ТАРАЗДА ЖАСӨСПIРIМДЕР ТЕАТРЫ САЛЫНСА...
ТАРАЗДА ЖАСӨСПIРIМДЕР ТЕАТРЫ САЛЫНСА...
Бiздiң қоғамда шешiмiн таппаған, кезек күттiрмейтiн келелi мәселелер өрiп жүр. Билiктегi азаматтар кейде бұл мәселеге келгенде көзiн жұмып, құлағын тарс бекiте қояды. Қазақстанның алып территориясында дәндi-дақылдың түр-түрi салынады. Алайда, жазда жайқалып тұратын егiстiктердiң күздi күнi белгiлi бiр себептермен ұшты-күйлi жоғалып, иә болмаса егiн орушы көлiктiң жетiспеушiлiгiнен және жеке кәсiпкерлердiң бидайын үкiмет сатып алмағандықтан қар астында қалып қойып жатады. Десе де Қазақстан ылғи да 1 миллиард пұт астық алса деген арман да жоқ емес. Бұл мерекенiң ауылы алыс емес деген үмiтiмiз бар.
Осы несiбемiзге орай берiлген қазба байлықтарымызды әлде де болса дұрыс пайдалана алмай жатқан сияқтымыз. Жамбыл облысына қарасты Талас ауданындағы Амангелдi газ кенi толық игерiлмей жатыр. Мұндай табиғаттың берген сыйы сыртына шығып жатқан жерлер республика аумағында жетерлiк. Әгәрәки, Амангелдi газ кенi игерiлiп жатқан күнде Кеңес – Қызылжар – Үшарал – Түгiскен – Саудакент ауылынан Жаңатас қаласына дейiн газ құбыры салынса нұр үстiне нұр болар едi. Айта кетелiк, дәл мұндай газ құбыры Алматы қаласынан Талдықорған қаласына да тартылуы қажет. Бұл мәселелер көптеген баспасөз беттерiнде жарық көрiп жүрсе де, елеп-ескерiп жатқан жан адам жоқ. Сонымен қатар, Жаңатас қаласына жылу электр станциясы жетiспейдi. Негiзiнде, аталмыш мекеннен СЭС-ын салуға тамаша мүмкiндiктер бар. Осындай әттеген-айлардың бiрi ретiнде темiржол мәселесiн де айта кетуге болады. Қызылорда қаласынан Жезқазған қаласына дейiн тiкелей темiржол әлi салынған жоқ. Бұл бағытта халық көп қатынайды, сондықтан жақынды алыстатып, айналып өтуiне тура келедi.
Иә, Алла, елiмiзде ауыр апаттың алдында тұрған Арал теңiзi мен Балқаш көлдерiнiң арнасын толтыруға болады емес пе? Ол үшiн бiрiншiден, осы айдындарға құятын өзен суларын қадағалау керек. Кем дегенде, Сiбiрдiң сандаған өзендерiнен оңтүстiккке канал арқылы су тартқызса да болады. Қомақты қаржыны талап ететiн канал болғанмен, көлдердiң тартылуынан келетiн апаттың алдын алған болар едiк. Қарапайым ғана шаруа емес пе? Айта берсек халықтың мұң-шағымы шаш етектен.
Мәдениет пен өнер саласында елiмiзде "Мәдени мұра" бағдарламасы қабылданған кезде халық бiр қуанып қалған едi. Себебi, аймақтық жерлердегi жәдiгерлердi ешкiм елеп, есiне ала қоймайтын. Республиканың түкпiр-түкпiрiнде орналасқан ауылды аймақтарда театр, мұражай атымен жоқ. Тiптi, Тараз қаласының өзiнде де осы күнге дейiн балалар мен жасөспiрiмдер театры, Әдебиет және өнер мұражайы, цирк салынбапты. Бұл дегенiңiз жаңадан бүршiк атып келе жатқан жастарымыздың дүниетанымы мен логикасының дұрыс дамуын тежеу деген сөз. Сондықтан да осы өңiрде жасөспiрiмдер арасындағы қылмыстар жылдан-жылға көбейiп келедi. Тiптi, осындай ауыр ахуалға Елбасының өзi назар аударуға мәжбүр болды. Сол сияқты Тараз қаласынан қимас махаббат иелерi Айша бибi мен Қарахан атындағы неке сарайын тұрғызса деймiн.
Иә, Алла, әдебиет саласы да оңып тұрған жоқ. Әзiлхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Олжас Сүлейменов, Салық Зиманов, Тұманбай Молдағалиев пен Мұхтар Шаханов сынды ақын-жазушыларымызға Қазақстанның Еңбек Ерi атағы берiлсе екен!
Тараз қаласында ғұлама ойшыл, екiншi Аристотель атанған Әбу Насыр әл-Фарабидың және жыр алыбы Жамбылдың ұстазы Сүйiнбай Аронұлына ескерткiш қойылса, тарихты болашақ ұрпаққа уағыздағанмен бiрдей. Ескiнiң көзi, көне жәдiгер деп қарау бұрыс. Елiмiздiң тарихында болған ерлерiмiздiң есiмiн елеусiз қалдырмай, дәрiптеп отырғанымыз абзал.
М.ИЛАНБАЕВ