ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ҚАРАКӨЗ САҚШЫЛАРЫ
ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ҚАРАКӨЗ САҚШЫЛАРЫ
Қазақ телевизиясы отандық бағдарламаларға тұнып-ақ тұр. Шетелден көшiрiлген бағдарлама дейсiз бе, шоу дейсiз бе, ресейлiк бағдарлама дейсiз бе, таң бозара атқаннан, кеш батқанға дейiн көкжәшiктен жаныңызға керектiң бәрiн табасыз. Десек те бүгiнгi таңда ұлтымыздың төл тiлiн ұлықтап, тiлдiң жайын тайсалмай жеткiзетiн бағдарлама кемде-кем. Тiптi, жоқ десек те қателеспейтiн шығармыз.
"Алматы" телеарнасының "Тiл сақшысы" бағдарламасы елiмiзде мемлекеттiк тiлде жазылған әрбiр сөздiң қателiгiн тауып, қазақ тiлiндегi қисық терминдердi түзетудi мақсат тұтады. Тәй-тәй басып келе жатқан бағдарлама 3 ай iшiнде көрерменнiң көзайымына айналғаны да жасырын емес. Ең қызығы, тiлдiң сақшылары әдеттегiдей ер адам емес, асыл жанды арулар. Мереке алдында қаракөз қыздарымыз, "Тiл сақшысының" жүргiзушiсi әрi редакторы Гүлнар Амангелдi мен бағдарлама режиссерi Гүлмира Бөбешiковамен сұхбаттасудың сәтi түстi.
— "Тiл сақшысы" қазақ телевизиясындағы қазақ тiлiнiң мұңын мұңдап, жайын айтар бiрден-бiр бағдарлама. Жалпы бағдарламаны дүниеге әкелу идеясы қалай туды және нелiктен бағдаралама "Тiл сақшысы" деп аталады?
Гүлнәр Амангелдi: – Менiңше, бұл бағдарлама көптен берi халықтың көкейiнде жүрген идея сияқты. Қазiргi таңда қайсыбiр бұқаралық ақпарат құралдарында, газет беттерiнде тiл жайлы ой-пiкiрлер жиi жазылып та, айтылып та жүр. Сараптай келе, мұндай бағдарлама өздiгiнен сұранып тұрғанын аңғардық. Идеяның өзi өмiрден алынды десек те асылық айтқанымыз емес. Бiрде банкте кезекте тұрсам, оралман бауырымыз жан-жағына жалтақтап тұр. Қолына берiлген қағазы орысша екен, ағамыз толтыра алмай қиналып тұрғанын байқадым. Тағы бiр оралман ағамыз қазақша жазылған құжатта өрескел қателер тауып, ызаланып, өкпесiн айтты. Байқасаңыз, шетелден келген қандастарымыздың тiл тазалығы өте жақсы. Ал бiз екi сөздiң бiрiнде "уже", "давно", "сейчас" деген орысша сөздердi жиi қолданамыз. "Тiл сақшысы" төл тiлiмiздiң тазалығын қамтамасыз етуге өзiндiк септiгiн тигiзедi деп сенемiз.
Серiк Әбiкенұлы арнамызға басшы болып келген кезде, "орыстiлдi, көшiрме, сапасыз бағдарламалардың санын азайтып, өзiндiк келбетi, ерекшелiгi бар таза қазақ тiлiндегi бағдарламалардың санын арттыру керек" деген едi. Осы тұста мен бiр ұсыныс бiлдiрдiм. Мемлекетiмiздiң 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк тiлдi жетiлдiру бағдарламасы биыл өз мәресiне жетедi екен. "Тiл туралы" Заңның қабылданғанына да 20 жыл болыпты. Дегенмен қазақ тiлiнiң абыройын асқақтату жолында жасалған нақты iс-шаралар кемде кем. Туған тiлiмiзге қатысты бiр бағдарлама жасасақ деген ой келдi. Бұл ойымды Серiк Әбiкенұлы қолдай кеттi. Алғашқыда "Тiл санитары" деген бағдарламаның мақсатын, жалпы жобасын ұсынған едiм. Серiк ағамыз әрi қарап, берi қарап, терминдерге қатысты "Қисық термин" атты айдарды қосып, халыққа қызмет көрсететiн мекемелердiң жарнама парақшаларымен жұмыс жасау арқылы, төл тiлiмiздегi жазулардың қателiгiн баса көрсетудi ұсынып, бағдарламаны "Тiл сақшысы" деп атағанды жөн көрдi. Осы ой маған да ұнады. Қазiргi таңда Түркия, Франция сынды мемлекеттерде тiл полициясы бар. Бiздiң елiмiзде де тiл полициясы болғаны дұрыс деген ойлар әр-әр жерден жиi айтылып жүр ғой. Осы ойды өзiмiзше жүзеге асыру үшiн "Тiл сақшысын" дүниеге әкелдiк. Бағдарламаны жарыққа шығарар алдында небәрi он-ақ күн дайындалдық. 10 күннен кейiн бiрден эфирге шықтық. Бүгiнде көрермен қауымның "Тiл сақшысын" қадағалап отырғанына 3 ай болды.
— Көрермен демекшi, "Тiл сақшысына" көрермендер қандай баға беруде. Сiздерге хабарласып, өз ой-пiкiрiн бiлдiрiп немесе ризашылығын танытып жатқан көрермендер бар ма?
Гүлнәр Амангелдi: – Халық бағдарламаны өте жылы қабылдады деп ойлаймын. Бiзге телефон шалып, "Қаси алмай жүрген жарамызды қасып бердiңiз, айта алмай жүрген ойымызды дөп бастыңыз" деп пiкiр бiлдiретiн көрермендер баршылық. Бағдарлама халықтың көкейiнен шықса, бiз қуанамыз әрине. Себебi, бұл жалпы халықтың бағдарламасы. Көрермендерiмiз де, ел ағалары да көптеп телефон шалады. Бiрде депутат ағамыз телефон соғып, қала iшiндегi бiр мейрамхананың дәретханасында қазақтың ұлттық киiмiн киген қыз бен жiгiттiң суретiн қыстырып қойғандығын айтып, осындай есерсоқтықты доғарту қажеттiгiн айтты. Бұл ең алдымен тiлдi емес, ұлтты сыйламау ғой. Алайда ондай мекемелерге барып, “мұныңызды доғарыңыз” деуге бiздiң қауқар жетпейдi. Осындайда, "Әттең тонның келтесi-ай" деп бармағымызды тiстеймiз.
— Әдетте сақшы дегенде көз алдымызға ер адам елестейдi. Ал тiлiмiздiң сақшылары нәзiк жанды арулар. Бағдарламаны көрiп отырып байқайтынымыз сiздерге дөрекi сөйлеп, жекiрiп жатқан адамдар да болады. Осындай сәттерде "неге ғана осы бағдарламада жүрмiн" деген өкiнiштi ой мазаламай ма?
Гүлнәр Амангелдi: — Әр жұмыстың өз қиындығы бар ғой. Бiздiң түсiрiлiмдерiмiздiң көбiсi далада өтедi. Рас, кейде қақаған қыста далада жүрiп сырқаттанып жатамыз. Оның үстiне, бiз көптеген фирмалар, ұялы байланыс операторлары, сауда орталықтарының халыққа ұсынатын парақшаларын тексеремiз. Мұндай орталықтарға баса көктеп кiрiп, "сiз қате жаздыңыз" деп айтуға тағы құқығымыз жоқ. Кейде фирмалар мен орталықтар өкiлдерi жекiрiп жауап берiп, дөрекi қылық танытады. Камерамызды итерiп, қарсылық бiлдiрiп кiргiзбей жатады да. Фирма мен орталық басшыларын да түсiнуге болады. Бұл олардың жекеменшiгi ғой. Дегенмен құжаттарын тұрып жатқан елдiң төл тiлiнде жазуға құлықсыздық танытатыны түсiнiксiз. Мен сiзге бiр жағдайды атап өтейiн. Жақында ғана ашылған "Green" сауда орталығының тауарлар каталогындағы қателiктердi байқап, мамандарымыз төмен баға қойған болатын. Сауда орталығының туарлар каталогы ай сайын шығып тұрады. Осы айдың басында каталогты қайта қарасақ, тек қана орыс тiлiнде жазсақ, бiздi жайымызға қалдырады деген ойы болу керек каталогтың қазақ тiлiндегi нұсқасын мүлдем алып тастапты. Бұл қазақ тiлiн менсiнбеушiлiк емес пе? Жақында төтенше жағдайлар департаментiне барып, бiрде-бiр құжаттың қазақ тiлiнде жазылмағанын байқадық. Мұндай мекемелердiң қандай мақсатта құжаттарды қазақ тiлiнде жазбайтынын түсiне алмайсыз.
— Арнайы мамандармен байланыста болып, олардың кәсiби пiкiрлерiн де бiлiп отыратын шығарсыздар?
Гүлнәр Амангелдi: — Бағдарлама барысында арнайы мамандармен байланыс орнатып, пiкiрлерiн бiлiп отырамыз. Дей тұрғанмен ынта бiлдiрiп жатқан мамандар аз. Осы тұста сiзге тағы бiр қызықты айтайын. Терминдердi аударып, оларды жасақтайтын 14 адамнан тұратын арнайы комитет бар. Бiрде бiр терминге қатысты осы комитеттiң маманына хабарластым. Ондағы мақсатым, "таутайлақ" терминiнiң мағынасын анықтау. Бiр саятшы бұл терминдi "динозавр" деп тәржiмалаған едi. Ал әлгi маманымыз "таутайлақты" жираф деп аударып бердi. "Жираф дегенiмiз керiк емес пе едi?" дегенiмде: "А,а, солай ма екен, онда сөздiктен қарау керек" деп жауап қатты бiлiктi маманымыз. Жан-жақты iздеп терминнiң "лама" атты жануар атауының қазақша баламасы екенiн бiлдiк. Мүйiзi қарағайдай комитеттiң маманы қарапайым терминдi қазақ тiлiне аудара алмай отырғанда, былайғы халыққа не айта аласыз?
— Бағдаралама көрерменмен қауышқан үш ай iшiнде бiр нәтиже бердi ме? Әлде бәрi "баяғы жартас, сол жартас" күйiнде қалып отыр ма?
Гүлнәр Амангелдi: — Нәтиже мүлдем жоқ деуге болмас. Бiз әр 10 бағдарламаның қорытындысын жасап отырамыз. Өткен 10 бағдарламамызды жақында қорытындыладық. Мәселен, "Beeline" ұялы байланыс операторы өз қателiктерiн түзеп, парақшалардың жаңа нұсқасын көрсеттi. Ал "Алматыжарнама" 10 наурызға дейiн қателiктерiн түзеуге уәде берiп отыр. Тiптi, бiзге телефон шалып, "мына сөздi былай жасасақ қалай болады?" деп пiкiрiмiздi сұрап жатады. Мұның өзi бiз үшiн үлкен нәтиже.
— "Тiл сақшысына" жоғары жақтан хабарласып, пiкiрлерiн айтып, демеушiлiк жасауға ниет бiлдiретiн азаматтар да бар шығар?
Гүлнәр Амангелдi: — Жоғары тараптан осы күнге дейiн сендердiкi дұрыс, не бұрыс деп ешкiм хабарласқан жоқ. Егер де ұлттың ұлы тiлiн құрметтейтiн азаматтарымыз демеушiлiк жасаймыз десе, әрине бiз қуана келiсер едiк, өйткенi әзiрге демеушiлiк көрсетiп, бағдарламаны көркейтуге ынталы азаматтар кездеспедi.
— Демек, сiздер ешбiр демеушiсiз қалыптасып, көрерменге тың әрi ойлы бағдарлама ұсынып жүрсiздер ме?
Гүлнәр Амангелдi: – Иә, дәл солай.
— Бағдарламаны түсiру барысында қандай қызықты оқиғалар басыңыздан өттi?
Гүлмира Бөбешiкова: — Жуырда төтенше жағдайлар департаментiне барған кезiмiзде ондағы азаматтар бiзге дөрекi сөйлеп, қырын мiнез танытып, керi итерген едi. Тiптi, Гүлнәр екеумiздi кабинетiне кiргiзiп, операторымызды сыртта қалдырып, есiктi тарс жауып алды да.
Негiзi бiз мекемелерге алдын-ала хат жолдап, түсiрiлiмге заңды түрде рұқсат аламыз. Бiрақ хаттарымыз көбiне жауапсыз қалып жатады. Кейде тiптi мекеменiң хатшы қыздары "хатыңыз жеткен жоқ", "бастыққа кiргiзе алмадым", "қайта хат жiберiңiз" деп, әйтеуiр жауап бермеудiң амалын тауып жатады.
Гүлнәр Амангелдi: — Бiз бағдарламаға материалдарды өзiмiз iздеймiз. Мен бiр мынадай қызық нәрсенi айтайын. Сусабынның сыртындағы жапсырмаға: "бұл сусабын балаларды елiктiру үшiн көпiршiктi" деген мағынасыз сөз жазылса, ендi бiрде кiр жуатын ұнтақтың сыртына: "ұнтақтың саны" деп жазылыпты. Осындайда "ол ұнтақтың санын кiм санап отыр?" деп бiр күлiп аласың. Бұл ендi күлетiн жайттар ғой. Дей тұрғанмен көзiңдi жасқа толтырып, ызаңды келтiретiн ұятты жайттар да кездеседi. Мәселен, "Альянс банктегi" депозит шарты бар қағаздың соңғы жағында "депозит шартына қатысты қандай да бiр даулы мәселелер туындаған жағдайда басымдық орыс тiлiне берiледi" деген сөйлем жазылыпты. Неге басымдық ресми тiлге берiлуi тиiс? Осы мәселенiң iзiн қуып бiраз дауластық та. Алайда кей мекемелер кейбiр сындарымызға жауап қатпай, үнсiз отыруды да жөн санайды. Бiр компанияның басшылығы: "Сiз мүмкiн бәсекелес компанияның тапсырмасын орындау үшiн келiп отырған шығарсыз" дегенi бар. Тiлдiң қамын ойлау үшiн бiреудiң тапсырмасын орындау мiндеттi ме? Әрберден соң, көзге анық көрiнiп тұратын қателердi көру үшiн бiреудiң тапсырмасының қажетi қанша? Осындайда қаның қайнайды.
— Бүгiнгi таңда санамызды спутниктiк арналар жаулап жатыр. Кейде өзгенiң өнiмiне көбiрек телмiретiн сияқтымыз. Қазақтiлдi бағдарламалар тасада қалып жатады. Осы тұста бағдарламаның әрлi болып, халықтың үдесiнен шығуы тiкелей идеяны жүзеге асырар режиссерге, көрермен қауымның көңiлiн баурар бағдарлама жүргiзушiсiне және осының бәрiн ұйымдастырар продюсерге байланысты сияқты….
Гүлнәр Амангелдi: — Сөзiңiздiң жаны бар. Бағдарламаны халыққа ұсынар алдында қыруар жұмыс жасалатынын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. "Тiл сақшысы" алғаш жарыққа шығар кезде, журналистiң жұмысы өз алдына, халықты қызықтыру үшiн режиссердiң өте көп еңбегi қажет болды. Эфирге алғаш шығар тұста бағдарламаға Ғалымжан Сайлаубеков есiмдi өте талантты режиссер жiгiт көп еңбек сiңiрдi. "Қисық термин" атты айдарымызда көбiне аннимация басты рөл атқаратынын көрiп жүрген көрермен қауым жақсы бiледi. Портреттердi сөйлету, оны әдемiлеп әрлеу өте үлкен жұмыс. Осы тұста продюсер Досымбек Қонысбекұлын да атап өткен жөн. Қазiргi таңда продюсерiмiз Рахат Мамырбек.
— Гүлмира, режиссер ретiнде бағдарламаны әрлеу үшiн идеяны қайдан аласыз?
Гүлмира Бөбешiкова: — Бүгiнгi таңда ештеңе таңсық емес қой бiзге. Әрине идея табу өте қиын. Кейде идея табылмай тоқыруға түсiп жатамыз. Кейде бiр бағдарламаны үш-төрт рет қайта жасауға тура келедi. Себебi, аннимациялық көрiнiстерiмiз көбiне өшiп қалады. Оның үстiне жасыратыны жоқ, бiздiң елiмiздiң техникалық құрал-жабдықтары сын көтермейдi. Дегенмен халыққа арналған, туған тiлiмiздiң тазалығы үшiн жасалған бағдарлама болғандықтан, көп қиыншылықтарды ескермей бар ынтамызбен бағдарламаны халыққа түсiнiктi етiп жеткiзуге тырысамыз.
— Болашақта бағдарламаның бағытын, форматын өзгерту жоспарыңызда бар ма? Тiлi мен дiлi бұрмаланып жатқан жас ұрпаққа арналған "Тiл сақшысы" жарыққа шығар, бәлкiм.
Гүлнәр Амангелдi: — Болашақта бағдарлама бағыты өзгермес, бiрақ форматы кеңеюi мүмкiн. Балалар демекшi, бағдарлама алғаш эфирге шыққан тұста, маған бiр ата-ана хабарласып: "Өте сәттi шығарыпсыздар. Балаларымыз бағдарламаңызды қуана-қуана тамашалайды" деген едi. "Тiл сақшысы" қоғамның үлкенiн де кiшiсiн де қамтитын бағдарлама болғаны қуантады.
— Мереке қарсаңында қаракөз тiл сақшыларына табысты еңбек тiлеймiз. Туған тiлдiң сақшылығын шаршамай атқарыңыздар.
Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ