Жаңалықтар

IСКЕРЛIК ӘЛЕМIНДЕГI НӘЗIК ЖАНДАР

ашық дереккөзі

IСКЕРЛIК ӘЛЕМIНДЕГI НӘЗIК ЖАНДАР

"Бiр қолымен әлемдi, бiр қолымен бесiктi тербеткен" әйел заты бағындырған белес көп. Бұл күнде елiмiздiң бизнес саласында да ер адамдармен қатар қызмет атқарып жүрген әйелдер баршылық. Iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсенбаеваға бизнестегi нәзiк жандар жайында бiрер сұрақ жолдаған едiк.

– Раушан апай, бүгiнгi таңда елiмiзде бизнес саласында жүрген қыз-келiншектерiмiздiң ерлермен салыстырғанда, үлес салмағы қандай?

– Өкiнiштiсi, бизнес саласындағы әйел затының ерлермен салыстырғандағы үлес салмағы нақты статистикамен есептелмейдi. Дегенмен, бiздiң пайымдауымызша, орта және шағын бизнесте жүргендердiң 40 пайызы әйелдер. Жалпы алғанда, дүкендер, сұлулық салондары, балалар орталықтары, медициналық орталықтар сияқты халыққа қызмет көрсету орталықтарында әйелдердiң үлес салмағы басым. Орта және шағын бизнестегi әйелдердiң көпшiлiгi Алматыда.

– Қыз-келiншектерiмiз бизнестiң қай саласында көбiрек iскерлiк танытып жатыр деп ойлайсыз? Қазақ әйелдерiнiң арасында iскерлiкпен есiмi әлемге танылған аруларымыз бар ма?

– Әрине бизнеске сүбелi үлес қосып жүрген нәзiк жандар көп-ақ. Солардың iшiнде бiзбен бiрiге жұмыс атқарып, қауымдастыққа тiркелегендер "Shevron" компаниясының Қазақстандағы өкiлi, iскер қазақ қызы Зәмира Қанапиянова, "GPNG" әлемдiк консалдингтiк компаниясының серiктесi әрi Қазақстандағы өкiлi Жанат Бердалина, "K Cell" байланыс компаниясының топ-менеджерi Аида Досаева сынды бiрқатар iскер әйелдердi ерекше атап өтер едiм. Жеке бизнесте Қарағанды қаласының iскер әйелi "Ромат" фармацевтикалық компаниясының жетекшiсi Марина Кимдi, Ақтөбе қаласындағы "Тандем" медиа тобының жетекшiсi әрi жақында Ресейде үлкен сұранысқа ие тауарды шығаратын ет комбинатын ашқан бiлiктi әйел Татьяна Танаеваны да атаған жөн. Тiзе берсек бизнестегi зор жетiстiкке жетiп, экономикамызды өрлетiп отырған қыз-келiншектер жетерлiк қой.

– Өзiңiздiң өмiрдегi жеткен ең үлкен жетiстiгiңiз не деп ойлайсыз?

– Менiңше, әр әйелдiң өмiрдегi үлкен жетiстiгi өзiн ана ретiнде қалыптастыру. Менiң жетiстiгiм де осы деп бiлем. Мен бақытты отбасын құрып, екi баланың анасы атандым, бүгiнгi таңда бiр немеренiң әжесi болып отырмын. Бұл әрине менiң жеке өмiрдегi үлкен жетiстiгiм. Егер әйел заты өзiн тұлға ретiнде қалыптастырғысы келсе, әлбетте қызмет атқаруы керек деп ойлаймын. Осы орайда қызмет саласындағы жетiстiктерiмдi атасам, мен осыдан 15 жыл бұрын алғашқылардың бiрi болып, әйелдердiң үкiметтiк емес ұйымын құрдым. Сондай-ақ, елдегi гендерлiк саясатқа да өз үлесiмдi қосып, гендерлiк саясат жөнiнде әйелдер қауымын ақпараттандырып жүрген әйелдердiң бiрiмiн. Үшiншi жетiстiгiм, менiң ғылымдағы жемiсiм. Гендерлiк саясатты зерттеп, докторлық жұмысымды қорғадым. Қазiргi таңда әлеуметтану ғылымының докторымын. Өмiрдегi қызметтегi, ғылымдағы жетiстiктерiм деп осыларды атар едiм.

– Балаларыңыздың арасында iскерлiк жолға түскендерi бар ма? Балаларыңыз немен айналысады?

– Балаларымның ешқайсысы iскерлiк жолды таңдамады. Ұлым да, қызым да шетелде оқыды, қазiргi таңда халықаралық компанияларда қызмет атқарып жүр.

– Ал балаларыңыз қазақша бiледi ме?

– Өкiнiштiсi, балаларым қазақ тiлiн толық меңгермеген. Шынымды айтсам, өзiм де Астанаға келiп қазақ тiлiн ендi меңгерiп жатырмын.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ