ҚИМАСТЫҚ ПЕН ҚИНАЛЫС
ҚИМАСТЫҚ ПЕН ҚИНАЛЫС
"Отандастар" бағдарламасының күйрегенi ме?
Әрбiр мемлекет өз ұлтымен ғана толыққанды мемлекет. Ресей үкiметiнiң осы мақсат аясында қабылдаған "Отандастар" мемлекеттiк бағдарламасына биыл үшiншi жыл. Әу баста дақпырты мен насихаты басым болған бағдарлама ресейлiк отандастардың елге оралуына ықпал жасады ма? Күнi бүгiнге дейiн жергiлiктi билiк пен ақпарат құралдары аталмыш бағдарлама жөнiнде халықты жағымды көрсеткiштермен алдауқаратып келсе де, нақты мәлiметтердiң керiсiнше өрбитiнi қалай?
Газетiмiзде жарияланған "Отандастар" операциясының сәтсiздiгi" атты мақалада бағдарламаның бiр жыл болмай жатып сәтсiздiкке ұшырағаны ашық сыналып едi. Одан берi екi жыл өтсе де, жергiлiктi билiк жалпақ жұртқа белгiлi жайтты әсiрелеп келгенiн қалай түсiнуге болады? Тiптi, Ресейдiң кез келген ақпарат көзi мен ғаламтор сайтын ашсаңыз, "Ресейге қандастар көптеп оралып жатыр" деген жалынды мәлiметтен көз сүрiнедi. Ал, шын мәнiнде, жағдай қуантарлықтай емес көрiнедi.
Кезiнде билiктi басқарып тұрған В.Путиннiң: "Ресей бұрынғыдай ұлы держава болып қалуы үшiн, кемiнде 50 млн. отандасты қабылдауы қажет" деп мәлiмдегенi есте. Ал "Отандастар" бағдарламасы барысында миллиондаған қандастың келуiне мүмкiндiк жасау керек" деген ол үш жылдың iшiнде 300 мың адамның елге оралуына сенiм бiлдiрген-дi. Атап айтқанда, 2007 жылы 50 мың, 2008 жылы 100 мың және 2009 жылы 150 мың отбасының келуiне үлкен үмiт артты. Алайда, бүгiнгi көрсеткiш Ресейге бар-жоғы 17 мың орыстың (отбасы мүшелерiн қосқанда) келгенiн растап отыр. Турасын айтқанда, әр жыл сайын 100 мыңдаған отандастарды қабылдауға бел шеше кiрiскен ресейлiк атқамiнерлердiң бас жоспарының күл-талқаны шыққаны осыдан аңғарылатын сияқты.
Бiр айта кетерлiгi, бағдарламаның талабы да оңтайлы емес. Мәселен, жылы орнын суытып, баласының болашағы үшiн Ресейге ат арытып келген бiлiктi маман әп-сәтте жұмыссыздар қатарына қосылып жатыр. Калининград, Липецк, Сiбiр сынды күрделi жағдайдағы әрi екi қолға бiр күрек табылуы қиын аймақты ұсынып отырған ресейлiк билiктi жергiлiктi сарапшылар да сын тезiне алуда. Ал қазiрдiң өзiнде Приморья аймағынан жыл сайын 5 мың жас маман басқа қала орталықтарына жол тартса, ауылды жерлердi тек әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы мен қариялар ғана мекен етiп жатыр. Сол себептен билiк, "Отандастар" бағдарламасын жүзеге асырушы атқамiнерлер осындай жерлерге жан-жақтан оралған отандастарды қоныстандырмақ. Алайда, "Ресей — менiң Отаным" деп келген отандастардың ол жерге сiңiсiп кетуi, мамандығына сай жұмыс табуы екiталай. Қысқасы, "Отандастар" бағдарламасының күйреуiне әкелген негiзгi себептiң бiрi — отандастарға жергiлiктi тұрғындар қашқан жұмысты ұсынуы. Неге десеңiз, аймақтағы өндiрiстiк жұмыс түрiнiң 80 пайызы адам өмiрiне аса қауiптi (тау-кен iсi, орман шаруашылығы, балық аулау, т.б.) еңбек ресурстары. Оның үстiне мардымсыз жалақы, ауыр еңбек шарты, кәсiби өсудiң жоқтығы да елге келiп жатқан отандастар легiн тоқырауға ұшыратқан. Бұдан бөлек жыл бойы елшiлiк пен консулдық мекемелердiң табалдырығын тоздырып, анкета толтырудан жалыққан адамдар отандастар бағдарламасының дайындықсыз жүрiп жатқанына лажсыз көз жеткiздi. Мiне, осы секiлдi толып жатқан кереғар жағдайлар "Отандастар" бағдарламасының күйреуiне әкеп соқты.
Алайда, "Отандастар ұйымдары форумы" атқару комитетiнiң төрағасы Лидия Графова көзге терiскендей қадалған мәселенi жоққа шығарғысы келедi. Лидия ханым "Аргументы недели" басылымы тiлшiсiнiң: "Отандастар" бағдарламасының тоқтап қалуына себеп, бәлкiм, келуге ниет бiлдiргендердiң қатары сиреп кеткендiктен шығар…" деген сұрағына: "Бұл шындық емес. Өзiм ТМД мемлекеттерiнде жиi боламын. Сонда талай отбасының шабаданын жиып-терiп отырғанына куә болдым. Өйткенi, олардың балалары, немерелерi тұрған жерiнде орыс тiлiнде сапалы бiлiм ала алмайды. Әсiресе, орыс тiлiне қысым жасалып жатқан Қазақстандағы орыстар "келiңдер" десең, қазiр ұшайын деп отыр…" деп жауап берiптi. Ал, "Оларды қоныстандырып, жастарына жұмыс тауып беретiн жағдай жасамасақ, несiне шақырамыз?" деген сауалды, "Ресейде орыстар азайып барады. Бiз қазiрдiң өзiнде демографиялық апанға түсiп кеттiк. Жыл сайын еңбекке қабiлеттi жастағы адамдардың саны бiр миллионға қысқарып жатыр. Бүгiнде барлық сарапшылар "Көшi-қонды жоғалтсақ, Ресейдi де уысымыздан шығарып аламыз" деген пiкiрдi бекер айтып отырған жоқ" деп тойтарған Лидия Графова "Отандастар" бағдарламасын Кеңес одағы құлаған кезде-ақ қабылдап, жүзеге асыру керектiгiн айтады. Әрине, маманның жанайқайы түсiнiктi. Бiрақ бiздiң бiлуiмiзше, қазақстандық орыстардың Ресейдiң қорғансыз аймақтарына асығып отырғаны шамалы. Неге дейсiз ғой? Жақында бiр орыс ұлтының азаматымен аталмыш бағдарлама төңiрегiнде шүйiркелесе кетiп едiм, ол өзiнiң Ресейдiң Калуга облысына барып, қайтадан "май шелпек" Қазақстанына оралғанын қуана жеткiздi. "Бiздi ол жақта екiншi сұрыптағы адам қатарына жатқызады екен. Оның үстiне дайын тұрған жұмыс та жоқ. Қолымды бiр сiлтедiм де, отанымдай болып кеткен Қазақстаныма қайта келдiм", — деген-дi ағынан жарылып. Расында да, әлеуметтiк жағдайы жергiлiктi қазақтардан көш iлгерi орыстардың Ресейге жақын арада оралмайтыны айтпаса да белгiлi.
Бұл пiкiрдi Қазақстандағы "Орыс қауымдастығының" бастығы Юрий Бунаков та қуаттайды. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен ресейлiк отандастардың III Бүкiләлемдiк конгресiне қатысқан Юрий Бунаков ресейлiк аймақтардың отандастарды қабылдауға еш дайын еместiгiн ашына айтты. "Дағдарыс сылтау болды ма екен, отандастар мәселесi сылбырға салынып кеткен. Шақыруын шақырғанмен, оларды жайғастыратын мекенi, қолына тиетiн құжаттары алдын ала қамдастырылмаған. Мәселен, Израильде репатрианттарға барлық жағдай жасалған. Көмек ретiнде қаржылай ақша берумен қатар, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етедi. Тiптi, әлеуметтiк шарт бойынша балаларды балабақша, мектепке орналастыру жөнiнде кешендi көмек ұсынылады", — дейдi ол. Сондықтан да "Орыс қауымдастығы" төрағасының Қазақстаннан кететiн ойы жоқ. Бұл тұрғыда ол: "Мен не үшiн кетемiн? Жұмыс жоқ, баспана жоқ. Ол жақта мұндай жағдайға қол жеткiзбеген жергiлiктi орыстар маған қандай қарым-қатынаста болады? Әрине, жаман. Себебi, олардың тауып отырған бiр үзiм нанын тартып алуға барып отырған жоқпын ба? Сол себептен де, ешқайда бармаймын. Алматыда өмiр-бақи тұрып, жұмыс iстеп келемiн. Мұнда жәй жүрмей, орыс тiлiнiң дамуына өзiндiк үлес қосып жатырмын. Қазақстанда достарым, оның iшiнде қазақтiлдi жолдастарым да көп" деп едi бiздiң сұрағымызға берген жауабында.
Соған қарағанда, елiмiздегi орыстар Ресейдiң құшақ жая шақыруын әзiрге қабылдамайтын сияқты. Дегенмен, ресейлiк билiк құлшына кiрiскен "Отандастар" бағдарламасы бұл күйiнде қалмайтын түрi бар. Өткен үш жылдағы тәжiрибе мен көрсеткiштерге сараптама жасаған мамандар келешекте бағдарлама талаптарын өзгертудi қолға алып жатыр.
"Отандастар" бағдарламасының басындағы жағдай "Нұрлы көш" мемлекеттiк бағдарламасына да туатын сияқты. Неге десеңiз, кейiнгi кезде елiмiздегi бұқаралық ақпарат құралдары көшi-қон мәселесiнiң саябыр тапқандығы жөнiнде қайта-қайта көтерiп жүр. Бәлкiм, мемлекеттiк бағдарламаның жүйесiн қайта құрылымдаған жөн шығар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ