ОТАНСЫЗ ПЕНДЕДЕН ӨТКЕН БАЙҒҰС ЖОҚ
ОТАНСЫЗ ПЕНДЕДЕН ӨТКЕН БАЙҒҰС ЖОҚ
Абыз қарт айтқан ақиқат
Бүгiнгi таңда қандастарымыз әлемнiң қырықтан астам елiне бытырай қоныстанып отыр. Солардың көбi бiр кездерi Алтай өңiрiнен ауған елдiң ұрпақтары десек, артық болмас. Олай дейтiнiмiз, 1932 жылдары Қытай мен Моңғолияның арасында шекара белгiленiп, бiртұтас Алтай қазағы ендiгi жерде "Қытай қазағы", "Қалқа қазағы" болып екiге бөлiнедi. 1933 жылы 12 сәуiрде Жiн Шурiндi тағынан тайдырып, Шынжаңның әкiмшiлiк құқын Шың Шысай өз қолына алады.
Ол көп өтпей барлық жерге сақшы орнын құрып, қарапайым бұқараны қатал заң арқылы басқаруды күшейтедi. Ендiгi жерде түрғындар бiр ауданнан бiр ауданға баратын болса жергiлiктi сақшыдан, аймақтық сақшыдан жолхат алу саясатын жолға қойып, адамдардың еркiн жүрiп-тұру құқын шектейдi. Ол сонымен қатар, арнайы тыңшыларды тәрбиелеп, халық iшiне көптеп жiбередi. Бұл онсыз да рушылдық пен жiкшiлдiк тартыстан тұралап, арықтаған аттай болған Алтай өңiрiнiң тұтастығы үшiн тағы бiр дырау қамшы болып тиедi. 1934 жылы бiр бөлiм ел туған жерiн тастап аууға мәжбүр болады…
Бiз бүгiн тiлге тиек етпек болып отырған әңгiмемiзге орай Құланбай Зархұмұлын үйiне арнайы iздеп барған болатынбыз. Ол кiсi алғаш Алтайдан ел ауғанда ауылдағы бозбала екен. Ал, қазiр сексеннiң сеңгiрiне шыққан қарт. Ауған елдiң басы-қасында болған адам.
Қартпен ұзақ әңгiмелестiк.
“— Өз басым өтiрiк айтқанды, бiреудiң еңбегiн жеп, адам алдағанды жаным сүймейтiн адаммын. Жазушылар тарихты қалай жазып жатыр, ол жағын бiлмеймiн, ал мен өз көзiммен көргендi, басымнан өткендi айтып берейiн”, — деп бастады әңгiмесiн абыз атамыз.
“— Бiздiң ауыл қазiргi Алтай аймағының Шiңгiл ауданы, Қарағаш деген жерiнде отырғанда жаудың ұшағы келiп, бейғам отырған елдi тұтқиылдан бомбылап, көп адамды қырып кеттi. Осыдан кейiн өр Алтайдағы ел ауа көшiп, төменгi Алтайға барып, Бұқат деген бидiң ауылына қосылдық. Ақыры, жүзге тарта отбасы менiң ағам Қошуыт және Садуақас деген азаматтардың бастауымен көшiп, Бәйтiкке келдiк. Бәйтiкте екi жыл отырғаннан кейiн бiр жағымыздан Қытай әскерi, ендi бiр бүйiрiмiзден Қалқа (Моңғол) әскерi келiп қыспаққа алды. Осы арада сегiз күн қиян-кескi соғыс болды. Шәбәт деген ел бастап жүрген мықты азаматымыз бар едi, осы соғыста оққа ұшты. Рамазан деген өте ержүрек жiгiт бар болатын. Оның ағасы да Қалқа жерiн бұзып келген батыр едi. Соғыста солар көп күш шығарды. Жан-жақтан келген жау қанша қарсылассақ та, бәрiбiр, бiздi ығыстырып болмады. Жауға шамамыз келмейтiн болғандықтан Қалқа жерiне қарай қаша соғысып, Қаптық тауына шығып кеттiк. Ол жерде қар қалың, қоныстануға қолайсыз екен. Бiз ендi дұңған жерi — Чиң Хай жаққа аумақ болып отырғанда Баркөлден Әнуар деген әмiршi жiберген Сұлтан тәйжi, Мұқадiл бастаған уәкiл келдi. Сөйтсек, олар бiздi алдап апарып Шың Шысай өкiметiне тапсырып бермек екен. Бiрақ, бiз қайта көшуге көнбедiк. Содан кейiн Қалқадағы Алатаудың бер жағына келiп, қар бiр жауғанда iз жасырып өтiп кетуге дайындалдық. Алатау жақта Қалқаның қарауылы бар екен. Рамазан бастаған 25 адам барып, Қалқаның қарауылын түк қоймай қырып, екi түйеге оқ-дәрi артып әкелдi. Арттарынан iле-шала қуғыншы әскер де жетiп келдi. Сол күнi кешке дейiн атыс болып, Рамазан деген азамат оққа ұшты. Жау әскерi бiздi Зынданғол деген жерге айдап әкелдi. Сол жерде 15-18 күн қамап ұстап, қолымыздағы қару-жарақтың түгiн қалдырмай жинап алды. Жау әскерi ағам екеуiмiздi шақыртып алды. Олар бiздi ары-берi тергеп, ештеңе шығара алмаған соң, кiнәсiз деп босатып жiбередi… Мен бiр қаптың түбiне оқ-дәрi тығып қойып едiм, соның көмегiмен, жау қолынан тағы бiр сытылып кетудiң орайы туды” — деп, сәл тыныстап демiн алды.
Арада жетпiс жылға жуық уақыт өтсе де, сол күндердi кешегiдей көз алдынан өткерiп отырған қарттың сергектiгiне тәнтi болдық. "Ол кез сiздiң балалық шағыңыз шығар?" деп әңгiме желiсiн ширата түскенiмiзде:
“— Е, "Елiң қалай болса, бөркiң солай" деген, ол заманда қайдағы балалық," — деп әңгiмесiн ары қарай жалғастырып кеттi. “— Ол заманда ер балаға 13 жасқа келгеннен-ақ мылтық атуды үйрететiн. Бiз сол кезде мылтық атуды меңгерiсiмен соғыс болса қару алып қатыса беретiнбiз. Бүгiнгi заман көзiмен қарағанда он үш жастағы ұл бала бесiктен белi шыға қоймаған мектеп оқушысы емес пе?!.. Сол кезде мен 17-18 жас шамасындағы бозбала болатынмын. "Қартайған шағыңда ерлiгiңдi айтпа" дейдi. Мына шал, әйтеуiр, бiз көрмеген соң өтiрiк мақтанып отыр деп қалмаңдар. Содан атысып жүрiп дұңғандар тұрған өлкеге малымыздан айрылып, құралақан жеттiк. Дұңғандардың сол кездегi әскери көсемi Ма Буфаң алғаш барғанымызда бiзге сойыс мал, сарылық (қодас) берiп, жақсы қарсы алды. Кейiн келе Шыңжаңдағы Шың Шысай қайрап қойса керек, бiзге деген көзқарасы өзгере бастады. Тибеттiктердi бiзге айдап салады да, арада төбелес болып адам өлсе, бiздiң өлген кiсiнi сұрамайды. Ал тибеттерден адам өлсе қазақтарды құнға жыға салады. Осы теңсiздiкке төзе алмай екi жылдан кейiн ел болып қайта жиылып, Үндiстанға қарай өтудi бiрауыздан мақұлдадық… Үндiстан шекарасына таяп, Жетiоба деген жерге келгенде Қытай әскерi қуып келiп үлкен соғыс болды… Ақыры он алты мың үй Үндiстан шекарасындағы Мұзафарат деген таудың үстiне келiп жеттiк. Соншама жерден үмiттенiп келгенiмiзбен, Үндiстан бiздi жақсы қарсы алған жоқ. Оның "Далай лама" деген дiнбасы бар екен. Ол халықты алдын-ала "Қазақтар Қытайдағы тибеттердi қырып, қан жұтып келе жатыр" деп бiзге қарсы насихаттап қойыпты. Бiздi қабылдау былай тұрсын, шекарасынан аттап бастырмай қойды. Осы тауда ұзақ қамалдық. Бiзден күнiне 300-400 адам ыс ауруы тиiп қаза болады. Ыс тигенге қодас сиырдың етi үлкен ем екен. Бiз оны өте кеш бiлдiк. Оған дейiн көп адам қырылып кеттi. Шекарада мен де күп болып iсiп кеттiм. Екi адамды қодас сиыр атып әкелуге жiбергенбiз. Әйтеуiр жолымыз болып, олар бiр қодас сиыр атып әкелген екен, келе салысымен шешем қодастың сан етiн асып бердi. Әкем үлкен ыдысқа ұсақтап турап, үстiне сорпа құйып жегiздi де, көрпемен орап тастады. Қатты терлеп ұйықтап қалыппын, оянсам, денемнiң iсiгi қайтып кетiптi…
Шамасы шекара қарауылының бастығы болса керек, сол кездегi арамыздағы жолбастаушымыз Елiсхан бiр әскери адаммен күнде кезiгiп сөйлесiп жүредi екен. Ол: "Мына таудың астында Пәкiстан деген ел бар. Мен сендердiң солай өтiп кетулерiңе жол берейiн, елдi бастап сонда барсаңдар жандарың қалады. Әйтпесе, Үндiстан өкiметi аурудан аман қалғандарыңды түгел қырады. Тез кетiңдер…" — деп жол көрсетiптi… Жаудан бiр, ыстан бiр қырылған халық қайда барарын бiлмей тарығып тұрғанда, Елiсхан сол кiсiнiң көмегiнiң арқасында Пәкiстан өкiметiмен байланыс жасап, елдi сонда өткiзiп жiбердi… Пәкiстан өкiметi де, халқы да бiздi өте жақсы қарсы алды…”
Алтайдан ауған ел Пәкiстанға осы барған бойда жергiлiктi халықтан да, ханнан да еш шеттету көрмей он екi жыл iрге теуiп тұрақтап қалады. Бiр өкiнiштiсi, Пәкiстанның табиғатына көндiге алмағандықтан болса керек, ауып барған елде он екi жыл бойы бiрде-бiр әйел бала көтермептi. Мұндағы бейбiт тұрмысқа бола отыра берсе, аз ғана елдiң тұқымы құрып кететiн болған соң Халифа Алтай, Құланбай Зархұмұлы қатарлы азаматтар ақыл қосып "Жәмият" деген ұйым құрып Америка, Түркия қатарлы елдермен халықаралық байланыста болып, басқа мемлекетке қоныс аударудың қамына кiрiседi. Бұл турасында атамыз:
“— Бiздiң жанайқайымызды естiгеннен кейiн Америка мен Түркия мемлекеттерiнен көшiрiп алуға ұсыныс келдi. Ақсақалдар мен ел азаматтары ақыл қоса келiп: "Затымыз түрiк, өзiмiз мұсылманбыз, Түркияға барайық" деген ұйғарымға келiп, Халифа Алтайды өкiмет басшыларымен сөйлесуге Карачи қаласындағы Түркия елшiлiгiне жiбердiк. Бұл 1952 жылы болатын… Бiр жылдан кейiн, яғни, 1953 жылы Түркия өкiметi кеме жiберiп, елдi көшiрiп Тұзле деген жерге әкелiп, әйелдердi бiр бөлек, еркектердi бiр бөлек орналастырды. Түркия елiне тұңғыш рет қазақ деген ұлт осылай барған болатын. Төрт айдан кейiн өкiмет Сали деген ауылға арнайы үй салып, 125 отбасын қоныстандырды. Ұлыби деген бiр жас жiгiт бар едi. Сол маған: "Стамбулдан 600 километр жерде Малиса деген жер бар, оның топырағы құнарлы, халқы бай болады. Сiз қалған елдi бастап сол жерге барыңыз", — дедi. Сонан кейiн сол 260 отбасын алып сол жерге бардым… Қанша дегенмен туыс халық емес пе?! Бiзге өте жақсы қарады. Артынан өкiмет маған: "Бiз саған ақша берейiк, сен мына халықты кәсiптендiрiп, асырайтын киiм тiгу фабрикасын ашып, жүргiз", — дедi. Түркия халық банкi берген елу миллион түрiк ақшасына тiгiн машинасын алып, терi тон, қолғап тiгетiн фабрика құрып, елдi тауармен қамдап қана қоймай, өзiмiздi де байыттық”, — дейдi.
Атамыз сол фабриканы табаны күректей 27 жыл басқарып, табысты жүргiзумен қатар, Стамбул қаласынан терi мәнерлейтiн және пластик өндiретiн зауыт құрады. Жас күнiнен қазақ даласының топырағын иiскеуге зар болған атамыз Елiмiз егемендiкке бет бұрып, заман оңала бастаған тұста, анығырақ айтсақ, 1991 жылы "Ел-жұртты көрсем, туыс-туғанымды тапсам" деген ниетпен елге келiп, үш ай аралап қайтады… Атамекенге бiржола көшiп келудiң орайы тек 2006 жылы туыпты… Ақсақалдан: "Түркиядағы қандастарымыздың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi қалай?" деп сұрағанымызда:
“— Аллаға шүкiр, жаман емес. Дей тұрғанмен де, қазiр бұрынғыдай емес, заман тарылып кеттi ғой. Ондағы қазақтарда бiр кездердегiдей керемет тұрмыс жоқ. Қазiр Түркияға қарағанда, батыс елдерiнiң жалақысы жоғары болғандықтан жастардың көбi шетелге кетiп жатыр. Ең бастысы, ондағы қандастарымыздың ана тiлiнде сөйлей алмауы арқама аяздай батады. Менiң 3 ұл, 3 қызым бар. Кiшi қызым — Австрияда мұғалiм. Ал үлкен қызым да бала-шағасымен Австрияға кетiп қалған. Түгел сонда қызмет iстейдi. Мен Тайвань, Жапония, Германия, Франция, Голландия, Швеция, Қытай, Қырғызстан, Болгария, Австрия, Венгрия қатарлы көптеген елдерде жұмыс сапарымен болып қайттым. Бiрақ, бiрде-бiр елдiң ортасы менi Қазақстан табиғатындай баураған емес. Кейiнгi жастардың тым шетелшiл болып алғаны еш жақсылыққа апарады деп ойламаймын. Барымызды бағалап, егемендiктiң қадiрiне жетер болсақ, өз елiмiзге, өз жерiмiзге не жетсiн…” — деп күрсiндi қарт.
“— Дүниеде Отаны жоқ пендеден сорлы ешкiм жоқ. Бақыттың баяндылығы адалдықтан бастау алады. Қайда жүрсеңдер де, Отанға, халыққа адал болыңдар. Адам болыңдар. "Елiм-ай" деп еңiреп, "Ағажай" деп аңырай ауғаннан Құдай сақтасын?!.” — деп ақ батасымен қоса адалдықты айрықша аманаттады…
Ол кiсiлер Ел қадiрiн шын сезiнгендер. Алтау ала болып ауыздағыдан айырылмас үшiн, егемендiктiң қадiрiн бүгiнгi ұрпақ та дәл солардай сезiнуге борышты…
Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ