АДАМИ МӘДЕНИЕТIМIЗ ЖОҒАРЫ БОЛСА...
АДАМИ МӘДЕНИЕТIМIЗ ЖОҒАРЫ БОЛСА...
Мәдениет туралы әңгiме қозғағанда, сөз тек өнерге ғана қатысты болмаса керек. Мәдениет өмiрдiң және қоғамның барлық қырынан көрiнiп тұруы қажет. Өмiрiмiзде де, тұрмысымызда да мәдениет лайықты орнын тауып жатқанда ғана, iсiмiзде кемшiлiк те, өрескел мiнез-құлық та, адамзат құндылықтарына сай келмейтiн қолайсыз iс-әрекеттер де болмайтыны анық.
Айталық, қай тiлде сөйлесең де, сол тiлдiң мәдениетiн сақтауың қажет. Мәселен, телеарна арқылы пiкiр бiлдiрсеңiз, тыңдап отырған халық сөзiңiзге қарап, рухани байлығыңызды, өреңдi бажайлай алады. Тiл мәдениетi сақталмаса, айтылған ой күңгiрт қалмақ. Адамдармен қарым-қатынас жасау, көшеде, мәдени-қоғамдық орындарда жүрiп-тұру, ортаға сай жарасымды киiне бiлу, кеңселер мен ғимараттарда, демалыс орындарында тазалық сақтау – осының барлығы мәдениеттiлiктiң құнды негiздерi.
Қазақстан қоғамын жарастырып, бiрлiгiн сақтап отырған да адамдарымыздың жоғары мәдениеттiлiгi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының, сонымен қатар, Қазақстанды мекендеген өзге ұлт өкiлдерiнiң де мәдениетi мен өнерiн терең ұғына бiлуiмiз керек екенiн жиi айтады. Өйткенi бiр халықтың жан дүниесiн ғана бiлсек, сол ұлттың салт-дәстүрiн ұғынумен шектелемiз. Ал өзiмiзбен осы елде бiрге өмiр сүрiп жатқан ұлттардың тарихын, салт-дәстүрiн, тiлiн, шығармашылық жетiстiктерiн бiле түсуге ұмтылсақ, рухани байлығымыз молая түсетiнi айдан анық.
Қазақстандағы бейбiтшiлiктiң салтанат құрып тұруы қазақ халқының достық пейiлi, барлық тұрғындардың ынтымақ пен бiрлiгi, ортақ көзқарасы екенi сөзсiз. Сонымен қатар, ең бастысы, тыныштық пен сыйластыққа қол жеткiзiп тұрған құндылығымыз – мәдениеттi қарым-қатынасымыз екенi даусыз. Адам жасынан мәдениеттi сөйлеудi үйренбесе, ұлттық тәрбиенi алмаса, өзге ұлттың өкiлi емес, тiптi өзара бiр үйдiң балалары да, бiр ұлттың адамдары да тiл табыса алмайтыны белгiлi жайт. Сондықтан бiрлiк пен ынтымақтың негiзiнде мәдениет жатыр.
Қоғамдағы орын алған кемшiлiктердi жою – алға басқан елдiң ұстанымы. Осы орайда биылғы Жолдауда Елбасы құқық қорғау жүйесiне күрделi реформа жүргiзу қажеттiгiн айтып, нақты органдарға тапсырма бердi.
Мәдениеттi адам өзiнiң құқығын, елiмiздiң заңдарын да жетiк бiлуге тырысады. Ағат қылықтар, өрескел iстер жасауға бармайды. Өзiнiң қандай iстермен айналысуына болатынын, заңға қайшы келетiн әрекеттерден аулақ жүрудi бiледi. Өзiнiң қоғам алдындағы жауапкершiлiгiн анық сезiнедi. Адам көп жағдайда "Бұл қоғам маған қандай жақсылықтар жасайды?" деген көзқарас аясынан ұзай алмайды. Ал "Мен өз елiмнiң дамуы үшiн қандай үлес қосуым керек?" деген қарсы сұрақты өзiмiзге қоя бермеймiз. Сондықтан әр адам ел алдындағы перзенттiк парызын да сезiнуi тиiс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда индустриялдық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту, салауатты өмiр салтын ұстану, бiлiм мен бiлiктiлiктi арттыру, тұрғындардың денсаулығын жақсарту жөнiнде жеке-жеке тоқталды. Осы салалардың барлығы да заңды және мәдениеттi түрде жүзеге асуы керек. Айталық, мәдениетi жоқ жерде тауар өндiрушiнiң өнiмi де өтпейтiнi белгiлi.
Еуразия кеңiстiгiнiң нақ ортасынан орын алған елiмiзде әртүрлi партиялар, ұлт диаспоралары, дiни ұйымдар, үкiметтiк емес ұйымдар өз қызметтерiн жүргiзiп жатыр. Алайда, олардың барлығы өздерiн жеке-жеке ұйым немесе одақ түрiнде сезiнбей, "Бiз – Қазақстан азаматымыз!" деген асқақ рухта болуы керек. Осы орайда Елбасы 29-қаңтар күнi өз Жолдауында "Кез келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесi үшiн жұмыс iстейдi емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктерге елдiң дамуы мен ұлттық бiрлiктiң тиiмдi жолдарын iздестiруге септесетiн өзара iс-қимылдың жаңа үлгiсiн әзiрлеудi ұсынамын",– дедi.
Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық ақпарат құралдары мен үкiметтiк емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 млрд. теңге бөлiнетiнiн жария еттi. Бұл қаржы Қазақстанның алдағы он жылға арналған әлеуметтiк-экономикалық және саяси дамуының негiзгi ережелерiн түсiндiру мақсатына жұмсалады. Ел бюджетiнен осындай көлемде қаржы бөлу жөнiнде Үкiметке нақты тапсырма бердi. Бұл бастаманы жiктеп айтар болсақ, елiмiздегi оң өзгерiстер, халықты әлеуметтiк қолдау, әрбiр азаматтың iзгi арманына қол жеткiзуiне жағдай жасау, достық пен ынтымақ, адам құқықтарын қорғау, мәдени құндылықтарымызды ардақтау тақырыбындағы маңызды жобалар iске асатынын анық байқауға болады.
Елбасы әлеуметтiк-экономикалық саладағы көзделiп отырған мақсаттарымызды айта келiп, iшкi саяси тұрақтылық жөнiнде ой толғаған сәтте: "Бiрiншiден, бiздiң ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсiз Қазақстан!",– деп қадап айтты. Бұл қазақ елiндегi барлық азаматтың ерекше мақтанышпен, патриоттық сезiммен айтатын сөзi! Одан әрi Президент мемлекет және оның әрбiр азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдiң әл-ауқатына керi әсерiн тигiзуi ықтимал кез келген қадамға бармауы тиiс екенiн ескерттi. Өйткенi қазiр Қазақстан – әлем назарындағы мемлекет. Өз iшiмiздегi азаматтарымыз немесе шетелге iссапармен барған отандастарымыз, сондай-ақ әлемнiң беделдi жоғарғы оқу орындарында бiлiм алып жатқан жастарымыз әрбiр қадамын ойланып басуы керек. Яғни, әр азамат өзi үшiн де, тәуелсiз мемлекетiмiз үшiн де үлкен жауапкершiлiктi сезiнетiн кезге жеттiк! Бүгiнгi таңда ойы озық, көзi ашық, көкiрегi ояу, қызметiне адал барлық қазақстандық осы ойды ұғынып отыр деп сенемiн.
Балабақша мен мектеп, орта және жоғарғы оқу орындары, жалпы бiздiң қоғам тәрбиелеп жатқан өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген ерекше құрмет сезiмi қалыптасуы тиiс! Әр азаматтың өз шаңырағынан ұлттық тәрбие алуына жағдай жасалғаны жөн. Жастарды халық даналығымен сусындатуымыз керек! Айталық, Жер шарының бiр тұсына барғанда, "Бұл – Қазақстан азаматы" дегенде өзге елдiң өкiлдерi тек қана құрметпен қарайтын деңгейдi сақтап тұруға мiндеттiмiз.
Бiлiктiлiгi жоғары, рухани байлығы мол жастар елдiң экономикасын да, мәдениетiн де алға дамытатынына кәмiл сенемiн.
Елбасы осы Жолдауда қоғамның барлық саласына, елдiң iшкi және сыртқы саясатына тоқталды. Әлеуметтiк салаға жасалатын қолдауды елдiң барлық тұрғындары ерекше қуанышты сезiммен қабылдап, бүгiнгi таңда жиi сөз етiп жүр. Үлкен қариядан бастап, кiшкентай балаға дейiнгi қатысы бар мәселелер түгел қамтылды. Әрiптестерiм де, маған телефон шалған немесе кездескен адамдар да биылғы Жолдаудағы басты көтерiлген мәселелер бойынша пiкiр алмасып, өз ойларын ортаға салуда.
Осы Жолдауда жария етiлген кешендi бағдарламалар ойдағыдай орындалса, әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына сөзсiз енiп, одан да жоғары жетiстiктерге қол жеткiзе аламыз.
Людмила ХОЧИЕВА, ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесi.