Жаңалықтар

Евгений РЕВЕНКО: МӘСКЕУ МОЛДОВАҒА ҚАУIП ТӨНДIРМЕКШI

ашық дереккөзі

Евгений РЕВЕНКО: МӘСКЕУ МОЛДОВАҒА ҚАУIП ТӨНДIРМЕКШI

Днестрдi бойлай, бiр-бiрiне қарама-қарсы жатқан Молдова Республикасы мен Приднестровьелiк-молдовалық республика арасындағы (ПМР) жылдарға созылған жер дауына бүгiнде ресейлiк әскери база дауы қосылған. Ақ Үй бұл мәселенi Еуропалық Одақ, АҚШ, Украина, Ресей, сондай-ақ, Кишинев пен Тираспольдiң қатысуымен, Молдованың территориялық тұтастығы мен тәуелсiздiгiн сақтай отырып, бiрiгiп шешудi ұсынады. ЕҚЫҰ-ның бүгiнгi төрағасы — Қазақстан даудың бейбiт түрде шешiлуiне мүдделi. Алайда, сарапшылар қауымы бұл мәселеге қатысты қиындықтарды шешу оңайға түспейтiнiн айтады. Ал ПМР президентi Игорь Смирнов жуырда ресейлiк "Искандер" зымырандар кешенiн Приднестровьеге орналастыруға қарсы еместiгiн мәлiмдедi. Жер дауы мен ресейлiк әскери база төңiрегiнде өрбiген дауға қатысты сұрақтарға жауап iздеу мақсатында бiз Кишиневтегi iшкi саясат жөнiндегi ассоциация сарапшысы Евгений Ревенко мырзамен телефон арқылы сұхбаттасқан едiк.

— Евгений, Смирнов мырза Приднестровьедегi ресейлiк әскери күштi нығайтуға қарсы еместiгiн айтады. Сiздiң пiкiрiңiз қалай?

— 1999 жылғы Стамбұлда өткен Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының саммитiнде қабылданған келiсiмге сәйкес, ресейлiк әскери база 2003 жылға дейiн республика аймағынан түгел әкетiлуi тиiс болатын. Аталған құжатта мерзiм нақты көрсетiлген. Смирновтың мәлiмдемесiне келсек, бiрiншiден, Молдова сыртқы iстер министрлiгi өткен аптада Смирновтың Молдова Республикасының атынан ресейлiк әскер мен қару-жарақты Молдова жерiне орналастыруға шақыруға құзыр бермегенiн ресми түрде мәлiмдедi. Екiншiден, менiңше, Смирновтың бұл мәлiмдемесi салиқалы әңгiме мен қызу пiкiрталасқа арқау болады деп есептемеймiн.

— Нелiктен?

— Өйткенi, Ресейге немесе кез келген шет мемлекетке тиесiлi қарулы күштердiң Молдова аумағында болуы елдiң бейтараптық мәртебесi мен Молдова Конституциясына қарама-қайшы. Тiптi, ресейлiк қарулы күштердiң күнi бүгiнге дейiн Молдовадан әкетiлмеуi де Молдова Конституциясы мен кезiнде Ресейдiң өзi қолдап қол қойған Стамбұлдағы халықаралық келiсiмге қайшы келедi.

— Егер Ресей Федерациясы аталған келiсiмге мойынсұнудан мүлде бас тартса, не болмақ?

— Еуропалық соттың Ресейге адам құқықтарын қорғау және Приднестровье әкiмшiлiгiнiң өз бетiнше әрекет етуiн қамтамасыз ету үшiн экономикалық, әскери және қаржылық тұрғыда қолдау көрсетуге қатысты артқан мiндетi бар. Демек, қауiп-қатер дегенiңiз мұнда көп. Тiптi, Молдова жерiнiң бiр бөлiгiн жаулап алған деуге де болады: Ресей әртүрлi сылтауды желеу етiп, әскерiн Молдова Республикасынан алып кетуге құлықсыз. Сiз "Ресей сияқты алып мемлекет РФ азаматы болып табылатын Смирновтың талап етуiмен, қарулы күштерiн алып кете алмай отыр" дегенге сенер ме едiңiз? Яғни, Ресейдiң бiр ғана азаматы аса қуатты Ресей мемлекетiне қарсы тұра алады дегенге иланасыз ба?

— Бiраз қиындау, әрине…

— Бiзге де сену қиын. Бiрақ қазiргi жағдай осы. Бұл Молдоваға ғана төнген қатер емес. Менiңше, әсiресе, Украина Приднестровье дауының тезiрек шешiлуiне мүдделiлiк танытуы тиiс.

— Осы мәселеге орай, Киев бiр емес, бiрнеше рет ресми түрде наразылық бiлдiрдi емес пе?

— Олардың өздерiнде 2012 жылға дейiн әрекет ететiн ресейлiк әскери база бар. Сондықтан Киевтiң алаңдаушылық танытуы заңды. Себебi, Қырымдағы ресейлiк базамен бiрге бiр бүйiрiнен (Приднестровьеден — Н.Ж.) дәл сондай қиындықтың ушығуы оларға тiптi де тиiмдi емес. Мен Ресей — Украинаның жауы деуден аулақпын. Айтпағым, Украина мемлекетiнiң стратегиялық қауiпсiздiгi тұрғысынан алғанда, не Кишиневтiң, не Киевтiң бақылауына бағынбайтын, есесiне, үшiншi күштiң ықпалындағы әскери базаның көршiсi мен өз территориясынан табылуы украиндық мемлекетке төнетiн қауiп пен қатердi қоюландыра түспек. Бүгiнде бiз Молдова мен Украина шекарасын ресми түрде белгiлеудi аяқтауға жақындадық. Екi елдiң шекара бөлiсiне түспеген тек приднестровьелiк бөлiгi ғана қалды. Аса жауапты бұл iске Приднестровье әкiмшiлiгiнiң кедергi жасауға тырысуының кесiрiнен, демаркация мәселесi тоқтап тұр.

— Өз мәлiмдемесiнде Смирнов Мәскеу егер қаласа, ешкiмнен рұқсат сұрамайтынын, 1992 жылы 15 ақпанда қабылданған заңға ғана сүйенетiнiн көлденең тартты. Аталған құжат Ресейге шынымен басымдық бере ме?

— Қарулы қақтығыс кезiнде Ресей тек бақылаушының рөлiмен шектелген жоқ. Бейбiтшiлiктi орнату процесiне белсене араласып, тiптi, 1992 жылы бiзбен оқ атуды тоқтату туралы келiсiмге отырды. Осы келiсiмге сәйкес, ресейлiк әскердiң бiтiмгерлер тобы саналатын бiр бөлiгi елге қайтарылса, аса үлкен жерге орналастырылған әскери арсеналды күзететiн ендi бiр бөлiгi ешқандай мандат қабылдамаған. Олар өз бетiнше Ресейге қайтуға құзырсыз. Мұндайда "Молдова жерiндегi әбден тозығы жеткен әскери базасын алып кетуге Ресейдiң мүмкiндiгi жоқ, оны мойындауға құлықсыз және көшiру барысында туындауы мүмкiн қиындықтардың жауапкершiлiгiнен қашады" деген пiкiр қалыптасуы мүмкiн. Немесе Молдовадағы әскери күшiн терiс пиғылмен әдейi алып кетпей отыр. Яғни, шет елдегi қарулы күшiнiң кiшкентай бiр бөлшегiн өз ерiктерiмен әкетуге ерiк-жiгерлерi жетпейдi.

— Приднестровье әкiмшiлiгi 1996 жылы өздерiнде өткiзiлген жалпыхалықтық референдумда елдiң көпшiлiгi ПМР тәуелсiз ел ретiнде жариялап, оның Ресейдiң қол астына кiруiн қолдайтынын айтады. Приднестровьелiк дауды шешуде референдумның ықпалы қаншалықты?

— Негiзi референдумды өткiзуге ресейлiк азаматтар мен ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдары белсене араласты. Ол кездерi ұлтарақтай ғана Приднестровьедегi үгiт-насихаттың күштiлiгi сонша, мұнда саяси билiк пiкiрiне қарсы шығу мүмкiн емес едi. Сондықтан халықаралық қауымдастық тарапынан приднестровьелiк әкiмшiлiкке қойылған басты талаптардың бiрi аймақты демократияландыру, яғни, осы аймақтағы өзге де саяси ойыншылардың саясатқа белсене араласуын, олардың насихат жүргiзу барысында бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiн қамтамасыз ету т.б. едi. Ал референдум – билiк басындағы заңсыз режим, заңсыз әкiмшiлiк ұйымдастырған заңсыз шара. "Өз сорпасында өзi қайнаған" әкiмшiлiк қоғамдағы нақты ахуалға ешқандай қатысы жоқ әрi ықпал етуге қауқарсыз қорытындыны да алдын ала дайындап қойған. Демек, референдум –азаматтардың саяси ынтасын, мүддесiн бiлдiретiн шара емес, керiсiнше, приднестровьелiк билiк басындағы көсемдер жүргiзетiн iшкi үгiт-насихаттың бiр белгiсi.

— Алайда, референдум қорытындысы халықтың қалауы ретiнде жарияланды ғой?

— Халық дегенiмiз — кiм? Бұл сауалға жауап беруге қиналамын. Сiрә, тұрғындар деген жөн шығар. Өйткенi, Приднестровьедегiлердiң көпшiлiгi Молдова Республикасының азаматтары болып табылады. Олардың саны тiптi, Ресей мен Украина азаматтарынан әлдеқайда басым. Этникалық құрамына келсек, Молдовадағы орыстардың саны Приднестровьедегiден әлдеқайда көп. Менiңше, "халық" — салыстырмалылық тұрғысынан қарастырылатын ұғым. Сондықтан, аталған ұғымның мәртебесiн айқындап алғанша "тұрғын" терминiн қолданған дұрыс шығар.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ