Жаңалықтар

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ САЗДАРЫ

ашық дереккөзі

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ САЗДАРЫ

"Қазақтың дәстүрлi 1000 күйi" антологиясы жарық көрдi

Мұқабасы мен қорабының өзi ерекше, қомақты кiтап ерiксiз жанарыңды өзiне аудартады. Салмағы да жеңiл емес. Қолтығыңа қысып кете беретiн жұқалтаң кiтаптардың санатына жатпайды. Төрт бұрышты қорапқа салынған бұл кiтап қалыңдығымен, ауырлығымен құнды емес, оның құны iшiнде жатыр. Тұп-тура 45 CD-дискiден жинақталған үлкен кiтаптың сыртында тайға таңба басқандай, "Қазақтың дәстүрлi 1000 күйi" деп ойылып жазылыпты. Мiне, кiтаптың рухани құндылығы да осында.

Қазақтың күйi — қазақтың жаны емес пе? Онда қазақтың мұңымен қатар, сан қатпарлы тарихы да жатыр. Күй-құдiреттiң қазақ тарихында қашан пайда болғандығы жөнiнде ешкiм дөп басып айта алмайды. Мүмкiн, сонау ықылым заманның өзiнде ыңылдаған әуен мен сырлы саз адамзатпен бiрге пайда болып, көшпендi қазақпен көшiп-қонып жүрген болар. Мәселе, күйдiң қашан пайда болғандығында да емес, ең бастысы, қазақпен бiрге жаратылып, қазақпен бiрге қалыптасып келе жатқан музыкалық қазынамыздың бiр арнаға тоғыстырылып, жинақталғандығында…

"Түркi тектес байырғы көшпендiлер жасаған өзгеше бiтiмдi өркениеттiң тiкелей мұрагерi, өткен ғасырдың басына дейiн, негiзiнен, көшпендiлiк өмiр салтын ұстанған, кейiн тiршiлiк ыңғайы өзгерсе де, рухани қалыбын сақтап қалған қазақ халқының ең сұлу, сырлы мұрасы — сан-салалы, көп жанрлы дәстүрлi музыкасы" деп жазылған екен "Қазақтың дәстүрлi 1000 күйi" антологиясында. Қазақтың күйлерi көбiнде үш аспапта орындалып келген. Олар – домбыра, қобыз және сыбызғы. Соның iшiнде, дәстүрлi қазақ музыкасының ең көп таралған түрi де домбыра күйлерi. Антологияда домбыра күйлерiнiң өзi бiрнеше таспаға дайындалған. Одан өзгесi, сыбызғы, қобыз күйлерi…

Ұлт тұтастығының ең үлкен белгiсi — рух тұтастығы. Осы орайда соңғы жылдары елiмiзде бiрқатар шаралар жүзеге асты. Соның ең бастыларының бiрi — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен қолға алынған "Мәдени мұра" бағдарламасы. "Қазақтың дәстүрлi 1000 күйi" де осы жоба аясында iске асырылып отыр.

Рухани құндылығымыздың бiрi саналатын қазақтың күйiн жинауға Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза тiкелей мұрындық болыпты. Ғасырлар бойы қалыптасқан дүниенi жинақтап, бiр арнаға тоғыстыру да оңай шаруа емес. Оған бiлiмдiлiк пен бiлiктiлiк те қажет. Күйдi жинақтауды күйдiң құдiретiн түсiнетiн жандар ғана жүзеге асыра алады. Бұл орайда, "Ел" продюсерлiк компаниясының көркемдiк жетекшiсi Ғалым Доскен мырзаның да көрегендiгiн айтпай кетуге болмас. Күйшi болмаса да, дәстүрлi өнердiң бiлгiрi саналатын Тұрсынжан Шапай мырза да бұл құнды еңбек үшiн аз тер төкпептi.

Министрлiктiң арнайы тапсырысымен, "Қазақстан халқының рухани даму қоры" АҚ-тың қолдауымен басталған антологияны жинақтау өткен жылдың маусым айынан басталған екен. Жоба жетекшiсi, белгiлi ақын Гүлнәр Салықбаеваның айтуына қарағанда, күйдi жинақтау аса оңайға соқпаған. Дарынды күйшiлерiмiз бен өнер зерттеушiлерiмiздiң орасан зор еңбегiнiң арқасында, қазақ музыка өнерiндегi қайталанбас дүниенi жарыққа шығарды.

— Мұнай деймiз, басқа деймiз, бiрақ, қазақтың рухани дүниесiне жетер не бар? — деп бастады жоба жетекшiсi Гүлнәр Салықбаева. — Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң арнайы тапсырысымен, қазақтың күйлерiн жинақтау үшiн арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобына Айтжан Тоқтағаннан бастап, Мұрат Әбуғазы, Талғат Мұқыш, Саян Ақмолда, Елдос Емiл, Мүсiлiм Әмзе, Базаралы Мүптеке бастаған домбырашы, жыршы, сыбызғышыларымыз iрiктелдi. Бұл кiсiлердi әр мектепке бөлдiк. Қазақта бiрнеше күйшiлiк мектептер бар ғой. Шығыс, батыс, Сыр бойы мектептерi деп бөлетiн болсақ, сол мектептерге бiр-бiр адам жауап беретiн болды. Ол күйлердi iрiктеу де оңай шаруа емес. Алдымен оны тыңдау керек. Мәселен, бiр күйдiң жиырма орындаушысы бар. Жиырма орындаушының iшiнен бiреуiн ғана беруiмiз керек. Бiздiң ұстанған ең басты принципiмiз, күй табаққа ең алғашқы орындаушыларының енгенiн қаладық. Мәселен, бiр Дина Нұрпейiсовадан берi қарай, бiрнеше ұрпақтар ауысып кеттi. Ал, бiз негiзiнен, Дина Нұрпейiсованың өзiнiң орындауында бергiмiз келдi.

— Ол кiсiнiң орындауындағы күйлердi қалай таптыңыздар?

— Архив бар, жеке адамдардың қорлары бар, солардан iздедiк. Кейбiр күйлердi нотадан орындады. Өйткенi, олардың арасында тек нотада ғана сақталғандары да бар. Қиындықтар болған жоқ емес, болды. Бiрақ, күйдi бiз жинақтап қалдық қой. Алдында "Мәңгiлiк сарын" деген атпен 150 күй шығардық. Одан кейiн 200-дей күй жинағын тағы шығардық. Осының бәрiнiң көмегi де болды. Шiлдеден бастап, қарашаға дейiн жұмыс iстедiк. Күнде талқылаймыз, күйдiң әртүрлi вариантын тыңдаймыз. Одан бөлек, төменгi қабатта дыбыс жазу студиясы жұмыс iстедi. Олар кейбiр архивтегi орындаушылардың кем-кетiгiн түгелдедi дегендей, қыруар шаруалар атқарылды. Кейбiрi жөндеуге келмесе, онда басқасын iздедiк. Тек ғана күйлердi ғана емес, сол күйдi шығарған авторлар туралы деректердi де жинастырдық. Сосын мың күйдiң орындаушылары туралы да деректер жинадық. Кейбiреулерi туралы мүлдем дерек жоқ. Ең қиын нәрсе, осы болды. Тiптi, табылмағандары дерексiз кеттi, амал жоқ. Күйлерi бар, авторы туралы дерек жоқ, Кейбiрi туралы аз болса да қосуға тырыстық. Бұл еңбек — жұмыс тобындағы күйшi, зерттеушiлердiң еңбегiнiң арқасында бiттi. Мұның бәрi тарих ғой. Архивтен алынған дүниенiң бәрi тарих. Ол сонысымен құнды. Тiптi нобайға келмей жатса, кейiнгi күйшiлерiмiзге орындаттық. Қазiргi заманның күйлерi мектептерге жатпайды. Мектептерге жатпайтыны, бұл күйшiлердiң күйiнде әртүрлi мектептен хабары болғандықтан сол мектептердiң қоспалары жүр. Сондықтан, оларды ол мектептерге жатқызбай, бөлек бердiк.

— Бұл жинаққа енбей қалған күйлерiмiз бар ма?

— Кейде күнпитiп айтуға құмармыз ғой. Қазақтың дәстүрлi күйi мыңға толса, онда бiз қазiргi заманның күйлерiн қоспас едiк. Ол таза, дәстүрлi күйлермен аяқталу керек едi. Қытайдан да жинадық. Сол жақтағы қазақтарды аралап жүрiп, дәстүрлi күйлердi iздеп таптық. Оның өзiнде осылай болып отыр. Мың күй екен деп, көрiнген нәрсенi тоғыта беруге тағы болмайды ғой. Жұмыс тобы не үшiн құрылды? Сол топ соны анықтау үшiн құрылды.

— "Қазақтың дәстүрлi 1000 күйiнен" бөлек, тағы қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?

— Қазiр "Қазақтың дәстүрлi 1000 әнiн" дайындап жатырмыз. Бұл жоба да министрлiктiң арнайы тапсырысымен, "Қазақстан халқының рухани даму" қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Құдай бұйыртса, жақын арада тапсырамыз.

Гүлзина Бектасова