ЛАУЛА, ЛАУЛА, ВАНКУВЕРДIҢ МҰЗҒА ЖАҚҚАН АЛАУЫ!
ЛАУЛА, ЛАУЛА, ВАНКУВЕРДIҢ МҰЗҒА ЖАҚҚАН АЛАУЫ!
12-ақпанда барша әлем тағатсыздана күткен Ванкувер Олимпиадасының алауы тұтанбақ. XXI қысқы ойындарға 37 жолдаманы қалтаға басқан Қазақстан командасы да тас түйiн дайын. Ел үмiтiн арқалаған тарландарымыз қойылған мақсаттарды орындап, сенiмдi ақтай ала ма деген күптi сұрақ барлығымыздың көкейiмiзде тұр? Осы жолы медаль сыңғырын естiртер кiмдерiмiз бар деген сауалға жауап iздеп көрген едiк.
КОНЬКИМЕН ҚАШЫҚТЫҚҚА ЖҮГIРУ
12 комплект медаль.
Олимпиадаға берер жолдаманы спортшылардың Әлем кубоктарының кезеңдерiнде көрсеткен нәтижелерi бойынша анықтайды. Қазақстан командасынан 4 спортшы 5 қашықтықта өнер көрсетедi. Олардың iшiндегi жалғыз қыз – Екатерина Айдова 500 және 1000 метрлiк жарыс жолына шығады. Ал ерлерден: Роман Креч (500 метр, әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 38-орын), Денис Кузин (1500 метр, 20-орын), Дмитрий Бабенко (5000 метр, 23-орын). Одан бөлек Ванкуверге баратын мүмкiндiк Александр Жигин мен Наталья Рыбаковада бар. Олар қосалқы тiзiмнiң басында тұр.
МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУ
4 комплект медаль. Барлық қатысушылар саны – 148.
Қысқы спорт түрлерiнiң iшiнде ерекшесi болып саналатын бұл спорт түрiнен қазақстандық екi спортшы қатысады. Бiрi – өнерiмен баршаны таңғалдырып, әлем кубогында 8 орын алған – Денис Тен. Егер Денис жiгiт барын салып, бабымен сырғанаса бiр медальдi күтерiмiз анық. Екiншiсi – қандасымыз Абзал Рақымғалиев. Жас та болса баспын дейтiн намысты бозбаланың жолына да үмiтпен қарайлаймыз.
Осы жолғы бәсекенiң қызықты өтуiне жақсы жағдай туып тұр. Өйткенi қатысушылар сапында Олимпиада чемпионы, ресейлiк Евгений Плющенко бар. Оған қоса әлемнiң екi дүркiн чемпионы швецариялық Стефан Ламбьелдi айтыңыз. Ол аз болса, дүбiрлi додаларды бiр бағындырсам деп жүрген жапондық Дайсуке Такахаши де тiзгiндi тарта қоймас.
ШОРТ-ТРЕК
8 комплект медаль. Барлық қатысушылар саны – 120.
Өткен жылы Канада мен АҚШ-та өткен әлем кубогының нәтижесiнде Олимпиадаға 120 спортшы жолдама алды. Бiздiң команда, өкiнiшке қарай, тек бiр ғана спортшы жiбере алады. Елiмiздiң үздiктерi Артур Сұлтанғалиев пен Айдар Бекжановтың арасындағы таңдауды Ұлттық құрама бапкерi Мәдiғали Қарсыбеков жасап, соңғысына көңiлi ауды. Орал облысының түлегi Айдар Бекжанов – болашағынан зор үмiт күттiретiн жас спортшы.
ШАҢҒЫ СПОРТЫ
12 комплект медаль, барлық қатысушылар саны – 310.
"Қазақстанда жақсы дамыды" деген шаңғы спортынан қолымызда 10 билет бар. Негiзi жолдамалар саны өткен Турин ойындарындағыдан гөрi аз. Италияға ол кезде 17 қазақстандық аттанған. Бiрақ бұл жолы лицензиялар санының азайғанын ескерсек, осыған да тәуба дегiмiз келедi.
Спринтерлiк эстафетаға елiмiзден Николай Чеботько мен Евгений Кошевой қатыспақшы. Себебi, осы жұп үш жыл бұрын әлем бiрiншiлiгiнiң жүлделi орнына сәл жетпей қайтқан. Ал дәл осы жолдың жеке сайысында оларға Алексей Полтаранин қосылуы керек. Соңғысы Чеботько мен Сергей Черепановқа қосылып, 15 шақырымға еркiн әдiспен уақыт салып жүгiредi. Шыдамдылық пен жылдамдықты қажет ететiн дуэтлонда соңғы кездерi тәуiр көрсеткiштердi Черепанов көрсетiп жүр. Бабы мен бағы қатар шапса, Сергей беттi жерге қаратпас. 5-шi шаңғышы 22 жасар – Евгений Величко.
Қыздарымызға келер болсақ, осымен төртiншi рет Олимпиадаға қатысқалы отырған команданың көшбасшылары Малахова-Шишкина, Оксана Яцкая және Елена Коломина. Соңғы кездерi өзiнiң бұрынғы қайрат күшiне енiп келе жатқан Елена соңғы "Тур де Ски" турнирiнде екiншi орыннан бiр-ақ шыққан. Оның негiзгi жақсы меңгерген жарысы – спринт және масс-старттағы iз қуу.
ФРИСТАЙЛ
6 комплект медаль, барлық қатысушылар саны – 180.
Бұл спорттың 6 бәсекесiнiң iшiнде бiздi қызықтыратыны екеу – ерлер және әйелдер могулы. Юлия Галышева, Дарья Рыбалова және Юлия Родионова сияқты спортшыларымыз құрайтын әйелдер командасы сақадай сай. Ал ерлер командасынан Дмитрий Рейхерд (17-орын) және Дмитрий Бармашов (30-орын)бақ сынамақшы.
ШАҢҒЫМЕН ТҰҒЫРДАН СЕКIРУ
3 комплект медаль, барлық қатысушылар саны – 70.
Командалық жарысқа қатысу үшiн бiзге кем дегенде төрт жолдама ұтып алу қажет-тiн. Маусым басында қолымызда болған үш лицензия, соңғы сәтте екеу болып қана қалды. "Төрт трамплиннiң турнесi" атты жарыста көрсеткен нәтижелердiң кесiрiнен осылайша бiр жолдаманы өзгеге ұстаттық. Сонымен "үйеңкi жапырақтылар елiне" Швейцария командасы секiлдi екi ғана спортшы апарамыз. Олардың екi спортшысының бiрi – олимпиаданың екi дүркiн чемпионы Симон Амман екенiн ескерсек, оларға қарағанда бiздiң халiмiз мүшкiлдеу. Өйткенi бiздiң маңдайымызға әлi ондай деңгейге жеткен жұлдыз бiткен жоқ. Осы жолы айымыз оңынан туа қояр ма екен? Ашығын айтсақ, бұл спорт бiздiң осал тұстарымыздың бiрi. Қазақстанда кенже дамыған спорт түрi нақ осы тұғырдан секiру.
БИАТЛОН
10 комплект медаль, барлық қатысушылар саны – 220.
Олимпиадаға баратындарды реттеу үшiн 2008 және 2009 жылғы әлем кубогының нәтижелерi алға тартылды. Сондықтан жолдамалар саны өткен жылғы маусымның соңында-ақ белгiлi болып қалған. Ал одан кейiнгi жарыстар команда iшiндегi орынға таласу үшiн жүрдi. Әркiм өзiнiң мықтылығы мен шеберлiгiн барынша көрсетiп бақты. Сонымен, бiзде барлығы 9 жолдама. 5 ер және 4 әйел. Осылайша бiздiң екi командамыз да эстафеталық жарысқа қатысады. Сондай-ақ, Қазақстан жеке және спринтерлiк сайыста да бақталасады.
Әйелдер командасының төрттiгiне Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Анна Лебедева және Любовь Филимонова секiлдi сайыпқыран қыздар кiрмек (Филимонова өткен жылы Қазақстан азаматтығын алған). Ерлер командасында Червяковтың өресi биiк тұр. Ол ел абыройын Анна Лебедевамен бiрге өткен ойындарда да қорғаған болатын. Сонымен қатар, ту ұстаушы Диас Кенешев, Сергея Наумик және Яна Савицкий де жоқ емес.
Бұл Олимпиадада хоккей және техникалық түрлер – бобслей, скелетон және шана спорты секiлдiлерден Қазақстаннан тiптi қатысушы жоқ. Ең өкiнiштiсi, ерлер және әйелдер хоккей командасының Ванкувер мұзайдынына шықпайтындығы. Олар iрiктеу кезеңдерiн бағындыра алмады. Кезiнде 2007 жылдың Азия ойындарында табысты болған керлинг спорты да iзiм-қайым жоқ боп кеттi.
Ендiгi мақсат, Олимпиадаға жiберген ұл-қыздарымыздың жолына сәттiлiк тiлеп, ақырын күту. Ең бастысы, көк байрағымыз, елдiк намысымыз, халықтық абыройымыз асқақтасын деп тiлейiк.
Ермұхамед МӘУЛЕН