Жаңалықтар

АҒАЙЫНДЫЛАР

ашық дереккөзі

АҒАЙЫНДЫЛАР

– Мына әйелдiң қазiр менiң көзiмше көзiн құрт, бұл саған опа бермейдi деп едiм, ағам көздi-ашып жұмғанша жүк машина тауып келiп, жеңгемнiң дүниелерiн тией бастаған едi, көршi-қолаң келiп, әрең тоқтатты – Ырысбике құрбысы өткен жолы ауылына барып келгендегi әңгiмесiн айта бастады.

– Ағаңа ажырас десең ажырасып кете бере ме? – Күлдән таңдана сұрады. – Бiз бiр тұқымнан айналдырған үшеумiз. Әке-шешемiз ерте көз жұмды. Ағаларым көңiлiме қатты қарайды. Менiң де олар десе шығарда жаным бөлек. Ағаларымды қимағандықтан ба, әлде солардың көңiлiнен шықпай қалады деп қорықтым ба, жiгiтпен де жүрген емеспiн. – Тосындау екен. Ынтымақты, бiрлiктi болған жақсы. Ағаларыңа өмiр бойы жабыспайсың ғой, әркiмнiң өз тағдыры бар емес пе, – Күлдән жүрегiндегi қырық жамау мұңды айтуға қысылып, әңгiменiң арнасын басқа тақырыпқа бұрғысы келген, Ырысбике ағасын сағынды ма, өз үй-iшi туралы әңгiменi жалғастырып кеттi. – Тете болғандықтан ба, үшеумiз ешкiмдi қоспай өз-өзiмiзбен үйшiк ойнайтынбыз. Сонда деймiн-ау, үлкен ағам ауырып, екiншi ағам "Жедел жәрдемнiң" дәрiгерi болып, ал мен абалап ит болатынмын. Сол өмiр үлкейгенде де қайталанған секiлдi, үлкен ағам аурушаң, әлсiз, екiншiсi бәрiмiзге қамқор, ал мен… шынында солардың есiктерiндегi мейiрiмдi иттерi сияқтымын. – Ырысбике мұны асқан бiр көңiлдiлiкпен, ойнақылықпен, жылылықпен айтты. Ол өмiр мұхитында тасбауырлық деген қаработана толқындар бар дегенге сенбейтiн жан. Күлдән Ырысбикеге сол үшiн қызығады, кейде оның елжiреп тұрған жүрегiн қызғанады да. Бозала таңда ақ боз атқа мiнген Қыдыр Iлияс адамдар арасына ынтымақты алып келе жатып, алдымен осы Ырысбикелердiң үйiне кiрген-ау, шамасы… Күлдән да ағайынды үшеу. Неге екенiн қайдам, бұлар бiрiгiп үйшiк ойнап көрмептi. Тату болмағандықтан емес, ойынға онша ықыластары болмады-ау өздерiнiң. Сабақты шетiнен жақсы оқыды. Айтақынның салған суреттерi, Жұматайдың өлеңдерi мектеп тақтасында тұратын. Күлдән ағаларын мақтан тұтатын. Бәрi кейiн басталды. Есейген соң. Күлдәннiң шыққан күйеуiн бауырлары ұнатпады. Жоқ, одан бұрын араларын бiр суық аралап өткен. Жұматай, үйдiң, ауылдың үмiт күтiп үкiлеп отырған баласы, оқу бiтiрген соң өзiнен үлкен балалы келiншекке үйленiп, үй-iшiнiң көңiл-күйiн бұзып жiбердi. Ауыл iшiнде жыбырлаған сөз көбейдi. Әкесiнiң қабағы түсiп, шешесi ауырып қалды. Жас жiгiттiң балалы әйелдi жақсы көруi мүмкiн еместей көрiндi елдiң бәрiне. Өзiнiң класындағы Бәтiш қандай жақсы көретiн едi Жұматайды. Елжiреп өлеңдерiн жатқа оқитын. Онымен әңгiмелесу үшiн үйiрiлiп жанынан шықпайтын. Екеуi қатар жүргенде қандай жарасушы едi… Бала жетектеп келген жеңгесi де сұлу. Саусақтары сүйрiктей, бiлегi аппақ, жұп-жұмыр. Мөлдiреген бота көзiн қалың кiрпiгi көлегейлей бередi. Бетiнiң бiр жағындағы қалын иығына түскен қалың шашымен жауып, жұрт көзiнен жасыратын секiлдi. Осы әдемiлiктi мұздай сiрестiрiп көрсететiн қабағында бiр ызғар бар. Күлдән содан тiксiнедi. Жеңгесi келгелi осы үйден комсомолдың белсендiсi Байбала шықпайтын болды. Сөйлеп тұрып та, шай iшiп отырып та көзiмен жеңгесiн iшiп-жейдi. Оңашалап бiр нәрсе айтқысы келедi. Ондайда жеңгесi сылаңдап, сынықсиды да қалады. Күлдәннiң iшi қайнайды. Бiр нәрсеге бiр нәрсенi ұрып қап даңғыр еткiзедi. Сезiмге берiлгендер естерiн жияды. – Осы қызды, жеңеше, неге ұл ғып тумадыңыз, қызға бiткен бейнеуi жоқ, – Байбала жылпың етiп әңгiменi Күлдәнға аударады. Шешесi көз алдындағыны ғана көредi. Мысқалдай қулығы жоқ. Байбала бастаған әңгiменi жалғастырып кетедi. – Осы өстiп, жердiң құртындай болып алып тарылады да қалады. Айтуын айтамын-ақ, кең болсаң кем болмайсың деймiн. Құлақтары киiз ғой бұлардың, айтқан сөз қайда кетiп жатқанын бiлмейсiң, – шешесi iшiндегiсiн бiрiнен кейiн бiрiн шығарып жатыр. Мыналардың кейпiн көрiп Күлдән өз-өзiнен долданады. Iшiн бiр нәрсе тырналап, жылағысы келедi. Есiктi тарс жауып, сыртқа кетедi. Есiктiң екпiнiмен босаға солқылдап, бос топырақ жерге төгiледi. Күлдән iшiндегi дүлейiн басу үшiн есiк алдында өсiп тұрған алма ағашының басына өрмелеп шықты. Салмағымды көтередi-ау, деген бұтаққа мығымданып отырды. Әлi пiсе қоймаған алманың бiреуiн жұлқына жұлып алып аузына апара бергенде, жеңгесiнiң кiшкентай баласы далаға жүгiрiп шыққанын көрiп, қолындағы алмасын бар ашуымен сол тұсқа қарай жiберiп қалған. Тастай алма шекесiн жарып, титтей бала талықсып кеттi. Дәл осы жолы әдейi iстеген жоқ. Байқаусызда, ашуын тежей алмай қалған. Алма ағашының басындағы Күлдәндi көрген шешесiнiң тiл-аузы байланып қалды. Жеңгесi сұп-сұр болып тiстенiп алған. Мұның бар-жоғын елең қылмайтындай. – Мен байқаусызда… бiлмей қалдым, – деп мiңгiрледi Күлдән. – Бiлмей бит бассын сенi, мүләйiмсуiн қаншықтың, – шешесi қолына түскен солқылдақ көп шыбықпен тартып-тартып жiбердi. Күлдәндi аямады. Осы даудың үстiне ағасы келiп қалған. Шешесi жасырып-жаппай Күлдәндi сондай бiр жексұрын етiп айтып шықты. "Байқамай қалыпты" деген жоқ. – Бұған салса үйге адам кiргiзбейдi. Ана Байбала келiп едi тасыраңдап, үйдi төңкерiп кете жаздады ғой, – деп шешесi әңгiменi тiптен қоюлатып жiбердi. "Ана Ажанның шешесi қызының әр қылығын жуып-шайып, жiбiн жатқызып жiбередi, менiң шешем неге өзi жар салып айтатын болды екен". Күлдән шешесiне тесiрейе қарады. – Бетiң тiлiңгiрдiң бетпақтануын қарашы, – осыны айтып шешесi бұрқылдап үйге кiрiп кеттi. Бүгiнгi дау аға мен жеңгенiң үйден кетуiне жақсы себеп болған секiлдi. Буынып-түйiнiп алыпты. – Ойбай, бұл не қылғандарың? Қара бет қылмаңдар жұртқа менi. Ол қаншықты бауызда десеңдер бауыздайын көз алдарыңда, – шешесiнiң даусы айқайға ұласып кеттi. Үн-түнсiз тұрған әкеге де, алдарында көлденеңдеп жатып алған шешеге де қарамай Жұматай ағасы, жеңгесi, алма шекесiн жарған кiшкентай баланы ертiп үйден шығып кеттi. Үйден шығарда ағасы бұған тесiле ұзақ қарады. Сөйлемей ықтырғысы келген. Сәлден кейiн мырс еттi де, бұрылып кеттi. Күлдән құлағынан ендi қиқу кетпейтiнiн бiледi. Шешесi басындағы орамалын жұлып алып, шашын тарқатып жiберiп, бетiн тырнап қанын сау еткiздi де, жердi төмпештеп жiбердi. – Мен бала емес, пәле тауыппын, – дедi өз-өзiнен алқына. Күлдән бiр алманың бiр шаңырақты осындай абың-күбiңге түсiрерiн, шындығында да аңғармай қалған. Тез қарамды батырсам екен. Күлдән өскен сайын өзiн осы үйге керексiз жандай сезiнедi. Көз көрмес, құлақ естiмес жаққа кетiп қалғысы келедi. Мектеп бiтiре салысымен көршi ауылдағы бiр-екi рет сөйлескен жiгiтке тұрмысқа шықты. Сезiмсiз, күйдiм-жандымсыз-ақ. Момын жан. Момынның да елге сүйкiмдi, сүйкiмсiзi болады екен. Күйеуi сөлбiрейiп қалған. "Тұр!" деген жерiңде екi күн тұра бередi. "Неге тұрам?" деп сұрамайды. "Отыр!" десең, тiсiнiң кетiк тұсына сұқ саусағын тығып-ап отыра бередi. "Мейлi, қақ-соқпен iсi жоқ, маңдайыма жазылғаны осы болар" деп, Күлдән iштен тынады. Жұматай келiншегiнiң төркiнiне кетiп қалған. Әке-шешесiмен анда-санда хабарласып қояды. Айтақын әскерден өзгерiп келдi. Салған суреттерiн жинап алып өртеп жiбердi. Есiл-дертi – карта ойнау, арақ iшу. Әке-шешесiнiң еңселi үйiн ойынханаға айналдырды. Күлдән үндемеуге дәтi шыдамай, арнайы келген. Сол баяғы жын-ойнақтың абыр-дабыры. Долылық қысып тұратын айбынды шеше мүжiлiп қалған. Әкенiң де ұнжырғасы түсiп кеткен. Өз баласының алдында өздерi шарасыз. – Айтақын,мыналарды тый. Болды. Еркеледiң. Жеттi ендi, – Күлдән әр жақтан жиналған ойыншылардың ортасына кiрiп барған. "Жиырма бiр" ойынының қызығына кiрiсiп кеткендер бiреу бiзге сөйледi-ау, деп мыңқ еткен жоқ. Бәрiнiң көзi – ортадағы үйме ақшада. Айтақын бетiне бiр қарап: – Өз жөнiңдi жөндеп ал, – дедi. – Менiң жөнiме не болыпты? – Күлдән ызадан булығып қалған. – Айтсам, алдымен ана мал күйеуiңдi тый. Асыл ағаның қызын екiқабат қылып қойыпты. Содан кейiн барып елдiң жөнiн түзе, – Айтақын қолындағы "очко" шыққан үш картасын үстел үстiне тастап, үйiлген ақшаны өзiне қарай сыпыра бергенде, Күлдән үстелдi төңкерiп жiбердi. Үйме ақша әр жаққа шашылды. Айтақын сұрланып барып, мырс еттi. – Шындық – қашанда осылай ащы болады. Айтақын жеңер ақыға өтiрiк айтып тұр деп ойлаған. "Аузың қайсы?" десе саусағын танауына тығатын күйеуi қалай қызды екiқабат қылады? Мүмкiн емес қой. – Жеңгеңнiң баласына күн көрсетпей қуып шыққанда өзiңдi ойладың ба? "Келер кезек, терерсiң тезек" деген боқ дүние осы, – Айтақын ақшаларын жинап, ойыншылармен бiрге шығып кеттi. Ерегесiп, қазбаланып тұрып алатыны бар едi, бұл жолы ақша ұтқанына көңiлi көтерiлдi ме, өйтпедi. Ашу қысқанда қайраттанып кететiнiң болады ғой, Күлдән сол қарқынмен үйдiң iшiн қағып-сiлкiп, тазартты. Мал қораның қиын тазалап, есiктiң алдын айнадай етiп сыпырды. Шешесi жанына келiп: – Сенiң күйеуiңдiкi не қылық, бүкiл елдi дүрлiктiрiп? Өткен жолы қайнағаның үйiндегi жеңешем келiп, сотқа беремiз деп кеткен, – дедi бөтен бiреу туралы айтып тұрғандай. Күлдәннiң бiр бықсыған әңгiменiң бар екенiне ендi көзi жеткендей. Айтақынның Асыл аға дегенi – әкесiнiң туған iнiсi. Мектепте жақсы оқығаным зая кетпесiншi деп Алматыға сырттай оқуға тапсырған. Үйде бала-шағаға бас-көз болуға Асыл ағаның қызын қалдырған. Әңгiме сол кезде басталған-ау шамасы. Iшi күйiп тұрғанда шешесiнiң табалағандай болған әңгiмесi ширықтырып жiбердi. – "Шешесiн көрiп, қызын ал" деген, шешең долы екен, қит етсе сүтiн көкке сауып қарғап-сiлейдi, қайтып көгерiп, көктеймiн, Асыл ағаның әйелi ақылды, соның қызын аламын деген соң рұқсатымды бергенмiн, – дедi шешесiне бедiрейе қарап. – Пiшту, менiң долылығымнан садаға кетсiн, – шешесi кiлт бұрылып үйге кiрiп кеттi. Күлдән сырттағы орындыққа отырып үнсiз егiлген. Неге, неге бұлай? Ендi күйеуiмен қалай бiрге тұрады? Ажырасып кетсе ше… Бiлмегенсiп, естiмегенсiп жүре берсе ше… Оған Күлдәннiң шыдамы жетпейтiнi анық. Жанына әкесi келдi. Тоқетерiн айтатын бiртоға кiсi. – Балам, баяғы заман болса ат құйрығына байлап жiберетiн-ақ қылық. Бұл серiлiк те, жiгiттiк те емес. Тексiздiк. "Кел" демеймiн, "кет" демеймiн. Өзiң шеш. Бұл – әкенiң араласатын iсi емес. – Әке, осыншама күйетiндей не жазып едiм. Апам қит етсе сүтiн көкке сауып, қарғап-сiлеп ала жөнеледi, сондықтан шығар, өмiр жолымның ирелеңдеп кеткенi. Күйеуге шыққанда терiс бата берiп, төрден есiкке домалап, шашын жұлып едi ғой, соның кесiрi тиген шығар маған. – Күлдән әкесiнiң тiзесiне басын қойып өзiн-өзi тоқтата алмай жылады, – сiз менi қарғап жатқанда бiрде-бiр рет апамды тыйған емессiз, үн-түнсiз естiмегендей отыра бересiз. Неге? Әлде өгеймiн бе? – “Шеше қарғысы – боқ” дейдi ғой, қарғам. Өгейi жоқ, қағайы жоқ өз баласы. Мiнезi сол болса қайтесiң, – әкесi шарасыз екенiн ұқтырды. Күлдән кiшкентай екi қызын алып кетуге барған. Күйеуi төсектiң үстiнде басын екi бұтының арасына кiрiп кететiндей салбыратып ұйықтап отыр екен. Қарағысы келмедi. Мыж-мыж болған бетi түрiн сыйықсыздандырып жiберiптi. Күлдән күйеуi сөйлер, ең болмағанда кешiрiм сұрап, ақталар деп ойлап, сәл кiдiрген. Отырған жерiнде омпиып отырды да қойды. Осыдан бiр апта бұрын аудандық газетке жұмысқа тұрғанда Күлдән ерекше бiр қуанған. Өлеңдерiн жұрт жақсы қабылдапты. Сол сезiм қанаттандырып, ұсақ-түйек ренiштерi есiнен шыққандай болып едi, "сен көңiлденуге тиiстi емессiң" дегендей бiр мұңнан кейiн бiр мұң жiгерiн езiп жiбердi. Күлдән өз үйiне сыймайтынын бiледi. Айтақынмен күнде тақасып, шешесiнiң ащы сөзiн ести беруге шамасы жетпейдi-ау. Бiрақ барар жер, басар тауы жоқ. Амалсыз "күйеуден қайтқан қыз" атанып, үйiне келдi. Алғашында қаймығып, көршiлердiң көзiне түспеуге тырысатын. Адамның оған да бойы үйренедi екен. Ақырындап өз үйiнiң тiрлiгiн қолына ала бастады. Екi қызын шешесi қатты бөлектеп, түртпектейдi. "Қаны жаман, тұқымы нашар" дейдi. Сыртқа бiлдiрмегенмен, үй iшi ырың-жырың. Бiрде Жұматай келген үйге, бала-шағасымен. Көптен берi көңiлсiз болып қалған үй-iшi айра-жайра қуанысты. Самайынан ақ шашы бұрқырап шешесi жаңа сойған қойдың iшек-қарнын тазалады, әкесi бүкшеңдеп сыртқа от жағып, төстiк қақтады. – Қайтарларында бiр жылқы сойып берермiн, – әкесi Күлдәнмен ақылдасқандай сұраулы жүзбен қарады. Бұл қабағын түйiп, кiржiң ете түстi. "Керегi жоқ" – дегенi. – Балам, тарылма, – дедi. – Жаз шөбiңе, қыс көмiрiңе көмектесiп жiберейiкшi деп бiр рет ниет бiлдiрдi ме, балаларың? Менiң күйеуiм едi ғой жаз бен қыста мал күтiмiне қарайтын. Жандарына Жұматай келдi. Әке мен қыздың әңгiмесi үзiлдi. Қорадағы 50-60 қойды, 5-6 жылқыны көрген бауыры: – Қартайғанда жандарыңды азаптап не iстейсiңдер, қазiр базарда бәрi бар, сатып аласыңдар, – деп тып-тыныш тұрған жерде ақыл айтып, жын қоздырды. – Сендер бағып жатқан жоқсыңдар ғой, – Күлдән бұлардың жылына бiр рет келгенде өздерi бiлмейтiн жұмысқа араласқанын жек көредi. – Дем алсын, қора тазалап, боқ шығарып жүргенi ұят емес пе? – ағасы қолын қалтасынан шығармай бұған сығырая қарады. Сығырайғаны – мысқылдағаны. Күлдән ағасының осы қылығын жек көредi. – Сатылмайды, күнi бойы өздерiне ермек, үйде бос отырса iшқұса болады, – Күлдәннiң қаны қызып әңгiмеге араласқан. Бұлардың бәрiнiң мiнездерi осындай қызба. – Iшқұсасы несi, теледидардың алдында, жылы үйде, тамақтарын дәмдiлеп iшiп, демалсын, – ағасы қамқорси сөйледi. – Сенiң нең кеттi, отыр ғой өздерiмен өздерi, боқ шығарса, қора тазаласа өздерiнiкi. Өздерiне ұнайды. Қайта бiзге айта алмаған сөздерiн малдарына айтып, iштегi запырандарын шығарады. – Күлдән әңгiмеге бiр кiрiскеннен соң қайтпайды. – Айта алмай жүргендерi болса айтсын, тыңдайық, – ағасы бұған сығырая, сынай қарайды. Әке мен шеше ұлдың алдында құрдай жорғалап, екеуiне жалтақ-жалтақ қарап, сөзден дау шығып кетпесе екен деп бүгежектейдi. Күлдәннiң оған тағы жыны келедi. – Артынан жыбырлағанша айтыңыз көзiне, өтi жарыла ма, бетiне ешнәрсе айтпаған соң менiкi жөн екен деп дандайсып кеткен – Күлдән өзiнiң есейiп, жөн-жосықты бiлiп қалғанын аңғартқысы келдi. – Ешкiмiң де басымызға ақ тас пен көк тас орнатпай-ақ өз тiрлiктерiңдi дұрыстаңдаршы. Сендерге жақсы болса, бiзге жақсы. Болды. Сөз таластырмаңдар. – Әкесi даусын қаттырақ шығарып, екеуiн де басып тастады. – Ақиқат пен шындық iздеген соқырлар құсамай, бiрiңнiң сөзiңе бiрiң иiлсеңдершi. – Сонда соқырлардың ақиқаты қандай екен? – ұл түк болмағандай әке бетiне қарады. Жасанды салмақтанып тұр. Әлде Күлдәнға солай көрiне ме. – Бiр патша елiндегi бар соқырды жиып, оларға пiлiн көрсетедi. Соқырлар қораға барып бiрi аяғын, бiрi құйрығын, бiрi қарнын, бiрi арқасын, бiрi құлағын сипалайды. Патша соқырларды қайтадан шақырып алып: "Менiң пiлiм қандай?" – деп сұрайды ғой. Сонда пiлдiң аяғын сипаған соқыр: "Сенiң пiлiң тiреудей екен" – дейдi. Ол сөзге өзгелерi қарсы шығып, сол жерде керiсiп, дауласып, бiтiспестей болып тарасыпты. Мен ақиқатты, шындықты ғана айтамын дейтiндердiң көбi – осы пiл сипалаған соқырлар секiлдi. Сендердiң бiр-бiрiңе ең болмағанда торғайлық паналарың болсын да, – әкесi ары қарай сөйлеуге шаршағандай үнсiз бұрылып кеттi. Бұлар да жан-жаққа тарасты. Жұмысқа сәл кешiгiп келсе, бастығы iздеп жатыр екен. – Сiздiң үстiңiзден арыз түсiптi, – дедi бетiне барлай қарап. Бұрмалап ешнәрсе жазбаған секiлдi едi, тағы не боп қалды екен? – Кiмнiң бақшасына тас лақтырдым екен? – Күлдән шыдамсызданып кеттi. – Күйеуi қыз зорлаған, өзi отбасы бар еркектермен жүредi. Сондай адамның аудандық газетте iстеп, мораль тақырыбына мақала жазуға құқы бар ма? – дептi. Күлдән өзiне жағылған жалаға алдымен күлген, сәлден кейiн сөздiң мәнiн ұққанда есеңгiреп қалды. – Күйеуiмнен кетiп қалғанмын, сондай оқиғаның болғаны рас, – дедi басы шыңылдап, көзi суырыла шаншып. – "Аудандық газет байға тимеген, байдан ажырасқан қатындарды жинап алып, былығып отыр" деп маған да тиiсiптi, – бастығы шарасыз кейiпте терезеден сыртқа қарады. – Кiм жазыпты? – Тамара деген бiреу. Iшiнде сенiң ағаңның да аты-жөнi жүр. Әлде бiреулер әдейi ұйымдастырды ма екен… – бастық өз-өзiмен сөйлесiп кеттi. Күлдәннiң тынысы тарылып, көзi қарауытты. Сөз ұқпай меңiрейiп қалды. Тамара – жеңгесi. Бұлары несi? Көрiп-бiлiп отыр ғой. Жүрiс-тұрысы елдiң алақанында емес пе? Осылайша жан күйдiруге бола ма? Туған ағасының жазуы мүмкiн емес қой. Ақылға сыймайды. Бұларды бiреу арандатып жүр ме? Әлде жеңгесi баласының шекесiн жарған алманы әлi ұмытпаған ба? Әке-шешесi естiсе не болады? Шешесi долылықпен ашуын сыртқа шығарып алар, әкесiнiң жүрегiне салмақ түсiп кетедi ғой. Күлдән бұл туралы ешкiмге тiс жармауға бекiндi. Газеттен кетейiн деп едi бастығы "дәл қазiр кетсiн деп жатқан ешкiм жоқ, уақыт көрсетер, сабыр етейiк!" деп қойған. Бұл да дұрыс болды, газеттiң қарбалас жұмысымен алаңдап, кейде бұл оқиға есiнен де шығып кетедi. Бiрде туысының қызы телефон соғып, амандық-есендiктен кейiн: – Күлдән, саған не болған, ағаңның үстiнен арыз жазып? – деп аңтарыла сұраған. – Арызы несi, қай ағамның үстiнен жазыппын? – Күлдән шошып кеттi. Шынымен, бұларды өзара қырқыстырып, арандатып жүрген бiреу бар деп ойлады. – Жұматайдың әйелi Тамара ағайын-туыстың бәрiне солай айтып жүр ғой. – Сендiң бе? – Сенбегеннен кейiн сұрап тұрғаным ғой. Бәсе, не болған саған деп ойлап едiм. – Туыс қыздың, көңiлi орнына түскендей. Күлдәннiң жүрегi атқақтап аузына тығылды. "Мына қатынға не iстесем екен, а?!" деп ойлады. Барып астаң-кестеңiн шығарса ғой. Осы салдақының кесiрiнен ағасының үш баласы мұны көрсе кiрпiдей жиырылады. Не iстедi бұл оларға? Әйелдiкi әйелдiк екен, ағасына не жорық?! – Күлдән деймiн, сол Жұматай ағаң соңғы кезде бiртүрлi меңiрейiп қалған ғой, байқайсың ба? Ана қатыны соны оқытып қойған жоқ па екен? — дейдi, менiң апам, – туыстың қызы тағы да бiрнәрселердi айтып жатты. Оны тыңдауға мұның әл-дәрменi қалмаған. Сылқ етiп отыра кеткен. Сол жақ қолы жансызданып бара жатқандай. Адамның басына лезде қандай ойлар келедi десей-шi. Екi кiшкентайын ешкiмге көзтүрткi еткiсi келмейдi. Өз-өзiн сабырға шақырып, iшкi дүниесiн тыныштандырды. "Қай-қайдағы жаман ой қайдан келдi басыма. Аман болсын. Қайсысының аузына қақпақ боламын", – дедi өзiн өзi сабырға шақырып. Дегенмен iшiн өксiк қысып, жаны өз-өзiнен албұртып тұрған. – Күлдән, қарағым, үйiңнен жаманат хабар алып тұрмыз. Машинамен барарсың, – бастығы бұған аяй қарап, әңгiменi созбай жылдам шығып кеттi. "Әкем бе, шешем бе? Басымыз бiр қазанға сыймай жүргенде бұл да бiр сын болды-ау. Үшеумiз үш жаққа тартып, ел алдында ұятқа қалмасақ болды". Үйде әкесi де, шешесi де отыр. Екi кiшкентайын iздеген. Олар да қоңқиып жүр. Құдайым-ау, сонда кiм болғаны? – "Жұматай асылып қалыпты" дейдi. Бiрақ асылған адамға ұқсамайды. Бетiнiң дала-даласы шыққан. Өлтiрiп алып асып қойған секiлдi, – Айтақын "ендi қайтемiз" дегендей бұған қарады. – Сонда кiм өлтiредi? – Тамараның артынан ерiп келген баласы. Iшiп алғанда "мен сенi түбi өлтiрем" деп отыратын. – Астапыралла. Ашу үстiнде, жындылықпен айтылған сөз болар. Жұматайдың үйiнде ел-жұрттың қарасы көп екен. Тамара бұған әлденеден секемдене, үрейлене қарады. Ағасы жатқан жерге кiрген. Бет-аузында әлдебiреудiң зорлығын ауырсынған кейiстiк бар. Тiзерлеп отырып, бетiнен сипады. Иығынан құшақтады. Жүрегi елжiреп, көзiнен жасы моншақтап төгiлдi. Жұматай өлең жазып, Айтақын сурет салып жүргенде үшеуi қандай тату едi. Мектептiң "Құрмет тақтасында" үшеуiнiң суретi қатар iлiнiп тұратын. Мұғалiмдер "Жақсылықовтардай оқыңдар" дейтiн. Ауылдың үлкендерi "Марқаның үш баласы – үш алтын асықтай" деушi едi. Сол өнеге, сол татулық қай күнi шытынады? Соңғы кезде бiр-бiрiмiзбен мүлде әңгiмелеспей кетiппiз ғой. Iшiнде не кеттi екен, Жұматайдың?.. Әкесiнiң кейiп тұрып: "Бiр-бiрлерiңе торғайлық паналарың болсын да" дегенiн неге жүректерiне ұялатпаған. Күлдән орнынан тұра бергенде, Айтақын жанына келiп жұбата құшақтаған. Көзi қып-қызыл. Бiр-бiрiнiң жүрек дүрсiлiн анық естiдi. Елжiреп, егiлiп тұр екен. Дiлдәр МАМЫРБАЕВА