Жаңалықтар

CӘБИ СҮЮДIҢ СЕРГЕЛДЕҢI

ашық дереккөзі

CӘБИ СҮЮДIҢ СЕРГЕЛДЕҢI

Балалы болғысы келгендер бас-аяғы 16 құжат жинайтын көрiнедi

Қазақта жөн-жоралғыны бiлетiн қариялар бата бергенде, "Өркенiң өссiн, өнiп-өсiп өре бер, қарағым!" деген аталы сөздi ұмытпайды. Ал бұл батаның түрленген, жаңарған нұсқасы, қазiргi заманның тiлiмен айтқанда, "Балпанақтай ұл тап!" дегенге сайып жатады.

Әдетте, бұл игi тiлек жаңадан отау құрып, шаңырақ көтерген жас отбасыларға қарата айтылады. Жалынды махаббаттың ыстығы мен суығы басылып, екi, үш, төрт жыл өткен соң, "баласыз үй қу мазарға" айналып, жылт еткен үмiт те сөне бастайтындай әсер тудырады. Кейде тiптi, алқымы ащы запыран мен күйiкке толған жас ананы Құдай қолдап, тас емшегiн жiбiтiп, құрсақ көтеру бақытын сыйлайды. Ал, ендiгi бiрi сәби сүйгiсi келсе де, өмiрдiң бiр қызығы – балаға ғұмыр бойы зар болып өтедi. Өкiнiшке қарай, елiмiздегi отбасының 20 пайызы осы үмiт пен арманмен тiршiлiк кешуде. Тек Денсаулық сақтау министрлiгi биылғы өзiнiң Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiмен тұспа-тұс қабылдаған жасанды ұрықтандырудың тегiн медициналық көмегi арқылы талай жөргек жуғысы келген жабырқаулы жандардың кеудесiне үмiт отын жаққандай болды. Алайда, министрлiк бөлген 100 квота бала сүюге қабiлетсiз әйелдердi жарылқап, жанына дәру бола ала ма?

Бүгiнде республиканың түкпiр-түкпiрiндегi бедеу әйелдер жағымды жаңалықты ести сала министрлiкке, жергiлiктi денсаулық сақтау департаментiне дамыл бермеуде. Бәрiнiң бiр тiлегi бар, ол – 100 квотаға iлiгiп, нәресте сүю. Бiрақ кейбiр әйелдердiң сөзiне қарағанда, мұның өзiне қол жеткiзу құр тыраштанумен пара-пар екен.

… Гүлшаттың отбасы құрғанына да 4 жылдың жүзi. Оның бүгiнге дейiн бармаған жерi, баспаған тауы жоқ. Отбасының ұйытқысына айналған Гүлшат аяулы жар бола бiлсе де, ардақты ана атану бақытына ие бола алмай жүр. Денсаулық сақтау министрлiгi бөлген 100 квота туралы ақпарат былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айында құлағына жеткелi берi келiншектiң көңiлi су сепкендей басылып, тауы шағылғанға ұқсайды.

"– Менiң бала тууға қабiлетiм шектеулi. Жасым 31-де. Ендi жасанды жолмен ғана көтере алады екенмiн. Бедеу әйелдерге бөлiнген 100 квотаны әуелгi кезде теледидардан естiдiм де, министрлiкке хабарластым. Олар: "Алматы қаласындағы Денсаулық сақтау департаментi шешедi" деген соң, оған да барсам, "Адам репродукциясы орталығына барып, тiркелесiз" деп қоя бердi. Бұл мекеменiң бас гинекологына талон алудың өзi ұзын-сонар тiзiм. Үш-төрт күн дегенде әрең талон алып, кiрiп едiм, "Сiз өтiп тұрсыз, құжатыңызды Ана мен баланың денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығына жiберемiз. Бiрақ мұны бiз емес, солар шешедi", – деп шығарып салды. Содан өтетiн болдым деп өзiмше мәз боп жүре берiппiн. Бiр күнi күйеуiм екеумiз "Ана мен баланың денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығына барып көрейiкшi" деп, ЭКО-лабораториясының бас дәрiгерi Анастасия Рыбинаға кiрсек: "Мына құжаттың тиетiн көмегi көп. Бiрақ, сiз 16 жерден анализ тапсырып, қорытындысын әкелуiңiз керек. Қысқасы, бiзге денсаулығыздың 100 пайыз таза екендiгiне кепiлдiк беретiн қағаз қажет" дейдi. Сонда екi орталықтың қайсысына сенемiн? Егер Адам репродукциясы орталығынан өттiм деп жүре берсем, не болатын едi? Әлгi 16 анализдiң тiзiмiн алып, қайтадан Адам репродукциясы орталығына барып, анализдiң бағасын бiлгiм келдi. Қарасам, генетиктен өтетiн бiр анализдiң өзi 10 мың 600 теңгеден күйеуiм екеумiзге 21 200 теңге шығады екен. Одан бөлек 7 гармондық зерттеудiң әрқайсысы – 2 мың 395 теңгеден. Тағы да майда-шүйде анализдер жетiп артылады. Барлығы 75-80 мың теңгеге барады. Қазiр менде мұндай ақша жоқ. Өзiмiз пәтер жалдап күн кешiп жүрмiз. Күйеуiм де, өзiм де жұмыссызбыз. Ақшаны қашан тауып, анализдi қашан өткiземiн, бiлмеймiн. Тiптi, бiр анализдiң өзi 15-20 күнде ғана дайын болады екен. Оған дейiн құжат қабылдау уақыты да тәмамдалатын шығар, кiм бiлсiн?! Оның үстiне Алматы қаласына бар-жоғы 9 квота бөлiнiптi. Бәлкiм, 9 квотаның иесi белгiлi де шығар. Алматы қаласының өзiнде бедеу әйелдiң көп екендiгiне осы квота үшiн табанымнан тозып жүргенде көзiм жеттi. Қаншама әйел анализiн өткiзiп, екi орталықтың арасында сандалып жүр. Сондықтан бұл квота өте қолжетiмсiз сияқты. Алматының өзiне кем дегенде 20 квота бөлсе екен деп армандайсың".

Жаны жабырқаулы келiншек 75-80 мың теңгенi қайдан табарын бiлмей, 16 анализдiң қағазын жергiлiктi тiркелген жердегi емханаға апарса, "Бiздiң бұл анализге зерттеу жүргiзетiн құрал-жабдықтарымыз жоқ" деп қол қусырған көрiнедi. Гүлшаттың соңғы үмiтi де ақталмай "бәрiнен де күдер үздiм" дейдi.

Ал ана болуға асыққан әйелдердi әбiгерге салған 100 квотаның жыры жайлы министрлiктiң өкiлi Алмагүл Әбенқызы: "Бұл туралы барлық ақпаратты жергiлiктi жердегi Денсаулық сақтау департаментiне бердiк. Негiзi квотаны бөлу мәселесiн министрлiк емес, Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен Алматы қаласындағы акушерлiк-гинекологиялық ғылыми-зерттеу институты шешедi. Әрқайсысында өз комиссиясы бар. Белгiленген талаптардан өткен әйелдер Денсаулық сақтау басқармасы арқылы жолдама алады да, осы мекемелерден өтедi. Құжат қабылдау барысы 1-қаңтардан жылдың аяғына дейiн созылады. Ал, толық шешiмi осы жылдың аясында анықталуы мүмкiн…", – деп жауап бердi. Алайда, министрлiктiң өкiлiне квотаға iлiгуге байланысты қойылған талаптар мен 16 анализдiк талдаудан өтуге кез келген әйелдiң қалтасы көтере бермейтiнiн айтқанымызда, "Бұл мәселе жайында акушер-гинекологтардан сұрағаныңыз жөн болар" деп қысқа қайырды. Өйткенi, оның айтуынша, министрлiк квота бөлгенiмен, қалғанына еш қатысы жоқ.

Бұдан соң Гүлшат секiлдi әйелдердi қабылдап, денсаулығымен танысып жүрген Ана мен баланың денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығы, ЭКО-лабораториясының бас гинеколог-дәрiгерi Анастасия Рыбинамен тiлдесудiң сәтi түскенде, "Бiз келген әйелдiң бәрiн қабылдап жатырмыз. Қазiрдiң өзiнде 50 әйелден асып кеттi" деп тiркелген әйелдiң санын айтып шықты.

– Олар 16 анализдiк талдаудан өтуi керек. Қиналып жатса, жергiлiктi жерiндегi емханасынан тегiн өтуiне болады. Бiзге қайдан өтсе де, қорытынды шешiмiн алып келсе болғаны.

– Бiр ғана генетикалық анализдi тек Адам репродукциясы орталығынан ғана өту керек екен. Оның өзi бiр адамға 10 мың 600 теңге. Мұны жағдайы жоқ отбасының қалтасы көтере ме?

– Иә, 10 мың теңгенiң шамасында. Бiрақ бұл сұрақтар туралы маған емес, Денсаулық сақтау министрлiгiне хабарласпайсыз ба? Бiзге бұйрық солай келдi, бiз соған сәйкес жұмыс iстеймiз, әйелдердi қараймыз. Мұны мен ойлап таптым ба? Бұл бұйрықты билiктегi ақылдылар шығарып отыр ғой. Бiз тек өзiмiздiң жасаған қорытындыны беремiз, ал кiмге берiледi, кiмге берiлмейдi, оны Алматы қаласының денсаулық сақтау департаментi шешедi.

– Егер әйелдiң денсаулығында ахау болмаса, өзi-ақ бала көтермей ме? Бұл оларды құр сандалтудың амалы емес пе?

– Жоқ. Бала көтеру үшiн денi сау ана керек.

– Сiз келесi жылы бедеу әйелдер тегiн ұрықтандырудың медициналық көмегiне ие болады депсiз. Осы рас па?

– 2011 жылы не болатыны белгiсiз. Мүмкiн келер жылы квота санын көбейтетiн шығар. Бұл жөнiнде ешкiм ештеңе бiлмейдi. Әрине, Алматы қаласына 9 квота аз десек те, қазiр қолдан ұрықтандырудың құны өте қымбат.

Бас гинеколог-дәрiгер бұдан артық ақпарат беруден бас тартты. Тiптi, "Сiз арнайы мақала жазғыңыз келсе, әуелi рұқсат қағазын алып, әкiмшiлiкке жолығуыңыз керек" деп те үркiтуге дейiн барды. Бiр ұққанымыз, министрлiк пен бас акушер-гинекологтың пiкiрi үйлеспейтiндей көрiндi. Бiрi министрлiкке, екiншiсi аталмыш орталыққа сiлтейдi. Сонда кiмге арқа сүйеймiз? Министрлiкке ме, әлде аталмыш орталыққа ма? Екi ортада шыбын жаны ұшып жүрiп, түрлi мекеме табалдырығын тоздырған қарапайым әйелдер көмектi кiмнен күтедi? 16 анализдi өткiзуге қолын жоқшылық байлаған әйелдерге не көмек ұсына аламыз? Бұл бағдарлама аясында бөлiнген квотаға ақшасы бар жандар ғана iлiге ме, әлде…

Қолда бар ақпараттарға көз жүгiртсек, бүгiнде Қазақстанда жасанды ұрықтандырудың құны 3000-нан 5000 долларға дейiн жетедi екен. Шалғай ауылдағы қара домалаққа зар болған ерлi-зайыптылардың дәл осы бағаға балалы болуы қиынның қиыны. Ол аз десеңiз, қазiр жасанды ұрықтандырудың негiзгi кiлтi мен нақты тетiгi жеке клиникалардың ғана қолында. Нәтижесiнде жыл сайын елiмiзде 2500 әйел жасанды жолмен жүктi болады. Осы бағытта қызу жұмыс iстейтiн 9 клиниканың өзi әйелдiң түсiк тастамай, өмiрге қол-аяғы балғадай бала әкелетiнiне ешқандай кепiлдiк бермейтiн көрiнедi. Қысқасы, ертеңгi күнi 100 квотаға iлiгетiн 100 әйелдiң нәрестелi болуы да күмәндi сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ