Жаңалықтар

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН АРУ

ашық дереккөзі

ҚҰРАЛАЙДЫ КӨЗГЕ АТҚАН АРУ

Сонау Наганода өткен дүбiрлi додадан берi, 12 жыл бойы қысқы Олимпиада ойындарында жүлде атаулыға қол жеткiзе алмай, тарығып жүргенiмiзде биатлоншы Елена Хрусталева Ванкуверде қоржынымызға күмiс медаль салды. Уистлер төрiндегi Олимпиада жүлдегерлерiн марапаттау рәсiмiнде Еленамен кездесiп, тiлдескенбiз. Бiрақ сол күнгi барлық жүлдегерлер кешке марапатталды да, адам көп болды. Емiн-еркiн сөйлесуге мүмкiндiк болмады. Сондықтан эстафеталық бәйгеден соң Еленаны тағы да сөзге тарттық.

– Елена, ел үмiтiн ақтап, төрт жылда бiр өтетiн дүбiрлi додада күмiс медаль жеңiп алдыңыз. Ашығын айтқанда, келiсiм-шарттағы өз мiндетiңiздi орындадыңыз. Командаластарыңыз қуанды ма?

– Әрине. Ең бастысы, Қазақстан халқына қуаныш сыйлағаныма ризамын. Қазақстандықтардың бiрнеше жыл тосқан жүлдесiне қатты қуанғанын көргенде, рухани ләззат алдым. Бәрi де құттықтап жатыр. Тек қана қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, ресейлiк және белоруссиялық спорт сүйер қауым шын жүректен құттықтауда. "Сен бiздi таң қалдырдың, сүйсiндiрдiң" дейдi көбiсi. Дәл қазiр шаттықтан басым айналуда.

– Бағыңыздың әлем кубогы жолындағы додалар мен басқа да iрi жарыстарда емес, тура осы Ванкувер Олимпиадасында ашылуының сыры неде?

– Бiрiншi рет мен Олимпиада ойындарына бұдан 8 жыл бұрын қатысқанмын. Онда жас болдым, тәжiрибем де аз едi. Ал Турин Олимпиадасына бара алмадым. Ресей құрамасының сапына iлiкпедiм. Содан соң Беларусь елiне ауыстым. Соңғы үш жылда Қазақстанның намысын қорғап жүрмiн. Мiне, осы сегiз жылда, әсiресе соңғы үш жылда, мен Ванкувердегi жетiстiгiме адымдап емес, ақырын-ақырын жылжи бердiм. Мұның бәрi – неше жылғы еңбектiң жемiсi. Әрi оңай еңбек емес, ылғи таңғы сағат 6-да тұрып, шүмектетiп төккен тердiң нәтижесi.

– Өзiңiз Олимпиада жүлдегерi болатыныңызға сенiмдi болдыңыз ба?

– Дәл қазiр "иә, 100 пайыз сенiмдi болдым" десем, мұным күпiршiлiк болар. Әйтсе де, Олимпиада ойындарында да жүлдеге iлiгуге болатынын бiлдiм. Әсiресе әлем кубогы додасының соңғы үш кезеңiндегi көрсеткiштерiм мен өнерiм бұған көзiмдi жеткiздi һәм итермелей түстi. Тек өзiмдi-өзiм қолға алып, жамбы атқанда мүлт кетпесем, Олимпиада жүлдесiне қол жеткiзуге болатынын сездiм. Әрi iс жүзiнде соған қол жеткiздiм де. 7,5 шақырымдық спринтте де, 15 шақырымдық жеке жарыста да бiрде-бiр рет мүлт кеткен жоқпын. Оқтарымның бәрiн көздеген жерiме дөп тигiздiм.

– Кеше Ресей бапкерлерi "Қазақстан құрамасында жұмыс жасау жеңiлдеу, ешкiм қамшысын орынсыз үйiрiп, берекеңдi алмайды, емiн-еркiн жұмысыңды атқаруға болады" дедi. Бұл жөнiнде не дейсiз? Қанша айтқанмен, сiз екi құраманың да сапында болдыңыз ғой.

– Бұл рас. Ресейлiктер спортшыларды тым қатаң қадағалайды. Үнемi бақылаудасың. Менiңше, кәсiби спортшыны, деңгейi жоғары спортшыны олай шектен тыс бақылауға алудың қажетi жоқ. Спортшы жаттықтырушы үшiн емес, жоғарыдағы басшылар үшiн емес, бiрiншi кезекте өзi үшiн тер төгедi. Өзi үшiн жаттығады. Содан соң Ресей құрамасында бәсекелестiк тым жоғары. Бұл, әрине, жақсы. Команда мықты болады, деңгейi арта түседi. Командалық жетiстiкке тигiзер пайдасы көп. Десек те, жекелей тұрғыда алғанда мұның да керi әсерлерi болады.

– Осы Олимпиада ойындарында Норвегия биатлоншылары өз деңгейлерiнен төмен көрсеткiштер көрсетуде. Шетелдiктердiң кейбiреулерi "өйткенi оларға Олимпиада алтыны үшiн сыйақы төленбейдi екен" дейдi.

– Менiңше, бұл ақталудың бiр жолы. Ақталу жолын iздестiретiндерге жеңiске жету де қиын. Жалпы, спортшы бiткен сыйақы үшiн жарыспайды ғой. Барлық спортшылардың бiрiншi кезектегi мақсаты – Олимпиада чемпионы немесе жүлдегерi болу. Ал сыйақыны әлем кубогы жолындағы коммерциялық жарыстардан да қалтаға басуға болады. Тiптi, Олимпиада алтыны үшiн берiлетiн сыйақыдан да көп ақша табуға болады. Сондықтан бұл жердегi мәселенiң түйiнi сыйақыда емес.

– Сiздiң жеке бапкерiңiз Виктор Смирнов па?

– Иә, Виктор Борисович пен әкем Владимир Хрусталев. Сондай-ақ, Алматы облысының жаттықтырушысы – Николай Зеленков.

Әңгiмелескен Нұрғазы САСАЕВ