ЖЫР ТОЛҒАЙДЫ ЖҮРЕГIНIҢ ОТЫМЕН
ЖЫР ТОЛҒАЙДЫ ЖҮРЕГIНIҢ ОТЫМЕН
Зұқай Шәрбақынұлының "АСПАН АСТЫ КЕҢ МЕКЕН" кiтабы туралы
Кеңес өкiметi құлап, коммунистiк идеология үстемдiгi келмеске кеткен заманда Тәуелсiздiк таңы атып, оң-солымызды сараптап, етек-жеңiмiздi түрiп, бұрын шашылып жатқан ұлттық құндылықтарымызды таразылай бастадық. Сол тұста қолға алынған игiлiктi iстiң бiрi – кезiнде әртүрлi себеп-салдармен қыр астында қалған ағайын-жұртты жинап, атамекенге көш басын бұру едi. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Моңғолияның Бай-Өлке аймағынан Сарыарқа төсiне, Ақмола өңiрiне ат басын тiреп келгендердiң бiрi – Зұқай Шәрбақынұлы.
Шетелде жүрген кезiнде оның "Көкпар", "Ақ жаңбыр", "Сыр маржандары", "Көңiлдiң көкжиегi", "Жайлау сазы" сияқты бiрнеше жыр жинақтары мен "Өрендер өрiсi" атты прозалық кiтаптары жарық көрген.
Қазақстан егемендiгiн жариялаған кезде бала-шағасын ертiп, туыстарына, ағайын-жамағатқа бас болып, үлкен көштi өзi бастап атажұртқа жеттi. Содан берi он жетi жыл өтiптi.
Атамекенге оралған соң оның "Аққулар ұшып келедi", "Айбыным – Атамекенiм" атты өлең жинақтары мен "Киелi қанның тамшысы" және "Нар тұлға" деген прозалық шығармалары оқырмандар қолына тидi. Соңғысы – "Аспан асты кең мекен". Ендiгi әңгiме осы кiтап туралы.
Сөз болып отырған жинаққа автордың "Сол жылғы көктем", "Туған жер", "Қияғы сынған қыран", "Өрлiктiң өмiрi", "Жан жаласы", "Мезгiлсiз сөнген шырақ" және басқа жырлары – барлығы он поэма, дастан, бiр топ өлеңдерi енген. Жинаққа кiрген туындыларда Зұқай Шәрбақынұлы қазақ диаспорасының Моңғолия, Қытай, Өзбекстан мен атамекен аумағында өзi куә болып, көрiп-бiлген сан алуан тағдырлы қандастарының өмiрi сөз болады. Туған ел, өскен жер, адамдық пен адалдық тақырыбы тереңнен қозғалып, жыр жолдарымен кестеленген.
Мәселен, "Сол жылғы көктем" поэмасын ерекше атап өту керек. Соғыстан кейiнгi бей-берекет кезең. Халық жүдеу. Жүзi солғын, кетеуi кеткен. Осы ауыртпалықтан қалай да тезiрек құтылу қамымыен Нұрман деген азамат тiзгiндi өз қолына алып, ауылда бiрлестiк құруға кiрiседi. Ұжым болып бас қосып, ортақ меншiк құрайды, шаруашылықты өркендетуге жағдай жасайды.
Даланың сипап маңдайдан бiздi самалы,
"Ұлы жол" алға, бақытқа бастап барады.
Соңынан жеттi құйғытып әкем көшiнiң,
Егiнiн баптап, жанына шаттық жамады.
Осындай игiлiктi iстi бастап, оған ұйтқы бола бiлген, қиын-қыстау кезеңде ауылдың хал-ахуалын жақсартайық деп елiне, халқына жанашырлық көрсеткен аға ұрпақты еске сақтайық, ұмытпайық дейдi автор.
Бiрлестiк құрып, ел басын қосқан дана олар,
Ортаққа салған маңдайда бағын бағалар.
Бүгiнгi шаттық өмiрдi бiзге әперген,
Қарттарды мәңгi қастерлеп көтер, балалар!
Ақынның "Өрлiктiң өмiрi" деген поэмасының оқиға желiсi де "Сол жылғы көктем" дастанына ұқсас.
Шығарманы оқығанда өскен өлкенiң гүлдеуiне, қазақ халқының мәдениетi мен шаруашылығын көркейтiп-өркендеуiне өлшеусiз үлес қосқан осындай абзал жандардың аты ел мақтанышына айналып, iс-әрекетi кейiнгi ұрпаққа үлгi-өнеге болуы тиiс деген ақынның ой-өрiмiн сезгендей әсер аласыз.
Осы тұрғыдан алғанда Зұқай бауырымыздың жыр дүлдiлi – Жамбыл ақынның алдында басын иiп, оның биiк деңгейiн одан әрi асқақтата түсуге құлшына кiрiсуiн түсiнуге де болады:
– Өлең – өмiр, шынар десең көктеген,
Бұрын-соңды өттi ақындар көптеген.
Ғасыр бойы өлең селiн тасытқан,
Жыр алыбы – Жәкеме ешкiм жетпеген.
Демек, қазақтың ежелден қалыптасқан бай дәстүрi – сөз қадiрiн әспеттеу, үлкендi сыйлау, ұрпақ сабақтастығын қадiр тұту сияқты iзгiлiктi iс-әрекеттiң маңызы ерекше екендiгiн тағы да ұғынғандай боласыз. Қазақтың "батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер" деген дана тұжырымы да осыған қатысты айтылса керек.
Қазақ елiнiң егемендiгi, Желтоқсан көтерiлiсiнiң мән-маңызы, оның отандық тарихымыздағы орны туралы ақын көсiле жырлайды. "Тәуелсiздiк – ақ арман" деген өлеңiнде:
– Желтоқсан кектiң тұғыры едi,
Күрестiң бастау ұғымы едi.
Құрышқа намыс қайралған сонда,
Арманын елдiң бос жiбермедi, – дей келiп, "Желтоқсан жанды тербеген" деген туындысында бiзге бостандық туының қолға түсуi күрес-тартыспен келгендiгiн жыр жолдарына арқау еткен.
– Ойлар болсам тiтiренем, ой алаң,
Түсiме енсе шырт ұйқыдан оянам.
Бұрымдының мұзға тамып көз жасы,
Ұлдарымның қаны қарды бояған.
Атауы жоқ: Желтоқсанның қырғыны
Көтерiлiс! Оқиға емес бiл мұны!
Теңдiк iздеп қырғын болған сол күнге,
Жайшылықтың татитындай мың түнi, – деп Желтоқсан дүмпуiнiң ел тарихындағы өшпес iзiн жырға қосқан.
Монғол жерiнен атажұртқа оралған Зұқай Шәрбақынұлы көп жылдардан берi шетте жүрiп те, егемен елiне келген соң да қазақ әдебиетiне елеулi үлес қосып жүрген қаламгердiң бiрi. "Аспан асты кең мекен" кiтабының жарық көруi соның бiр көрiнiсi болса керек.
– Жүрегiмнiң отыменен лаулаған,
Жыр толғаймын өр Мағжаннан аумаған, – дей отырып:
– Мұқағали жазбай кеткен жолдарды,
Сарсыламын тауып жазсам екен деп, – жалғастыра келiп
– Жыр толғайын толқынымен жанымның,
Жұмекеннiң екпiнiнен табылған, – деп түйген Зұқай бауырымыз алдағы уақытта да оқырмандарын мөлдiр жырларымен қуанта беретiнiне сенемiз.
Амантай КӘКЕН