СУ ОРНЫНА У IШКЕН
СУ ОРНЫНА У IШКЕН
Ұрпақтың саулығын кiм ойлар?!
Жақында ресейлiк ақпарат құралдары Магадан қаласында 200-дей баланың уланып, ауруханаға түскенiн жарыса хабарлады. Жоғары температурамен аурухана төсегiне таңылған сәбилерге халық арасында iшек тұмауы деп аталып кеткен "ротавирустiк инфекция" диагнозы қойылды. Жергiлiктi санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың зерттеуi бойынша, ауру сүттен де, судан да емес, кәдуiлгi Қытайдан тасымалданатын жемiс-жидектен келген. Банан, алма, алмұрт, апельсин қабығын тексеру арқылы жемiстерде инфекция қоздырғышының бар екенi анықталды.
Бұл оқиға әп-сәтте ресейлiк санитарлық мамандарды да дүрлiктiрдi. Олар мәселенi даурықтырып алмас үшiн осыншама баланың ауруханаға бiр уақытта түспегенiн сандық көрсеткiшпен дәлелдеп бағуда. Яғни, "жаппай эпидемиялық iндет" алды деуге аузы бармайтын мамандар: "Бәлкiм, Магадан облысына сапасыз жемiс-жидектiң белгiлi бiр партиясы келген болар" деп өздi-өзiн жұбатса да, жемiстердi қолдану барысында мұқият жуылмағанын алға тартып, ағзаға қонған инфекция адамнан адамға ауа арқылы тез арада берiлетiнiн айтады. Негiзiнен үш жасқа дейiнгi балаларға жабысқан дерт фактiсi бойынша, қазiр сауда нүктелерi қытай жемiстерiнен тазартылып, қаладағы кейбiр балабақша уақытша карантинге жабылса, кейбiр мектепке дейiнгi мекемелерде жемiс-жидектер қатаң тексеруден өтуде. Ал Ресейдiң Магадан қаласы мен Магадан облысының төрт ауданына тарап үлгерген "ротовирустiк инфекция" диагнозы бойынша iспен Прокуратура айналысып жатқан көрiнедi.
Қытымыр қыста балалардың шырқын қашырған қоздырғыштың – арзан әрi сапасыз Қытайдың жемiсiнен жұққанын естiгенде iшiмiз қылп ете қалған. Себебi, бiздiң де мақтанатын жерiмiз жоқ. Күнделiктi iшетiн тамағымыз да, жейтiн "дәруменiмiз" де сол, көршi Қытайдың жемiсi, көкөнiсi. Қазiр елiмiздiң қай түкпiрiне барсаң да, қай базарына бас сұқсаң да, қаптаған қытай өнiмдерiнен аяқ алғысыз. Тiптi, өне бойында бiр шiрiгi жоқ, көлемi баланың басындай келетiн алмасын көргенде қызықпай тұра алмайсың.
Әрине, қытай жемiстерiнен уланатындар бiздiң елде де жиi тiркеледi. Ресейде орын алған оқиғаның бiздiң елде де айна-қатесiз қайталанбасына ешқандай кепiлдiк жоқ.
"Алтын орда" – Алматы қаласындағы көптеген базар, дүкен, дүңгiршiктердi асырап қана қоймай, шалғайда жатқан облыс, қала мен елдi мекендердi де жемiс-жидек, көкөнiс, киiм-кешекпен қамтамасыз етiп отыр. Қыстың кәрлi қатқыл суығына қарамастан жан-жақтан жүк көлiктерiмен келiп, тонна-тонна жемiс-жидек тиейтiн алыпсатарлар да баршылық. Ол тауардың елге жеткенше жол-жөнекей үсiк шалмайтыны да, езiлiп-жаншылмайтыны да күмәндi. Анда-санда ғана таңсық нәрсеге аузы тиетiн тұрғындар оның сырты бүтiн, iшi түтiн екенiне де қарамай, қымбат бағаға сатып алып, мәз болысады.
Әсiресе, күнделiктi нанын саудадан тауып отырғандар үшiн базар – құтты мекен. Таң құланиектенiп ата бастағаннан-ақ, Қытайдың тауарын сарғая күтетiн сатушылар партия-партия болып келген жемiс-жидек пен көкөнiстiң аңысын аңдуда. Кейде жетiп, кейде бiтiп қалатын тауарға әркiмнiң-ақ таласы бар екенiн iштей бiледi. Гүлзира есiмдi орта жастағы әйел қырғыздың қызыл алмасын сатып отырса да, апельсин, мандарин сынды цитрустiк жемiстердi Қытайдан алдыртады екен. Бiр келi алмасын 100-200 теңгеден таразыға тартып жатқан әйелдiң әбден әккi саудагерге айналғаны көрiнiп тұр. "Қызым, алма аласың ба? Алматының "местный" алмасы. Кел, таразыны точный етiп жасап беремiн…" деп зуылдай жөнелген Гүлзира сол жарнамасымен талай адамды сендiрiп бақты. Өңi жылы әйелдi сөзге тартқаным сол екен, ештеңенi бүкпестен ақтарыла кеттi.
"…Қазiр кез келген базардан Алматының алмасын таба алмайсың. Бiз әйтеуiр тұтынушыны шошытып алмайық деп, солай айтуға машықтанғанбыз. Қырғыздың алмасын алушылар табылады, ал Қытайдың жемiс-жидегiнен қораптағы жазуын көрiп-ақ қашатындар бар. Айналып келгенде, жейтiндерi сол Қытайдiкi ғой. Оның үстiне қазiр бiздi жемiс, көкөнiспен қамтамасыз етiп отырған да – Қытай. Әрине, клиент тарту үшiн тауарыңның көп түрлi болғаны дұрыс. Сондықтан алма мен алмұрттан бөлек мандарин, апельсиннiң түр-түрiн Қытайдағы әрiптестерiм автобуспен салып жiбередi. Кейде бiрнеше саудагермен бiрiгiп, өзiмнiң баруыма тура келедi. Ондай кезде тауарды таңдап, талғап және арзан алуға мүмкiндiк бар. Әсiресе, қыстыгүнi әкелген жемiс-жидек пен көкөнiстiң берекесi қашады. Қанша жерден қалың киiзге орасақ та, жеткенше үсiп қалады. Амал жоқ, удай ақшаға әкелген соң бетiн сүртiп, жылтыратып сата беремiз", – дейдi ол. Жасыратыны жоқ, үстi ашық алаңқайда саудасын жүргiзiп отырғандардан алған жемiс-жидегiң жылы жерге барғанда былжырап кетедi. Ал, есесiне арнайы жылы контейнердегi баға шарықтап тұр.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ЗИЯН БА, ӘЛДЕ…
Айтпақшы, таяуда тауар айналымына енгенiне 5 жылдай болған "Red Bool", "Dizzy" сынды энергетикалық сусындардың құрамында таурин, кофеин қоспаларының аса көп мөлшерде екендiгi туралы мәселе көтерiлдi. Мәжiлiс депутаты В.Нехорошевтың депутаттық сауалы Денсаулық сақтау министрлiгiне "сергiткiш" энергетикалық сусындардың сапасын тексеруге түрткi жасап, көпшiлiк орында сатылуына тыйым салуды ұсынды. Себебi, мұндай сусындардың құрамындағы заттар адам психикасына керi әсерiн тигiзуi ықтимал. Елiмiздiң салауатты өмiр салтын қалыптастыру ұлттық орталығының мамандары да энергетикалық сусындар әлi толық зерттелмегенiн айтса да, Денсаулық сақтау министрi Досқалиев: "Егер оларда да темекi қоспаларындағы сияқты улы заттар табылатын болса, тыйым саламыз" деп сендiрдi. Бiр айта кетерлiгi, кезiнде осы сусындарды "таратуға рұқсат" берген Тағамтану академиясы мамандарының өзi ендi ғана әрекетке көшiп, денсаулыққа керi әсерi бар екенiн тiлге тиек етсе, қатерлi сусыннан табысқа батып жүрген кәсiпкерлер оның кәдiмгi қара шәйдан зиян еместiгiн айтып, тiптi, "күнiне 5 кесе шәй iшкеннен гөрi бiр құты энергетикалық сусын тұтынған пайдалы" деп шыр-пыр. Ал, өтiмдi сусынды өндiруге миллиондаған қаржы құйған мамандар ақ халаттылар көтерген мәселенi негiзсiз дейдi. Өкiнiштiсi сол, нарыққа кiргелi бес жыл уақыт болған сусынға бүгiнге дейiн ешбiр тосқауыл қойылмаған. Тiптi, оның ағзаға зияндығын тексерiп, қатерлi екендiгiн дәлелдеген бiрде-бiр мемлекеттiк мекеме жоқ. Есесiне, бүгiнде жастар, 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдер мен балалар "қуат беретiн" сусындарды дүкеннен еш кедергiсiз сатып алып, iшiп жүр.
Бiз Ресейдегi оқиғадан сабақ алдық па? Қытайдан тасымалданатын жемiс-жидек пен көкөнiске және қаупi басым энергетикалық сусындарға байланысты республикалық санитарлық-эпидемиологиялық мекемесi қандай шара қабылдауда? Осы сұрақтарға жауап алу үшiн Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның бас дәрiгерi Бауыржан Байсеркин мырзаны әңгiмеге тарттық.
– Бұл жөнiнде мамандар бас қосып, талқылады. Сусындар тексерiстен өттi. Оның құрамынан денсаулыққа зиянды артық қоспа табылған жоқ. Бiрақ тиамин деген химиялық зат және түрлi витаминдерi бар сусынды энергияны арттырады деп iшсек те, оны шамадан тыс қолданбау керек. Өйткенi, сусын энергияны қайта-қайта қалпына келтiру үшiн ағзаны шаршатып жiбередi. Күнiне 2 құтыдан асырмау керек. Ал 18 жасқа толмаған балаға iшуге тыйым салу қажет.
– Ресейдiң Магадан облысында 200-дей баланың Қытайдың жемiс-жидегiнен уланғандығы туралы естiген боларсыз. Сiздер Қытайдан, Бiшкектен келетiн тауарды тексересiздер ме? Оларға арнайы сараптама жасалып, сертификат берiле ме?
– Бiзде тамақтың бәрi экспертизадан өтедi. Магаданда болған оқиға “энтеровирус” деген инфекциядан тараған. Бар гәп – қарапайым гигиенаны сақтамаудың салдарынан, жемiс-жидектi жумай, лас күйiнде жеуден болған. Негiзi жемiс-жидектiң өзi Ресейге Қытайдан уланған күйде келген екен.
– Ал, сiздер базарларды тексеруге шығасыздар ма? Олардың iшiнде астыртын түрде тауарын сататындары кездеспей ме?
– Базарға түсетiн жемiс-жидектiң бәрiн экспертизадан өткiзу мiндетiмiз. Әртүрлi партиямен келген өнiм бiздiң назарымызда болады. Тiптi, кез келген тұтынушы тауардың сертификатын талап ете алады.
– Кенеттен iшi ауырып, ауруханаға түскен балалардың неден уланғанын анықтау оңай емес. Қай өңiрде улану фактiлерi көп тiркеледi?
– Бiзде ондаған, сандаған баланың бiр күнде ауырып қалғандығы туралы фактi жоқ. Егер де тiркелетiн болса, жаппай тексеру жүргiземiз. Қазiрдiң өзiнде дәрiгерлер айына бiр рет балабақшалардың тазалығына, тамағына сараптама жүргiзедi. Инфекциялық аурулардың таралмауы үшiн, тағамдардың денсаулыққа зияны болмасы үшiн көп жұмыс жасап жатырмыз. Арнайы анализдер жасап, белгiлi бiр нысандарды бақылауға аламыз. Қысқасы, санитарлық-эпидемиологиялық ереженi сақтанамыз.
Бiз бұдан соң №1 қалалық инфекциялық балалар ауруханасынан аз-кем мәлiмет алғымыз келдi. Қабылдау бөлiмiнiң аға медбикесi Елена Юрьевнадан балалардың улану оқиғасының қаншалықты деңгейде екенiн сұрағанымызда, мардымсыз ғана жауап қатты. "Әрине, асқазаны ауырып, құсып, уланып түсетiн балалар көп. Бiрақ олардың қытай жемiс-жидектерiнен уланғанын, не болмаса басқа тағамнан ауырғанын анықтай алмаймыз. Ол бiздiң мiндет те емес. Бiз бар болғаны, инфекцияны қайдан, қай жерде жұқтырып алғанын ғана бiлемiз. Бәлкiм, қиярдан ұшынды ма, мүмкiн тамақ қоспасынан ауырды ма, ол жағы белгiсiз. Кез келген адам Қытайдың, тiптi өзiмiздiң жемiс-жидектi тазаламай, жумай жесе, әп-сәтте ауыруы ықтимал" деумен шектелдi.
Алайда, аға медбике бүгiнгi таңда жемiс-жидектен, көкөнiстен уланған баланың санын нақты айтқан жоқ. Себебi, олардың iшiнде тек қана асқазаны мен iшегi ауырып түскендер ғана емес, көмiрқышқыл газынан, т.б. заттардан уланған балалар да бар. Және әлгiнде өзi айтпақшы, асқазаны түйнеген баланың дәп Қытайдың жемiс-жидегiнен төсек тартқандығы жөнiнде дәлелдейтiн айғағы жоқ.
Бiр айта кетерлiгi, күнi бүгiнге дейiн балабақшада, мектептерде тамақтан уланған фактiлер кездессе де, оның қандай тағамнан келгенiн ешкiм айтқан емес. Оны қатаң бақылауда ұстайтын санитар-дәрiгерлердiң өзi бұл мәселеге салғырт қарайтын сияқты. Кейде тiптi, "арнайы тексеру жүредi" дегендi естiген балабақша меңгерушiлерi мен мектеп медбикелерi сол сәтте ғана тазалыққа көңiл бөлiп жатады.
Турасын айтқанда, басқа емес, баланың денсаулығымен ойнауға болмайды. Егер сырттан тасымалданатын өнiмдерге егжей-тегжейлi сараптама жасалмаса, ресейлiк балалардың күйiн кешуiмiз бек мүмкiн. Ол үшiн кедендiк қызметкерлер де, санитарлық-эпидемиологиялық мамандар да мәселенiң алдын алуды естен шығармау керек сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ