Жаңалықтар

«СЕН МЕНIҢ ӨМIР ГYЛIМСIҢ...»

ашық дереккөзі

«СЕН МЕНIҢ ӨМIР ГYЛIМСIҢ...»

"…Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнiн тәрк еттi. Өз ғұмырын арнады. Жанұяма алтын босаға болып бекiдi. Бақыттың, барлықтың қазынасы болды. Ырыздығымның молдығын, байлығын тасытты. Мақтан тұтар – ұл, көзге көрiк – қыз әкелдi дүниеге. Балдай тәттi немерелер өрбiттi маңайыма. Бағымды, сағымды көтердi. Мерей-беделiмдi өсiрдi. Асқақ еттi. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиетiмдi тәрбиелеуге тырысты. Парасатымды биiктетуге күш салды. Жамандығымды жасырды. Жақсылығымды асырды…"

Бұл, қазақ сөз өнерi, қазақ журналистика саласында жүрген кез келген әрiптестер ұлағатты ұстаз деп қабылдайтын, сүрген ғұмыры, жасаған игi тiрлiктерiне көз тоятын асыл ағамыз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Әбiлфайыз Ыдырысовтың "Таңшолпан" романының алғысөзiнен алынған тiркестер.

Ер-азаматтың бақыты да сол әйелге, тағдыры жұптасқан қосағына байланысты екенi көп ретте айтыла бермейтiнi тағы бар. Дегенмен, сол ер-азаматымыздың тасының өрге өрлеуi, өмiрде де, қызметте де жолының болуы осы отбасындағы, ошақ қасындағы жарына байланысты екенi айдан анық. Әбiлфайыз аға мен ол кiсiнiң жұбайы Заря тәтейдi бiлетiндер "Бүгiнгi күннiң қыз Жiбек пен Төлегенi" деседi. Бiр-бiрiнiң қадiр-қасиетiн бiлетiн, бiлген үстiне сүйе түсетiн, сыйлай түсетiн бақытты жұптар, мiне, соңынан ерген жас ұрпаққа осындай тәлiм-тәрбиеге ұмсындыратын әдемi сөздер қалдырса керек. Өз әулетiне ғана емес, осындай ойлы, ұстамды махаббаттары арқылы төңiрегiне де шуақ шашып келе жатқан осы бiр келiстi көркем жұппен әңгiме-сұхбат құру, әрине, әсерлi болары сөзсiз. Алматының әсем кештерiнiң бiрiнде, Әбiлфайыз ағаның жарты ғасырдан артық қосағы болған сұлу да кербез Заря тәтемiздiң құрт қосқан ыстық сорпасын iшiп отырып әңгiме, тiптi, қыза түстi.

– 1993 жылдың сәуiр айы менiң бақытты ғұмырымдағы көлеңкесi қалың, көлегей жағы басымдау күндер болып ендi. Әбекең төсек тартып жатып қалды. Мен: " Ей, тағдыр, өте бақытты ғұмыр сыйлап едiң, ендi жарты жолда не болғаным, азаматымнан айыра көрме" , – деп егiлдiм күндiз-түнi…

Заря апайдың әдемi жүзiне лезде мұң ұялап шыға келдi. Жанарына келiп қалған мөлдiр тамшыларды көрген Әбiлфайыз аға әңгiме арнасын лезде бұрып жiбердi.

– Шынымды айтсам, таңылып жатқан төсектен осы тәтелерiңнiң сызылта салған әнi тұрғызды. Оны естiп-бiлiп жүрген де шығарсыңдар, бұл кiсi керемет әншi ғой… Ән сұрасақ қайтедi,– деп бiзге жымия қараған ол кiсiнiң жүзiнен жарын сол бiр жанына батқан ауыр күндердiң елесiнен арылтқысы келiп отырғанын аңғару қиын емес едi.

Мейiрiмдi, жүрегi де, жаны да нәзiк Заря тәтей де тез жинала қойды да:

– Мен онда үнтаспаға жазылған, Ерланым жаздырып берген әндердi жаймен қосып қояйын,– деп орнынан сырбаз көтерiлдi.

Ән! Қазақтың махаббат, қиссаларындағы аңызға бергiсiз ессiз ғашықтық! Тұла-бойыңды елжiретiп, алпыс екi тамырыңа қан жүгiрткен осындай құдiреттi сезiмге толы қазақтың халық әндерi-ай, шiркiн! Ән бар да оны орындаушы бар, әрине. Бұл ретте, үнтаспаға әлсiз ғана ыңылдап қосылып отырған осы бiр сүйiктi жардың аппақ жүзiне қарап, әлi де әлгi бiр әңгiме-естелiк әсерiнен арыла алмай отырғанын сезiндiк. "Еңлiктiң қоштасу әнi" бiздi әдемi бiр күйге бөледi. Халық әнi "Жалғыз арша" ше? Тыңдайтын құлақ қана емес, үлкен жүрек керек әндер ғой бұлар. Ақан серiнiң " Қараторғайы" ше! Ойпырмай дейсiң, сөзi қандай, әуенi қандай! Жаныңды рахат бiр сезiмге бөлейдi…

Бiздiң де әнге тербелiп, әлдебiр сағыныш-сезiмге алданып қалғанымызды байқаған Заря тәтей әңгiмесiн қайта жалғастырып әкеттi:

– Емханада жатқанда аяқ жағына қосымша төсек қойдырып, қасында жаттым. Дәрiгерлер: "Өзiңiздiң де қан қысымыңыз көтерiлiп тұр, үйiңiзге барып, дем алыңыз" дейдi, бармаймын. Сол жатқаннан екi ай жатып, аман-есен үйге де келдiк-ау. Отбасына келген соң тiптi көңiлденiп, бала-шағасының ортасына қайта түсiп, өмiрге қайта келгендей көңiлi орнына түстi-ау.

Қуанышы мен қайғысы қатар жүретiн ғұмырға не өкпе айтарсың?! Құдайға шүкiр, бұл күнде бәрi де артта қалды. Сабағын берiп, әлi күнге университетте қызметiн жалғастырып отыр. Қолынан қаламы түскен жоқ.

1997 жылы ұлы Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығы қарсаңында ауырып жатып, түсiнде ғұлама жазушыны көрiптi. "Елдiң бәрi мен жайлы жазып жатыр, сен неге үнсiзсiң. Жанымда жүрген шәкiртiм едiң, жаныңдағы жолдастарың да жақсы едi" дептi.

Түсiн айтқан сәтте iшiмнен тәуба жасап, қатты қуандым. Қазақтың Мұхтары "тұр орныңнан, қаламыңды ал қолыңа" деп тұр ғой, жазылып кетедi екен, қолына қаламын қайта ұстайды екен деп қуанып, бiлдiрмей егiлiп жылап жүрмiн. Есiкке алаңдап, менiң көңiл-күйiмдi бақылап қана жататын Әбекеңе бiлдiргiм-ақ келмейдi. Ыңылдап ән айтамын. Ағаларыңның жаңа айтып жатқаны сол ғой…

Әлгi түстен кейiн-ақ Әбекең ширай түстi. Қолынан қаламы түспедi. Жүзiне де шырай кiрiп, сырқатын ұмыта бастады. Оған, әрине, мен де шексiз қуандым. Сол шабытпен "Таңшолпан" шықты. "Сыр мен шындық" жазылды. "Мұхтар Әуезовке iңкәрлiк" деп аталатын 9 новелладан тұратын кiтабы шықты. Әбекеңнiң шәкiрттерiнiң бәрi жақсы, дегенмен айналайын Мұхтар балам (Құл-Мұхаммед)ағаларың ауырып жатқан жылдары көп демеу жасады. Дүниеде жаның қиналған кездегi жылы лебiздер, қарым-қатынастан асқан ештеңе жоқ. Мұхтардың сол тұстағы әрбiр шалған қоңырауы, амандық сұрап елпiлдеген бала көңiлi мерейiмiздi өсiрдi.

– Ағамыздың сiздi қалай жақсы көретiнiн, сыйлайтынын бiлемiз. Ал, Ерлан балаңыз анасын қалай еркелетедi екен?

– Балам сұлулықты жаны жақсы көредi. Сондықтан болар, менiң үнемi жақсы киiнiп, әдемi, жинақы жүргенiме көзi үйренеген.

– Анасы дегенде Ерланның құрметi шексiз. Көңiлiнен де, көзiнен де таса еткiсi келмейдi, – деп әңгiмеге Әбiлфайыз ағаның өзi араласты.

– Сiздi ұстаз ретiнде жақсы көремiз, сыйлаймыз. Бүгiнгi әңгiме тiзгiнiн махаббат, отбасы жайына ауыстырсақ…

Бiздiң сұрағымызды Заря тәтей:

– О, маған ағаларың бiр көргеннен ғашық болған, – деп бөлiп жiбердi. – Маған алғашқы жазған открыткасында " мынау дала гүлi, сен менiң өмiр гүлiмсiң" деген сөздерi менi де бей-жай қалдыра алмады. Ол кезде жастар бiр-бiрiне открытка сыйлаушы едi ғой. Сол ғұмыр бойы бойтұмарым болды.

– Иә, онысы рас! Бұл 1953-54 жылдар болатын. Таяуда сол бойтұмарын жоғалтып алып, үйде кiшiгiрiм " азамат соғысы" басталып кете жаздады, – деп күлдi Әбекең жарқылдай. – Абырой болғанда, тез табылды. Бiздiң осы уақытқа дейiнгi жұптасқан ғұмырымыз талай айтылып та, жазылып та жүр. "Таңшолпанда" да бүге-шүгесiне дейiн айтылған. Төрт томдық жинақтың бiрiншi томы қалай танысқанымызға, қалай қосылған жылдарымыз, екiншi томда жас жұбайлық ғұмырымыз айтылған.

Университеттi бiтiрген жылымыз, пәтерде тұрамыз. Iзтай Мәмбетов деген ақынмен бiрге тұрдым. Жiгiтпiз, жар сүйгiмiз келедi. Ахметбек Дәуренбеков деген кластас, өзi журналист жолдасым болды. Топтасып жүремiз. Ол кезде жастар театрға көп баратын. Газет-журналға бұрқыратып мақала жазамыз, қаламақы қалтада. Балалар үйiнiң тәрбиесiн көрген, аштық пен тоқтықтың, барлық пен жоқтықтың қадiрiн бiлiп өскендiктен, қаражат үнемдеудi де бiлiп қалған кезiмiз. Қызға аса жоламай, қашқақтай жүрген кезiмiз. Сондықтан, өз басым алғаш ұнатқан, алғаш сүйген қызым да осы тәтелерiң деп сендiре аламын.

"Қыз Жiбек" операсы жүрiп жатқан. Қанша көрсең де көргiң келе бередi. Тәтелерiңдi де алғаш театрда көрдiм. Қап-қара шашы төгiлген, көзi мойылдай әдемi қыз жүректi дiр еткiздi. Ылғи бұрымды қыздар. Сол көргеннен бiр жылға дейiн жоғалтып алып, бiр тойда қайта тауып алдым. Сондағы қуанғаным-ай, мiне, содан берi бiргемiз. Сол кеште сызылтып ән салды, мен де құралақан емеспiн.

– Жалпы, әйел махаббаты, әйел сезiмiнен асқан құдiреттi сезiм жоқ шығар…

– Жастық шақта болмады емес, сөз айтқан жiгiттер болды. Дегенмен, Әбекең өте салмақты, сабырлылығымен менi өзiне ғашық еттi. Бiздi танитындардың Қыз Жiбек пен Төлеген дейтiнi рас. Немерелерiмiз де Қыз Жiбек деп, Төлеген деп келемеждеп еркелетедi, – деп күлдi Заря тәтей. Жаратқан сезiмнiң суығанынан сақтасын! Ерлi-зайыптылардың арасында сезiм шынайы болғанда, сыйластық таза болғанда, адалдық болғанда ғана ғұмырлы, тұрмысы сәндi болмақ. Ер-азаматтың мойнында отбасының салмағынан басқа, қызметтегi жауапкершiлiк жүгi ауырлау болады. Ол жүктi жеңiлдетуге, табысты болуына үйдегi отанасының да үлес-салмағы бiрдей болуы керек. Бала тәрбиесi сияқты ер-азаматыңыз да үнемi қамқорлықты, мейiрiмдi тiлеп отырады. Азаматын перзентiндей мәпелеген асыл аналарымыз аз болмаған ғой. Бiр-бiрiн қолдап-қолпаштап өмiр кешкеннен артық қандай бақыт керек. Бұл жағынан, Құдайға шүкiр, ағаларыңыз екеумiз бақыттымыз! Отбасының берекесi де, мерекесi де – әйелде!

Әйел махаббатынан, әйел сүйiспеншiлiгiнен, оның ессiз ғашықтығынан асқан сезiм де, сыр да жоқ. Ал, ол сырды, сол бiр жұмбақ та құпия сезiмiңдi өзiңдi сүйгенге арнауың, ол ендi бақыттың бақыты дер едiм. Ерлi-зайыптылардың арасындағы тазалық,сүйiспеншiлiк, ол ендi, тәлiм-тәрбиенiң бастауы. Ұрпағың ата-ананың арасындағы қарым-қатынасқа қарап бой түзейдi, ой түзейдi. Сондықтан үлкен махаббаттан алар үлгi-өнеге де мықты, күштi болмақ!

Иә, әйелдiң жанын әйел ғана түсiнедi, оның жан-дүниесiндегi буырқанған тәттi сезiмдi сезiну, ғашықтығын сезiну, оның сағынышын, мұңын түсiну, бiрге қуанып, бiрге мұңаю үшiн де парасатты азаматқа жолығу кез келген пендеңiзге бұйыра бермейтiн тағдыр екенiн де мойындауымыз керек. Қолда барда қадiрiн бiлмей, бiр сәттiк сезiм шарапатына бөленiп, жарының жанын жаралап, әрi-сәрi күй кешiп адасып жүрген жандарға үлгi боларлық әңгiме нүктесiн қойғымыз келмей, бiз де әдемi бiр сезiммен сыртқа шықтық..

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ