Жаңалықтар

ЖАРАЛЫ ГҮЛДЕР

ашық дереккөзі

ЖАРАЛЫ ГҮЛДЕР

Қан кешудегi қазақ аруларының ерлiктерi хақында

Ел шетiне жау тиiп, халық өмiрiнiң қаймағы бұзылса, ер азамат жай жата алар ма? Кешегi өткен Ұлы Отан соғысы ердiң ерлiгiн, қыздың өрлiгiн сынаған, өткiрлеп қайрап қаһарлы күшке айналдырған зор майдан болып едi. Ер етiгiмен су кешiп қана қойған жоқ. Ер толарсақтан саз кештi, саз аралас қан кештi, шыбын жанын пида еттi.

Сан қилы саяси және әлеуметтiк қайшылықтармен өткен ХХ-ғасыр адамзат санасында жойқын соғыстарымен де сақталары сөзсiз. Өйткенi, бiр ғана Екiншi дүниежүзiлiк соғыстың өзi қаншама ұрпақты қайғы-қасiретке душар еттi. Жалпы, үлкен тарих тұрғысынан алғанда азғантай мерзiм болғанымен ұзақтығы жағынан төрт жылға жуық, нақтылап айтқанда 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы өзiнiң ауқымы мен қилы-қилы оқиғалары жағынан тұтас бiр дәуiрге тең. Өйткенi, бұл соғыс сан миллион адамдардың өмiрiн қиған, жер бетiнде бұрын-соңды болмаған ең зардапты, әрi қантөгiстi зор соғыстың бiрi болған едi.

Қазақстан соғысқа 1 млн.366 мың адамды аттандырып, Отан қорғауға 5183 қазақтың қыз-келiншектерi қатысыпты. Осы орайда республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және екi артиллериялық, 4 минометтiк, 3 авиациялық полк және 14 жеке батальондар құрылып, майданға жiберiлген. Олар соғыстың барлық шайқастарына қатысып, майдан далаларына 601 мың 815 адамын қалдырып, елге оралған. Оның iшiнде туған жерiне жете алмай қаза тапқан қазақтардың саны 135 мың адамды құрайды.

Қазақстандық әйелдер соғыстың салмағын өзгелермен бiрдей көтердi, зардабын бiрдей тартты, азабын бiрдей арқалады. "Қырман басып, егiн сап, арба айдаған" тылдағы әйел басқа түскен қиындыққа мойымай, ер-азаматтың орнын жоқтатпады. Соғыс – қыршын боздақтардың қыршын ғұмырымен бiрге түтiнiн өшiрмеген әйелдердiң, жесiрлердiң де арман-жастығы, көз жасы…

Қарулы күштердiң қатарында Кеңес әйелдерi де жаумен шайқасты. Соғыстың соңғы бiр сәтiнде Кеңес Армиясында 330 мыңнан астам әйел жауынгерлер болды. Олар самолетпен аспанда самғады, танк жүргiздi, барлауға барып, ұрыс даласында мергендiк көрсеттi. Атқыш мергендер мектебiн бiтiрген әйелдер 12 мыңнан астам жауды жермен жексен еттi. Майдандағы дәрiгерлердiң 41 пайызы, фельдшерлердiң 43 пайызы, медбикелердiң 100 пайызы әйелдер болатын. Ұлы Отан соғысында 100 мыңнан астам әйелдер ордендермен, медальдармен марапатталған. 92 әйел Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Ел басына күн туған қиын-қыстау күндерде азамат жүгiн арқалап мыңдаған қазақ қыз-келiншектерi уақыт сынынан, тарих талқысынан сүрiнбей өттi. Аяғына солдат етiгiн киiп, Мәскеуден Берлинге дейiн шеру тартты. Рейхстагта желбiреген Қызыл туда қазақ әйелдерiнiң де даңқ жолы, ерлiк дастаны бар. Оны бiр мақала түгiл, бiр кiтапқа да сыйғызу мүмкiн емес.

Өздерiнiң нәп-нәзiк қолдарымен жаралы жауынгерлердi от-жалынның арасынан алып шыққан, ең соңғы бiр тамшы суын, бiр шөкiм тұзын жауынгер достарының аузына тосқан, белiне граната байлап жау танкiсiнiң астына түскен, фашист эшелондарын құлатып, балаларды аман алып қалған, кейде тiптi ерлердiң өзiн де ұрысқа бастап алып шыққан от жүрек жандарға бас иесiң.

Соғыс басталған күнi-ақ ұлан байтақ республикамыздың зауыттары мен фабрикаларында, мекемелерiнде, ауыл селоларында жүздеген, мыңдаған адамдар қатынасқан митингiлер өттi. Жастар топ-тобымен соғыс комиссариатына, партия және комсомол комитеттерiне келiп, өздерiн Қызыл Армия қатарына алуды, майданға тез жiберудi сұрады. Алматы қаласындағы педагогикалық училищеде оқитын 28 қыз соғыс комиссариатына жазған хаттарында: "…Бiздi майданға жiберсеңiз екен, қыз да болсақ қару алып Отанымызды жаудан қорғау үшiн жанымызды ортаға сала соғысамыз", – деп өтiнген.

Соғыс басталған алғашқы күндерi Қарағанды облыстық әскери комиссариатына өздерiн майданға жiберудi сұраған 25 мыңнан аса адамнан өтiнiш түссе, 10 мыңдайы әйелдер болды. Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша соғыстың алғашқы бiр жылы iшiнде майданға сұранған 755 қыздың 627-сi батысқа жөнелтiлдi.

1942 жылдың қаңтар айында Алматыда жеке әйелдер ротасы құрылады. Ротаның құрамына негiзiнен Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды облыстарынан келген студенттер мен жас жұмысшы қыздар кiрген. Ротадағы 278 әйел қыздардың жартысынан астамы Алматының жоғары оқу орындарының студенттерi едi. Майданға жiберуге тiлек бiлдiргендердiң 40 пайызы әйелдер болды.

1942 жылдың көктемiнде Семейден 200 қыз майданға аттанған. Олардың арасында №11 Семей қазақ мектебiнiң 11 түлегi бар. 1943 жылы мамыр айында Алматыдан 185 қыз майданға аттанған. Олардың iшiнде 73 қазақ қыздары болған. Осы тұста Орал облысынан бiр топ мұғалiм әйелдер мен медицина қызметкерлерi майданға аттанды. Дәрiгер Роза Момынова, мұғалiм Ағипа Кенжеғалиева, полиграфистер Ғалия Үмбеталиева мен Нәпия Дәулетқалиева, Қараоба орта мектебiнiң мұғалiмi Майра Махатова, темiржолшы Жәмия Ғилажова, кинофикация қызметкерi Ғарифа Рахметова және басқа да ондаған Жайық өңiрiнiң қыздары соғыс басталғанда майданға өз ерiктерiмен аттанған алғашқы қарлығаштар болатын.

Қазақстандық қыз-келiншектер Қиыр Солтүстiкте де, Карелияның омбы қарында да, Смоленск өңiрiнiң қалың ну орманында да, Қап тауларында, Қара теңiз жағалауында, Украина мен Белоруссия қалаларында,Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшiн болған шайқастарда батырлықтың, шабандылықтың Отанға шексiз берiлгендiктiң жарқын үлгiлерiн көрсеттi.

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан әйелдерiн майданның әр тұсынан, әскери құрамалардың әр түрiнен кездестiруге болатын-ды. Олардан ұшқыш та, танкист те, радист те, барлаушы да, партизан да шықты. Айталық, штурман, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, ұшақтың механигi Дәмелi Жәкеева, зениттi артиллерия расчетiнiң командирi Ақлима Ақжолова, танкистер Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Талқанбаева, пулеметшi Жәмилә Бейсенбаева, "Қызыл әскер ақиқаты" атты майдан газетiнiң қызметкерi Рахима Жанбекова, зенитшi Ажар Оразғалиева, десантшылар Рәзия Сыздықова мен Қалзия Асанова, барлаушы Жәмилә Сәлiмова, гвардиялық атқыштар дивизиясының сержанты Шағила Құсанова, әуе бақылаушылары Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибiнұр Тынысбекова, майдан дәрiгерлерi Мәрия Сырлыбаева, Роза Момынова, Рәпия Мақашева, Мархаба Түкiбаева, Гүләндә Түсiпжанова, майдандық медбикелер Сағындық Шынәлиева, Сара Сартбаева, Әмина Орынбасарова, Қызыл Крест Комитетiнiң "Флоренс Найтингейл" медалiмен мараптталған лейтенант Рәзия Ысқақова, байланысшы Раиса Абдуллина, авиамоторшы Әқима Ақжолова, I және II дәрежелi Даңқ орденiнiң иегерi зеңбiрекшi Қалзия Асанова, аспазшы, сержант Шәмшiбану Әмiрова, радист Шекер Ботаханова, зенитшi Қантай Елубаева, барлаушы Рахила Ералина, байланысшы Алтынай Есболатова, әуе механигi, ұлы Абайдың шөбересi Ишағы Жағыпарова, зенитшi Ажар Оразғалиева, жау ұшақтарының "тамыршысы" аға сержант Роза Шамжанова, Мәскеу қаласындағы Бас поштаның әскери цензурасының Кеңес Армиясындағы түркi тiлдес халықтар жауынгерлерiнiң хаттарын тексерушi (цензор) болған Халима Өзбақанова (соғыстан кейiн майдангер, Қазақстанның халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықовқа тұрмысқа шыққан), Сталинградтағы талқандалған трактор зауытын қысқа мерзiмде танк жөндеуге қайта жабдықтап, майданға танктер жөнелтуге атсалысқан он бiр қазақ қыздарының бiрi Жұмакүл Оңғарова, тағы-тағы сол сияқты көптеген қаһарман қазақ қыздары Отан үшiн жанқиярлықпен шайқасты.

Соғыс жылдарының шежiресiне назар аударсақ, қазақ қыздарының ерлiгi қайран қалдырады.

Ұрыс шебiнде қазақ тiлiнде шығарылып тұрған майдандық газеттер парағын аударыстырып отырып, небiр ерлiк шежiрелерiне қанығуға болады. Алапат аласапыран айқас кезiндегi бiздiң жауынгерлерiмiздiң теңдесi жоқ ержүректiлiгi, қазақ қыздарының жауапкершiлiгiмен толысып, толыға түседi. Осынау майдандық газет беттерiндегi жауынгер қыздар ерлiгiнен елес беретiн сұрапыл сәттерге көз жүгiртiп көрелiкшi.

"Жауға қарсы аттан" газетiнiң (9 наурыз,1944 жыл) бетiнде аға лейтенант Асқар Закариннiң "Мәншүк" деген мақаласында Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлiк iстерi тәптiштелiп, Невель қаласы үшiн болған шайқастың алғашқы бiр күнiнде Мәншүк өзiнiң күнделiгiне "шiлденiң 20 күнi немiс жауыздарының екеуiн өлтiрдiм, бұл бiрiншi адым" деп жазып қойды делiнген. Әсiресе, Мәншүктiң 14 қазан күнгi кескiлескен ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлiгi айна-қатесiз баяндалады. Сосынғы "Қазақтың қайратты қызы ауыр жараланып, сүйiктi "Максимдi" құшақтап қаза тапты. Оның жанын қиып қорғаған қаласы Невельдiң Приамур көшесi мен Трофяной переулогi Мәншүк Мәметованың атына көштi" деген сөздер кеудеде мақтаныш отын маздатады.

Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев басқарған Бiрiншi Украин майданының "Отан намысы үшiн" атты қызыл әскер газетiнiң 1945 жылғы 8 ақпандағы санындағы мақала "Батыр қыз" деп аталады.

"…Қазiр Зоя Досбергенова бiздiң артиллериялық бөлiмшенiң взводында радист болып iстейдi. Мұнда осы бiр өткiр қарақат көздi, орта бойлы сымбатты қызды бiлмейтiн жан жоқ… Командованиенiң тапсырмасын үлгiлi орындағаны үшiн Зоя II дәрежелi Отан соғысы орденiмен және "Ерлiгi үшiн" медалiмен наградталды.

Зоя атқарып жүрген қызметiн мiсе тұтпады. Қолына қару алып, майданның алдыңғы шебiне барып, ұрысқа араласқысы келдi. Осы арманына бой ұрған Зоя бiр күнi өзiнiң командирiне келiп, өтiнiш еттi.

Ақыры полковник Зояға рұқсат бердi. Ұрысқа бой ұрған өжет қыздың тiлегiн орындады. Зоя батальон комсоргi болып тағайындалды. Қазақтың қайратты қызы бұл қызметте жап-жақсы ұйымдастырушы екенiн, батылдығын көрсеттi.

Кеңес батырларының соққысынан тозғындап шегiнген жау маңызды бiр елдi-мекеннiң маңында табан тiреп қарсыласты. Үлкен ұрыс болды. Осы ұрыста рота командирi саптан шықты. Осындай сын сағатта Зоя үлкен батылдық iстедi. Ол бәрiне тым жауапты қызмет жүктедi. Ұрыста ротаны басқарды.

Батыр қыздың ерлiгiн көрген полковник:

– Жарайсың, Зоя! Ерлiгiңе Отаның риза! Өркенiң өссiн! – дедi. Осы ұрыстағы ерлiгi үшiн Зоя Досбергенова "Қызыл жұлдыз" орденiмен наградталды".

Бiрiншi Прибалтика майданының "Жауға қарсы аттан" газетiнiң 1944-1945 жылғы сандарында майдан шебiнде жүрген қазақ қыздарының есiмдерi жиi кездеседi. Соның бiрi Белоруссия мен Литва, Польша жерлерiндегi қатты соғыстарда болып, ақыры Фашистiк Германияға бұзып өткендердiң iшiнде болған Баян Байқожина.

Жан ұшыра арпалысқан немiс-фашист әскерлерi Шығыс Пруссияда мықты бекiнiс шебiнде болды. Осындай бiр берiк қамал Гинденбург қалашығында да жасалған. Баяндардың бөлiмi осы кiшкене қаланы алу үшiн ұрыс жүргiздi. Екi мерген – Баян мен оның қарулас жолдасы сержант Иван Вараксин – қала шетiндегi бiр биiк үйдiң тасасына отырып алып, дұшпанның солдаттары мен офицерлерiн, әсiресе пулеметшiлерiн бiреулеп құрта бердi. Бiр кезде жақын жарылған снарядтың жарқыншағы Баянның бетiне келiп тидi. Оның омырауына қарай саулаған қанды көрген командир:

– Байқожина, тез санбатқа барыңыз, – дедi.

– Оқасы жоқ, командир жолдас,бұл ауыр жара емес қой, – дедi де, Баян қалтасынан бинттi алып, бетiндегi жарасын өзi таңды да, ұрысты жалғастыра бердi. Бiздiң жаяу әскерлерiмiз жау шебiн атқылауға көтерiлген кезде Баян да орнынан тұра жүгiрiп, "уралаған" айғаймен алдыңғы сапқа барып араласты. Бұл ұрыста Баян он бес немiстi өлтiрдi. Оның Гинденбург үшiн ұрыстағы ерлiгi де лайықты бағаланды. Байқожина “Отан соғысы” орденiмен наградталды. Баянның сондағы шайқаста көрсеткен ерлiгi жөнiнде "Правда" газетi жазып, қарапайым қазақ қызының есiмiн дүние жүзiне таратты.

Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының бұрынғы "Қызыл Диқан" колхозынан майданға өз тiлегiмен аттанған Майра Қанатова шынайы ерлiктiң үлгiсiн паш еттi. Бiр ұрыста қарсы жақтың күшi нашарлағанын байқап дандайсыған немiстер винтовкадан атқан оққа тоқтамай, тiке шабуылға көшедi. Аралары жақындай түседi. Жау 100 метрдей қалғанда ер жүрек медбике Қанатова иесi қаза тапқан пулеметке отыра қалып оқ жаудыруға кiрiседi. Жауынгерлерге: "Серпiлiңдер, немiстер қазiр-ақ жер жастанады!" деп айқайлап күш бердi. Ақыры, немiстердiң шабуылы тойтарылып, позиция шебi бұзылмай қалады. Асқан батылдығы үшiн сержант М.Қанатова "Ерлiгi үшiн" медалiмен наградталды.

Батыс Қазақстан облысында туған Нұрғаным Байсейiтова – соғысқа өз еркiмен сұранғандардың бiрi. 1942 жылдың сәуiр айында Мәскеу радиомамандар дайындау мектебiне курсант болып қабылданады. 1943 жылы ол Белорус майданы штабының тапсырмасымен сегiзiншi партизан бригадасының радисткасы ретiнде жау тылына жiберiледi. 1943 жылғы тамыз айынан 1944 жылғы шiлденiң 15-iне дейiн осы бригадада үздiк қызмет етiп, "Қызыл Жұлдыз" орденiмен наградталды.

Қызылорда облысының тұрғыны Торғаш Жұмабаева соғыс басталған кезде Минск облысында жау тылында қалып қояды. 1943 жылы желтоқсан айында Минск облысындағы "Большевик" партизан отрядына кiредi. Жетi шайқасқа қатысып, ерлiктерi үшiн "Ұлы Отан соғысының партизаны" медалiне ие болады.

Соғыс басталған жылы Мәриям Сырлыбаева Алматыдағы медицина институтын бiтiрiп шықты. Ол Алматы маңында құрылып, әзiрлiктен өтiп жатқан қазақтың ұлттық 100-шi атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барды. Бiраз күннен соң бригада майдан шебiне аттанды. Ол Калинин майданына жөнелтiлдi. Мәриямға әскери-медицина қызметiнiң капитаны атағы да сол кезде берiлген. Бригада бiрден-ақ ұрысқа араласып кеттi. Соғыстың аты – соғыс. Талай адам жараланып, талай боздақ оққа ұшты.

Даңқты 100-шi қазақ атқыштар бригадасының қатарында әскери дәрiгер Мәриям Сырлыбаева Невель түбiнен бастап Польшаның Сопот қаласына дейiн барды. Белоруссияда Брест қамалын алуға қатысып, Польшаның Торн, Тухель қалаларын жаудан азат ету соғыстарына қатысты.

Сұрапыл соғыстың дәл ортасында болып, талай-талай жаралы жауынгерлердi шайқас алаңынан алып шығып, шипагер болған, 15 әскери наградалардың иегерi майдангер дәрiгер Мархаба Түкiбаева өз естелiгiнде: "Бiрде айқас сәтiнде жарақатты жауынгердi жер бауырлап сүйреп келе жатқанмын. Тура жанымызда жарылған снаряд онсыз да жаралы жауынгердi маған қоса 7-8 қадам жерге лақтырып жiбердi. Артынша алғы шеп аласапыранында жүрiп бетiмдi жерге берiп, қимылсыз жауынгерге жете бергенiм сол едi, басым айналып, көзiм қарауытып кеткенi. Сөйтсем, жау мергенi атқан оқ сол жақ бетiмнен тиiп, ауыз iшiн тесiп өтiп, сол жақ иегiмнiң астынан шыққан екен. Тағы бiрде бомба жарықшағы көкiрегiме тидi. Одан соң екi рет жараланғаным бар. Мұндайларды әдетте "көйлекпен туған" дейдi ғой.

Сол 1945 жылдың мамырында Гитлердiң соғыс бойы тасалап, өзiнiң қатыгез жоспарларын жүзеге асырып отырған өз кабинетiнде болудың сәтi түстi. "Құзғындар ұясына" жеткендер қолына түскен дүниенiң кез-келгенiмен қабырғаға өз автографтарын қалдырып жатты. Ел қатарлы мен де ағаш күйiгiмен:

"Қазақ қызы Мархаба Түкiбаева Берлинге жеттi. Талдықорған-Алматы-Москва-Берлин. Май, 1945".

Соғыстан соң Мархаба апай туған жерге оралып, бейбiт еңбекке араласқан, ол өз мамандығы саласында жемiстi еңбек еттi.

Халқымыздың осылардай қаһарман қыздарының ерлiк iстерiн толық баяндау түгiл, есiмдерiн түгел атап шығудың өзi, әлбетте, мүмкiн емес. Олар жүздеп, мыңдап саналады. Ал майдандық газеттерден алынған осы бiр қысқаша деректердiң өзi де тұтас алғанда, Отан үшiн ұлы шайқасқа қатысқан кеңес әйелдерiнiң, соның iшiнде қазақ қыздарының да, рухани ғажайып күштiлiгiн, мызғымас табандылығы мен ер жүрек батылдығын айқын көрсетедi. Олардың сәулеттi болашақ үшiн күресте көрсеткен ерлiгi мен жанқиярлығы соңғы ұрпақтарға тамаша үлгi болып қала бермек.

Адамзат ауызбен айтып жеткiзу қиын алапат қырғынға ұшыратқан екiншi дүниежүзiлiк соғыс салған жарақат пен қайғы-қасiрет, Отан үшiн құрбан болған асыл ер азамат, ұл мен қыз ерлiгi мәңгiлiкке ұмытылмақ емес. Олардың ерлiк шежiресi ұрпақтан-ұрпаққа асылдардың асылындай сақталып, терең мағыналы жыр болып жетедi, жырлана бередi.

Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы