УЫЗ ЕМБЕГЕН БАЛАДА ҰЛТТЫҚ РУХ БОЛМАЙДЫ
УЫЗ ЕМБЕГЕН БАЛАДА ҰЛТТЫҚ РУХ БОЛМАЙДЫ
Үш жылда 500 мың әйел қатерлi дерттен емделдi
Тағы да бiр көктем келдi. Табиғаттың осы бiр керiм кезiмен жарыса келетiн көктемнiң жылы лебi ескендей, жер бетi қытымыр қыстың тоңын жiбiтердей Алматы кешi әз-наурыздың алдындағы толғақ қысқан кербез келiншектей күй кешуде. Осынау жылдың көгiлдiр көктемi мерекеге толы десек, оның бастауы да Аналар мейрамы екенi бiртүрлi жанды жадыратып, кеудеңе қуаныш ұялатады. Осындай көңiл-күймен әманда қыз-келiншектердiң, аналардың денсаулығына алаңдап жүретiн, ғұмырының елу жылға таяу уақытын осы бiр қиын да құпия салаға арнап келе жатқан азаматты iздеп жолға шықтық.
Сонымен…
Ол – Халықаралық Информатизация академиясының академигi, профессор, медицина ғылымдарының докторы, С.М.Асфендияров атындағы Алматы Медицина университетi онкология, маммология және сәулемен емдеу кафедрасының профессоры Әскер ЕСЕНҚҰЛОВ мырза. Кафедрадағы сабағына асығыс болса да бiздi шыдамдылықпен күтiп отырған маммолог-дәрiгермен әңгiме бiрден сырқат себептерiнен басталып кеттi.
– Осы салада 46 жылдан берi тапжылмай қызмет етiп келе жатқаныңыздан хабардармыз. Бiздiң естiп-бiлгенiмiздей, осы бiр аурудың негiзгi себептерiнiң бiрi – қыз-келiншектердiң темекiге әуестiгi дегенде қаншалықты шындық бар?
– Әйелдер аурулары iшiндегi бүкiл онкологиялық дерттiң арасында сүт безi iсiгiнiң ең алдыңғы орынға шыққаны рас. Әр төртiншi әйел осы дертке шалдыққаны бүгiнде қоғамның да ауыр дертiне айналды.Бiр қорқыныштысы, бұл жыл сайын көбеймесе, кемiмей отыр. Әсiресе, жастар арасында. Бұрын 40-60 жастың ортасында болса, қазiр 30-35 жастағы келiншектер ауыра бастады. Неге деген сұрақ өзiнен-өзi туады ғой. Мұның себебi, ешқандай экологияға, ауадағы улы заттарға қатысты нәрсе емес. Адам жаратылысының әртүрлiлiгi сияқты оның дерттерi де әрқилы, емдеу тәсiлдерi де түрлi болады. Бұл әйелдiң жаратылыстың өзiнен дарыған төрт қасиетi: бiрiншiсi етеккiр циклi, екiншi екiқабат болу, үшiншi – бала табу, төртiншi тапқан баланы дұрыс емiзу. Осы төрт функция дер кезiнде жүзеге аспаса, орындалмаса, кешiгiп орындалса, әрине, адам ағзасындағы өзгерiстерге әкелiп соғатыны айтпаса да түсiнiктi. Бұл жағдай қала тұрғындарының кез келгенiнен табылады. Кеш тұрмысқа шығу, жүктiлiктiң ұзақ уақыт болмауы, болған күнде де баланы жасанды түрде өмiрге әкелiп, нәрестенi екi-үш ай ғана емiзiп, емшектен ерте шығару дегенiңiз шын мәнiнде қазiр сәнге айналғанын жасыруға болмас. Жақында ғана жап-жас келiншек келдi, "Айналайын-ау, құрығанда бiр жыл неге емiзбейсiң, сүт ұйып қалған ғой" десем, "ұзақ емiзсем кейiн төсiм салбырап қалады, сосын мен кiмге керекпiн?" деп қарап тұр. Қызылордада мұндай ауру түрлерi неге аз, неге бiздiң қалада көп кездеседi? Өйткенi, қалаға қарағанда ауылдық жерде баланы көп туып қана қоймайды, сәбиiн ұзақ емiзедi. Кемiнде бiр жарым-екi жасқа дейiн емшектен шығармайды. Ал қаланың келiншектерiнiң сөзi әлгi, ол бұл жағдайдың түбiнде неге әкелiп соғатынын түсiнбейдi, түсiнгiсi де келмейдi. Алматының тұрғын әйелдерi орташа есеппен бiр-екi бала табады, ал Қызылордада орташа есеппен үш баладан туылады екен.
– Кеш тұрмысқа шығу деп қалдыңыз, бiзде кәрi қыздар саны да осы дертпен қатар өсiп келе жатқандай. Неге?
– Бәсе, неге? Өздерiнен сұрасаң "еркек жоқ" дейдi. Бұл мәселе жоғары жақта да бiраз сөз болып барып басылды. Сол отырып қалған қыздар кеш тұрмысқа шығады, отыздан кейiн тiптi шықпай да қалады. Шыққан күнде де екiқабат бола алмайды. Сондықтан да бұл үлкен бiр әлеуметтiк мәселе. Әркiм өзiнiң жеке басына жауапкершiлiкпен қарау деген ұғымды түсiне алмай, түсiндiре алмай келемiз. Мысалы, қыз бала өмiрге не үшiн келедi? Жан-жағыңызға көз салыңызшы, қыздарымыз жылдың қай мезгiлi болса да жоғары жағы да, төменгi жағы да ашық-шашық киiнедi. Андатпай тиген салқын емшектiң ұшын iшке кiргiзiп жiбередi. Емдемейдi. Әлi күйеуге шықпаған жас қыз әлгiндей жағдаймен қалай бала емiзедi деп ойлайсыз, жаңа туылған нәресте ұшы жоқ емшектi сора да алмайды. Ауыртады, ауырған соң, әрине, тезiрек төстен шығарғысы келiп тұрады. Ал сау емшектер қалыпты жағдайда бiр жарым-екi елiдей сыртқа шығып тұруы керек. Ал төменгi жақтың ашық-шашығынан бедеулiк деген дерт жабысады. Кiндiктен енген "салқын жел" аты жаман дерттiң оянуына әкеледi.
– Қазақстанда көп әйел алу туралы талай әңгiме болды ғой. Дегенмен ер-азаматтарымыз отырып қалған 25-30 жастағы қыздарға емес, жастарға ұмтылады емес пе?!
– Әлгi отырып қалған қыздардың жағдайын жаңа айттым ғой. Ағзалары қатайып кеткен соң бала туу қабiлетi қиынға соғатынын үстемелеп тағы қайталауға тура келедi. Сүйегi қатайған, аналық мейiрi де шамалы қыздардан (кәрi қыздардың бәрi қаталдау, суықтау, тағдырға өкпелi келедi) қандай жақсы жар, ана шығады?! Ал бiзге, бiздiң қоғамға денi-қары сау, саны емес, сапалы ұрпақ керек. Ана сүтiн мейiрiммен ембеген ұрпақ та ертең қандай ұрпақ өрбiтедi? Ананың сүтiн ақтау үшiн Меккеге үш рет арқалап барсаң да ақтай алмайсың деген өсиет-өнеге, әрине, осындайдан айтылған ғой. "Балам-ау, балаңды емiзгенде емiренiп, елжiреп отыр" дегендi аналарымыздың аузынан талай естiдiк қой. Елжiреу, емiрену деген не, ол байдан бастап бәрiн естен шығару, нәрестесiне құнарлы сүтiн емiзу, тек қана бауырындағы нәрестеге бүкiл ынта-ықыласымен берiлу деген сөз. Мұны сезiнген еркек үйге кеш келедi, ерте кетедi. Бұл жағдай емiзулi келiншектiң психологиясына әсер етпей қоймайды, содан сүттiң сапасы өзгередi де, тiптi шықпай қалады. Сондықтан да, тұрмыстық-әлеуметтiк, отбасылық жағдай да тiрлiкте үлкен роль атқарады.
Тәрбие деп жатамыз, сол тәрбиенiң ең негiзгi түп-тамыры – ананың сүтiнде. Егер ананың сүтi құнарлы болса болмыс та сақталады, ұлттық рух та мықты болады, ұрпақ та тектi болады. Неге баяғыда қыз ұзатып, келiн түсiргенде тектi жерден таңдадық? Махаббаттан тектiлiктi биiк қойған заман қайда қалды? Жасандылыққа жанымыз құмар заман болды. Табиғаттың жаратылысына қарсылық үстемдiк құрып тұрғанын сезiнiп те, көрiп те жүрмiз. Жасанды түсiк, жеделдетер толғақ, жаңа туылған сәбиге арналған қосымша тамақтар… Осының бәрi, айналып келгенде, адам ағзасына пайдасынан гөрi зияны басым дүниелер.
– Осы жерде бiр сұрақтың көкейге келiп-ақ тұрғаны. Бұдан он бес-жиырма жыл бұрын босанған әйелдерге баласын екi-үш күннен кейiн ғана емiзуге әкелетiн-дi. "Уызынан жарымаған" дегеннен шығады, осы бiр тiрлiкте де пәлендей саясаттың болғаны ма?
– Үш күн емiзбеген, алғашқы қою да құнарлы уызды ембеген баланың денсаулығынан бұрын, үш күн-түн сүттiң жиналып қалғанының өзi ана денсаулығына қандай зардап әкелетiнiн халқымыз бiлмедi емес, жақсы бiлдi. Сүт жүрмегеннен кейiн сүт жолдарында қалып қойған сұйықтық, әрине, ұйып қалады ғой. Қазiр бәрi басқаша, жеке бөлмеде босанады, нәресте де жанында болады.
Жас сәбидi ұзақ емiзудiң денсаулыққа ғана емес, адамның бет-әлпетiне де жақсы әсер ететiнiн көбiмiз бiлсек те,сәбидi тезiрек емшектен шығаруға тырысамыз. Араб елдерiнде мiндеттi түрде үш жыл емiзедi екен. Ол бiрiншiден, сапалы сүт қалыпты шығып тұрған жағдайда анау-мынау дәрi-дәрмектiң керегi жоқ. Бiр жағынан жүктi болудан сақтаса әрi балаң тоқ, оның үстiне организм жасарады. Мұндай табиғи жолмен келетiн сұлулықтан бiз неге қашамыз, өйткенi, менталитетiмiзге орай бұл шараға тереңдеп ене алмай келемiз.
Құлын мүшесiн сақтап қалу үшiн жасанды түрмен босанып жүргендер қаншама? Жаныңа бататыны да сол, табиғи жолмен туу да қалып барады. Оның соңында зiл батпан жүк жатқанын айтатын, түсiндiретiн кiм?
Әрине, дәрiгерлер, ақ халаттылар. Биылғы жылдың басынан бастап Алматы Медицина университетiнiң басшылығы жақсы бiр бастама бастады, медицинаның әр саласынан бiлiктi, тәжiрибелi дәрiгерлерден құралған топ облыс-облыстарды аралап, мүмкiндiгiне қарай ем-шаралар, тiптi операцияларға қатысып, тәжiрибе-кеңес жүргiзiп жатырмыз. Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарында болып қайттық. Әркiм өз саласы бойынша сырқат түрлерiнен ақыл-кеңестер берiп, дәрiгер мамандар мен тұрғындармен әңгiме өткiзiп тұру қолға алынды.
– Осы ретте "Әйел денсаулығы – халық денсаулығы" атты бағдарлама жұмыс iстеп жатыр. Оның халықты салауатты өмiр салтын қалыптастыруда, жауапкершiлiгiн арттыруда қаншалықты пайдасы бар, осы бағдарламаға кеңiрек тоқталыңызшы.
– Елiмiзде онкологиялық аурулар шектен тыс көбейiп кетуiне байланысты соңғы үш жылда осындай мемлекеттiк дәрежедегi бағдарлама жүргiзiлiп келедi. Әсiресе, аурудың асқынған түрлерi көбейдi. Ал асқынудың артында не тұрғанын өзiңiз де түсiнiп отырсыз. Ауру жасарды. Егер бiз осы аурудың алғаш басталған кезiнен бiлiп ем жүргiзсек, жазылмайтын ауру емес. Бiрақ бiр қиыны оның бiлiнбей, сездiрмей келiп басталуы көп қиындық туғызады. Бұл аурудың биологиялық қасиетi де сонда, адам жанына батпайды. Ерте жүргiзiлген емнiң арқасында аурудан құтылып қана қоймай, мүшесiн де сақтап қалуға болады. Ал мүше бүтiн қалған кезде ол әйелдiң функциясы да бұзылмайды, психикасы да қалыпты болады. Кез келген адам дәрiгердi жанына батқанда ғана iздейтiнi шындық қой, сырқат әбден мазалағанда ғана емханаға жүгiретiн әдетiмiз бар. Сондықтан да, аурудың алдын алуды медицина тiлiмен айтқанда, скрининг деймiз. Жаңағы айтқан бағдарлама сондықтан да мемлекеттiк деңгейде күш алып отыр. Бұрын бүкiл Қазақстанда маммолог-дәрiгерлермен қатар, сырқатты анықтайтын рентген аппараттары жетiспейтiн-дi. Бүгiнгi таңда 100-ден асатын маман-дәрiгерлер бар, құрал-саймандар жеткiлiктi. Қолға сипауға келмейтiн кiшкентай ғана түймедей түйiндi қазiр лезде анықтауға болады. Ал дер кезiнде анықталған сырқаттың да емi жақсы жүредi. Кейiнгi үш жылдың iшiнде жарты миллионға жуық қазақстандық әйелдерге ем жасалынды.
Алматы мен Қарағандыда ғана хирургиялық жолмен емделетiн бұл дертке ендi республикамыздың басқа өңiрлерiне де мамандар мен медициналық аппараттар жеткiзiлу көзделуде. Сонда ғана үлкен жетiстiктерге қол жеткiзе аламыз. Бұл әлгi жоғарыда айтқан бағдарламаның iс-жоспарының нәтижесi.
Екiншiден, бұл дерттiң алдын алу үшiн бiз әрбiр әйелдi өзiн-өзi сипауға үйретiп жатырмыз. Адамның басқа органдарындай емес, емшек көзге көрiнiп тұрған мүше ғой, оны әрбiр әйел айына бiр-екi рет сипалау арқылы әлгiндей аурулардың жолын кесуге болатынын ұғындырып жатырмыз. Оған пәлендей уақыттың да керегi жоқ, тек ұқыпты болу керек. Сонда ғана оның бiрiншi, екiншi кезеңдегi белгiлерiн саусақ ұшымен анықтауға болар едi және бұл ем жүргiзетiн дәрiгерге де әжептәуiр көмек. Өкiнiшке қарай, түйiн, жара дегендерден қорқып, әйелдер өзiн-өзi сипаудан қашады. Бойды билеген қорқыныш-үрей тексеру ережесiн жеңiп кетедi. Кәмелеттiк жасқа толып, етеккiр келген жастан бастап қартайған шаққа дейiн әрбiр әйел өзiнiң дене мүшесiн зердеден тыс қалдырмауы қажет. Күйбең тiрлiктен мойнымыз жар бермей жатамыз. Өз басым 100 әйелге өзiн-өзi сипауды үйреттiм, сөйтiп бес жыл бақыладым: солардың қазiр он бесi қалып, сексен бесi тастап кеттi. Тастағандардан сұрағанымда бәрi "қорқамыз" деген сылтау айтады.
Қазiр жұрт СПИД-тен емес, рактан қорқады. Өйткенi, онкологиялық аурулардан хабардармыз да, жиырмасыншы ғасырдың жаңа дертiнен бейхабармыз. Сондықтан одан қорықпаймыз.
– Хирургиялық жолдан гөрi ерте басталған ем-дом жеңiлiрек дейсiз ғой…
– Әрине, алғашқы кезеңде басталған ем мiндеттi түрде нәтижелi болатынын айтып та, жазып та жүрмiз. Түйiннiң бәрi, жараның бәрi рак деуге тағы болмайды. Таза онкологиялық жағдайда ғана хирургиялық жолмен емдеу керек деген де жаңсақ пiкiр қалыптаспауы керек. Өйткенi, дәрi-дәрмекке көнбеген жағдайда ол түйiн шартты түрде сылынып тасталады. Мiндеттi түрде дәрiгер-маман бiлiктi, шебер болуы керек, ал пышақ ұстағанның бәрi маман емес. Кесе бiлу, тiге бiлу аса ұқыптылықты, бiлгiрлiкпен қатар бiлiмдiлiктi қажет етедi. Тiптi, өнер десек те болар. Осындай мамандардың қолына түскен кейбiр сырқаттар қатарынан бiрнеше рет операция үстелiне жатудан жүректерi шайлыққан оқиғалар да кездесiп жатады. Тағы бiр үрей туғызатын жағдай, бүгiн бiреуге, ертең тағы бiр дәрiгерге жүгiрiп жүрiп, әлгi аурудың тiптi есi шығады. Өйткенi, әркiмнiң емдеу әдiсi әртүрлi, пiкiрi де әрқилы болуы мүмкiн. Сондықтан да, биылдан бастап медицинада бiржүйелiлiк қолға алынып жатыр. Жүйелiлiк дегеннiң нәтижесi де жүйелi болуға тиiс, өйткенi адам ауырған күннен бастап, сырқаттың ең соңғы нүктесiне, нәтижесiне сәйкес дәрiгерге жалақы төленедi.
– Елбасымыз 2014 жылға қарай Қазақстанда қолданатын дәрi-дәрмектiң 50 пайызын өз елiмiзде шығару мiндетiн мақсат еттi. Қазiргi қолданыстағы дәрi-дәрмектердi қайдан аламыз?
– Жылдағы халыққа Жолдауды шұқшиып отырып оқитын қазақтың бiрiмiн. Өйткенi, бұл жыл бойғы қоғамдағы атқарылатын шаралардың бағыт-бағдары деп түсiнемiн. Болашақтың бағдарламасы деп қабылдаймын.
Шынында да, бiздiң елiмiзде де мүмкiндiк бола тұра, шикiзаттың қандай түрi бар болса да дәрi-дәрмектi алыстан тасимыз. Өндiрмеймiз. Бәрiн сырттан әкелемiз. Қымбат бағаға сатып аламыз. Баяғыдан фармацевтика бар ғой, соны қайта қолға алуға болады ғой. Өзiңдiкiнiң аты өзiңдiкi, сапасы да жоғары болар едi. Дегенмен, бұрын таза тақыр отырып қалсақ, қазiр сәл iлгерiлеген жағдай бар, соған да тәуба деймiз. Дәрi-дәрмектер жан-жақтан жеткiзiледi, Араб Эмираттарынан, Индиядан, Жапониядан, Ресейден.
Өз басым егер мүшенi толық алып тастайтын жағдайда, патенттелiп рұқсат алған жеке әдiсiме сүйенемiн. Ол — Нидерландиядан алдыратын жасанды протеземшектер. Осы уақытқа дейiнгi тәжiрибемнен бiлгенiм, кез келген әйел операциядан есiн жиып үлгерместен қолымен төсiн сипайды. Бұл адамның еркiнен тыс,өзiне бағынбайтын құбылыс, рефлекс. Егер мүшесi орнында болса жақсы, болмаған жағдайда науқас қатты күйзелiске түседi. Мұндай жағдайда адамның аурудан жазылуы да қиынға түседi.Оның зардабы аурудан да қиындайды. Осы бiр психологиялық күйзелiстiң алдын алу үшiн, сырқаттардың болашағына алаңдаушылықтан туған тәсiл ғой бұл. Сонша жерден алдырған соң ол дүниенiң бiзге жеткендегi бағасы да әлденеше есеге өсетiнi тағы бар. Егер осындай аса қажеттi медициналық тауарлар өзiмiзде өндiрiлсе, әрi халықтың денсаулығы жақсарып, әрi тұрмыстық жағдайымыз да түзелер едi.
– Өз әдiсiңiзбен қанша рет операция жасадыңыз? Құпия болмаса бағасы қанша?
– Жетпiстен аса ауруға жасадым, оның 40-қа жуығында рак ауруы болды. Емшекке жасалған кез келген көлемдегi операциядан соң әрине, оның формасы бұзылады. Солып қалатын, созылып кететiн жағдайлар кездеседi. Ондай жағдайда сырқаттың көңiл-күйi бұзылғыш, ауру үстiне ауру жалғауы әбден мүмкiн. Ал әлгiндей протездер көлемiне байланысты денеге қонымды, тiптi бiлiнбейдi. Зияны жоқ, оның үстiне орналастыра бiлуге, сапасына да байланысты. Операцияның құны пәлендей қатып қалған дүние емес, тiптi осы уақытқа дейiн зейнеткерлерге тегiн жасап келдiк. Әркiмнiң тұрмыс жағдайы, әлеуметтiк жағдайына қарай отырып, келiсетiн шаруа бұл.
– Бұл сырқаттың қай ұлттың iшiнде көп екенiн бiлгiмiз келiп отыр.
– Өте қызық сұрақ болды. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын бiздiң ұлттың қыз-келiншектерi аурудың жиiлiгi жөнiнен алтыншы орында тұратын. Қазiр жағдай оңалыңқырап, жағдай сәл түзелдi, екiншi орындамыз. Қазақ әйелдерi денсаулығына көбiрек көңiл бөлсе, бес-он жылда бiрiншi орынға шығамыз ба деген үмiт бар.
Ағылшынның бiр философы "Кез келген елге барғанда, көшеде қыз балалардың киiм киiсiне, сөйлеу мәдениетiне, жүрiс-тұрысына қарап қоғамның қандай деңгейде дамып тұрғанын байқаймын" дептi. Осы сөзге қосыламын, кез келген кезде әйел баласының жағдайы дұрыс болса, онда тұқымымыз да салауатты, саналы болады. Ал жазушы әрi дәрiгер Антон Павлович Чехов "Дүниедегi ең сұлу әйел, ол – екiқабат әйел, ең сұлу әйел бала емiзiп отырған әйел" дегендi бекер айтпаған. Өмiрге келген қыз баланың арманы адал жар, ақылман ана болу! Тiптi арманы ғана емес, мақсат-мұраты болуға тиiс. Сондықтан бет-әлпеттi жасанды бояумен ғана әрлемей, жасарамын десеңiздер дер кезiнде тұрмысқа шығып, бала тууды, оны ұзағырақ емiзудi ойлаңыздар!
Бiз профессор, маммолог-дәрiгер Әскер Есенқұловтың кабинетiнен аса бiр жылы сезiм құшағында шықтық. Далада көктемнiң әдемi иiсiмен қатар, көгiлдiр аспаннан жып-жылы ақ мамық қар себелеп тұрды. Жер бетiне тiршiлiктiң нәрiн сеуiп келе жатқан аяулы жандарды ауруынан айықтыруға барын салып жүрген ақ халатты асыл ағамыздың тiлегiн оқырманға жеткiзгенше асықтық…
Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ