Жаңалықтар

ҒЫЛЫМ ӘЛЕМIН ДҮР СIЛКIНДIРГЕН АУЫЛ ҚАЗАҒЫ

ашық дереккөзі

ҒЫЛЫМ ӘЛЕМIН ДҮР СIЛКIНДIРГЕН АУЫЛ ҚАЗАҒЫ

Әлемдiк ғылымда жарылыс жасаған қазақ кiм? 1972 жылы жапонның атақты ғалымы М.Нагата құрастырған есептiң жауабын әлемнiң "мен" деген талай математигi 30 жыл бойы iздеп, таба алмады.

Талай майталманның тауы шағылып, меселi қайтты. Нагатаның қиын есебiн шешуге қазақтың жас ғалымы Уәлiбай Өмiрбаев тәуекел жасап, 80-жылдардың соңынан бастап кiрiсе бастады. 1960 жылы Шымкент облысы, Ордабасы ауданы, Шымкент-Самара күре жолы бойында орналасқан Төрткүл ауылында дүниеге келген Уәлiбай Үтмаханбетұлы табиғаттың ашылмай келген сырын ашуда, шешiлмей келген жұмбағын шешуде бiр тылсым күштiң барын аңғарды. "Әке көрген оқ жанар" демекшi, Ұлы Отан соғысының ардагерi Уәлiбайдың әкесi Үтмаханбет Қазақстанда жасалған 100 бригада құрамында жаумен шайқасып, екi қолынан бiрдей жарақат алып, қан майданнан аман қайтады. Бейбiт өмiрге араласып, сол кездегi Шаян аудандық газетiнде редактор болып қызмет атқарады. Алайда, математикаға деген құштарлық сол кездегi Төрткүл ауылындағы 7 жылдық мектебiне математика пәнiнiң оқытушысы болып келуiне итермелейдi. 1959 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына құжат тапсырғанымда, математика пәнiнен түсу емтиханын алған ғалым Өмiрбек Жолдасбеков: "Әй, бала! Сендерге осындай дәрежеде бiлiм берген ұстазыңа ризашылығымды жеткiзерсiң" деген сөзi әлi есiмде. Мiне, өз бағасын сол кезде-ақ алған Үтмаханбеттiң ұлы Уәлiбай да жастайынан есеп шығаруға бейiмдiлiгiн, тапқырлығы мен алғырлығын көрсеттi. Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебiн үздiк бiтiрген ол Новосiбiр мемлекеттiк университетiнiң механика-математика факультетiне түседi. Осы кезден бастап ғылымға деген даңғыл жолы айқара ашылып, талай баспалдақтан сүрiнбей өттi. Бүгiнде Астана қаласындағы Евуразия ұлттық университетiнiң алгебра және геометрия кафедрасында меңгерушi, АҚШ-тың Мичиган штаты Детройт қаласындағы Уэйн мемлекеттiк университетiнде дәрiс оқиды. Өмiр жолындағы қым-қуыт тiршiлiкпен күресе жүрiп, он жылдан соң есептiң түйiнiн тарқатқандай болып едi, қуаныш ұзағынан сүйiндiрмедi. Ғалымның "дұрыс" деп тапқан есебiнiң жауабы "бұрыс" болып, бiраз күйзелiске ұшырады. Бiрақ та дүлей табиғаттың қатал сынымен айқаса өскен ғалымның туа бiткен қайсарлығы мен жiгерлiгi алған бетiнен қайтармады. Сөйтiп, 1999 жылғы сәтсiздiктен кейiн араға 2 жыл салып Нагатаның "қолды" және "жабайы" автоморфизмдер туралы есебiнiң нақты жауабын тапты. Уәлiбай шешкен есептiң жауабы дұрыс екенiн дәлелдеу оның шешiмiн табудан да қиынға соқты. Мұхиттың арғы-бергi жағындағы ғалымдар "Нагата жұмбағының жауабын табатындай Уәлiбай Өмiрбаев деген кiм?" деп бет бақтырмай қойды. Гонконгте өткен ғылыми форумда Уәлiбай бiрнеше сағат аяғынан тiк тұрып, өз шешiмiн дәлелдесе де, әрiптестерi мiз бақпады. Сонда қазақ ғалымын бiр-ақ адам, атақты Леонид Макар-Лиманов ғана тыңдап, таң қалыпты. Уәлiбай орнына жайғаса бергенде тақтадағы есепке тұра жүгiрген Леонид: "Бұдан басқа жауаптың болуы мүмкiн емес, нақтысы осы" деп айқайлап жiбередi. Бiрақ та ресейлiк ғалымдар мен математиктер бiр жыл бойы Уәлiбай Өмiрбаевқа "Есептiң ана жерiн қалай, мына жерiн қалай шығардың, соны дәлелдеп бер…" деген сарында үздiксiз хат жаза бердi. Көп ұзамай Нагата жұмбағын қазақ ғалымы шешкенi мойындалып, жаһанға жария болды. Бұдан соң қазақ ғылымына менсiнбей қараған әлемнiң майталман математиктерi оның алдында бас иiп, тiзе бүктi. 2007 жылы Америка математика қоғамының үш жылда бiрақ рет берiлетiн жоғары дәрежелi "Мур" сыйлығы Нагата және Кон есептерiнiң шешiмi туралы еңбектерi үшiн қазақ математигiне табыс етiлдi. Ал 2009 жылы ҚР Президентiнiң жарлығына сәйкес, ғылым мен техника саласында ерекше жетiстiкке жеткен Уәлiбай Өмiрбаев мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты атағына ие болды. Нагатаның шешiмдерi табылған соң математика ғылымында жаңа гипотезалар мен сауалдар туындады. Әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде ондаған конференциялар ұйымдастырылып, ғалымның еркiн Ли алгебрасының және еркiн Пуассон алгебрасының автоморфизмдерi туралы еңбектерi шетелдiк және отандық мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Ғалымның математика ғылымына сыйлаған еңбегiн жоғары бағалаған профессор, академик Асқар Жұмадiлдаев: "Осыдан бес-алты жыл бұрын Қазақстан бойынша ең жоғары рейтингтiң тiзгiнi өзiмде едi, қазiр ол Уәлiбай Өмiрбаевқа тиесiлi. Ол математика саласы бойынша күрделi жобаның түйiнiн шештi. Бiр қазақтың аты озып шықса, қуанайық", – дейдi ағынан жарылып. Нагата есебiнiң шешiмi табылған соң, ағылшын тiлiн еркiн меңгерiп алған Уәлiбай Өмiрбаев өзi ашқан жаңалығымен дүниежүзiн шарлады. Ол Испания, Франция, Гонконг, Бразилия, Мексика, Германия және АҚШ мемлекеттерiндегi 19 жоғары оқу орны мен ғылыми орталықтардың шақыруымен дәрiс оқып, қазақ математиктерiнiң жетiстiктерi мен бағындырған белестерiн насихаттады. Бiр сөзбен айтқанда, Уәлiбай Өмiрбаев Еуропа мен Америкада дәрiс оқи жүрiп, "Нагата жұмбағын шешкен қазақ" атанды. Мәдiхан ОМАРОВ, еңбек ардагерi