Жаңалықтар

АКТРИСА ҚЫЗДАРЫМЫЗ АРСЫЗ РӨЛГЕ НЕГЕ КЕЛIСЕДI?

ашық дереккөзі

АКТРИСА ҚЫЗДАРЫМЫЗ АРСЫЗ РӨЛГЕ НЕГЕ КЕЛIСЕДI?

“Ұрпақ санасына тез жетiп, үлкен әсер беретiн өнер саласы — кино екенiн бiздiң киногерлер де, режиссерлер де, сценаристер де мүлдем ұмытқан ба?” деген ой менi мазалағанына, мiне, 18 жыл болды. Кеңес Одағы күйрегелi берi аз уақыт өткен жоқ, бiрақ жас буын санасына нәр беретiн кино туындысы жоқ есебiнде десе де болады.

Осы замандағы және ХХ ғасырдың да небiр жақсы кинолары болғанына куәмiн. Мысалы, Мағжан Жұмабайдың "Батыр Баян" поэмасының желiсiмен, Смағұл Елубай жазған сценариймен түсiрiлген "Батыр Баян" фильмi қандай тамаша! Батыр Баян, Абылай хан ролдерiн сомдаған өз кәсiбiнiң нағыз шеберлерi, атты әскерлер, нояндар, қару-жарақтары мен костюмдерi, олардың соғысу әдiстерi мен тарихи шындық қандай шынайы көрсетiлген. Үш жүздiң билерi мен хан Абылайдың мәжiлiс салтанаты, жауға тойтарыс берудiң ұйымдастыру сапасын ойластыру тұрғысындағы отырыс деңгейi аса жоғары. Өткен ғасырдағы Сұлтан Қоджықовтың "Қыз Жiбегi", Абдолла Қарсақбаевтың "Менiң атым Қожасы" немесе Шәкен Аймановтың "Тақиялы перiштесi", сол заманның тағы көптеген фильмдерi неге бiздiң жас киногерлерiмiзге тәлiм, тәжiрибе, үлгi-бағдар бола алмайды?! Бұл фильмдердiң бәрi көруге тұрарлық дүние. Ал осы заманның режиссерi Ермек Тұрсыновтың "Келiнiнде" не тәрбие, қандай идеология көкселген деп жүрсем, "Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрдiм". "Қайрат чемпион, пәк жiгiт" дегенiмiз де сондай тұрпайы, сондай лас дүние екен. Режиссерлер қалайша осыншама азғындау жолына түстi? Бұл киноларда келiнiмiз де, қыздарымыз да жезөкше. "Қайрат чемпион, пәк жiгiт" фильмiндегi қазақ қызының бейнесi бiздiң салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызға жат. Әлгi қыздар осындай рольге қалай келiстi екен? "Атың шықпаса жер өрте" дегеннiң көрiнiсi осы шығар! Өмiрбақи, пәктiктi, адамгершiлiктi, ерлiк пен қайраттылықты, отансүйгiштiк пен ар-намысты ту еткен халқымыздың, қыз тәрбиесiне аса зор мән берген ата-бабалырымыздың "Қызға қырық үйден тыю" деген даналығын да ұмыттық па? Мұндай азғындықты азық қылып, жарнама жасайтын фильмдердi "Оскарға" ұсыну түгiлi экранға шығаруды тыю керек. Халқымыздың ар-намысын таптау арқылы "Оскар" алмай-ақ қойғанымыз жөн деп санаймын. Тiптi, осындайда Кеңес үкiметiндегi сияқты "цензура" деген тосқауылдың қажеттiлiгi сезiледi. Әр пенденiң кiр пиғылын iске асырмаудың тура жолы осы едi. Әр нәрсенiң озығы мен тозығы бар емес пе?

Тарихты бұрмалап, шетелдiң тозығын азық қылатын режиссерлер (олар көбейiп барады) жас буынға керi тәрбие, тозық үлгi беретiнi анық. Осыны ашып айтатын азаматтың жоқ болғаны ма? Өкiнiштi. Мұндай ұятсыз киносыз-ақ шетелдiктердiң жетегiнде немесе "Болашақтың" болашағына балта шауып, елге қайтпай өзгенiң қолтығында азғындап жүрген қыздарымыз қаншама?! Мұхит асып, ел-жұртынан, Отанынан безiп жүргендерiмiздi қайтара алмай бiр күйсек, жатжұрттың тозық идеологиясын дәрiптеушi киногерлердiң мынандай лас пиғылдарымен шырмалып екi күйдiк.

Өзипа ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ әл-ТАРАЗИ,

"Мемлекеттiк тiлге құрмет" бiрлестiгiнiң хатшысы