Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТОБЫН ҚЫСҚАРТУ — МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕНСIНБЕУ ЕМЕС ПЕ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТОБЫН ҚЫСҚАРТУ — МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI МЕНСIНБЕУ ЕМЕС ПЕ?

Павлодар облысының орталығынан екi жүз шақырым жердегi "Веселая Роща" ауылынан желдей ескен суыт хабар ауыл тұрғындарын алаңдатты. Есiмдерi ақпарат бетiнде аталмауын қалаған олар былтыр ғана ашылған мемлекеттiк тiлде тәрбиелеп, оқытатын мектепалды сыныбының теперiш көрiп жатқандығын өз ауданының тумасы, мемлекеттiк тiлдiң жанашыры Аманжол Хамитқа ғана жеткiзiптi.

Ауыл тұрғындарының сөзiне құлақ түрсек, мәселе былай өрбiген. Мұндағы қазағы мен өзге ұлт өкiлi бар, бас-аяғы сегiз бүлдiршiннiң ата-анасы: "Баланы қазақша оқыту — заман талабы" деп, баласын қазақ тобына жаздырған. Соған қарамастан, мектеп директоры қазақ тобына жеке сынып бөлмесiн беруге де қолұшын созбапты. Яғни, көпшiлiктiң сұранысына бей-жай қараған басшы бұл мәселеге басын ауыртқысы да келмеген. Айналып келгенде, баласын қазақ сыныбына оқытуды мақұл көрген өзге ұлт өкiлдерi орыс сыныбын қайта жағалай бастапты. Ал, бар болғаны алты қарагөз ғана "ана тiлiнде оқу құқын" пайдалануды талап еткен.

Жасыратыны жоқ, осы iспеттес мәселе аталмыш мектепте қалыпты жағдайға айналғандай. Ауданның тарихын жетiк бiлетiн шежiрешi Аманжол Хамит айтқандай, екi жүздей өзге ұлт өкiлдерi, жетпiс шаңырақ қазақ отбасы тұратын "Веселая Рощада" 2003 жылы ашылған қазақ сыныбының болашағы баянды болмағанын жұрт әлi күнге өкiнiшпен еске алатын көрiнедi. Жергiлiктi жұрт: "Егер қазақ тiлi сыныбы жұмыс iстеп келсе, бүгiнде мемлекеттiк тiлде хат танитындардың саны артып, "үй iшiнен үй тiккендердi" де үйретер едi-ау", — деп күйiнедi.

Бұл мәселе өткен жылы желтоқсан айының басында көтерiлiп, Облыстық бiлiм басқармасының араласуымен (ауылға екi рет барып-келген) қаңтар айының басында толық шешiлдi. Мемлекеттiк тiлдегi сыныптың тағдырына алаңдап, дер кезiнде облыс орталығына хабар айтқан ауылдағы ағайынға үлкен рахмет айту керек.

Бiр ай шамасындай әбiгерге түсiрген мәселе оң шешiмiн тапқан күнi бәрiмiз қуандық. "Ауруын жасырған өледi" демей ме, өзге тiлдi бiлiм мекемелерiнiң басшылары мемлекеттiк тiлге деген көзқарасын осылай танытып жатса, не дауа? Өз балаларын қазақ мектебiнде тәрбиелеп, оқытқысы келетiндерге барынша қолдау көрсетiлмейiнше, таяу арада мемлекеттiк тiлдiң көсегесi көгередi деуге қаншалықты сенуге болады?

Мәселенi дау-дамайсыз, яғни БАҚ-та жарияламай-ақ, шешуге болатын едi. Алайда, Павлодар облысының аумағында мемлекеттiк тiлге толықтай бетбұрыстың жасалмауы осыған итермелеп отыр.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ