Жолдау-2010: ПРЕЗИДЕНТТIҢ СЕНIМI БЕКЕМ
Жолдау-2010: ПРЕЗИДЕНТТIҢ СЕНIМI БЕКЕМ
Жылдағыдай Елбасы халыққа Жолдауын жариялады. Жылдағыдай бiз Президент жолдауына мәтiндiк талдау жасадық. Мәтiндiк талдаудың кейбiр нәтижелерi таң қалдырады. Ең басты түйiн — Қазақстандағы экономикалық дағдарыстың құрсауы әлсiрегенiне Президенттiң сенiмi бекем. Былтырғыға қарағанда, Елбасының өзiне деген сенiмi де, елдiң болашағына деген сенiмi де арта түскен. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның алдағы онжылдық даму бағдарына шолу жасады.
Қай елде де Президент Жолдауы, үндеуi немесе алқалы жиындарда сөйлеген сөздерi – әлеуметтанушылар мен саясатануылар үшiн зерттеудiң нысаны. Өйткенi, Президенттiң сөзi – бiр адамның жеке ойы, уайымы, iс жоспары ғана емес, бүкiл елдiң болашаққа бағдары, ертеңге үмiтi мен бүгiнге көзқарасы. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Ресей Президентi Дмитрий Медведевтiң Федералдық жиынға арнаған Жолдауына әлеуметтанушылар "Президент өзiнiң билiк басында жалғыз екенiн сезiнедi" деген баға берген. Архангельдiк әлеуметтанушы Андрей Чураковтiң Медведевтiң Жолдауынан жасаған тұжырымы бойынша – Ресей билiк басындағы жағдай…. мәз емес. Президент өзi айтып тұрған, ұсынып тұрған өзгерiстердi бүгiн жүзеге асыру мүмкiн емес екенiн бiледi. "Оның Жолдауынан шарасыздық сезiледi" дейдi әлеуметтанушы. Оның айтуынша, Медведев өзiн залда тыңдап отырған адамдармен тiзе қосып, тiрлiк бiтiре алмасын iштей сезедi. Бiр-ақ ауыз сөзбен айтқанда, Медведевтiң Жолдауы – оның жалғыздығын аңғартты. Осылайша, мәтiндiк талдау нәтижелерi Медведевке жаңа команда керек екенiн меңзейдi.
Мәтiндiк талдау мәтiн авторының iшкi жағдайын, хал-ахуалын аңдатады.
Ал Назарбаевтың Жолдауы ненi аңғартады?
Қазақстан Президентi "Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi" атты Жолдауында Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi стратегиялық мүмкiндiктерi жөнiндегi ой-жоспарымен бөлiстi. Президенттiң Жолдауы ресми газеттерде, сайттарда жарияланып, мемлекеттiк мекемелерде кеңiнен таратылып жатқаны белгiлi. Сондықтан жолдаудың мазмұнына қысқаша тоқталып, мәтiннiң ең шұрайлы, өзектi деген тұстарын ғана пысықтағанды жөн көрдiк.
Талдау үшiн бiз жолдаудың өзегi болуға лайық деген ұғым-түсiнiктердi, яғни белгiлi бiр сөздердi терiп алдық. Бұл сөздердiң мәтiн iшiнде қайталану жиiлiгi мәтiнде кейде тура, кейде жасырын айтылған ойдың қай бағытқа ойысатынын көрсетiп бермек.
Президентiң былтырғы Жолдауы мен биылғы Жолдауынының арасында бiраз айырмашылық бар. Былтыр экономикалық дағдарыстың ушығып тұрған кезiнде Президент "дағдарыс" деген сөздi 51 рет айтып едi. Ал биылғы жолдауда "дағдарыс" сөзiн 17-ақ рет қайталады. Дағдарыстың күнi өтiп бара жатқандығының бiр дәлелi осы да!
Ең бастысы, Президенттiң жеке басының сенiмi бекiп, жауапкершiлiк жүгi арта түскенiн сезiнгендей. Бiр ғана көрсеткiш – былтырғы жолдауда Елбасы "мен" деген есiмдiктi бар жоғы 8 рет айтса, биыл 22 рет қайталаған. Бiр жылдың iшiнде Президенттiң "менi" 2,5 есе өскен!
Ал "бiз" деген жалпыға ортақ есiмдiктi пайдалану жиiлiгi былтырғымен деңгейлес. Бытыр – 122, биыл – 131.
Ел басына қысылтаяң шақ туып, әлемдiк экономикалық дағдарыс барлық мемлекеттердi сансыратқан кезде "тәуелсiздiк" ұғымын Президент 11 рет қайталап, ел азаматтарын тәуелсiздiктiң қадiрiн бiлуге, оны нығайтуға шақырған болатын. Ал биылғы жолдау мәтiнiнде бұл ұғым 3-ақ жерде кездеседi. Онда да негiзiнен "Тәуелсiз Қазақстан!" деген сөз тiркестерiнде пайдаланылған.
Есесiне, "Қазақстан" атауын пайдалану жиiлiгi биыл күрт өскен. Салыстырыңыз: былтырғы мәтiнде – 13, ал биылғы мәтiнде – 47 рет!
Президент "Ел", "Қазақстан" деген ұғымдарын кеңiнен пайдалану арқылы өзi айтпақшы, ел бiрлiгiн нығайтуға шақырып отырғандай.
Бұл ой мәтiнде ашық түрде де айтылады. "…бәрiнен бұрын бiздiң Отанымыз, Тәуелсiз Қазақстан!" дейдi Елбасы.
Президенттiң сенiмi алдағы қарқынды экономикалық жоспарлармен тығыз байланысты. Елбасының сөзiмен айтқанда, 2020 жылы Қазақстан бизнес-ахуалы ең қолайлы деген 50 елдiң қатарына енуi керек. "Ол үшiн экономикалық өрлеу, адам капиталын бәсекеге қабiлеттiгiн арттыру, қазақстандықтардың әлеуметтiк хал-ахуалын жақсарту, ұлтаралық келiсiмдi нығайтып, ұлттық қауiпсiздiктi арттыру қажет" дейдi Нұрсұлтан Назарбаев.
Экономикалық жоспарлар мәтiннiң құрылымына әсер еткен: былтыр "экономика" терминi жолдауда 27 рет қайталаса, биыл одан да үдей түскен – 38!
Президенттiң өзiне деген сенiмiнiң артқандығы алдыңғы жылдары өзi берген тапсырмалардың қалай орындалып жатқандығына айрықша назар аударғандығынан көрiнедi. Бұл жолы Президент бiр ғана мысал келтiрдi. Ол бюджет саласы қызметкерлердiң жалақысын өсiруге байланысты. Былтырғы Жолдауында Президент бюджет қызметкерлерiнiң жалақысы жыл басында 25 пайызға өсiрiледi деп уәде берген де, Үкiмет бұл жаңалықтың енгiзiлуiн 2010 жылдың 1 шiлдеге дейiн кешеуiлдеткен болатын. Ендi Президент былтырғы экономикалық табыстардың есебiнен бұл мерзiмдi тағы 3 ай ерте белгiлеп, бюджеттiк жалақыларды 1 сәуiрден бастап көбейтудi тапсырды.
Осы жолы Елбасы Жолдауында адам капиталының маңыздылығына айрықша назар аударылды. Ғылымды дамытуға, денсаулық сақтау саласын жақсартуға, бiлiм беру сапасын көтеру мәселелерi бойынша Үкiметке нақты тапсырмалар берiлдi. Президент 2020 жылға қарай ана мен бала өлiмiн екi есе төмендетiп, жалпы өлiм көрсеткiштерiн 30 пайызға азайту керектiгiн ескерттi. Ал елiмiздегi өмiр сүрудiң ұзақтығы 72 жасқа дейiн ұлғаяды.
Бiр қуантарлығы – бала тәрбиесi мәселесiн Елбасы арнайы атап өттi.
Газетiмiздiң биылғы жылғы алғашқы санында "Елiм деген ер болар ма екенсiң?" деген мақала жарияланған едi. Онда бала тәрбиесiне балабақшадан бастап мемлекеттiк деңгейде мән беру керектiгi айтылған едi. Президент осы жолғы Жолдауында Үкiметке әкiмдермен бiрлесiп үстiмiздегi жылдың бiрiншi жартысынан бастап балаларды мектеп жасына дейiнгi оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған "Балапан" арнайы бағдарламасын әзiрлеп, iске асыруға тапсырма бердi. Ендi мемлекеттiк шенеунiктер бұл тапсырманы сиырқұйымшақтатпай, жүйелi бағдарлама жасап, оны саты-сатысымен жүзеге асырса болар. Дегенмен, бұл мәселенi газетiмiз арқылы алдағы уақытта да үнемi назарда ұстайтындығымызды ескертемiз.
Дегенмен, осы жолы мәтiнде тура айтылмаса да, өн бойын сүзiп өткен "идеялар" да бар. Ол Президенттiң "Құрметтi қазақстандықтар!" атты арнау сөзiнен-ақ байқалады. Ұлттық мүдде жалпы азаматтық тұғыдан – елде тұрақтылық пен татулық, бiрлiктi сақтау тұрғысынан қарастырылған. "Iшкi саяси сала мен ұлттық қауiпсiздiктiң 2020 жылға дейiнгi негiзгi мақсаттары қоғамда келiсiм мен тұрақтылықты сақтау, ел қауiпсiздiгiн нығайту болып қала бередi" дейдi Нұрсұлтан Назарбаев.
Гүлбиғаш Омарова