КЕЛЕШЕГI БҰЛЫҢҒЫР NABUCCO
КЕЛЕШЕГI БҰЛЫҢҒЫР NABUCCO
Кәрi құрлық Ресейдi айналып өтетiн құбырды тартуға қаражат таба алмай отыр. "Жығылғанға – жұдырық", еуропалық жоба шеңберiнде тасымалдануы тиiс табиғи газға деген сұраныс әлi жеткiлiксiз. Яғни, жобаның келешегiне қауiп төнiп тұр.
Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн күн тәртiбiне шығарған бiрқатар ел, атап айтқанда, Түркия, Австрия, Венгрия, Болгария мен Румыния Ресейдi айналып өтуi тиiс Nabucco газ құбырын салуға шешiм қабылдады. Жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырымға созылатын құбыр Түркия, Болгария, Румыния, Венгрияны басып өтiп, Австрияға тiрелмек. Жобаның басты қатысушыларының арасында үлес салмақтары 16,67 пайызға тең австриялық OMV, венгриялық MOL, болгариялық Bulgargaz, румыниялық Transgaz, түркиялық Botas пен немiстердiң RWE компаниялары бар. 8 млрд. долларға жуық қаржыны талап ететiн құбырдың жалпы сомасының 30 пайызы Nabucco Gaz Pipeline International акционерлерi тарапынан инвестицияланса, қалған 70 пайызы несиелер есебiнен төленбек. Бүгiнде iргетасы әлi қаланбаған құбыр құрылысына қатысты қордаланған қиындықтар көп. Өткен аптада жобаға жауапты австриялық OMV мұнай-газ концернiнiң басшысы Вернер Аули құбырға қажеттi энергоқорды Ирак пен Әзiрбайжаннан алуға мүдделi екендiктерiн айтқан болатын. Оның айтуынша, әзiрбайжандардың Шах-Дениз кен орны мен Ирактың солтүстiгiндегi кен орнынан өндiрiлетiн энергетикалық қордың көлемi Nabucco құбырын толтыруға жеткiлiктi көрiнедi. Әрi халықаралық сарапшылар пiкiрiнше, әзiрбайжан газын Ресей арқылы емес, Түркия арқылы Батысқа тасымалдаған тараптарға әлдеқайда оңай әрi тиiмдi. Бiрақ Анкара мен Баку газдың бағасын әлi келiсе алмай отыр. Давоста құбырға қатысты пiкiрiн бiлдiрген әзiрбайжандардың президентi Ильхам Әлиев Nabucco жауапкершiлiгiн мойнына алатын басты мемлекеттiң әлi бекiтiлмегенiн, газды тасымалдау мен маркетинг мәселелерi айқындалмағанын көлденең тарта келе, жобаның келешегiне күмән келтiрдi. "Көгiлдiр отынды" батыстық нарыққа бағыттайтын басты мемлекет – Түркия әзiрбайжандардан алатын газдың жаңажылдық бағасына бiраз уақыттан берi келiсе алмай отырғаны тағы бар. Жобаның экономикалық және саяси тұрғыда қаншалықты тиiмдi екендiгiне көз жеткiзiп үлгермеген Қазақстан мен Түркiменстан да әзiр бұл жобадан бас тартуда. Бүгiнде құбырды тартуға қажеттi соманың жиналмауы да қолбайлау. Жуырда Будапешттегi жиналыста Nabucco Gaz Pipeline GmbH консорциумының атқарушы директоры Рейнхард Митчек құбырды салуға кететiн 11,8 млрд. доллардың әлi табылмағанын, несие алудағы қиындықтардың шешiлмегенiн көлденең тартты. Ендiгi үмiт – халықаралық қаржылық құрылымдар мен агенттiктерде. Қазiр құбыр құрылысы басталмай тұрып, тұтынушылық сұраныс беретiн елдердi табу да маңызды. Осы орайда, Вернер Аули: "Егер табиғи газға деген сұраныс қажеттi деңгейде болмаса, жобаның ертеңiне қауiп төнбек. Бiз мемлекеттiк емес, коммерциялық компаниямыз. Егер сұраныс болмаса, құбырды салмаймыз" деп ескерттi.
Жоспар бойынша, 2011 жылы салынуы тиiс Nabucco 2014 жылдан бастап кәрi құрлыққа жыл сайын 31 млрд. текше метр газ тасымалдауы керек едi. Алайда, Давостағы саммитте Вернер Аули газ тасымалы 1 жылға кешiктiрiлетiнiн, 2015 жылы Еуроодақ елдерiне Әзiрбайжаннан – 8 млрд., Ирактан – 8 млрд., Египеттен 1 млрд. текше метр энергоқор жеткiзiлетiнiн айтты. Австриялықтар батыстық тұтынушыларға арналатын газды жылына 20 млрд. текше метр "көгiлдiр отын" тасымалдауға қуатты Баку-Ерзұрым құбыры арқылы тартуды көздесе, әзiрбайжанның энергоқорынан Румыния да үмiттi. Жыл басында грузиндер румындарға Әзiрбайжаннан жеткiзiлетiн газды өңдейтiн зауыт салуға ұсыныс жасады. Бакудiң Батысқа бет бұруын Шах-Дениздегi газ қорынан үмiттi "Газпромның" оңайлықпен келiсе қоймасы анық. Сол себептi, "Газпром" биыл – 1 млрд. текше метр, 2011 жылы 2 млрд. текше метр газ сатып алуға Бакудiң келiсiмiн ендiгi алып та қойды. East European Gaz Analysis сарапшылары 2015 жылға қарай Шах-Дениз кен орнынан өндiрiлетiн шикiзат көлемi 10-12 млрд. текше метрге жететiнiн, сондықтан Әзiрбайжанның бiрнеше тұтынушы мемлекеттiң сұранысын қанғаттандыруға қауқарлы болатынын айтады.
Мәскеу орталықазиялық аймаққа ықпалын күшейте түсудi қалағанмен, КСРО құрамынан әлдеқашан шыққан әрi дербес шешiм қабылдауға ендiгi етi үйренген Орталық Азиядағы тәуелсiз мемлекеттер Кремльдiң қабағынан бұрынғыдай ыға қоймайды. Ашхабадтың көңiлiнен шығуды көздеген "Газпром" былтыр газ құнын еуропалық нарықтағы орташа бағаға (мың текше метрiне – 300 АҚШ доллары) дейiн көтеруге мәжбүр болды. Алайда, Мәскеу былтыр қаңтардағы баға дауына қатысты тоңды жiбiтiп үлгермей жатып, көктемге қарай жанжал тағы өршiген. Осының кесiрiнен, 2009 жылдың сәуiр айында "Газпром" Түркiменстаннан алатын газды мүлде тоқтатты. Қажеттi деңгейде шикiзат құйылмаған құбырлар iстен шыға бастағандықтан, Ашхабад пен Мәскеу арасындағы жағдай күрт ушығып кеткен. Екiжақты келiссөздердiң арқасында газ тасымалын қайта жаңғыртқан Кремль күнi кешеге дейiнгi деңгейi – 40 млрд. текше метрдi биыл 11 млрд. текше метрге күрт қысқартқан. Еуропалық жоба – Nabucco құбырын салуға аса құлшыныс бiлдiрмегенмен, үзiлдi-кесiлдi қарсылығын және айтпаған Түркiменстан кiрiс пен шығыстың ара салмағын таразылаған күйi, әлiптiң артын бағып, үнсiз отыр. Әп дегеннен-ақ, тек орталықазиялық елдерге арқа сүйегiсi келген Еуроодақ Каспий жағалауындағы шикiзатқа бай елдердiң қатарындағы Қазақстан мен Түркiменстан тарапынан жобаға қатысуға бас тартылғандықтан, Иракқа иек артуға мәжбүр болды. Ирактың солтүстiгi арқылы Түркияға, одан ары Еуропаға бағытталатын табиғи газдың келешек тағдыры бұлыңғыр. Өйткенi, Ирактағы саяси ахуалдың әлi күнге тұрақсыз болуы қыруар қаржыға салынған газ құбырларына төнетiн қауiптi қоюландыра түсерi анық. Давостағы саммитте Вернер Аулидiң: "Алғашқыда Иракты ескермеген де едiк" деуi – соның айғағы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ