АБЫЗҒА АЙНАЛҒАН ЖАН ЕДI
АБЫЗҒА АЙНАЛҒАН ЖАН ЕДI
Кеңестiк дәуiрдiң iрi тұлғаларының бiрi – Бәйкен Әшiмұлы Әшiмов едi. Мiне, ол да өмiрден озды. Тоқсан үш жасқа қараған шағында артында қалған халқы ақ жауып, арулап, қоштасу лебiздерiн айтып, Кеңсайдағы мәңгiлiк мекенiне шығарып салды.
Ертеңiне-ақ "Егемен Қазақстан" газетiне оның қаралы хабары жарияланып, сол күнi-ақ ол туралы естелiктер жарияланды. Әбiш Кекiлбаев: "…Сол шыдам… сол сабыр… оның өмiр бақи серiгiндей көрiнетiн. Тоқты-торпақ ортасында өскен ауыл баласы бүкiл бiр елдiң ортақ мақтанышы болған арыс азаматқа, уыздай ұйып отырған Ұлт Атасына айналған абыз жасына дейiнгi ұлы сапарында бiр сәт мойымаған да, мойытпаған да осы қасиеттерi едi-ау!"
Мақтай Сағдиев: "…Иә, өмiрден Бәйкен Әшiмұлы өттi. Осынау алып тұлғаның өмiрден өтуiмен бiрге жетпiс-сексен жылдық тұтас дәуiрмен қоштасқандаймыз. Кеңестiк деп аталатын үлкен дәуiрдiң соңғы ұлы қайраткерi болды ол кiсi…".
Серiк Қирабаев: "…Ол кiсi шын таныған адамына ықылас-пейiлi мол көреген азамат болатын. Содан берi қатынасымыз үзiлген емес. Менi iнiсiндей, Әлия Сәрсенқызын қарындасындай көрдi…".
Естелiк жазғандардың қимас сөздерi осылай кете бередi. Оның елге сiңiрген еңбегiн, адамдарға деген қайырымдылығын, халқына деген сүйiспеншiлiгiн жеткiзген. Кейiнгi ұрпақ абыздай болған ағаның өз кезеңiнде кiм болғанын осы естелiктер арқылы таниды. Көз көргендердiң, дәм-тұздас болғандардың алда әлi де жазатын естелiктерi қаншама. Солар жазылған сайын оның табиғи болмысы, тұлғасы айқындала, айшықтала түсерi хақ.
Өмiрде мәңгiлiк ештеңе жоқ. Келедi, кетедi. Бiрақ артыңда өшпестей iз қалдыра алдың ба? Өмiрдiң бар мәнi сонда. Бәйкен Әшiмов халық алдындағы парызын өтеп кеткен жан. Сондықтан да оны ұрпақтар ұмытпайды.
«Түркiстандықтар»
БӘЙКЕН ӘШIМҰЛЫ ӘШIМОВ
Бәйкен Әшiмов 1917 жылдың 10 тамызында Ақмола облысы, Рузаев ауданында дүниеге келдi.
Ол 1928-1930 жылдардағы ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру кезiнде жүргiзiлген асыра сiлтеу зардаптарын көрдi, 1932-33 жылдардағы ашаршылықты басынан өткердi.
Б.Ә.Әшiмов 1941 жылы соғыс басталғанда орта мектепте мұғалiмдiк қызметте едi. Сөйтiп, ол 1942 жылдың шiлдесiнде әскерге шақырылды. Солтүстiк-Батыс, Батыс, I-Белорус майданында соғысқа қатысып, 1944 жылдың қыркүйегiнде Варшава үшiн шайқаста ауыр жарақат алды. Содан 10 ай бойы емделiп, 1945 жылдың шiлдесiнде госпитальден шығып, мүгедек ретiнде әскерден босап, елге қайтарылды.
Соғыстан кейiнгi жылдары Б.Ә.Әшiмов Ленинград ауыл шаруашылығы институтын, одан кейiн Жоғарғы партия мектебiн бiтiрдi.
Соғыс ардагерiнiң еңбек жолы Көкшетау облысының Айыртау ауданынан басталды. Әуелi аудандық атқару комитетiнде жауапты хатшы, одан соң атқару комитетi төрағасының орынбасары, кейiн партия комитетiнiң екiншi хатшысы қызметтерiн атқарды. Бiршама уақыт Көкшетау облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының бiрiншi орынбасары болып қызмет iстедi.
Осыдан кейiн Б.Ә.Әшiмов Қарағанды облысында 7 жыл бойы басшы қызметтер атқарды. Оның iшiнде 5 жыл облыстық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы және 2 жыл облыстық ауылшаруашылық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып, облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына елеулi еңбек сiңiрдi.
1968-70 жылдары ол Талдықорған облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, ал 1970 жылы республика Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болып тағайындалды. Бұл қызметтi ол 1984 жылға дейiн атқарды.
Бұл қызметтен кейiн Б.Ә.Әшiмов республика Жоғарғы Кеңесi Төралқасының төрағасы – КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланып, 1985 жылы 68 жасында зейнет демалысына шықты.
Б.Ә.Әшiмов – Социалистiк Еңбек Ерi, 4 рет Ленин орденiмен, екi рет I-дәрежелi Отан соғысы, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, "Парасат" ордендерiмен, сондай-ақ Польша мен Моңғолияның жоғары наградаларымен марапатталған. КОКП Орталық комитетiнiң мүшесi, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң жетiншi және тоғызыншы шақырылымдарының депутаты.
Б.Ә.Әшiмов өмiрi өнегеге толы, iшкi мәдениетi аса жоғары, халқына қадiрлi, елiне сыйлы қазақтың шын мәнiндегi зиялысы болды. Өмiрлiк жары Бақыт Әсетқызы екеуi ұзақ та ұлағатты ғұмыр кештi, ұл мен қыз тәрбиелеп, немерелер сүйдi. Ал өмiрiнiң соңғы жылдарында ұлтымыздың қадiрлi ақсақалы ретiнде көрген-бiлгенiн жастарға өсиет етiп, ақыл-кеңес беруден еш жалыққан емес.
Қазақ елi үшiн ұлан-ғайыр еңбек сiңiрген мемлекет және қоғам қайраткерi Б.Ә.Әшiмовтiң өмiрден озуына байланысты оның туған-туыстарына қайғырып, көңiл айтамыз.
Қазақстан Республикасының Парламентi
Қазақстан Республикасының Үкiметi