Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТI ТОНАҒАН МЕНЕДЖЕРЛЕР

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТI ТОНАҒАН МЕНЕДЖЕРЛЕР

Банктердегi депозиттердiң тасасында не жатыр?

"Ит қорыған жерге өш". Қазақстанда жемқорлармен күрес қызған сайын мемлекет қазынасына қол салғандар саны да көбейе түскен сияқты. Мысалы, былтыр қаржылық тұрғыда заң бұзушылықтар 2008 жылға қарағанда, 34 пайызға артқан. Ал мемлекет меншiгiне тиесiлi қаражатты оңды-солды шашудан алдарына жан салмаған кейбiр шенеунiктер қалталарын сыйақылар мен түрлi жеңiлдiктермен толтырған. Сорақысы сол, айналдырған екi жылдың iшiнде инвестициялық және инновациялық екi қор басшыларының кесiрiнен 25 млрд-тан астам теңге ысырап болыпты.

Президент ел экономикасын қарыштап дамыту үшiн инвестициялық ахуалды жақсарту және инновациялық бағдарламаларды көптеп жүзеге асыру керектiгiн жиi айтады. Ал аталған қорлардың басшылары небары екi жылдың iшiнде мемлекетке тиесiлi 25 млрд. теңгеден астам қаражатты желге ұшырған. Өткен аптаның соңында Қазақстанның Есеп комитетiнiң кеңейтiлген отырысында комитет төрағасы Омархан Өксiкбаев мемлекетке орасан зор көлемде шығын келтiрген ұлттық компаниялар басшыларын заңды түрде жазаға тартуға және кезiнде оларға төленген ақшалай сыйақы мен бонустарды керi қайтаруға ұсыныс бiлдiрдi. Қазақстанның ұлттық холдингтерiнiң бiрiн басқаратын шенеунiктiң қазақстандық менеджерлердiң басым бөлiгi кәсiби тұрғыда шешiм қабылдауға қабiлетсiз екендiгiн мойындағанын көлденең тартқан О.Өксiкбаев: "Бұған қосымша олар (менеджерлер — Н.Ж.) жiберген қателiктерiнiң жауапкершiлiгiн де мойнымен көтеруге дайын еместiгiн, ал қазiргi заң оны қамтамасыз етпейтiнiн айтар едiм", — дедi. Осылайша қаһарға мiнген Есеп комитетiнiң жетекшiсi қазақстандық заңнамалық құжаттарда ұлттық компаниялар, ұлттық холдингтер, әртүрлi мемлекеттiк және ұлттық қорлар менеджерлерi өз мiндетiн мүлтiксiз атқара алмаған жағдайда сыйақылар мен бонустарды керi өндiрiп алу керек деген пiкiр айтты.

Мысалы, мемлекет меншiгiндегi "Технологиялардың инжинирингi мен трансфертi" АҚ басшылығы жүйелiк және биометрикалық технологиялармен, сондай-ақ, ақпаратты қорғау құралдарымен айналысатын шетелдiк компаниялардың акциясын 2,7 млрд. теңгеге сатып алған. Сорақысы сол, аталған компаниялар акцияны сату кезiнде банкротқа ұшыраудың алдында тұрған. Ал Акционерлiк қоғам иеленген 2,7 млрд. теңге тұратын акциялар компаниялар банкрот ретiнде жарияланғаннан кейiн 1 млрд. теңгеге (42 пайызға) бiр-ақ сәтте құнсызданып шыға келген.

Кезiнде мемлекет тарапынан 70 млрд. теңге салынған "Ұлттық инновациялық қор" АҚ мен "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ басшылығын да қатаң сынға алған Өксiкбаев мырза 2007-2008 жылдары аталған екi кәсiпорынның кесiрiнен мемлекет қазынасына 25,5 млрд. теңге көлемiнде шығын келгенiн, олар қаржыландырған 121 жобаның небары бесеуi ғана iске асырылғанын айтты: "Қорлардың жобаларынан түсуi тиiс қаражаттың 11 млрд. теңгесi бюджетке қайтарылған жоқ. Ал аталған құрылымдардың кiрiсiнiң басым бөлiгi екiншi деңгейлi банктерге салынған депозиттерден құралған". "Бiр қызығы", құрылғалы берi Инновациялық қордың басшылығы — 6 рет, ал инвестициялық қорда 5 рет ауысып үлгерiптi. Айналдырған екi жылдың iшiнде 25 миллиардтан астам теңгенi желге ұшырған 11 басшының ешқайсысы мемлекетке келтiрген шығындары үшiн жауап бермеген. Керiсiнше, қалталарын аса iрi көлемдегi бонустар мен сыйақыларға толтырыпты.

Кеңейтiлген отырыста Омархан Өксiкбаев мырза 2009 жылы Есеп комитетi тарапынан жүргiзiлген 47 қадағалау шарасы мен облыстарға арналған 7 кешендi тексеру нәтижесiнде халыққа тиесiлi 29 млрд. теңге бюджетке керi қайтарылғанын жеткiздi: "Есеп кезеңiнде 382 нысан тексеруден өткiзiлiп, қаржылық заң бұзушылықтардың 2008 жылға қарағанда, 34 пайызға артқаны анықталды. Тексеру шараларының қортындысында 150 лауазым иесi әкiмшiлiк жауапқа тартылып, олардың 28-i қызметтерiнен босатылды. 40 тексеру жұмысы құқық қорғау органдарына табыс етiлген. Оның 9-ына қатысты қылмыстық iс қозғалып, 4-еуi сотқа жөнелтiлдi".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ