Жаңалықтар

ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

ашық дереккөзі

ҮШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТҮЙIН

Скандинавия түбегiнде үш мемлекет бар. Олар — Норвегия, Швеция, Финляндия.

Норвегия 1992 жылы Қазақстанның Тәуелсiздiгiн таныды. Солтүстiктегi бұл елдiң көктем, жаз, күзi бес айға ғана созылады. Жылдың жетi айында ақ қар жамылған қыс құрсауында болады. Алайда жыл бойына дүкендерiнен балғын нәрлi көкөнiс өнiмдерi үзiлген емес.

Норвегия – мұнайлы ел. Норвегияда мұнай-газ көздерi 1960 жылдардың басында теңiз жағалауларынан табыла бастаған. Сол кезде елде мұнай өндiрушi мамандар тапшы болса керек. Америка мен Батыс Еуропаның мұнай өндiрiсiмен айналысатын компаниялары инвестиция құюға ұсыныс жасаған. Норвегия үкiметi оларға өз талаптарын қояды. Жұмысшыларды тек жергiлiктi тұрғындардан алып, екi жылдың iшiнде норвегтерден мұнай-газ саласы бойынша инженер-технолог мамандарын дайындап шығаруға келiскен жағдайда ғана ұсыныстарын қабылдайтындарын алға тартқан. Екi жақты бiрнеше реттiк келiссөздерден кейiн шетел компанияларының бұл талаппен келiспеске амалдары қалмапты. Екi жылдан соң Норвегияның мұнай өндiрiсiне өз мамандары шығып, бар iстi өз қолдарына алады. Қазiр дүниежүзiндегi ең iрi мұнай-газ экспорттаушы мемлекеттер қатарында тұр. Мұнай-газ кен орындарын барлау мен өңдеудегi олардың технологиясы басқалардан озық болмаса, бiр мысқал да кем емес. Бұл елде мұнай өндiрiсiнiң 90 пайызы мемлекет иелiгiнде де, тек 10 пайызы ғана шетелдiк компаниялармен өзара тиiмдi келiсiм шарт бойынша өндiрiлуде.

Норвегияда мұнайдан түскен табыс Ұлттық қорға жинақталады. Үкiмет әр үш ай сайын сол қорға түскен қаражат пен оның белгiлi бiр бөлiгiн қандай мақсаттарға жұмсайтындарын парламент қарауына ұсынып, талқылаудан өткiзедi. Және жылдың әр тоқсанында парламентке сол ақша көлемiнде атқарылған жұмыс жөнiнде есеп берiп, оны ақпарат құралдары арқылы халыққа жариялайды. Олар Ұлттық қордың жұмысын ашық түрде жүргiзуiнiң нәтижесiнде сыбайлас-жемқорларға жол бермеуде. Барлық қаражатты халықтың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсартуға, қалалар мен елдi мекендердiң инфрақұрылымдарын жүргiзуге, жаңа өндiрiс орындарын ашуға, технологияны жетiлдiруге, жұмыссыздар санын мейлiнше қысқартуға жұмсауда. Тарихи-мәдени құндылықтарын да назардан тыс қалдырмаған.

Қазақстан да Ұлттық қордың негiзiн солардан алған. Былтыр "Жол картасын" жүзеге асыруда қордың айтарлықтай пайдасы тидi.

Өткен аптада Норвегия корольдiгiнiң Крон-ханзадасы Хаакон Магнус Астанаға ресми сапармен келдi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмовтың қабылдауында болды. Қазақ-норвег бизнес форумы өтiп, онда энергетикалық ынтымақтастық мәселесi қозғалып, өзара тиiмдi бiрқатар келiсiм шарттар жасалынды. Таяу уақытта Үкiметтiң арнаулы комиссиясы Норвегияға барып, солардың Ұлттық қор қаржысын пайдаланудағы тиiмдi тәсiлдерiмен танысып, тәжiрибе алмасып қайтатын болды.

* * *

Жыл басында коммуналдық қызмет бағасы тағы өстi. Өткен қаңтар айынан бастап "Алматыэнергосбыт" ЖШС электр қуатының сараланған тарифтiк жүйесiне көштi. Осы жүйе бойынша электр қуатын тұтынушылар қаңтар айында әр киловат-сағатқа 11,38 теңгеден төледi. Алғашқы айда-ақ ауырлықты сезiнген жұрт тәуелсiз телеарналар мен баспасөздерден өз наразылықтарын бiлдiрiп жатыр.

Бұрын бәрi де басқаша едi. Тұрғындар есептегiштерiндегi тұтынған электр қуатының көрсету сандарын өздерi шот-түбiртекке жазатын. Қазiр бұл басқаша жүргiзiледi. 2009 жылдың мамыр айынан берi мұны "Дамуэнергосервис" ЖШС-ның өз қызметкерлерi қолға алған. Жұрт содан бастап шатаса бастады. Электр қуатын тұтынудың жаңа тәсiлiн түсiне қоймағандар шот-түбiртекке есеп айырысуды екi-үш айға дейiн бұрынғыша жазып, төлеп жүрдi. Ендi мiне жылу тарифы да 20 пайызға өсiп отыр.

Қоғамдық өмiрдегi бұл өзгерiстер зейнеткерлер мен әлеуметтiк жағдайы төмен тұрғындар үшiн айтарлықтай ауыртпалық әкелгендерi рас. Баршаның алды болып әдеттегiдей республикалық "Поколение" зейнеткерлер қозғалысының төрайымы Ирина Савостина тәуелсiз ақпарат құралдары арқылы дауыс көтердi. Оның айтуынша, Үкiмет зейнетақыны көтеретiндерi туралы алдын-ала жарияға жар салғаннан-ақ, ертеңiне базарлардағы аса қажеттi тұтыну тауарларының бағасы өсiп шыға келедi екен. Iле-шала коммуналдық қызмет ақылары да көтерiледi. "Сонда зейнетақыға қосылған ақшаны сауда орындарындағы күнделiктi тұтынатын азық-түлiк тауар бағаларының өсiмi жеп қояды. Қазiр ең төменгi зейнетақы 9 мыңнан сәл-ақ асқан. Сондай-ақ 13 мың теңге алатындар да аз емес. Жас ұлғайған соң оларда қандай денсаулық болсын. Зейнетақыларының бiразы дәрi-дәрмекке жұмсалады. Сонда олар мына шарықтаған коммуналдық қызмет ақысын қалай төлейдi? Осы сұрақты қала әкiмшiлiгiне қойдым. Нақты жауап жоқ. Мен қазiр зейнеткерлерге үтiктi пайдаланбаңдар, теледидарды көрмеңдер, шаңсорғышты жинап қойыңдар, кiр киiмдерiңдi айына бiр-ақ рет жуыңдар деп отырмын. Коммуналдық қызмет ақысы, аса қажеттi азық-түлiк бағасы өсiп отырғанда өркениет бiздiң не теңiмiз?".

Ирина Савостина кезiнде әкiмшiлiк қызметте iстеген жан. Коммуналдық қызмет көрсетудiң қыр-сырын жақсы бiледi. Тiптен оның қолында Совет Үкiметiнiң алғашқы жылдарындағы қаулы-қарарларының жиынтығы бар екен.

Мынау 1926 жылғы СССР Халық комиссариатының 6 маусымдағы коммуналдық қызмет ақыларына байланысты қаулылары. Онда пәтердiң әр пайдалы текше метрiне 3,5 тиыннан төлеуге шешiм шығарған. Оған жуыну бөлмесi, әжетхана, асхана, дәлiз, балкон кiрмеген. Ендi ойлап көрiңiз. Бұл азамат соғысынан кейiнгi елдегi жоқшылық кезеңiнiң белең алып тұрған кезi емес пе едi. Жағдай өте қиын болатын. Бұл аз десеңiз, тағы бiр мысал келтiрейiн. Бiздiң қатарымыз Ұлы Отан соғысынан кейiнгi елуiншi жылдарды ұмытқан жоқ. Мына "Известия" газетiнiң қиындысына қараңыз. "Төлем бағаларының жаңа көрсеткiштерi" деп аталынған осы хабарда Үкiмет соғыстан кейiнгi бүлiнген елдiң экономикасын қалпына келтiру жағдайы қаншалықты қиынға түссе де, адамдардың өмiр сүруiн жеңiлдету үшiн коммуналдық төлемдердi тағы да төмендеткен. Ал бiз ел аман, жұрт тынышта дағдарысты сыныққа сылтау етемiз.

Мен "Алматыэнергосбыттың" бас директоры Михаил Геннадьевич Гамбургерге де арнайы хат жаздым. "Сiздер Жамбылдан электр қуатының әр киловат-сағатын орта есеппен 5,61 теңгеден сатып аласыздар. Ал соны тұтынушы қарапайым тұрғындарға неге 11,38 теңгеден сатасыздар? Бағаны осыншалық өсiру нендей қажеттiлiктен туындап отыр?". Жауап жоқ. Өйткенi олар тек өздерiнiң пайдасын ғана ойлайды.

Энергетиктер жұрт электр қуатын ұрлайды деп шағымданып жүр. Соның есесiн қайтару үшiн төлемнiң осындай жаңа түрiн ойлап тауып отырған секiлдi. Басқалар үшiн неге адал төлеушiлер зардап шегуi керек? Соларды бақылауға алмағанда полиция қызметкерлерi не бiтiредi?

Үкiмет "Тарифтердiң шегiн бекiту туралы" №392-шi қаулысында электр қуатын өндiрушiлер мен таратушыларға бағаны 2015 жылға дейiн еш кедергiсiз көтере беруге мүмкiншiлiк берген. Бұдан кейiн Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнен қандай қайыр күтесiз. Кеше "Хабар" телеарнасы Қостанай облысының әкiмi Сергей Кулагиннiң облыстық бюджеттен әлеуметтiк жағдайлары төмендер үшiн 200 миллион теңге бөлгенiн жеткiздi. Дегенмен бұл да ғайыптан аспаннан түскен жоқ. Салықтан жиналған халықтың өз ақшасы ғой.

* * *

Өлең жазғандардың бәрi ақын ба? Жалпы ақын деп кiмдi айтамыз? Бұл жөнiнде психология ғылымдарының кандидаты, профессор Жолмұхан Түрiкпенұлының өзгеше ойы бар.

– Осы жұрт ұйқас құрап, шумақтағандардың бәрiн ақын деп жүр. Негiзiнде олай емес. Ақын бар, өлеңшi бар. Екеуiнiң мәнi екi басқа. Ақын ұшқыр ойдың адамы. Қашанда халықтың сөзiн айтады. Билiктен қаймықпай батыл айтады, тiптен басын тiгiп айтады. Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқты ұстанады. Сондықтан билiкке жақпаған. Оған Сүйiнбай, Махамбет, Бұхар жырау, Абай, Жамбылдай дарабоздар жатады. Бұлар бүгiн де аз.

Ал өлеңшi кiмдер? Әралуан көңiл-күй ауандарымен ұйқас шумақтар шығарып, тыңдаушыларын бiр сәтке елiктiретiн талант иелерi – өлеңшiлер. Бұлар бүгiн де көп. – Ғалымның тұжырымы осы.

Әдебиет теориясында мұндай анықтама жоқ. Бiрақ жоқ деп, құлақ аспауға бола ма? Ғылыми ақыл ойды тежесек, рухани жағынан қалай дамимыз. Менiңше ғалымның бұл айтқандарының жөнi бар. Құлаққа кiредi әрi ойландырады.

Сол аздың бiрi, әрi бiрегейi – Рафаэль Ниязбек. Билiкке жағынса баяғыда-ақ бас бәйгенi қанжығасына байлар едi. Әрiптес ортасы оны "тентек ақын" дейдi.

"…Талайды мен де көргенмiн,

Жыланнан қамшы өргенмiн".

Мiнезi өр, кеудесi асқақ. Жоғарыға жағынып, тiлiн тартқан емес. Ойын ашық, маңдайға ұрып айтады. Оған "тентектi" телiгенi сондықтан.

"…Момын халқын жылатып зарлатқалы,

Безбүйректер билiкке келедi ме?"

"…Таршылықта ұстай ма кiм бiледi

Бұл өкiмет қазақты жасытқалы".

"…Неге ауылды тоздырды бұл өкiмет,

Жүрмесе егер қазақты тоздырғалы?!"

"…Ұлы Абайдан қалған у, тәбәрiк қой.

Тәбәрiктi мен iшпей кiм iшедi?"

Рафаэльдiң әр өлеңiнен осындай от шарпыған жолдарды кездестiресiң. Қоғамның ащы шындығы, ақиқаты. Жоққа шығарып көр. Бiрақ мұны ол қай жетiскеннен жазды дейсiз. Күйiнгеннен Абайдан қалған у-ды iшiп, айтып отыр. Қазағының тұрмыс-тiршiлiгi жақсы болса, сол уды тәбәрiк етiп iшер ме едi. Ауыл деген анамызға жаны ашымаса, мұншалық күйзелер ме едi.

Мұндайды айтатындар бар. Отбасы, ошақ қастарын күйттеп, есептерiн түгендеп, айтпайтындар бар. Олар да ақынбыз деп жүр.

Ендi Рафаэльдi ақын демей көрiңiз. Ақынның ақиығы.

Р.S. Норвегия Ұлттық қор жұмысын ашық жүргiзуден елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жоғары көтерiп отыр. Бiз де солардан үлгi алсақ, мемлекет қаржысын тиiмдi әрi орынды пайдаланар едiк. Ең бастысы сыбайлас жемқорлардың жолы кесiлерi анық.

"Бiз "Жол картасы" бағдарламасының арқасында дағдарысты аса сезiнген жоқпыз". Үкiмет басшылары осылай дейдi. Ендеше коммуналдық қызмет ақыларының күрт көтерiлуiне не себеп?

Психолог ғалымның ақын мен өлеңшiнiң ара жiгiн ажыратып бергенi көкейге қона ма? Мен бiрқатар шығармашылықпен айналысатын жандарға осы сауалды қойдым. Олар қонады дейдi.

Көлбай Адырбекұлы