Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ТӨЛ АТАЛЫМДАРЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ТӨЛ АТАЛЫМДАРЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi журналистика факультетi баспа iсi және редакциялау кафедрасының меңгерушiсi, доцент, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап қазақ ауызша публицистика жанрларының бiрi – терменiң ерекшелiгiн зерттеуге ден қойған. 1996 жылы ғалымның осы тақырыпқа арналған «Ақыл. Нақыл. Өсиет.» монографиясы жарық көрдi. Қазiр Сағатбек Медеубекұлы қазақ ауызша публицистикасының поэтикасын зерттеумен және ұлттық журналистикадағы, баспа iсiндегi ғылыми аталымдардың төл баламаларын түзумен айналысып жүр. «Жаһандану заманында ғылыми аталымдар мен терминдердiң ана тiлiмiзде нұсқалары ұмытылып бара жатыр. Сондықтан бүгiнгi қолданыстағы тiлiмiздi байырғы қазақ тiлiндегi төл атаулармен байытқан ләзiм», – дейдi ғалым.

Ғалымның бүгiн оқырман назарына ұсынылып отырған мақаласы ұлттық журналистика саласындағы бұрыннан бар әдiстер мен жанрларының ерекшелiктерiне және төл атауларына арналады. АЙҒАҚТАМА 

Әдетте, ғылыми жаңалықты өзiмiз айтсақ, өз қазағымызға нанғысыз болып көрiнедi. Неге? Бiрiншiден, көшпелi өмiр салтынан отырықшы тұрмысқа көше бастағаннан-ақ ғылыми-техникалық прогрестiк жаңалықтың тiршiлiгiмiзге шетелден енгiзiлгендiгiнен материалдық-өркениеттiк игiлiктердi игеруде бiз үнемi соларға құлақ түрiп, солардан жаңалық күтiп әдеттендiк. Екiншiден, артық ойланып, бас қатырып жатқаннан гөрi "дайын асқа тiк қасық" оңтайлы болды да, өзiмiздiң де жаңалық аша алатындығымызға көңiл иланбастық психология қалыптастырып алдық. Үшiншiден, отарлық идеология санамызға азаттық бермедi. Соның кесiрiнен өз сөзiмiз өзiмiзге жөн болмай, өзгеге жалтақтап өттiк. Төртiншiден, сыртқы басқыншы идеология да ұлттық ғылыми сананың оянуына, оянса, бас көтеруiне ырық бермедi.

Сана азат, рух тәуелсiз болса, сырттан келгеннiң бәрiнiң жауһар еместiгiне көзiмiз әлдеқашан жетер едi… Қазақ журналистикасының зерттеушiлерi де, мамандары да шетелде "журналистское расследование" деп аталатын әдiстi "журналистiк iздеу", "журналистiк зерттеу", кейде "журналистiк тексерiс" немесе "журналистiк тексерiм" деп қолданып жүр. Бұл аудармалар қазақ журналистикасында бар әдiстiң табиғатын толық ашып бере ала ма, алмай ма деген сұраққа жауап беру үшiн осы қолданыстардың әрқайсысына тоқталып өтелiк. Алғашқы нұсқа: "журналистiк iздеу". Iздеумен журналистен басқа кәсiп иесi де айналыса алатындықтан, оған "журналистiк" деген анықтауыш өзге iздеу түрлерiнен ажырату үшiн алынғандығы күмәнсiз. Екi сөзден құралған бұл тiркес айқындамадан гөрi сипаттамаға жауап бередi. Яғни "қандай iздеу?" деген сұрақты тiлеп тұр. Ал аталымға, термин сөздерге ғылымда сипаттама берiлмейдi, тек айқындама(дифиница) берiледi. Егер "журналистiк" деген сөздi алып тастасақ, жалғыз "iздеу" деген сөз қалады да, ол ең әуелi "қайту?", "не iстеу?" деген сұрақтарға жауап беретiн етiстiк күйiнде, одан кейiн ғана етiстiктен жасалған зат есiм тұлғасында көрiнедi. Кәсiби аталым болу үшiн бiр ғана мағынаға ие әрi "не?" (кiм?) деген сұраққа жауап беретiн, жiктелетiн, септелетiн басы ашық дара атау сөз болуы керек. Оның үстiне айтылып жүрген тiркес орысшадан аударылғандықтан, дәл мағынаны берiп тұрған жоқ. Орысшада "расследование" деп алынған. Ал "iздеудiң" аудармасы "искать". Әрине, бұл iстi қолға алғанда журналист әуелi iздеумен айналысады. Бiрақ, "iздеу" дегеннiң астарынан жоғалғанды табу мақсаты ғана көрiнедi. Болды. Журналист iздеудi, жоғалғанды табуды ғана мұрат тұтпайды. Оның мiндетi одан да үлкен, салмақты да мәндi. Екiншi нұсқа: "Журналистiк зерттеу". Қазiргi қазақ тiлiнде қалыптасқан "зерттеу" дегеннiң ұғымы — орысша айтқанда – "исследование". Рас, "журналистское расследование" дегеннiң астарында зерттеушiлiк әрекет болатынын ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ, "расследование" мен "исследование" орыс тiлiнде бiр мағына бермейдi. Оның үстiне журналистiк кәсiпке зерттеушiлiк әрекет жат емес. Журналист кез келген мақаласына қажеттi материалдарды iздейдi, табады, тапқанын салыстырады, таразылайды, iрiктейдi, содан кейiн барып iрiктелгендердi өз идеясына бағындыра пайдаланады. Бiрақ, ол үнемi "журналистское расследование" болып шықпайды. "Расследование" дегеннiң астарында "iзге түсу", "iз ашу" деген ұғым айқынырақ көрiнедi. Демек, iзге түсу үшiн уақыттан ұтылмау керек. Кешiксе, iз суыйды, көмескiленедi, ақиқатқа айғақ жоғала бастайды. Журналистiк кәсiби әдiстiң мәнi осында. Яғни жеделдiк, лездiк, шапшаңдық – басты ұстаным. Ал, "зерттеу" дегеннiң ар жағында уақытпен шектелу ұғымы жоққа тән. Бұл аталым ғылымның бар саласында тұрақталған мағынаға ие. Сондықтан да оны журналистiк әдiске, жанрға әкелiп таңудың еш ретi жоқ. Бiз айтып отырған журналистiк әдiс бiр ғана iздеумен немесе бiр ғана зерттеумен шектелмейдi. Үшiншi нұсқа: "Журналистiк тексерiс" (кейде тексерiм). Бұл да орыс тiлiнен тiкелей аударма. Түпнұсқаға мағынасы жақын. Бiрақ "тексеру" дегеннiң орысшасы "проверять", "проверка", "проверить". Бұл сөз бен "расследование" деген сөздiң мағынасы бiр еместiгiн айтып жатудың өзi артық. Дегенмен, бiз сөз етiп отырған журналистiк әдiсте тексеру iсi үнемi жүргiзiлiп отырады. Әсiресе, құжаттардың, деректердiң, мағлұматтардың дұрыс не бұрыс, шын я жалған екендiгiне көздi анық жеткiзу үшiн тексеру – басты мiндет. Солай болса да бұл да жарты жолда қалған жұмыс болып шығады. Өйткенi, басты мақсат – тексеру ғана емес… "Расследование" – құқықтық органдар айналысатын, заң қызметкерлерi жүзеге асыратын әрекет әрi соған байланысты санаға сiңiстi болып кеткен заңнамалық аталым болғандықтан, ендi келiп дәл осындай iспен журналист те айналысып, шындықты ашуға атсалысқан соң ол iс-қимылдың "журналистiк" деген анықтауыш арқылы айтылуы дұрыс көрiнедi. Бiрақ бұл аталым құқықтық шараларға қатысты шындықты ғана қамтиды. Осы жерде ескере кететiн басты нәрсе бар: құқық органдары өздерi ашқан қылмысты бүкiл бұқараға жария етудi мақсат етпейдi. Ал журналистiң аталмыш ақиқатқа көз жеткiзу әдiсi тапқанын, зерттеп бiлгенiн, әшкерелегенiн жалпы жұртқа жария етудi ең басты мақсат әрi парыз санайды. Онсыз барлық iсiнiң мәнi жоғалады. Сонымен бiрге журналистiк жанр тек құқықтық мәселелердi ғана қамтымайды. Сондықтан да бұл аталымға әлдеқайда кеңiрек қарау керек. Оның үстiне ондай әдiс те, жанр да өзiмiздiң ұлттық журналистикамызда бұрыннан бар болғандықтан, сол бар дүниемiздiң мән-мағынасын дәл ашып беретiн төл аталым iздегенiмiз жөн. Жарайды, журналист iздедi, тапты, зерттедi, тексердi делiк, iс осымен бiте ме? Жоқ! Журналистiң ең iзгi де басты мұраты – бұқараның санасына қозғау салу, қоғамдық пiкiр тудырып, мемлекет дамуының алға жылжуына ықпал ету. Ол үшiн журналист iздеу, зерттеу, тексеруден өткен материалдарын халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жайып салады. Мiне, бұған дейiнгi аталым нұсқаларында журналистiк әдiстiң (жанрдың) мазмұнын ашып беретiн осы әрекет көрiнбей қалған… Басқаша айтқанда, ЗАМАНСӨЗДIК (публицистикалық) мәнi айқындалмаған. Ол атауларда зерттеушiлiк, тексерушiлiк, iздеушiлiк iс-әрекеттерiн ғана алға шығару басым. Сонымен… Тiл қолданысында "айғақкер" деген сөз бар. Яғни шынды растаушы немесе өтiрiктi жоққа шығарушы адам. "Ол оқиғаны тудырушы, өркендетушi әрекет иесi емес, тек айғақкер ғана" деген сөйлемдi "Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгi" мысалға келтiредi. (ҚТТС., 1-том, 89-бет, А., 1974) Мұндағы "айғақкер" әдеттегi "куәгер" деген сөзбен мағынасы жақын болғанымен, айғақкер шындықты ашуға мүдделi адам, сол себептен де айғақкердiң белсендiлiгi куәгерге қарағанда басым. Айғақкер – болған шындықты дәлелдеп берушi, ал куәгер оқиғаны сыртынан көрген адам ғана болуы мүмкiн. Оның қолында айғағы болмаса, айтқанына сендiре алмайды. Айғақ – болған оқиғаның, құбылыстың, жасалған iстiң, қылмыстың, айтылған сөздiң бұлтартпас ақиқатын айқындап, дәл өзiн ашып бере алатын адам немесе тiкелей себеп болатын зат, дерек, мәлiмет, ақпарат, құжат. Айғақ болған жерде шындық ашылмай қалмайды. Демек жоғарыда айтылғандардың түйiнi сол – қазақ журналистикасының (кәсiбiнiң, өнерiнiң, ғылымының) бұл әдiсiнiң аталымын "журналистiк зерттеу" демей "Айғақтама" деп атаған жөн.. IЗНАМА 

Айғақтама үш бағытта жүргiзiледi. Бiреуi – iздестiру бағыты. Негiзгi нысаны – қоршаған орта, көбiне-көп табиғатқа қатысты өмiрге келедi. Журналист жаһанның сұлу нүктелерiн; кейде жер бетiнен жоғалып бара жатқан аңды, құсты, өсiмдiктi; болмаса су астында, аспан әлемiнде ешкiм байқай бермейтiн, назардан тыс қалып бара жатқан табиғаттың ғажайып құбылысын iздестiредi. Солардың бар немесе жоқ екенiне нақты дәлелдермен айғақ болады. Мұндай бағыт нәтижесiнде жарыққа шыққан жарияланымды iзнама деп атаймыз. Iзнаманың келесi түрi тарихта аты бар, бiрақ кейiнгi ұрпақ назарынан тыс қалған жеке адамға, тайпаға, руға, ұлысқа, ұлтқа қатысты жазылады. Халық жоғалтып алып, "сол қайда екен?" деген сұрақ туғанда журналист жолға шығады.

Iзнамада оқиға болуы сөзсiз, сол оқиға үстiнде автор көзiмен көргендi баяндайды (репортаж), оқиға болған жерде, әрине кейiпкер кездесуi ғажап емес. Кейiпкер болған жерде оның түр-тұрпатын, жүрiс-тұрысын сипаттамай (портрет) тұра алмайды, автор онымен сөйлеседi (диалог), сондай-ақ, тарихқа, табылған деректерге қатысты өз ойын, толғанысын (монолог) жеткiзедi, қоршаған ортаның жай күйiн, табиғат көрiнiсiн суреттейдi (пейзаж), бiрақ мұның бәрi iздестiрiп жүрген нысанға және оның бүгiнгi күнмен байланысына, қоғамға қажеттiлiгiне қатысты сабақтасып жатады. Iзнамада негiзгi нысанға тиесiлi бұған дейiнгi тарихи деректер де, ғылыми пiкiрлер де, дәйексөздер де пайдаланылады. Iзнама көбiнесе жұрт қызыққан, немесе қызығушылығын оятатын фактiге қатысты болады. Мұнда журналист ел аралайды, жер көредi, тарихи ескерткiштермен, жәдiгерлермен танысады, адамдармен сөйлеседi, куәлармен кездеседi, көрген, естiгенiн тасқа басып, таспаға түсiрiп отырады. Көргенiн көргендей, естiгенiн естiгендей негiзгi нысанның төңiрегiне жинақтай отырып жеткiзедi. Мақсаты – бүгiнгi оқырманның, тыңдарманның, көрерменнiң рухани сұраныстан туған сана қажеттiлiгiн өтеу. ЗЕРТТЕГI 

Айғақтаманың келесi бiр бағыты – зерттестiру. Журналист ел мен жердiң тарихына қатысты деректердi табады. Тапқан деректерiн, оқығанын, көрген-бiлгенiн, естiгенiн, көңiлiне түйгенiн оқырманға қызықты қылып айтып бередi. Сол арқылы бұқараның таным-түсiнiгiн кеңейтуге септiгiн тигiзедi. Қалыптасқан дүниетанымына ықпал жасайды, көзқарасына әсер етедi. Сол арқылы бұған дейiн айтылған ғылыми ойдың дұрыс не бұрыстығына, тарихқа қатысты тағы бiр құнды дерек бар екенiне айғақ болады.

Мұнда журналист бұған дейiн жария болған, бiрақ шындығына, нақтылығына күмәнданған тарихи деректiң, мәлiметтiң, фактiнiң, оқиғаның соңына түседi. Өзiнен бұрынғылар тасқа басқан дәйектердi, қажет болса, архив материалдарын, ауызекi айтылған естелiк, куә, айғақтарды тауып салыстыра, салғастыра келе көзi жеткен мәлiметтердi айғақ ретiнде ұсынады. Мұнда ол ғалымдардың да бұған дейiн айтқан пiкiрлерiн сарапқа салады. Зерттей келе тоқетер тұжырымдарын ғана айтып қоймайды, осы айғақтың қалай табылғанын, зерттестiру кезiнде көкейге тоқығанын оқырманға сол күйiнде ұсынып отырады. Арасында өз зерттестiру iсiне оқырманды да тартады. Нәтижесiнде нақ тарихи фактiнi ашып берiп, тарихи ақиқатқа айғақтама жасайды. Ондай бағытта жарияланған материалдардың жиынтығы – зерттегi деп аталады. Зерттегiнiң өзегiне тарихи таным алтын арқау болады. Негiзгi нысаны – тарих. Тарихтағы бiр ғана факт. Сол фактiнiң рас, өтiрiгiн ашуға қажеттi затындардың (материалдардың) барлығын салыстырып, сана сүзгiсiнен, талғам мен таным таразысынан өткiзiп барып белгiлi бiр қорытындыға келедi. Зерттестiру iсi ғалымның әрекетiне өте жақын, тiптi бiрдей десе де болады. Бiрақ, ғалым бiр ғана фактiнiң айналасында қалып қоймайды, сол фактi секiлдi бiрнеше фактiнiң тууына себеп болған құбылыстарды және сол құбылыстардың нәтижесiн саралай келе теориялық тұжырым жасауға ұмтылады. Ал журналистiң мұраты – бiр ғана фактi төңiрегiндегi бүгiнге қажеттi шындықты ашу ғана. Зерттегiнiң өзiндiк ерекшелiгi бар. Сипаттама, суреттеме аз, авторлық толғаныс, тебiренiстен гөрi салқынқандылық басым, қызылсөзге бармай, нақ та дәл, дәлелдi ойлар айтылады. Зерттегiнiң авторы ғалым да, журналист те болуы мүмкiн. Ғылыми мақала сипатына жақын. Бiрақ, ғылыми мақалада автордың деректi қалай тапқаны, кiмдi көргенi, ненi байқағаны айтылмайды. Ал зерттегiде қосағат (диалог) де, сырашар (интервью) да, оқиғат (репортаж) та, тұлғат (портрет) те, табұлғат (пейзаж) да, дарағат (монолог) те кездесiп отырады. Бұл тәсiлдi журналист оқырманын сендiру мақсатында әрi жалықтырып алмас үшiн де пайдаланады. Басқаша айтқанда, журналист ғалымға зерттейтiн обьектiнi, оған қатысты мәлiметтердi ұсынады. Жеке көзқарасын айтқанымен, оны бүге-шiгесiне дейiн саралап, сараптап жатпайды. Ғылыми тұжырым жасауды сол саламен айналысатын ғалымдардың құзырына қалдырады. ӘШКЕРЕ 

Айғақтаманың келесi бағыты – әшкерелеу. Бұл бағытта журналист белгiлi бiр заң күшi бар құжаттың, басқаша айтқанда, қаулының, қарардың, шешiмнiң, кесiмнiң, үкiмнiң, айыптау қорытындысының, қаржылық есеп-қисаптардың, сондай-ақ мемлекет жүйесiнде жасалған т.б. бастамалардың, iс-әрекеттердiң дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қарап, өз бетiнше тексередi. Қабылданған құжаттың, бастаманың, iс-әрекеттiң заңға томпақ келетiнiн немесе қоғамға залал әкелетiндiгiн құқықтық негiзге сүйене отырып дәлелдеп шығады, соған бұқараның көзiн жеткiзу жолында әртүрлi журналистiк әдiс-тәсiлдердi қолданады, сан алуан жанрларды пайдаланады.

Журналист әшкерелеудi нақ осы шақта жүргiзедi, яғни бүгiнгi болған оқиғаның дереккөздерi мен мәлiметтерiн iзi суымай жатып өз бетiнше қайта қарастырады. Жасалған құқықтық қылмыстардың бетiн ашады. Сөйтiп қылмысты да, қылмыскердi де әшкерелейдi. Соның нәтижесiнде жарық көрген материалды әшкере деп атаймыз.   Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ