Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛI ТУРАЛЫ ТҮС КӨРУ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛI ТУРАЛЫ ТҮС КӨРУ

"Мәңгi өмiр сүргiң келсе…" фильмiнiң тұсауы кесiлдi

Соңғы бiр-екi жылдың көлемiнде тұсауын кесiп жатқан фильмдер жетерлiк. Оның бiразы телеэкранға жол тартысымен сынға iлiксе, кейбiрi көрерменнiң жылы ықыласына бөленiп жатты. Алайда, "Мiне, кино деп осыны айт" дейтiндей, тұщынып отырып көретiн дүниенi кезiктiру некен-саяқ.

Киносүйер қауымға "Жаралы сезiм", "Жетiмдер" фильмдерi арқылы таныс "Жас ұлан" балалар мен жасөспiрiмдер киностудиясы тағы бiр кинотуындыны эфирге алып келдi. Режиссер Еркiн Рақышевтiң "Мәңгi өмiр сүргiң келсе…" деп аталатын кезектi кинокартинасы комедия жанрында түсiрiлiптi. Әжуа арқылы шындықтың бетiн ашу, күлкi арқылы кейiпкердiң iшкi тебiренiсiн тани бiлу жағына аса көңiл бөлiнген.

Сценарий желiсi бойынша кинотуындыда басқа емес, қазақ тiлiнiң проблемасы қозғалады. Қоғамдағы өткiр мәселенi фильмге арқау еткен режиссердiң көздегенi осы сияқты. Карапайым лабораторияда жұмыс iстейтiн Дәурен атты жас ғалым ана тiлiнiң мүшкiл жағдайына қиналып, өз тiлiнен жиренетiндерге қарсы бiр шара жасау керектiгiн ұғынады. Ол адамды қартайтпайтын дәрi ойлап табады да, оны тек қазақ тiлiн бiлетiндерге ғана сатуға нұсқау бередi. Сөйтiп, кенеттен мамыражай заман орнап, бүкiл әлем мәңгi жасау үшiн амал жоқ қазақ тiлiн үйренуге мәжбүр болады. Тiптi, мәңгi жасағысы келген шала қазақтар да, өзге ұлт өкiлдерi де, тiптi бүкiл әлем халқы қазақша сайрап кетедi. АҚШ президентi Барак Обаманың өзi Дәуренге телефон шалып, "Бiз қазақ тiлiн үйренiп жатырмыз. Дәрiңдi екi есе қымбат бағамен сатып алайық" деуi де езуге күлкi үйiредi. Ол ол ма, қазақ елi дамып, қазақ ғарышкерлерi Марсқа ұшып, жатпланеталыққа жолығады. Бiр таңқаларлығы, ол да қазақша сөйлейтiн болып шығатынына не дейсiз?! Айтқандай, фильмдегi дүниежүзiлiк ақындар айтысының ақтық сынына африкалық пен ағылшындық ақын шығып, домбырамен өнер көрсетедi. Айналып келгенде, фильм соңы Қазақстанның қарыштап дамып, қуатты мемлекетке айналып, қазақ тiлiнiң әлемдiк тiлге айналуымен аяқталады. Бiрақ мұның бәрi қиял мен арманға түзiлген түстiң астарында өрбидi. Бүкiл әлем халқы қазақ тiлiнде сайраған тұста, жалдап тұрып жатқан үйдiң иесi орыс әйел "Тұр, пәтердiң ақысын қашан төлейсiң?" деп жұлқылап оятқанда, Дәурен жоғарыдағы әдемi көрiнiстiң бәрi жәй ғана түс екенiн бiлiп, көңiлi бәсең тартады.

Фильм режиссерi Еркiн Рақышев: "Жақсы кино болу үшiн ең негiзгiсi – сценарий жақсы болуы керек. Ол үшiн қаржының керегi жоқ. Екiншiден, актерлер дұрыс iрiктелiп, рөлдi жақсы сомдауы керек. Бұл туынды көңiлiмнен шықты", – деп өз еңбегiне оң баға бердi. Әрине, бюджетi 30 мың доллардан құралған кинокомедияның өткiр және кемшiн тұстары жоқ емес. Өткiр тұсы – қазақ тiлiнiң бүгiнгi жәй-күйiн тамызық қылғаны десек, кемшiн тұсы – актер шеберлiгi мен техникалық сапаның әлсiздiгiнде жатқан сияқты. Басты рөлдердi "Нысана" әзiл-оспақ театрының актерi мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы студентiнiң сомдауы осыны байқатты. Және фильмде "Қазақстан деген қандай мемлекет?" деген сұрақтың жауабын жатжұрттық сәбидiң аузына салып қойған жерi де қисынсыз. Кiп-кiшкентай қыз "Қазақ туралы мақал бiлем" дейдi де, "Қазақ байыса қатын алады" деп түйеден түскендей қойып қалады. Бұл сонда қазақтың қандай екендiгiн шетелдiктердiң баласына дейiн бес саусақтай бiледi дегенi ме? Бәрiн қойшы, көрерменге "Ойпырмай" фильмi арқылы таныс көшеде билеп жүретiн апа мұнда да осы тектес образды алып шыққан. Өзiне бай, қуатты құда тапқысы келген ана қарапайым зерттеушi Дәуренге қызын жолатпайды да, ал кейiн дәрi жасап, салмақты кәсiпкер болған кезiнде қайта жағалауы қазiргi заманның шынайы кейiпкерлерiн елестетедi. Мәнсап пен байлыққа қызығып, адамдық қасиеттi екiншi орынға қоятындардың нақ өзi. Көңiлге жылылық сепкен жерi, қазақ халқының салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы, ұлттық киiм түрлерi мен сусындары көбiрек көзге ұшырасқан фильмде ұлттық құндылықтарға деген құрмет бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ