Жаңалықтар

БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛIМДЕРI НЕГЕ ҚОРҚАҚТАЙДЫ?

ашық дереккөзі

БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛIМДЕРI НЕГЕ ҚОРҚАҚТАЙДЫ?

Мемлекеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысы көтерiлмекшi

Жыл сайын Елбасының жолдауынан елең еткiзерлiктей жаңалық күтемiз. Әсiресе, соңғы дағдарыс дендеп алған уақытта мемлекетiмiздiң болашақтағы тың қадамдары мен жоспарлары жайында халықтың бiлуге деген ынтасы жоғары. Бәрiнен де әлеуметтiк жағдайдың жақсарып, зейнетақы мен бюджеттiк мекеме қызметкерлерi жалақысының өсуi көптен айтылып келе жатқан мәселе едi.

Елбасының кезектi жолдауы бұған дейiн екiұшты болып келген жайттың тамырын тарқатты. Былтырғы жылы Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бюджеттiк мекеме қызметкерлерiнiң еңбекақысын көтеруге келгенде мәселенi қойыртпақтатып жiберiп, бiраз сынға да iлiккен едi. Ендi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Экономиканың қалыпты өсiмi мемлекеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысы мен шәкiртақыны 25 пайызға көтерудi 3 айға ерте, яғни 2010 жылдың 1 сәуiрiнен көтеруге мүмкiндiк бередi. Үкiмет осыны жүзеге асыруды қолға алсын", – деп ауқымды тапсырма жүктедi. Мұндай жағымды жаңалықты теледидардың алдында бiр сағат бойы тапжылмай тыңдаған жұрттың ертеңге деген сенiмi ұлғайып, өмiрге деген құштарлығы арта түскенi белгiлi.

Расында, бiздiң қоғамда адам баласына ең қажеттi мамандық иелерi – дәрiгер мен мұғалiмнiң әлеуметтiк жағдайы мәз емес. Дәрiгер – адам тәнiнiң емдеушiсi болса, мұғалiм – адам жанының рухани күтушiсi. Өмiрге денi сау ұрпақ әкелiп, бiлiмдi, бiлiктi маман даярлаймыз десек, ештеңеден тартынып қалмау керек. Тұрмысы жайлы маман ғана салиқалы бiлiм, сапалы қызмет көрсете алады. Бiзде жалақысы мардымсыз әрi атқаратын мiндетi тым көп мұғалiм мен дәрiгер ғана екен.

Мұғалiмнiң де мұғалiмi бар. Менiңше, ұстаздық қызметтiң ең ауыр жүгiн арқалайтын – бастауыш сынып мұғалiмi. Таңның атысынан күннiң батысына дейiн үй бетiн көрмей, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған балғынға әлiппенi де жаттатқызып, әрiптiң оңы мен солын көрсетiп, тiптi, қалам ұстауды да үйрететiн бастауыш сынып мұғалiмi. Негiзгi бiлiмнiң бастауы да – осы бастауыш сыныпта жатыр. Егер оқушының бүгiнгi алған бiлiмi нәтижелi болмаса, оның ертеңiнен үмiт күту бекершiлiк. Сондықтан да баланың бiлiмге деген жүрек көзi мен ынта-ықыласын ашатын мұғалiмнiң өзi бiлiмдi, жалақысы жоғары, әлеуметтiк жағдайы тәуiр болуы керек. Ал, көңiлi күптi, шешiлмеген мәселесi шаш-етектен мұғалiм қандай нәрлi бiлiм берсiн? Неге бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң жалақысы басқалардан төмен болуға тиiс? Алдындағы 30 баланың әрқайсысына көңiл бөлiп, әр үйдiң еркесiн оқып-жазуға баулитын ұстаздың еңбегiн неге бағаламаймыз?

Бүгiнде шындықты айту да қызметiңе, жеп отырған наныңа кесiрiн тигiзбей қоймайды. Талай рет бiрнеше бастауыш сынып мұғалiмiн әңгiмеге тартып, бетпе-бет келiп отырған ортақ мәселесiмен бөлiсуiн сұрағам. Әуелгiде ашық ойын еш бүкпей, бiлектi сыбана айтып келедi де, аяғын суыртпақтатып жiберетiн ұстаздардың жанарынан әкiмшiлiк қысымшылықтың лебiн аңғардым. Жалақысының мардымсыздығын тiлге тиек етсе де, мынандай дағдарыс кезiнде ойыңдағы жұмысты тауып алудың аса қиын екендiгiн жақсы бiлетiн олар осыған да қанағат дейтiндей. Дәлiрегiнде, жанын бағып отырған 25-30 мың теңгеден айрылып қалмауды ойлаған бастауыш сынып мұғалiмдерi бiрауыздан атын атаудан бастарын ала қашады. Бiрақ нағыз еңбек солардiкi. Оны өздерi бiлсе де, айтудан жасқанады. Тiптi, "жалақым аз" деп даурығуға дәтi жоқ. Ертең бұл күнге де зар боп қаларын iштей түйсiнедi, сезедi. Тым болмаса, жас мамандарды, жас отбасыларды әлеуметтiк көмекпен, баспанамен қамтамасыз етсек, соның өзi үлкен қолдау емес пе?

Елбасының берiлген тапсырмасы дер кезiнде шешiмiн тапса, бюджеттiк мекеме қызметкерлерiнiң жалақысы сәуiр айында-ақ 25 пайызға артпақ. Әрине, жақсылыққа жаны құмар жандар бiр желпiнiп қалғанмен, Елбасының осы сөзiн құлағы шалған монополиялар жылдағы әдетiнше азық-түлiк, жанар-жағармай бағасын өсiрiп жiберуiнен қорқады. Мәселен, қазiрдiң өзiнде Алматы қаласындағы кейбiр жанармай құю бекетi өнiмiн 10 теңгеге қымбаттатып үлгердi. Бұл үстемеленiп көтерiлген еңбекақының инфляцияға жұтылып кетуiне жол бермей ме?

Бiз кейде елiмiзде орын алып жатқан оқиға мен жаңашыл өзгерiстердi көршi Ресейдiң тәжiрибесiмен байланыстырып жатамыз. Мұндағы мақсат – "үйрен де жирендi" меңзеу ғана. Осындайда бәзбiреулер "Ресей – федерация, ал Қазақстан ендi ғана аяғынан тiк тұрып келе жатқан жас мемлекет" дегендi алға тартады. Ол рас, бiрақ бiз жиған-тергенi мол мемлекеттердiң тәжiрибесiнен үлгi алудан қашпауымыз керек сияқты. Жақында Ресей Қазақстан үкiметiнiң үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн мәселенiң түйiнiн ағытуға кiрiстi. 2010 жылды "Мұғалiмдер жылы" деп жариялап, оған 15 млрд. рубль бөлген ресейлiк билiк әуелгi кезекте бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң жалақысын көтерудi қолға алды. Бұл тұрғыда РФ Бiлiм және ғылым министрi Андрей Фурсенко: "Бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң жалақысын өсiруге қажеттi жаңа еңбек нормативi наурыз айының соңында қабылданатынына сенiм бар" дедi сөзiн нықтап. "Бiз еңбек нормативiн ауыстыруымыз керек. Неге десеңiз, бүгiнде бұл бастауыш пен жоғары сыныпта екi түрлi. Егер бiз екеуiн теңестiрсек, сонда ғана бастауыш мектеп ұстаздарының еңбекақысының мөлшерi де өзгерiске ұшырайды" деп түсiндiрген министр мұның астарында мұғалiмнiң беделiн көтеру жәйiнiң жатқандығына екпiн түсiре айтты. Одан бөлек 2010 жылдан бастап педагогика саласына еңбегi сiңген мыңдаған ресейлiк үздiк ұстазға 200 мың рубль көлемiнде ақшалай сыйлық берiлмек. Бұдан бұрын да ұлттық жоба аясында жүзеге асып келген үрдiстiң жалғасын табуына басты себеп – ұстаз еңбегiн нақты түрдегi көмекпен бағалау, қолдау-қолпаштау. Жастардың педагогика мамандығына деген ұмтылысын арттырып, жаңашыл көзқарастағы жас мамандарды аймақтық елдiмекендерге тарту, баспанамен қамтамасыз етiп, жыл сайын 250 мың рубльден грант берiп тұру мәселесi де қаралды. РФ Президентi Д.Медведев бұл шаралардың бiлiм саласындағы түйткiлдердi шешетiндiгiне, ресейлiк мұғалiмдiк корпусының орнын айқындауына едәуiр септiгiн тигiзетiндiгiне үмiт артады.

Шынында да, ресейлiктер мұндай игi бастаманы екi қолды көтерiп құптауға дайын. Неге десеңiз, бұл ұстаздық етуге талпыныс бiлдiрiп жатқан жастардың жүрегiне үлкен сенiм ұялатты. Түптiң түбiнде, еңбегi далаға кетпейтiн ұстаздық қызметтiң зор беделге ие болатындығын дәлелдей келе, келешекте бiлiмдi, бiлiктi мамандардың бiлiм ошақтарына жол тартуына мұрындық жасады. Ретi келсе, Қазақстан үкiметi де бастауыш сынып мұғалiмдерiне сапалы ақша төлеп, сапалы бiлiм талап етуi керек сияқты. Сонда ғана бұйығы ұстаз қауымының тiршiлiгiне жан бiтiп, ерен еңбегi елене бермек…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ