Жаңалықтар

Мұхтар МАҒАУИН: ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ — ҰЛТСЫЗДЫҚ

ашық дереккөзі

Мұхтар МАҒАУИН: ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ — ҰЛТСЫЗДЫҚ

"Мен — жазудан басқа тiршiлiгiм болмаған адаммын. Жазудан басқа тiлеуiм болған жоқ. Бар күш-жiгерiмдi, қажыр-қайратымды осы жазу саласына ғана жұмсадым. Жазушының қасиетi, дәрежесi — аз жазған, көп жазғанымен есептелмейдi. Жалғыз роман жазуға болады. Шағын ғана әңгiмелер жинағымен қалуға болады. Үш том, бес том, жетi том… Мәселе санында емес. Бiрақ қандай нәрсе болмасын әрi жақсы, әрi көп болғаны жөн. Маман жазушы көп жазуы керек" – деген екен Мұхтар Мағауин бiр сұхбатында. Көрнектi жазушы Мұхтар Мағауин қалың қазақ оқырманы үшiн аз жазса да, көп жазса да, өзiндiк қайталанбас орны бар қаламгер. Мұхтар Мағауин бiлiктi жазушы ғана емес, бiлгiр ғалым. Ол кiсiнiң қаламынан туған "Көк мұнар", "Аласапыран", "Шақан Шерi", "Мен" сияқты романдарының әрқайсысы жеке дара, озық туындылар. Қазiр жазушы елiмiзден алыс Прагада өмiр сүрiп жатыр. Елден жырақ өмiр сүрiп жатса да, елдiң мұңы, елдiң уайымы қаламгердiң басты қайғысына айналған. Оған куә, күнi кеше ғана оқырман бiткен жапа-тармағай таласып оқыған "Жармақ" романы. Одан өзге, бүгiнде жазушы өзiнiң ерекше туындысы "Шыңғысханды" жазып жатқан көрiнедi. Жазудан басқа тiршiлiгi болмаған жаннан оқырманның да күтерi шығармалары емес пе? Бiз бүгiн жетпiстiң қырқасына шыққан ұлт жанашырының, қаламгердiң қаламынан туған Ұлт, Ел, Тарих, Баспасөз туралы айтылған ойларын жариялап отырмыз.

"ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ ҰСТЫН-ТIРЕГI — ХАЛЫҚ"

Ұлттық рухтың ұстын-тiрегi, қайнар көзi және күш-қуаты — сол халықтың өзi. Ал сыртқы көрiнiсi — жоғарғы билiк. Арғы, көне тарихты айтпағанда, бергi қазақтағы Қасым хан, Тәуекел хан, Есiм хан, Салқам Жәңгiр, Абылай хандар — дара туған ұлы тұлғалар ғана емес, өз тұсындағы қазақ халқының ұлттық рухының айқын көрiнiстерi болатын. Яғни халқы қандай болса, хандары да сондай едi. Және керiсiнше, Елiн сүйген, жерiн сүйген, ақылға кенiш, ерлiкке кемел тұлғалар өз жұртын да жаңа биiкке көтердi. Ұлысының iргесiн нығайтты, сыртқы жаулардың бетiн қайырып, ұрпағының өрiсiн кеңейттi. Бар iсi ұлтының игiлiгiне жұмсалды.

* * *

Ұлан-ғайыр тарихта әрқилы ұлт басында генетикалық апаттар ұшырасқан. Ұзын санының азаюы ғана емес. Мәйектен, ұйтқыдан айрылу. Мәселен, үздiксiз, аяусыз ұрыстар кезiнде ер жiгiттер, жас жiгiттер көбiрек өледi және тұқымсыз кетедi, ақыры, заманнан заман озғанда манағы батыр халық қойдан жуас болып шығады. Түстiкте Өзбекпен жүз жыл, одан соң шығыста Ойратпен екi жүз қырық бес жыл, жиыны үш ғасырдан астам ұзақ уақыт бойғы тынымсыз соғыстар қазақ халқының ерлiк генофондына қайта оңалмас ауыр салмақ түсiрген. Бұған отаршылдыққа қарсы, ХIХ ғасырдың ұзына бойына созылған азаттық күрес кезiндегi боздақтардың қазасын қосыңыз. Атаулы тұлғаларды айтсақ, мәселен, ежелгi соғыстың қазақ жұртындағы ең соңғы қайтпас батыры Наурызбай сұлтан тұқымсыз кеттi. Бар ғұмырын туған халқының болашағына арнаған, сол жолда азапты өлiмге ұшыраған Кенесары ханның қанша ұрпағы бар бүгiнде?

* * *

…Бұлармен қатар жасаған көнбiс, момын, кейiннен, басқа бiр, көбiне-көп ортақол шаңырақтарда дүниеге келген можан-топай қауым ғаламат ашаршылыққа ұшырады, қырғын соғысты бастан өткердi, тың көтеру, жаппай жаныштау топанының астында қалды — ақыр түбiнде ұлт мүддесi тұрыпты, адамдық намыстың өзi тәрiк етiлiп, күнкөрiс, қарын тоқтығын қамдау бiрiншi орынға шықты. Сонымен қатар бұл кезде кiмнiң наны жүрдi десек…-даңғой белсендi, рақымсыз қызыл жаға, адамшылық, iзгiлiк атаулыдан кенде жалақор мен жандайшап, қатардағы кеңес қызметкерiнен қалалық, облыстық деңгейге дейiнгi аралықтағы, заманның ыңғайын тапқан мансапқор басшылар мен көнбiс жалшылар!

* * *

Қазақ Ордасы ыдырады. Кейбiр ұлыста хан, барлық руда би қалды. Бiрақ елдiң ұлттық тұтастығы, рухани бiрлiгi жойылмады. Ел iшiнде, белгiлi бiр аймақта бар өкiм өзiне көшкен жаңа әмiршiлердiң барлығы дерлiк ата жолын ұстанды, қарауындағы халқына қадарынша жақсылық жасауға, ұлысын, руын қатерлi өткелден аман алып шығуға, басындағы барын сақтауға тырысты, жаңа жағдайда жаңа саясатқа жетiктi. Басқа бiр заманда туса, ұлтының ұлы тұлғасы болуға лайық Арынғазы хан, өкiмге жетер-жетпес жағдайда артына жақсы атын қалдырған Ғұбайдолла хан, тiптi, Ресей патшалығы тарапынан сайланып, бекiтiлген Жәңгiр ханның өзi замана орайымен, қадарынша, туған жұртына қызмет еттi.

* * *

…Ордалы жұрт мүддесi, ұрпақ болашағы Кенесары ханды көтердi. Кiрiптар халге түсе бастаған ұлтымыздың азаттық жолындағы ең соңғы болмаса да, ең зор бұлқынысы ерлiк пен елдiктiң өзгеше үлгiсi ретiнде тарихта қалды. Бүгiнгi тоғышар көзқарас тұрғысынан қарасақ, Кенесарыға не жетпейтiн едi? Жаны да тыныш, малы да түгел, патша өкiметi алдында да үлкен құрметке жетiп, қартайғанша дәурен сүрер едi. Бiрақ тыныш жата алмады. Ажалына қарсы шапты. Жалғыз Кенесары ғана емес, намыстан жаралған қаншама батыр, қаншама сұлтан, мың сан бұқара жұрт. Ақыры, түгелге жуық, бәрiнiң де басы жойылды.

"ҰЛЫСЫ ҚҰЛАСА ДА, ҰЛТТЫҚ САНАСЫНАН АРЫЛМАҒАН"

Қара ормандай қалың қазақ өз орнында отырған. Билiгiнен айрылса да, бiлiгiнен айрылмаған. Ұлысы құласа да, ұлттық санасынан арылмаған. Бұдан былай, елдiң рухани тiзгiнi көркем сөз билiгiне көшедi. Ежелгi мұра — елдiң елдiгiн ұмыттырмайды. Жаңа әдебиет — халықтың бүгiнгi ахуалын айғақтайды. Түптеп келгенде, Бұхар жырау, Махамбеттен басталған, отаршылдыққа қарсылық ұраны, азаттық жыры, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкiр әйгiлеген бодандық ахуал, Абай айғақтаған жаңару, жаңғыру идеясы — ұлттың тұтастығын сақтаған, оның рухына нәр берiп, көкiрек-көзiн ашқан өмiршең, әрi айрықша қуатты құбылыс болды. Ақыры, қазақты ңежелгi даналығы үстiне, Еуропаның озық бiлiмiн ғана емес, өзгеше саясатын да игерген жаңа бiр топ — Алаш қайраткерлерi қалыптасты. Кенесары ханның өлiмiнен соң арада алпыс жыл өтпей, ұлттық тәуелсiздiк мәселесi тағы да бiрiншi орынға қойылды. Бiрақ, осы, ағартушылық ұраны, саяси күреске толы төңкерiс жылдарының өзiнде ұлттық рухтың ең ауыр әрi абыройлы жүгiн көтерген — көркем әдебиет екен. Ахаң, Жақаң, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Жүсiпбек…

* * *

Әлбетте, ұлттық рухтың негiзгi ұстын-тiрегi — билiк дедiк. Бұл билiк халыққа тәуелдi (болуға керек).Ал халықтың қандай ауан, ниет-пейiлде болмағы — жаршыларына байланысты. Бұл жаршының жазарман болуы шарт емес. Өнер атаулының барлығы да ұлттық рухтың көрiнiсi. Жалынды сөзден гөрi сырлы ән мен күйдiң әсерi артығырақ шығуы мүмкiн.

* * *

Тәуелсiздiк алған — қазақ едi. Орыстың өз елi бар. Немiс те, украин мен белорус та, өзбек пен татар да солай. Бiрақ қазiргi заманда әлемде бүкiл халқы жалғыз-ақ ұлттан тұратын мемлекет жоқ. Сонымен қатар, жер иесi, ел иесi байырғы қауым өз ұлысында азшылықта қалған мемлекет тағы жоқ.

* * *

Адам құқығы ақиқат саналатын батыс елдерiнiң өзiнде мемлекет атымен аталатын жергiлiктi халық — ел иесi саналады. Дәл қазiр сол елде жалғыз өзi отырмаса да… Мәселен, Германияда, байырғы жұрт немiстермен қатар үш миллион түрiк, бiр миллионға жуық славян тектiлер, алты жүз мыңдай итальян, үш жүз мың грек, екi жүз мыңға жуық испан, жүз елу мың голланд, жүз мың араб, жүз мың португал, елу мың мен жүз мың аралығында дат, ағылшын, француз, сыған, азды-көптi тағы қаншама жұрт, ең аяғы бiрнеше мың қазақ тұрады.

* * *

Әлбетте, кез келген елде, қандай жағдайда болмасын, сол ұлысты мекендеп отырған жұрттар арасында татулық болуы керек. Бiрақ бұл татулық жергiлiктi, байырғы жұрттың жалпыға ортақ құл болуы арқылы жүзеге асуы — ақылға сыймайтын жағдай. Бiз сол ақылға сыймас сорақыны қалыпты заңға айналдырдық.

* * *

…Әлем тарихында дәл Қазақ тәрiздi бiртұтас, бiртектi халық ұшыраса қоймайды. Әуел баста азды-көптi этникалық айырымы бар топтар мен тұлғалардың өзi кең көлемде әрi үздiксiз қан алмасуы нәтижесiнде жалпы жұртпен ортақ сыпатқа ие болған. Қазақтың хандық дәуiрдегi ұлттық идеологиясының негiзгi тұрғысы: барлық Алаш — бiр кiсiнiң баласы, бәрiмiз де Қазақ байдан тарадық деген көзқарас — осы тұтастықтың айқын көрiнiсi болатын.

* * *

Қазақ — бiртұтас халық. Пенде болған соң, ешкiм де туған ауылын, ағайын-жекжатын, ата-тегiн жек көрмейдi. Ежелгi қазақтың үй iшi, отбасындағы "жетi атаны бiлу" дәстүрi — алалыққа емес, туыстыққа шақыратын рәсiм. Ел тануға, сыйластыққа жетелейтiн ұғым. Сондықтан да мен пәлен атаның баласымын деп мақтанбайтын қазақ жоқ. Және қандай да болса басқа атаның ұлын қонақта, той-томалақта төрге отырғызбайтын қазақ тағы жоқ. Өткендегi қазақ үшiн ұлттық бiрлiк, ұлттық сана, ұлттық мақтаныш бiрiншi орында тұрған.

* * *

Махамбет кiм үшiн қан төктi, Мұрат неге зар шектi, Шортанбай неге құса болды? Жаңағы, Бұқар жырау айтқан "он сан алаш" — бар қазақтың баласы үшiн. "Қалың елiм, қазағым, қайран жұртым…" деп толғанды Абай. ХХ ғасырдың басындағы алашшыл жаңа әдебиет өз заманының барлық кеселдi түйiндерiн көтердi: әлеуметтiк, алалық, әйел теңсiздiгi, отаршылдық зардабы… оқуға, өнер-ғылымға үндеу, ұнамсыз ғұрып, жаман әдет-мiнезден арылуға шақыру, түптеп келгенде, ел суретi, заман кейпi. Халық өмiрiндегi қаншама жара, мұң-нала, ауыр-ахуал. Бiрақ солардың iшiнде ру, жүз проблемасы айтылмайды, ойбай, қазақ рулық негiзде, жүз бойынша бөлшек-бөлшек болып құрып бара жатыр деген байбалам жоқ, өйткенi ондай мәселе де өмiрде жоқ.

"ҚАЗАҚ ҮШIН КIСIЛIКТIҢ ӨЛШЕМI — ӨЗIНIҢ АНА ТIЛIН БIЛУ"

Қашанда кiрiптар халықты қорлау, кемсiту, бiржола жер қылудың, рухынан, дiлiнен айырудың ең оңай әрi төте жолы — оның ұлттық қазынасын, қастерлi ұғым, қасиеттi мұраларын қатардан қалдыру, терiске шығару арқылы жүзеге асады екен. Барың — жоқ, асылың — жасық, озығың — тозық, ер-азаматың — азғын деп жарияланады. Тарихқа тыйым салынды, ежелгi мұра үнемi қыспақ астында тұрды, ұлттың өткен дәуiрдегi ұлы тұлғалары түгелге жуық өз халқына жат деп танылды, дәстүр-ғұрпы аяқастында қалды, — санай берсең шегiне жетпейсiң. Бiрақ сол тар заманның өзiнде қазақтың тiлiн ешкiм де жарамсыз сорлы деп, дәрменсiз мүгедек деп, ашықтан-ашық қорлаған жоқ едi.

* * *

Обалы қазақтың өзiне болатыны — отбасында орыс тiлiнде сөйле деп кiм нұсқау берiптi. Ана тiлiн бiлмегендерге айрықша сыбаға бар деген де жарлық шықпады. Өкiмет пен партия тарапынан, басқа болса да, дәл осындай шешiм, қаулы түспегеннен соң, қыжыртпай айтсақ, тағдырлас алыс-жақын көршiңiз — ұлттық санасы, адамдық намысы сақталған жұрттардың ешқайсысында ана тiлдерi дәл бiздегiдей аяқасты қалып көрген емес.

* * *

Неге дәл осындай мүсәпiр халге түстi, бұл не, тексiздiк пе, жетесiздiк пе, әлде басқадай бiр құпия сұмдығы бар ма деп ойлайсың. Әуелден өз жұртына опасыз, өз дiлiне қайырсыз дейiн десең, өткен ерлiк тарихы көз алдыңда тұр. Әуелден өзiн қор, басқаның бәрiн зор санады дейiн десең — осыдан небәрi жүз жыл бұрын, отаршылдық түнегiнде, Батыстың озық ғылым-бiлiмiнен мақұрым кезiнiң өзiнде бойына жан теңгермеген — Абай сөзiн еске алайықшы, шамасына қарамай, орыс-орманды, сарт-ноғайды — ешкiмдi менсiнбейтiн қазақ едi ғой…

* * *

Анығын айтсақ, дәл қазiргi кезеңде қазақ тiлiнiң мемлекеттiк өресiн тарылтып, қолдан келгенше қарсы әрекет жасап, тек тiл ғана емес, қазақ рухы көрiнiс табар барлық сала, барлық жерде ұлттың өрiсiн шектеп, болашағына балта сiлтеп отырған — басқа емес, тiлсiз, түйсiксiз, имансыз қазақ тектi шенеунiктер.

* * *

Қазақ атты мемлекет ту көтергеннен кейiн, өзiнiң құжаты қазақ, түрi қазақ болғаннан соң осындай мансап-дәрежеге жеткен екем деп әсте ойламайды. Бесiктен бастап алған терiс тәрбие, терiс оқу нәтижесiнде мүлде басқа, ұлт емес, үйренген орысымның садағасы кетсiн, адам атаулыға жат жаңа бiр популяция өкiлi ретiнде қалыптасқан дүбара нәсiл — қазақ атаулыны түршiге жек көредi. Мәпелеп өсiрген өзiмiз. Мәуелi жемiсiн де өзiмiз көрiп отырмыз.

* * *

Менiң ұғымымда өз елiнде тұрып жатқан қазақ үшiн кiсiлiк өлшемi — туған тiлiн бiлу. Анасын сатқан адамда қандай қасиет болуы мүмкiн. Жарайды, танымай туғанына кiнәлi емес. Бiрақ қазiр ес бiледi ғой. Яғни, көрiп тұрған анасына қайтып оралуы шарт.

* * *

Бiрақ… өзге емес, бiзде мүлде керiсiнше — тiлiңдi де, дiнiң мен ата дәстүрiңдi де бiржола тәрiк етiп, басқа бiр халыққа — орыс емес, аралықтан шыққан дүбәра ада емес, көп ұзамай мүлде құрып бiтер тексiз тобырға айналу қаупi тұрғанын да терiстей алмаймыз. Бүгiнгi қазаққа шекесiнен қарайтын номенклатура, олардың өзi шыққан ұлтты жек көретiн мәңгүрт әулетi байлыққа батып, билiкке жетiп, сырт жерде осыншама құрметтi болып отыруы — арттағы қара орман жұрттың арқасы екенiн түсiнбейтiнi таң қаларлық жағдай. Қазақ сыпатынан айрылса, көп ұзамай қазақ атымен аталатын ел де жер бетiнен көшедi.

"ҚАЗАҚТЫҢ ЖАУЫ…" КIМ?

Ағылшынның iлкiдегi бiр ұлы қайраткерi айтты деген лепес: "Ұлы Британияның мәңгiлiк жауы да жоқ, мәңгiлiк досы да жоқ, мәңгiлiк мүддесi ғана бар!". Бұл — дербес ту көтерiп бекiген барлық елге, қандай жағдайда отырса да, үлкендi-кiшiлi барлық ұлтқа қатысты сөз. Әне, Еуропа жұртшылығы күнi кеше ғана екiге бөлiнiп жауласып, от пен түтiнге оранып, бiрiнiң қанын бiрi дария қылып ағызды, ал бүгiн бiртұтас экономикалық ғана емес, ешқандай шекарасыз, туыстас, ықпалдас, тiлектес татулықта күн кешiп жатыр.

* * *

"Қазақтың жауы — қазақ!" Жер-дүние жаратылып, ру, тайпа, ұлыс аталатын, әрқилы сыпаттағы дербес қауымдар қалыптасқаннан берi ешбiр халықтың ойына кiрiп, түсiнен шықпаған ғаламат жаңалық. Рас, Батыста "Адам — адамға қасқыр" деген кеп бар екен, "буржуазиялық моральдың көрiнiсi" деп ұғындырған бiзге советтер заманында. Мүмкiн, Батыста ғана емес, барлық жерде әлi күнге айтылып жатуы. Адам — адамға қасқыр…. "Ағылшын — ағылшынға қасқыр", "Француз — французға қасқыр", "Испан — испанға қасқыр." деп айтылмаса керек. Бұл жерде сөз — ұлттық сыпат емес, жалпы адамзат бойындағы өзiмшiл, жарамсыз мiнез туралы.

* * *

Қазақта жау бар. Қуатты, қатерлi жау. Күн озған сайын күш алып, тамырын тереңге жайып барады. Ақыры түпке жетсе, сол ғана жетедi.

Ол қандай жау? Кiм? Кiм емес, не? Бүгiнгi қазақтың жалғыз-ақ жауы бар. Ол — ұлттық сананың кемдiгi. Өзiн-өзi қор тұту, өзiн-өзi кемсiту, өзiне тиесiлi сыбағаға ұмтылмау, былайша айтқанда — ұлтсыздық!

* * *

Қазақтың жауы — ұлтсыздық! Бүгiнде басымызда тұрған бар кесел, ертеңгi тұман мен күмән — түп-түгел осы ұлтсыздық дертiнiң зардабы.

* * *

… "Қазақы" — әуел баста ұлттық сыпатты айғақтайтын анықтама болса керек. Қазаққа қатысты кептiң бәрi жаман деген түсiнiк орныққан кезде кемшiн мағынаға ие болды. Бiз әуелден-ақ өзiнiң табиғи, нақты ұғымында қолданып келемiз. Бұл ретте де солай. Тек бүгiнгi баспасөз, жаңа айттық, қазақы емес, қазақ тiлдi ғана. Ал таза қазақы баспасөз, ел иесi қазақ болып отырғандықтан, орыс тiлдi болуға да мүмкiн, мүмкiн емес, тиiстi едi. Оған қайда. Өзiмiздi түзей алмай жатқанда…

* * *

Ұлтсыздық. Дүмше ұлтсыздық. Халқымыздың бүгiнiн тұман, ертеңiн күмән ететiн ең үлкен қатер — осы дүмше надандықпен қаруланған ұраншыл ұлтсыздық болса керек. Мен қазаққа жаумын деп андағайлап, атой салып тұрған жоқ, өз тiлiнде сөйлеп, өз iшiңде, және елiм деп, жұртым деп күңiрене ұрандатып жүредi, аңғалдың сенiмiне енiп, оң бетiңдi терiске бұрады, ұрпақты аздырып, ұлысыңды iрiтедi, ақыр түбiнде бiр күлдi көмеш үшiн, бiр сәттiк мерей-мақтан үшiн елiңмен, жұртыңмен, өткен тарих, ертеңгi зәузатыңмен түгел құрбанға шалады.

* * *

Қалай айтсаңыз да ұлттық рух мәселесi ең алдымен тiрi сөз — көркем әдебиетке тiкелей қатысты. Бұрынғы жазарманның неден қадiрлi болғанын мана, сөз басында айттық, өкiмет пен партияға керек едi, тамағы тоқ, көйлегi көк едi, сондықтан да айбынды болды, сондықтан да кеудесi көтерiңкi жүрдi. Бүгiнгi жазарманның ешкiмге де керегi жоқ, аш-арық, өлмелi жағдайда күн кешiп жатыр. Өскен, немесе өсiп келе жатқан бала-шағаның уайымы бiрiншi орынға шыққан, сананы тұрмыс билейтiнi рас екен. Бұрынғыны — айтқаныма жүрсiн деп молынан жемдейтiн, ендiгi — айтқаныңа жүрем деп, өзi сұранып, талғажау табады.

* * *

Ұлттық сыпат, ұлттық сананың айқын әрi жария бiр көрiнiсi — ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш болса керек. Намысымыз мұқалды делiк. Сiрә, сыртқы күштердiң кеселi. Негiзiнен. Ал ұлттық мақтаныштың тамырына балта шауып жатқан нақ өзiмiз сияқты көрiнедi. Бұл, әсiресе, күнделiктi баспасөзден анық аңдалады. Қазiр қазақ үшiн қасиеттi ештеңе де қалған жоқ. Қарап отырсаң, бұл қазақ деген халықта не өткен тарихта, не бүгiнгi күнде iске татыр, ауызға алар бiр адам жоқ сияқты. Өткеннiң бәрi — оңбаған, бүгiнгiнiң бәрi — сорлы. Атаққа шыққан азаматы мұндай болғанда, қалған жұрты қандай. Бейшараны батыр санаған, тұрлаусызды тұлғаға балаған, тиянақ етер, сүйенiш тұтар ешкiмi жоқ халықта қандай қасиет болуы мүмкiн.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА