БАСҚА МИНИСТРЛЕР НЕГЕ БҰҚПАНТАЙЛАЙДЫ?
БАСҚА МИНИСТРЛЕР НЕГЕ БҰҚПАНТАЙЛАЙДЫ?
1000 балаға бола мақтанудың жөнi жоқ
Адамзаттың абызы Аристотельдiң: "Мемлекеттiң пайда болуы — Құдайдың iсi, ал оны сақтап қалу — адамдардың iсi" деген кемеңгерлiк пiкiрi әрбiр саналы, өрiсi кең адамға ой салуға тиiс. Яки, Еуразияның дәп кiндiгiндегi байтақ кеңiстiк — Ұлы Даланы көркем етiп жаратқан Құдiрет сол сайын сахараның еркебұлан, арда ұлдары — алты Алашты махаббатпен кескiндеп, рухын асқақтату, бiр-бiрiмен терең түсiнiстiк табуы үшiн ана тiлiн де қоса жаратты. Сөйте тұра кеңестiк қызыл империя тұсында қазақ халқының тағдыры мен кестелi көркем тiлiн де ауыр сынаққа салғаны тарихи шындық. Қысқа ғана уақыт iшiнде кең байтақ Қазақстанда 600-700-дей қазақ мектептерiнiң есiк-терезесiне қазықтай қара шеге қағылып, тарс бекiтiлдi және осылайша ұлт руханиятының ұлы трагедиясы орын алған. Өткенге салауат айтуды қош көретiн тәубешiл жұрт болсақ та, сол бiр сын кезеңнiң суық сызынан осы күнге дейiн арыла алмай келе жатқанымыз жанға бататыны сөзсiз. Тәуелсiздiк — тәттi сөз екенiн бiлiп отырып қоғам құлдық санадан әлi күнге толықтай арыла қоймағанын амалсыз мойындауға мәжбүрмiз.
Ұлт мүддесi қазақ тiлiн жаңа биiктерге көтерудi бүкiл мемлекет, қоғам болып қолға ала тұра, ана тiлiмiз шын мәнiнде мемлекеттiк деңгейге көтерiле алмай келе жатыр. Алға басатын iстi артқа тартудың амалын қарастыру, сылтау iздеу мен жоқ жерден оны iздеп табудан алдымызға жан салмайтын ежелгi қасиетiмiз. Тiптi, тiлдi дамытуға кедергi мен тосқауыл табуға құмбыл кейбiреулер қазаққа еш қатысы болмаса да бөтен жұрттың тарихынан, өзге ұлттың бастан кешкенiнен тарихи дәлел iздеп әуре-сарсаң. Тiптi, "Iнжiлдегi" аңыздық Мұса пайғамбарды мысалға келтiрiп, оның өз қауымын бастап Мысырдан кеткенiн, шөл далада 40 жыл қиын-қыстау күндердi бастан кешiп, арып-ашып қазiргi Израильге келгенiн кесе көлденең тартады. Шынында да Ресейдiң ықпалы мен ақпараттың кеңiстiгiнен құтыла алмай отырғанымызда бiздегi жағдай одан әрi созыла түсуi мүмкiн.
Осыдан екi апта бұрын Алматыда тiлдердi қолдану мен дамытудың алдағы он жылға арналған Мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеу жөнiндегi жұмыс тобының аса маңызды отырысы болып өткенi және қазақ тiлiнiң тағдыры қызу талқыға түскенi жұртшылыққа жақсы мәлiм. Дер кезiнде қолға алынған аса маңызды, өмiрлiк шара. Оның үстiне 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарлама Елбасы Н.Назарбаевтың тiкелей пәрменiмен жүзеге асырылатыны да айқындалып отыр. Турасын айтсақ, осы аса маңызды, қазақ тiлi мен руханиятын асқақтатып, жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған бағдарламаның жүзеге асуына әрбiр мемлекеттiк қызметкер, билiк органдары мен құзырлы мекемелер жаппай мүдделi, ынта-ықыласы ерекше болуға тиiстiгi айтпаса да түсiнiктi. Ұлт мүддесiн, мемлекеттiк мүдденi ғана басты орынға қоюға мiндеттi сандаған мың лауазымды тұлғалардың бәрiнiң де iшкi мәдениетi, таным-түсiнiгi, азаматтық позициясы мен берiк ұстанымдары айқындалатын, таразыға тартылатын кез де осы. Әлеуметтiк зерттеулерге қарағанда, Қазақстан Үкiметiнiң құралы 98 пайыз қазақ ұлтының өкiлдерiнен тұратын көрiнедi. Тiптi, оның 78 пайызы — ғылым докторлары мен кандидаттар. Сондықтан да қалың көпшiлiк үкiметтiң әрбiр мүшесi аса саналы, ой-өрiсi кең, азаматтық позициясы айқын, ұлт пен мемлекет мүддесi үшiн барлық тосқауылдарды жоюға даяр тұлғалар деп таниды. Яғни, мұңы көп қазақ тiлiнiң шынайы мемлекеттiк тiл мәртебесiне лайықты сапа мен деңгейге биiктеуiне ешқандай кедергi, тосқауыл табылмауға тиiс деп үмiттенедi. Ол ол ма, осы өмiрлiк мақсаттың орындалуында ешқандай тайғанақтық, жалтақтық болмауы керек деп сенедi.
Амал қанша, өмiрдiң өткен тәжiрибесi жағдайдың мүлдем керiсiнше екенiн көрсетiп отыр. Осыдан он жыл бұрын қабылданған бағдарлама бойынша жүзеге асырылып, тындырылған iс-шаралардың бiрқатары талапшыл қоғамдық топтардың көбiн қанағаттандыра алмай отырғаны да айқындалады. Осыған қарамастан соңғы кездерi "өзге ұлттың 1000 баласы қазақ мектептерiнде терең бiлiм алуда" деген жайт базбiреулер үшiн зор мақтанышқа айналған сияқты. Бұл жайтты ауыз толтырып, асқақтатып айтушылардың қатары күн санап көбейiп келе жатыр.
Япыр-ау, Тәуелсiздiкке қол жеткiзген он тоғыз жыл, мемлекеттiк тiл үшiн күрескен он жыл iшiнде қол жеткiзген бар жетiстiгiмiз осы ғана ма?! Нәйетi 1000 баланың жалпы санын қалай ғана мақтан тұтуға болады? Қазақтың ондаған мың қаракөздерi өзге тiлде оқып жүргенiн көрiп, бiлiп отырып бұның несi мақтаныш?
Бiр сорақысы, ұлт тағдыры, қазақ тiлiнiң тағдыры үшiн аса маңызды бағдарламаларды жасау кезiнде елiмiздегi көптеген министрлердiң, лауазымды адамдардың бұқпантайлап қалатыны үйреншiктi жайт. Тiптен, Алматыда Бұқаралық ақпарат және мәдениет министрлiгi ұйымдастырған алқалы жиынға да бар болғаны ғылым және бiлiм вице-министрi ғана қатысты. Өзге министрлiктердегi қызметкерлердi мемлекеттiк тiл тағдыры, оның болашағы ойландырмай ма? Сыртқы Iстер, Қорғаныс, Экономика және бюджеттi жоспарлау т.б. көптеген министрлiктегi шенеунiктердiң қабырғасын қалың елдiң мұңы қайыстырмай ма? Елiмiздегi министрлiктiң барлығы жыл сайын халық алдында өз есептерiн бередi. Былтырғы жылдың аяғында да көбi осылай еттi. Атқарылған iстер, шақырымдар мен тонналар, миллиондаған теңгелер, қол жеткен көрсеткiштер… Бiрақ, қазақ тiлiн дамыту үшiн өз саламызда алдағы жылдары кезек күттiрмейтiн мынадай iс-шараларды жүзеге асырамыз деп уәде берген бiрқатар министрдi ешкiм көрген жоқ. Сонда олардың азаматтық позициясын қалай айқындаймыз?..
Жаңабек ШАҒАТАЙ