Жаңалықтар

ҚОСЫМҚОЖАНЫҢ КЕРЕМЕТТЕРI

ашық дереккөзі

ҚОСЫМҚОЖАНЫҢ КЕРЕМЕТТЕРI

Әз Тәуке ханның жанында болып, «Жетi жарғы» Заңын жазуға қатысқан қайраткер (үш жүздiң пiрi болған) Мүсiрәлiсопы. Әзиздiң Мәрия атты әйелiнен туған Қосымқожа есiмi Қазақстан ғана емес, көршiлес Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерiне белгiлi. Оның керемет қасиеттерi туралы аңыз-әңгiмелер кеңiнен тараған. Әрине, олардағы айтылып жүрген аңыздардың негiзгi желiсi бiр-бiрiне ұқсас болғанмен, оқиғалары, адам аттары, мән-мазмұны өзгешелеу болып келедi. Ауызша таралып жеткендiктен бiрде асырып, бiрде кем айтылып жататын оқиғалардың орын алуы – ауыз әдебиетiнiң заңдылықтарының бiрi. Қайта ол аңыз-әңгiмелер бiрiнде жоғын, екiншiсi толықтырып тұрады.

Бiрде Кiшi жүздiң бас биi дана Әйтеке Мүсiрәлiге жолығып: "…Бiздiң елiмiз төменде, ел жаққа жүрмейсiз бе?!" дегенiне әулие Мүсiрәлi: "Жас болса келiп қалды, пiрлiкке мына Қосым жас та болса, жарайды" – деп, кенже баласын Әйтекенiң қарамағына жiбередi. Мiне сол уақыттан берi Қосым Әлiм руының арасында болып, Әйтеке басқа да ел тұтқасын ұстаған азаматтармен бiрге ел басқару iсiне араласады.

Кiшi жүз, оның iшiнде Әлiм руының пiрi болған Қосымның керемет киелi қасиеттерi мен әулиелiк iстерi ел арасына кеңiнен тарайды. Оның әулиелiгiн бiлгiсi келген нағашы-жиендерi (сынағысы да келген болу керек) шын әулие болсаң, кереметiңдi көрсетшi деген соң, Алланың күшiмен дұғасын оқығанында өздерi отырған киiз үйдiң iшi суға толып, үйрек жүздiрiптi, тағы бiр аңызда ұрылар Қосымқожа ауылының жылқыларын айдап алып әкетедi. Бiрақ алдары қалың тұман болып, адасып, қай бағытта келе жатқанын бiлмептi. Таң ата қараса, кеше кешкiлiк жылқыларды айдап шыққан жерiне қайтып келiптi. Күндiз жасырынып жатып, кешке тағы жылқыларды айдамақ болып барса, жылқылары түгел шошқа болып, қорсылдап жөнге жүрмейдi. Мұндайды көрмеген ұрылар "әулиенiң жылқысын ұрлаймыз", – деп бастарына бейнет сатып алғанын түсiнiптi. "Әулие баба, жолыңа боз қасқа", – деп кешiрiм сұрап жалбарынады. Мұны бiлiп отырған Қосым әулие де ұрыларға кешiрiммен қарапты, деген сөздер бар. Қосымқожа Мүсiрәлiұлы хақында ел аузында бұлардан басқа аңыз-әңгiмелер көп-ақ. Бұл келтiрiлiп отырылған оқиғалар солардың бiр ғана мысалы.

Қосымқожа тарихын, оның қадiр-қасиетiн, болмысын көп зерттеген қармақшылық ұстаз, дiн зерттеушiсi, марқұм Сәден Нұртаев: "…Қосымқожа – мүһаддис адам. Оның қол дұғасы – қабыл. Ұлсызға – ұл, қызсызға – қыз берген әулие баба", – деп отыратын.

Бiрде экспедиция мүшелерi (iшiнде бiр шешен жiгiтi бар) Қосымқожа мешiтiнiң төбесiндегi бөрене ағаштарды алып пайдаланғылары келедi. Орыс жiгiттерiне шешен жiгiт: "Тимеңдер, мешiттен алуға болмайды", – деп ол жерден кетiп қалыпты. Ал қалғандары болса, мешiттiң төбесiн бұзып, бөренелердi тиеп, Қазалыға қарай жол тартады. Жолай iштерi тырысып, екi бүктелiп жүре алмайды, сол жолда бәрi де қайтыс болыпты. Бертiндегi осы әңгiмелердiң өзiнен-ақ Қосым бабаның кереметтей қасиеттi кiсi болғаны нақтылана түседi.

Қосымқожа Мүсiрәлiұлы хақындағы аңыз-әңгiмелер осылай өрбiсе, Қазақ-Ресей қатынастары құжаттарында Қосымқожа және баласы Абдужәлел, ағасы Сауранбай туралы сирек те болса деректер кездеседi. 1748 жылдың 21 қыркүйегiнде Әбiлхайыр ханның өлiмiне байланысты Нұралы сұлтан мен Бопай ханшаға көңiл айтуға барған он шақты билердiң iшiнде Қосымқожаның аты аталып, оның Керейiт руынан екенiн де анық жазылған. Демек Қосымқожа бабамыздың өз кезеңiндегi iрi дiни қайраткер болуымен қатар, ел iсiне араласқан қоғам қайраткерi болғанын көрсетедi. Екiншiден, орыс офицерi П.Н.Демезонның 1834 жылы Бұхара хандығына сапары кезiндегi жолжазбаларында: "…Бiздер 5-желтоқсанда Сырдария өзенiне жақындап келдiк. Келесi күнi әулие Қосымқожа маңынан мұздың үстiмен өттiк", – деп жазған. Сондай-ақ Әбiлхайыр ханды өлтiрген Барақ сұлтанды тергеу, тексеру iсiне құрылған билер тобына кiрген.

Қазалы уезiне қарасты құжаттардың бiрiнде (1899 ж.) жоғары жаққа жазған қатынас қағаздарында: "..Уезде қазақтардың аса құрметпен қарап, әулилелiгiне тәнтi адамдардың арасында есiмдерi ерекше аталатын Қосымқожа, Сейiтпенбет, Қалқай ишандардың ұрпақтары тұратынын жазады". Орыс шенеунiктерiнiң өздерi мойындап отырғандай өзгеден ерекше қасиеттерi бар адамдардың бiрi бiз әңгiмелеп отырған Қосымқожа.

Қосымқожа шамамен 1700-1780 жылдарда өмiр сүрген. Пiрлiгiмен қатар, елдiң бiрлiгiн сақтау күш салған қайраткер. Мүсiрәлi, Қосымқожалар хақында көптеген көрнектi ақындар өз жырларын арнаған. Шораяқтың Омары (1873-1924):

… Сол кезде Сопы, Марал өткен дәруiш,

Таратып, қайыр таппас халыққа бата, – десе, Қосымқожаның тiкелей ұрпағы Жарылқасынқожа (Аяған 1857-1905) Айымторымен айтысқанда:

"…Арғы атамды сұрасаң Сүгiрәлi,

Бергi атам онан туған Ыбырайым.

Өз атам Сырман серi, қарадан хан,

Пiр тұтып, қол тапсырған талай адам…" – деген. Осындағы Сүгiрәлi Қосымқожамен бiр туған кiсi.

Ерен қасиеттерiмен ерекшеленген оларды Керейiт руына қоса Қожа атауын қосып Жәдiк-Мүсiрәлi ұрпақтарын "Керейтқожа" деп атайды. Қосымқожадан Әбдужәлел (Әбжал), Ышқыш, Арыстан, Сәдiр, Арзықұл, Қожағұл туады. Бұлардың бәрi де дiн жолын берiк ұстаған, елге сөзiн өткiзген тұлғалар. Солардың арасында халық ауызында, тарихи құжаттарда Әбдужәлел (Әбжәлел) пiрдiң есiмi ерекше аталған. Ол шамамен 1725-1730 жылдарда туып, 1805-1806 жылдар шамасында қайтыс болған деген болжам бар.

1785 жылдың 21 шiлдесiнде Кiшi жүз билерi патшайым Екатерина II-ге хат жазып, Кiшi жүз ханы Нұралыны хандықтан босатуды үзiлдi-кесiлдi талап етiп, араларынан бес бидi өкiл етiп, Орынбор генерал-губернаторына жiбередi. Сол хатқа 50-ден астам билер қолын қойған, олардың қолдарын растап мөрлерiн басқан батыр Сырым Датұлы және Кiшi жүз пiрi Әбдужәлел.

Бiз әңгiмелеп отырған Қосымқожа оның арғы-бергi ұрпақтарының қазақ елiне рух сеуiп, мұсылмандықтың игi iстерiн бүгiнге жеткiзген бабалардың бiрi.

Кейiнгi жылдарда Қосымқожа баба бейiтi жөндеуден өткiзiлiп, айналасы қоршалып, қамқорлыққа алынған. Қосымқожа қорымы аталып, сол қорымда замандасы Дәулет бақсы, Сартай батыр жерленген.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ