ОРЫСША САЙРАП, ӨЗБЕКШЕ “ГӘПIРГЕН”
ОРЫСША САЙРАП, ӨЗБЕКШЕ “ГӘПIРГЕН”
Ақпараттық кеңiстiгiмiздiң жетiм баладан несi артық?!
Қазақтың жерiнiң байтақ екенi рас. Байтақ екенi соншалықты, ұлан-ғайыр елiмiздiң кейбiр түкпiрiне барғанда, қай мемлекетте жүргенiң де естен шығып кетедi. Аты – Қазақстанның территориясына кiргенiмен, заты – яғни, жергiлiктi халқының сөйлеу тiлi, теледидары, оқыған газет-журналы, кiтабы – өзге елдiкi болған соң, қайда жүргенiңiздi түсiнбей, дал болуыңыз әбден кәдiк.
Сенбесеңiз, Қазақстанның оңтүстiк аймағына сапарлатып барып қайтыңыз. Оңтүстiк болғанда, дәл Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарына. Мұндағы халықтың басым көпшiлiгi қазақтар екенi, әдет-ғұрпы атадан мирас болып келе жатқан дәстүрлердi ұстанатындығы рас. Бiрақ адами құлқы, сөйлеу мәнерi – өзбек халқының табиғи ерекшелiктерiне ұқсап бара жатқандығы қынжылтады. Мұның төркiнiн көршi елден саудагерлердiң, нәпақа iздеген жұмыскерлердiң ағылып келуiнен емес, әр үйдiң төрiнде «сарнап» тұрған теледидардан iздеу керек! Өйткенi, бұл аудандарда қазақстандық екi-ақ телеарна – «Хабар» және «Қазақстан» ғана хабар таратады. Есесiне, бес (!) түрлi өзбек телеарнасы күндiз-түнi сайрап тұр! Осы аймақтағы әрiптестерiмiздiң пiкiрiнше, өзбек телеарналарындағы көңiл көтеру, ойын-сауықтық бағдарламалары қазақ хабарларына қарағанда, әлдеқайда сапалы. Жергiлiктi халықтың бiрен-саран қазақ телеарнасының «құлағын бұрамай», өзбекше «гәпiрген» телерананы ден қоя тыңдайтындығы содан да шығар-ау! Ал шын мәнiнде, өзбек телеарналарының ("Тошкент ТВ", "Өзбекстан-1", "Яшлар", "Өзбек-МузТВ", "30-канал", "Спорт", "Маркас" т.б.) шекаралас аймақтардағы жергiлiктi қазақ көрермендерiне не айтып, ненi насихаттап жатқанын зерттеп жатқан мемлекеттiк органдар да, әлеуметтiк институттар да жоқ сияқты. Өкiнiшке қарай, елiмiздiң солтүстiк облыстарындағы жағдай да осыған ұқсас. Айырмашылығы – солтүстiк шекараға таяу аудандар орыс мемлекетiнiң телеарналарын үзбей көретiндiгi ғана. Мысалы, Қостанай облысының Меңдiқара, Ұзынкөл, Қарабалық аудандарына қарасты көршi елмен шектесiп жатқан кейбiр ауылдарда қазақ телеарналары көрсетiлмейдi. Есесiне, бұл аймақтар Ресей Федерациясының үш-төрт телеранасын тамашалап отыр. Ендi қазақ көрермендерiнiң "жүрегiн жаулауға" қытай телеарналары да бiлек сыбана кiрiскендей. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекараға таяу аймақтарында қытай телеарналары хабар тарата бастаған. Алматының өзiнде кабельдi арна арқылы Қытай мемлекеттiк телеарнасы қазақ және қытай тiлдерiнде хабар таратып жатыр. Бұл мәселенi Парламентте өткен жылы депутат Өстемiр Бектөреев көтерген едi. "Оңтүстiк Қазақстан облысына қарасты Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының 700 мыңға жуық тұрғындары "Қазақстан" және "Шымкент" телеарналарының бағдарламаларын көре алмайды. Керiсiнше, ол өңiрде Өзбекстан Республикасының бес телеарнасы күнi-түнi хабар берiп отыр. Бұл жағдай елдiгiмiзге сын, халықтың сана-сезiмiне әсер етiп, мемлекетiмiздiң саясаты мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге керi әсерiн тигiзуi мүмкiн" деген едi депутат. Сенатор Қуаныш Айтаханов та бұл мәселе бойынша пiкiр бiлдiрдi: "Осы өңiрлерде мемлекеттiк телеарналар, содан таралатын ақпараттар мүлдем жеткiлiксiз десе де болады. Ендеше, бұл өңiрдiң тұрғындары өзбекше ойлап, сол елдiң саясатына икемделе бастайды деген сөз. Сондықтан да, шекара маңындағы өңiрлердi идеологиялық мәселеден алшақтатпауды, қайта өзiмiздiң ақпаратпен толық қамтамасыз етудi дұрыс жолға қою керек" дедi ол. 2009 жылғы мәлiмет бойынша, Қазақстан аумағында 212 электрондық бұқаралық ақпарат құралдары ресми тiркелiп, жұмыс iстеп жатыр. Сондай-ақ, қазiргi уақытта республика аумағында шетелдiк электрондық бұқаралық ақпарат құралдарын тарату қызметiн ұсынатын кабельдiк және эфирлiк-кабельдiк телеарна жүйесiнiң 80-нен астам операторы бар. Олардың арасында "Алма-ТВ"-ның орны бөлек, ол 13 қалада жұмыс iстейдi. Одан соң "Айна-ТВ" – 11, "Қазақпараттелеком" – 5, "Секател" – 5, "Казцентр-ТВ" – 5, "КВК" – 4 қалада таралады. Бұларға қоса, Қазақстанда Ресейдiң бiрнеше операторлары жұмыс iстеп жатыр. Сонда жергiлiктi телеарналар елiмiздi түгел қамти алмай ма? "Қазтелерадио" АҚ мәлiметтерiне жүгiнсек, бүгiнгi таңда республикалық арналардың телевизиялық және радиобағдарламаларды қамту аумағы мынадай: "Хабар" – 95,7 пайыз; "Қазақстан" – 96,25 пайыз; "Ел арна" – 75,5 пайыз; "Евразия-Бiрiншi арнасы" – 78,6 пайыз; "Қазақ радиосы" – 86,99 пайыз. Шын мәнiнде, республиканың басым көпшiлiгiн түгелге жуық қамтып отыр дейтiн "Хабар" телеарнасының өзi эфирдiң 50 пайызға жуығын шетелдiк (негiзiнен – ресейлiк) телеөнiмдерге трансляция жасау арқылы "жауып" отыр. Ал тәуелсiз сарапшылардың пiкiрiнше, "КТК" телеарнасындағы трансляция көлемi 70 пайызға жуық екен. Сонда "өзiмiздiкi" деп өзеурегендегiмiз осы ма? Шетелдiк телеөнiмдердiң денi шетелдiк ойын-сауықтық және көңiл көтеру телебағдарламалары екенi ойландыруы тиiс сияқты. Ертеңiн ойлаған халық, ұрпағын ұлттық музыкамен ауыздандырып өсiрсе игi едi. Музыкамен тәрбиелеудi айтқанда, кезiнде Германия II дүниежүзiлiк соғысты бастамас бұрын көпшiлiк орындарда бiр жыл бойы күндiз-түнi Бетховеннiң жалынды, рухты шығармаларын ойнатқаны еске түседi. Ән мен күйдiң ықпалы жас жiгiттердi әлемдi жаулауға жiгерлендiрдi! Ал бiз ше? Бүгiнгi ұрпақты қандай әнмен, қандай болуға тәрбиелеп жатырмыз? "Русское радио", "Европа плюс" радиоларында айтылған ән-күйге құлақ түрсеңiз, негiзiнен ресейлiк әншiлердi ғана тыңдай аласыз. Наурыз айының басында Парламент Мәжiлiсiнде өткен Үкiмет сағатында да бұл мәселе тағы көтерiлдi. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң төрағасы Қуанышбек Есекеевтың айтуынша, тығырықтан шығудың жағыз жолы – сандық теледидарға көшу сияқты. Үкiмет қабылдаған iс-жоспары бойынша, сандық телеарнаға 2015 жылға дейiн көшуiмiз керек. Бiрақ келесi жылы басталуы керек бұл жаңалыққа Үкiметтiң өзi әлi дайын емес сияқты. Әзiрге жобалап айтар болсақ, сандық теледидар арқылы көрермендерге 12 арна тегiн көрсетiлмек. Ал телекөрсетiлiмнiң 20-30 пайызы ақылы болуы тиiс. Бiрақ қанша болады – әлi белгiсiз. Есекеев нақты сандарды айтудан бас тартты. "Бұл мәселе жайында нақты сандарды айтуға мен жарты жылдан кейiн ғана дайын боламын" дедi ол. Шын мәнiнде, бұл сала бойынша әлемдiк тәжiрибе жоқтың қасы. Сандық телеарна турлы заңның өзi АҚШ-та екi жыл бұрын ғана қабылданған. Ал Есекеевтiң айтуынша, 2015 жылы көрермендердiң 53 пайызы кабельдiк арнаны тамалашайды. Ал 17 пайызы спутниктiк телеарналарды тұтынады. Дегенмен, төрағаның депутаттардың сауалына берген жауабы таң қалдырды "Телеарнадан көрсетiлетiн хабарлардың сапасына байланысты, – дедi Есекеев, – Зерттеулер нәтижесiне жүгiнсек, (көрермен қамтуда – Г.О.) "ОРТ-Еуразияның" үлес салмағы басым, өйткенi оның мазмұндылығына сондайлық дәрежеде инвестициялар құйылып жатыр, мысалға түрлi шоуларды алыңыз. … Мазмұн – Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң саласы, неге адамдар қазақстандық телеарналардан гөрi ресейлiк телеарналарды көруге құштар…". Мұндай жауапты мiсе тұтпаған Қ.Жақыпов былай дедi: "Мұхтар Шаханов ана жерде жылап жатыр, айқайлап жатыр, қазақша сөйлейiк деп. Қайдан сөйлейдi? Бiз керiсiнше орысша сөйлейтiн, түрiкмен тiлiнде сөйлейтiндi әзiрлеп әкелiп, мектепке келгенде орысшаға кетемiз. Қазақша сөйлеудiң орнына, ол орысша сөйлеп келедi". Сонда Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi төрағасы қазақ көрермендерiнiң санының аздығын қазақ телевизиясының сапасыздығымен ғана байланыстыра ма? Шындығында, телевизия саласын игеру үшiн орасан зор қаржы керек екенi белгiлi. Бiр ғана мысал, 2009 жылы ресейлiк телевизия саласындағы жарнама рыногы 4 млрд. долларға жеткен. Ал бұл нарықтың көлемi Қазақстанда бар-жоғы 200-300 млн. доллардан аспайды екен. Қазақстандық телеарналардың ресейлiк әрiптестерi сияқты "Большая разница", "Ледниковый период" сияқты тележобаларды жасай алмауы қолдың қысқалығына байланысты емес пе? Қазақстаннан басқа мемлекеттер ақпараттық қауiпсiздiкке қатты мән бере бастады. Түрiкменстан, Өзбекстан, Тәжiкстан, Грузия, Қырғызстан ресейлiк газет-журналдардың жергiлiктi өкiлдiктерiн жауып, орыс телеарналарының ретрансляциясына шек қойып жатыр. Мәселен, Украинада "Русское радио" жабылған. Балтық жағалауы елдерiнде ресейлiк телеарналар мүлдем көрсетпейдi. Ал Түрiкменстанда Ресейдiң елшiлiгi орысша газетке қол жеткiзе алмай отыр деседi. Ресейдiң өзiнде ақпараттық қауiпсiздiк туралы доктрина қабылданған. Онда қауiпсiздiктiң объектiлерi ретiнде тұлға – оның құқықтары мен бостандықтары, қоғам – оның материалдық және рухани құндылықтары, мемлекет – оның конституциялық құрылымы, егемендiгi және аймақтық тұтастығы деп көрсетiлген. Ақпараттық қауiпсiздiк демекшi, 1998 жылы 26 маусымда қабылданған "ҚР ұлттық қауiпсiздiк туралы" №233-1 заңның 1-бабында бұл ұғымға мынандай түсiнiк берiлiптi: "Ақпараттық қауiпсiздiк – мемлекеттiк ақпараттық ресурстардың, сондай-ақ ақпараттық саладағы тұлғаның құқықтары мен қоғам мүддесiнiң қорғалу жағдайы". Одан әрi "ҚР ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету" туралы 22-баптың 3-тармағында былай делiнген: "Мемлекеттiк органдардың, меншiк түрiне қарамастан ұйымдар, лауазымды тұлғалар және азаматтар мына жағдайларды болдырмау үшiн барлық қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi: 1) Қазақстанның ақпараттық тәуелдiлiкке түсуi; 2) басқа мемлекеттердiң тарапынан ақпараттық экспансияның жасалуы; 3) ҚР Президентiнiң, Парламентiнiң, Үкiметiнiң және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн күштердi ақпараттық құрсауда қалдыру". Ендi осы заңның 5-тармағының: 2-тармақшасында: "шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн мазмұндағы баспасөз өнiмдерiн, теле-және радиохабарларын таратуға тыйым салынады" делiнген. Ақпараттық қауiпсiздiк "Қазақстан-2030" стратегиялық құжатында да дамудың басым бағыттардың бiрi ретiнде көрсетiлген. Өкiнiштiсi, бұл ұғымдардың бәрi қағаз бетiнде ғана күшiне ие-ау. Жергiлiктi халыққа өз елiнде болып жатқан оқиғалар жайында толыққанды ақпарат бере алмау – алдағы уақытта ұлттық қауiпсiздiгiмiзге орасан зор нұқсан келтiруi мүмкiн. Көңiлшектiк кеңпейiлдiлiктен келiп туындай ма? "Қазақтың кең даласындай ақжарқын көңiлi-ай" деп ән салып жүрiп, дархандығымызды – дарақылыққа, бегзаттығымызды – бұқпантайшылыққа, кеңпейiлдiгiмiздi – көңiлшектiкке айрыбастап алған жоқпыз ба, осы?Гүлбиғаш Омарова