Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ БАЛАМА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

ашық дереккөзі

ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ БАЛАМА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Билiк ұлт патриоттарының ұсынысын қабылдай ма?

Былтыр жыл аяғында елдi бiраз дүрлiктiрген Қазақстан халқы ассамблеясының «Ел бiрлiгi» доктринасына балама ретiнде «Ұлттық саясаттың тұжырымдамасын» жасауға билiкпен келiсiмге келген Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттары аталған құжатты халық назарына ұсынғалы бiр апта уақыт болды.

Жұрт арасында ол құжатты аса қызу талқылау жүру жатпаса да, жаңа құжатқа байланысты жұрттың пiкiрi естiле бастады. Әрине, пiкiрлердiң көпшiлiгi – құжатты талқылау мәселесiне емес, оны қолдау, қолдамау мәселесiне көбiрек назар аударған екен. Бiрақ, қоғам Желтоқсан көтерiлiсiнiң 23 жылдығы қарсаңындағы саяси оқиғаны ұмытып та үлгердi. Кәдiмгiдей толқуға бет алған әлеуметтiң қызуы да басылып, күнделiктi тiрлiктiң көшкiнiне iлестi де кеттi. Билiкпен өзара ымыраға келiп, «Ел бiрлiгi» доктринасына балама құжат ұсынуды мойнына алған ұлт патриоттары өз дегендерiнде тұрды. Ендiгi мәселе – бұл құжаттың қоғамның қолдауына ие болуында, қолдау тапқан күннiң өзiнде билiк тарапынан қабылдануында болып отыр.

ЕЛ АТЫН ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕП ӨЗГЕРТЕ АЛАМЫЗ БА?

Құжаттың ең басты түйiнi – осы. «Күн сайын өскелең ұрпақтың санасына «Көп ұлтты – Қазақстан» дегендi құя бергеннен гөрi, «Ұлттық даму жолындағы – Қазақ Елi» деп атануымыз керек» делiнген онда. Демек, бұл мақсаттың үдесiнен шығу үшiн, ең әуелi – Ата Заңымыздан бастап, елдегi барлық заңдық құжаттарды өзгерту қажеттiлiгi туындайды екен. Өйткенi, өзге емес, елдiң, мемлекеттiң атауын өзгерту қажеттiлiгi туындайды ғой. Дәл осы мәселенiң ұлт патриоттары тарапынан әңгiме болғанына 18 жылдың жүзi. «Қазақстан Республикасы» Кеңестер Одағының құрамында болған кездiң өзiнде атауы – Қазақ Республикасы болып келгендiгiн көлденең тартады ұлт патриоттары. Демек, тәуелсiз ел өзiнiң тарихи атауына ие болмаса, несi тәуелсiздiк.

«Ел бiрлiгi» доктринасының мақсаты – елдегi көп ұлттың басын бiр арнаға тоғыстырып, бiр мақсатқа жұмылдыру, сөйтiп Қазақстанда тұрып, азаматы атанып жүргенiмен, оның тағдырына бейжай қарайтын, оның тiлiнде сөйлеп, мәдениетiн қабылдауға құлықсыз өзге ұлт өкiлдерiн интеграциялау болғаны белгiлi. Бiрақ, құжатты жасаушылар – елдегi мемлекет құраушы ұлттың мүддесiн мүлдем естен шығарып алған. Онда қазақ ұлтының мәдениетi төңiрегiнде топтасу мәселесi мүлдем айтылмайды. Әрине, «мемлекеттiк тiлдi дамытуға Қазақстан халқы ассамблеясы күш салады» делiнедi онда. Қазақ тiлiнiң қазiргiдей мүшкiл жағдайында – интеграцияның қандай түрi болса да, жат мәдениеттiң пайдасына жұмыс iстерi заңды.

«Елдегi өзге диаспора өкiлдерi осы – мемлекет құраушы қазақ ұлтының төңiрегiнде топтасып, қазақ мәдениетiнiң жетегiне еруi үшiн осындай саяси қадам жасауымыз қажет» дейдi доктрина авторлары. Ұлт патриоттарын қолдаушылардың бiрi – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның лидерi Жармахан Тұяқбай бұл iстi шешуде жалпыұлттық референдум қажет деген ой айтады.

– Ең әуелi – бiздiң елдiң аты қалай аталуы керек, оны халық өзi шешсiн. Халықтың пiкiрiн естiмей, тiзеге басып, мұндай саяси маңызы бар шешiмдер қабылдауға болмайды, – дейдi ол.

Эксдепутат, саясаттанушы Амангелдi Айталы билiктiң бұл доктринаны қабылдай қоятыны күмәндi деген ойда.

Кейбiр пiкiрлерге қарағанда, бұл доктринаның соңы – халықты екiге жаруға алып келуi ықтимал. Бұған дейiнгi «қазақтар» мен «қазақ еместердiң» тартысы көзге көрiнбейтiн болса, ол ендi жарыққа шықпақ. Қазақстандағы қазақ мәселесiн қазақ газеттерi мен қазақ ұлт патриоттары ғана сөз етiп келген болса, соңғы жылдары бұл қатарға оппозиция өкiлдерi де қосылды. Демек, ендiгi электораттың тамырының бүлкiлi осылай ауып келе жатқанын олар да сезiп отырған болар. Елдегi өзге ұлт өкiлдерi ұлт патриоттарының бұл жолғы қадамын қалай қарсы алатындығы әзiрге беймәлiм. Бiрақ, бiр нәрсе айқын – өзге диаспора өкiлдерiнiң бүгiн-ертең «қазақ» ұлты бола қоюының неғайбыл екендiгi. Ал, елдегi тұрғындарды топтастыру үшiн – интеграцияның жаңа түрi, төлқұжатта «қазақ ұлты» болып жазылу (ашық айтылмаса да) идеясы ұсынылып отырған жоқ па? Ел атауын өзгерту мәселесi де осыдан келiп туындап отыр. Егер, «Қазақстан Республикасы» болып қала берсе – «қазақстандық», Қазақ Республикасы болса – «қазақ» болып жазылу үрдiсi, өзге дамыған мемлекеттер тарихынан бiзге де жетпек. Демек, «Ұлт саясатының тұжырымдамасы» бүгiн-ертең жүзеге аса қоятын құжат болмай тұр.

«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАЖЕТ ПЕ?

Тұжырымдама 5 бөлiмнен тұрады. Бұл ұлттық мемлекеттiң саяси дамуының алғышарттары ретiнде жазылып отыр. Онда – мемлекеттiң саяси құрылысы, тарихи кезеңнiң сабақтары және оларға саяси тұрғыдан баға беру iсi, ұлттық саясаттың ұстанымы, мақсаты мен мiндеттерi, негiзгi бағыттары қамтылған. Соңғы бөлiмде сыртқы саясат, әлеуметтiк-экономикалық мәселелер, дiни ахуал және тiл мәселесi сөз болады. Ұлт патриоттары Қазақстанда Кеңес одағы дәуiрiндегi 70 жылда және тәуелсiздiк дәуiрiндегi 20 жылда мемлекеттiк тiлдiң рөлiн орыс тiлi атқарып келгенiн айтады. Сол үшiн билiк «үш тұғырлы тiл саясатын» ойлап тапты.

– Елде – ағылшын тiлi мен орыс тiлi қарқынды дамып барады, ал қазақ тiлi сол баяғы шалажансар күйiнен өзгерген жоқ, – дейдi олар. – Сол үшiн «Мемлекеттiк тiл туралы» Заңды қабылдау қажеттiгi туындап отыр. Ал, мемлекеттiк тiлдi өзге тiлдердiң қатарынан жоғары қойып, оны игеру – барша қазақстандықтың борышы емес, мiндетi деп шегелеу керек. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – шарт, ал өзге тiлдердi үйрену – өз еркiң, – дегендi баса айтатын уақыт жеттi. Шетел тiлдерiнiң дәрежесiнен мемлекеттiк тiлдiң дәрежесiн өзгешелеу қажет, – делiнген онда.

Демек, аталған құжатта қазақ арманының барлығын қамту iсi көзделген. Бүгiнгi бағдарсыз саясаттан, ұлттық мақсатта жолға шығу қажеттiгi баса көрсетiлген. Дегенмен, көптеген сарапшылар – қазақ ұлтын өзгеден ерекшелеп, мемлекетқұраушы ұлт ретiнде дәрежесiн арттыруға қарсы екендiктерiн танытып та үлгердi.

Құжат билiк тарапынан қабылданбаған жағдайда ұлт патриоттары қандай шара қолданатындарын нақты анықтай қоймағандарын айтады. Бiрақ, «Тәуелсiздiктi қорғау» қоғамдық ұйымы құрылып, ендiгi шешiмдi осы қоғамдық ұйымның мүшелерi қабылдайтындықтары мәлiм етiлдi.

Есенгүл Кәпқызы