауап берген Денсаулық сақтау вице-министрi Елшат Бiртановтың сөзiне қарағанда, дәрi-дәрмек мәселесi дұрыс жолға қойылып келедi. 2011-2015 жылдарға арналған бағдарлама әзiрленiп, оған бөлiнетiн қаржы да көбейген.

Қатерлi iсiк түрiнiң таралуы жағынан алғашқы үштiкке Павлодар, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысы енсе, Алматы қаласы бесiншi орында тұр. Шығыс Қазақстан облыстық онкодиспансерiнiң бас дәрiгерi Жомарт Кенжалин: "Қатерлi iсiк көбейiп те, азайып та жатқан жоқ. Жыл сайын 2300-2400 ауру қосылып отыр. Бiз ауруды емдеп қана қоймай, ерте бастан алдын алуға күш саламыз. Соның нәтижесiнде 5 жыл бұрын қатерлi iсiктiң асқынған түрi 22-24 адамда болса, қазiр 14-15-ке дейiн төмендедi. Әр ауданда онкологиялық кабинеттер ашылғанмен, маман тапшылығына тап болдық. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 520 дәрiгер жетiспейдi" деген жанайқайын бiлдiрдi.

Елiмiз бойынша қатерлi iсiк ауруынан көз жұмғандар саны 7 пайызға төмендеген. Десек те, 2009 жылы аталмыш аурудан 29 мың адам бақилық сапарға аттаныпты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ