Жаңалықтар

ЕЛЬЦИНГЕ ЕЛIМIЗДЕ КӨШЕ БЕРIЛМЕКШI

ашық дереккөзі

ЕЛЬЦИНГЕ ЕЛIМIЗДЕ КӨШЕ БЕРIЛМЕКШI

Астана қаласында Ресей Федерациясының тұңғыш президентi Борис Ельцинге көше атауы берiлуi мүмкiн. Бұл туралы Мәжiлiс депутаттары Премьер-министрге ұсыныс жолдапты. Естерiңiзге сала кетейiк, 2006 жылдың 2-ақпанында Б.Ельциннiң 75 жылдығына орай «Түркiстан» газетiнде «Борис Ельцин: Ақиқат пен аңыз» атты мақалада тәуелсiздiгiмiздi баянды етуге орасан зор ықпал жасаған қайталанбас қайраткерге елiмiзде көше атауын беру туралы мәселе көтерiлген-тұғын. Әзiрге аталмыш ұсыныс ономастикалық комиссияның тексерiсiне жiберiлдi.

Таяуда мәжiлiс депутаттары Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке Астана көшелерiне елiмiздiң бiрқатар тарихи тұлғаларының есiмiн берудi ортаға салған-ды. Наурыз айының келуiмен Үкiмет басы мәжiлiс депутаттарына жазған жауабында Астана әкiмшiлiгiне Б.Ельцинге және де қазақтың бiртума қайраткерлерi – Сафуан Шаймерденов, Мұхамеджан Тынышбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұқан Бекмаханов, Манаш Қозыбаев, Александр Княгинин және Николай Макиевский есiмдерiмен атауды тапсырған. Сондай-ақ, Алаштың ардақтысы Мiржақып Дулатовтың туғанына 125 жыл толуына орай деректi фильм, арнаулы басылым шығарылып, мерекелiк шаралардың өтуi жоспарланып отыр.

КСРО-ның бiржола ыдырап, қайта келмеуiне өлшеусiз үлес қосқан Борис Ельциннiң атына көше берiп, есiмiмен мектептi атап, ескерткiш орнатса артық болмас едi.

Ақниет ОСПАНБАЙ